100/200 ҚАҒИДАСЫ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІКТІ АРТТЫРАДЫ
Әділ Төлепов, М.Өтемісов атындағы БҚМУ есеп және қаржы кафедрасының оқытушысы, экономика ғылымдарының магистрі:
– Әрбір мемлекеттің болашағы жастардың қолында екені белгілі. Мемлекет тарапынан жастарды қолдау шаралары біздің елімізде тәуелсіздік алған жылдардан бері жүргізіліп келе жатыр. Оның айқын көрінісі – жастардың шетелде білім алуына мүмкіндік беретін «Болашақ» бағдарламасының іске асырылуы, жас стартапшыларды қолдайтын заңнамалардың қолданылуы және мүмкіндігі бар жобаларды бюджеттік субсидиялау, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы және тағы да басқалары болып табылады. Ал, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы жылды жастар жылы деп жариялауы – аға буын өкілдерінің оңды істерін жалғастырушы жастар қауымының рухани шыңдалуы мен әлеуметтік дамуына үлкен серпіліс беретін бастама болып отыр. Жастар жылының салтанатты ашылуында Президент жастардың болашақтағы басым назар аударуы тиіс бағыттары мен арман-мақсаттарға жету жолында атқарылуы тиіс шаралар жүйесін тілге тиек етті. Елбасының айтуынша, Қазақстандық жастардың арасында жұмыссыздық жоқ, керісінше жұмыс орнына қызметке орналасатын мамандық иелері тапшы, оның үстіне көптеген мамандықтар болашақта жойылуына байланысты жаңа мамандықтарға сұраныс көбейетінін айтты. Яғни, жастар мектеп кезінен бастап мамандық таңдауда мұқият болуы керек деді. Осы бағытта жастарды қаржылай және әлеуметтік қолдау мақсатында оларды жалдамалы пәтерлермен неғұрлым көбірек қамтамасыз ету, 2019-2021 жылдары бюджеттен 32,1 миллиард теңге бөле отырып, барлық өңірде «Жас кәсіпкер» бағдарламасын жүзеге асыру, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері үшін барлығы 70 мың орындық жатақханамен қамтамасыз ету, еріктілер қатарында белсенді қызмет атқарып жүрген студенттердің шәкіртақысын 30%-ға арттыру, тиімділігі жағынан сырттай оқыту формасынан бірнешесе есе асып түсетін қашықтықтан оқыту технологиясын жетілдіру, «Жас маман» жобасын жүзеге асыру және тағы басқалары бар. Жастар бұл бастаманы өздеріне көрсетілген қолдау ғана емес, өз әлеуетін толық ашатын мүмкіндік ретінде қабылдау керек. Оқытушы ретінде, жас ғалым және жас маман ретінде бұл бастамалардың барлығы жақсы нәтижелерге алып келеріне сенемін. 100-ге 200 қағидасы негізінде жастарды замануи техникамен жабдықталған үздік жоғары оқу орындарында оқытатын болсақ, оқу орнын бітіруші жас түлектердің бәсекеге қабілеттілігі жүздеген есе артады деп ойлаймын. Ғылым мен білім – мемлекет құрушы негізгі обьектілер, ал жастар – болашақты өркендетуші субьектілер. Бұл бағытта барлығымыз аянбай еңбек етсек, әлемнің дамыған 30 елі қатарына жедел енеріміз сөзсіз. Тек жаңашылдықтан қорықпай, барлығын байыппен қабылдап, жоғары білім-біліктілікпен іске асыратын болсақ, ондаған жылдардан соң, әлемнің қуатты державаларының біріне айналарымыз да ғажап емес.
Версия для печати
Пікір үстеу