№1 7.01.2016 Көк жәшікке телмірген ТЕНТЕГІМ-АЙ!
Соңғы уақытта күнұзақ компьютерге телміретін балалардың жағдайы қоғамдық проблемаға айналып отыр.
Бұрынғының балалары далада асыр салатын. Қыста сырғанақ теуіп, жазда ләңгі, асық ойнап, доп қуып дегендей. Әсіресе, ауыл балалары, отын-су тасып, тауыққа жем шашып, малды жайғап, үлкендерге қолғабыс беретін. Аналарымыз бен жеңгелеріміз тағамның бәрін үлкен еңбекпен қолдан пісіретін. Қазіргідей құрамдары күмәнді дайын немесе жартылай дайындалған тағамдар жоқ-тұғын. Самса, түшпара, пирогтың түрлері, тоқаш, қиықша, печенье, торттар, мәнті кете береді. Қыз балаларға түрлі тағам дайындауды, кесте тігіп, тоқыма тоқуды үйрететін. Қолдары қалт еткенде әжелерінен, аналарынан ертегі сұрайтын. Көзіміз ұйқыға кеткенше ертегі тыңдаушы едік. Одан қалса, жарыса кітап оқитынбыз. Ауыл дүкеніне балалар туралы кітап келсе, сөрелер лезде босап қалушы еді. Бірінші қыркүйекте сынып жетекшімізге, әдебиет пәні мұғаліміне қандай кітап оқығанымызды айтып беруге асығатынбыз. Ал қазір ше? Әрбір үйде компьютерге көгенделген көкөрім. Елгезек, ересектердің жұмсаған жағына құлдыраңдап шабатын бала жоқ. Бала болып бір ойнамайды. Шеттерінен алаңғасар, үй шаруасы түгіл, сабақ оқуға ынта-ықыласы жоқ. Бесіктен белдері шықпай жатып «нервный», ашу қысқанда көздері көрмейді. Көздерін тырнап ашқаннан телефон, планшет, ноутбук, компьютердің құлағында. Әрбір үйде осы төртеуінің кем дегенде екеуі бар. Бұлар болмаса өмір – өмір емес. Ата-ана несиеге болса да алып береді. Сосын бала тіл мен жақтан айырылған мылқау, саңырау, ұмытшақ болады. Қазір кеш сөйлейтін, тіпті әжетхана қажеттілігін ұмытып, отырған орындарында дәрет сындырып қоятын балалар көбейген. Бір ғана мысал. Мұғалім болып жұмыс жасайтын көршіміздің бес жасар баласы әлі күнге дейін әжетханаға барғысы келетінін айтпайды. Анасының айтуынша, оның бұл әрекеті компьютердің алдында отырғанда ғана орын алады екен. Сондай-ақ Айдынның тілі де кеш шыққан. Компьютердің алдында ұзақты күн онлайн-ойындар ойнайтын бүлдіршін ызақор әрі жылауық. Жалпы, қабық тимей қаңқ етіп, шыбық тимей шыңқ ететін балалар бүгінде артып барады. Әке-шешесін жылап қорқыту бүгінгінің барлық баласына тән сияқты. Ал сәбиінің бұл әрекетінің себеп-салдарын біле тұра ата-анасының дәрменсіздік танытуы бізді таң қалдырады.
Тағы бір мысал. Туыстарым бірінші класс оқитын Гүлім есімді қыздарына қымбат планшет сатып алып берді. Қашан бармайық, бүлдіршіннің планшетке телміріп отырғанын көреміз. Ал кішкене сәбиі бар анасы оны орнынан тұрғыза алмай әлек. Бірде бірнеше рет шақырғанда орнынан зорға көтерілген Гүлімнің мамасының жұмсаған жағына барып, екі-үш рет құр қол қайтып келгенін көріп таңданбасқа лажым қалмады. Есте сақтау қабілеті – нөл. Бала деген елгезек болмаушы ма еді. Ал қазіргілер тура зомби сияқты. «Апырмай, баланың есін тандырып, ақыл-ойын жаулайтындай бұл не керемет?» деп ойланып қалдық.
Сөйтсем, бұл көк жәшіктің жақсылықтарымен бірге келеңсіз жақтары да көп екен. Ол адам ағзасына қауіп төндірумен қатар, сананы улайды.
Ғаламтор арқылы хат алысып, сөйлесу – баланың айналасындағы адамдармен бетпе-бет сөйлесуіне де әсер етеді, сөйлеу мәдениетінен айырады. Мылқау тілдесуге дағдыланған бала ынжық, бұйығы, тілі орашолақ болып өседі. Компьютер ойындарына тәуелділіктен бала бойында құмарлық, еліктеу сезімдері шектен тыс асып, өз еркін билеу деңгейі төмендеп, виртуалды әлем арқылы өзгеше бір қиял әлемінде өмір сүреді. Күнделікті осындай «жұмбақ әлемге» кіруді әдетке айналдырған жеткіншек одан әсте шыққысы келмейді. Компьютерлік ойындардан апталап бас көтермей, шынайы өмір мен виртуалды кеңістіктегі «қиял әлемін» ажырата алмай қалатын жағдайға тап болады. Олардың компьютердегі сүйікті ойындарының кейіпкерлері – қырып-жойғыш зұлымдар, кісі өлтірушілер, өзге әлем жаратылыстары болғандықтан, әлбетте, олардың іс-әрекеттері балалардың психикасына әсер етпей қоймайды. Ресейлік бір телебағдарламада мынадай қанқұйлы оқиғаны көрсеткені есімізде. 12 жасар бала үйіндегі түрлі атыс-шабыс ойындар ойнап, компьютер алдынан шықпай қояды. Бұған ыза болған әкесі пышақпен компьютер желілерін кесіп-кесіп тастайды да, пышақты үстелдің үстіне қойып, өзі төргі бөлмедегі диванға жантаяды. Ұлы жаңағы пышақты алып жүгіріп келіп, құдды ата жауын көргендей, демалып жатқан әкесінің тура жүрегіне қадайды. Әкесі сол жерде жан тапсырады. Жақын көршілерде орын алған оқиғаның бізде де қайталанбасына кім кепіл. Бұл баланы компьютерге үйір қылмаудың дұрыстығын тағы да дәлелдей түскендей. Британдық биологтар арнайы зерттеу жүргізе келіп, мынандай қорытынды жасап отыр: «Әлеуметтік желілерде үнемі отыру ми қызметіне де кері әсер етеді, гормональдық тепе-теңдікті бұзады, иммунитетті нашарлатады, мұның бәрі адамның жүйкесі мен ой-санасына белгілі бір мөлшерде ауыртпалық түсіреді». Өздеріңізге белгілі, жүйкеге салмақ түсуі дегеніңіз – ойлау қабілетінің төмендеуі, көңіл бөлу мен есте сақтаудың кемуі, бас ауруы мен ұйқысыздық, көңіл күйдің құлазуы. Мысалы, ресейлік ғалымдардың айтуынша, бүкіләлемдік шырмауық-торда экстремистік және террористік сипаты бар сайттар молынан жұмыс істеп тұр. Ал оның жастарымыздың ой-санасы мен дүниетанымын теріс жолға бағыттап, қылмысқа азғыратыны мәлім. Жеткіншіктер үшін ғаламтордың бір зиянды жағы: мұнда әр түрлі құмар ойындары, зиянды бағдарламалар көп. Олар ақыл-ойы әлі қалыптаспаған ұл-қыздарымызды еліктіріп, есінен айырады. Өйткені ащы статистикалық деректер еліміздегі психикалық және психологиялық ауруларға ұшырағандардың әрбір төртіншісі балалар екенін растап отыр. Қазіргі таңда көптеген жеткіншектердің өз-өзіне қол жұмсауының бір сыры осында жатқан тәрізді.
Ғаламтордағы зорлық-зомбылыққа, қылмысқа, жыныстық бұзылуға тәрбиелейтін бағдарламалардан, діншілдік, нәсілшілдік туралы ақпараттардан сақтандыру – ата-аналар мен ұстаздардың негізгі міндеті. Осы орайда есте болатын бір жәйт, он жасқа дейінгі балалар ата-анасы рұқсат берген сайттарға ғана енуге тиіс. Ең бастысы, кәмелетке жасы толмаған балалардың электронды поштасына енуге ата-анасының мүмкіндігі болуы керек. Ол ең бірінші, сол баланың қауіпсіздігі, бейқам болашағы үшін қажет. Әсіресе, балалар 13-14 жаста өз-өзімен болып, оқшаулана бастағанда, ата-анасы олардың беймәлім адамдармен ғаламтор арқылы танысуына жол бермегені дұрыс.
Мамандардың ақыл-кеңесіне құлақ ассақ, ғаламтор балаларға қауіпсіз болсын десек, оны үнемі жаңа бағдарламалармен жабдықтап, спамфильтр орнатып, қауіпсіздік туралы ақпараттарды біліп отыру керек. Балалардың ғаламтордағы компьютерлік ойындарға тәуелділігін тексеріп, сол бойынша тиісті шаралар қолданып отырған абзал. Ол үшін ата-аналардың компьютерлік сауаттылығы жоғары болғаны жөн. Олар перзенттеріне компьютердегі жағымсыз ойындардан жирендіретіндей ақыл-кеңес беріп, керісінше, бар ұлттық құндылықтар – төл ауыз әдебиетімізде, қазақ мульти-бейне туындыларында екенін жадына сіңірулері керек. Баланың компьютерге көзқарасын қалыптастыруда ата-аналар мен педагогтар бірлесіп, тәрбие жұмыстарын жүргізулері қажет.
Балалар өздерінің жас мөлшерлеріне сәйкес келетін ақпаратпен ғана сусындауы тиіс. Осы талаптарды бала кішкентай кезінен орындап үйренсе, оның бойында компьютерге деген тәуелділік болмайды. Германияда компьютерге тәуелді адамдарға көмектесетін арнайы ұйымдар бар көрінеді. Ал Украинада компьютер клубтарының жұмысы толықтай бақылауға алынып, балалардың сабақ уақытында компьютер клубтарына кіруіне тыйым салынған. Бәлкім, бізге де осындай түбегейлі әрекетке көшу қажет шығар.
Айнагүл Серікқызы
Айнұр Диярова, қалалық №5 емхананың дәрігері:
– Компьютерге тәуелділіктің негізгі белгілері – ойын барысында балалардың басқа дүниені ұмытып, байыз таппай әбігерге түсіп, ойнау мүмкіндігіне қандай да бір шектеу қойылса, өз-өзінен ашуланып, басқадан өшін алуға ұмтылуы. Ойынқұмарлардың мінез-құлқы мен денсаулығының сыр беруінің басты белгілері көз жанарының құрғауынан, ұйқының бұзылуынан байқалады. Қозғалыссыз отыру, қолмен ғана бірыңғай жұмыс істеу, содан ағзаға салмақ түсуі баланың жүйке қызметін бұзып, мойнына тұз бен суықтың жиналуына (остеохондроз) әсер етеді. Және де жамбас сүйектің үнемі қозғалыссыз қалуы қабыну (простатит) мен тоқ ішектегі тамырдың кеңеюі (геморрой) ауруына ұшыратады. Қазір жастары 10-нан асқан әрбір үшінші жеткіншектің көру қабілеттері төмендеген, тапжылмай бір орында отырудың салдарынан мойын, бел омыртқа шойы-рылмасы сырқатына ұшыраған.
Балалар үшін компьютерден келетін одан да үлкен қауіп – олардың ойлау қабілеттерінің кешеуілдеуі, жүйке жүйесі түсетін салмақ. Компьютер электромагнитті сәуле тарататынын да естен шығармауымыз керек.
Мінезі күрт өзгеріп, айналасына немқұрайлы қарауды әдетке айналдырады. Басқа ойындарға, ақыл-ойды дамытатын қызықты тақырыптарға талпынысы болмайды. Баланың көңіл күйіне де әсер етеді. Яғни көңілді, сергек жүргеннен гөрі көбінесе ашулы, күш көрсетуге бейім тұрады. Сонымен бірге балада тек өзіне ғана мәлім «жабық әлем» қалыптасады. Тек компьютермен шектелетіндіктен, мұндай бала ерте ме, кеш пе әйтеуір қатарластарымен тілдесе алмайтын халге жетеді. Тіпті, бұған дейін достасып жүрген жолдастарын жоғалтады. Балаға компьютердің алдында көп отыру, оның көздеріне үлкен зиян екенін түсіндіру қажет.
Айдос Аханов, компьютер маманы:
– Балаларды компьютерді дұрыс пайдалана білуге жастайы-нан тәрбиелеу қажет. Ең алдымен компьютерді дұрыс орналас-тыру маңызды. Оның мониторы алдында отырған адамнан кем дегенде 50 сантиметр қашық болуы тиіс. Монитор басқа қандай да бір жарық түсіретін заттармен шағылыспауы керек. Компьютерден бөлінетін радиациялық сәулелерді шашырататын кактус гүлі мен су құйылған ыдыс тұруы шарт. Монитордың жоғарғы жағы көзден сәл төмен тұрғаны абзал. Баланы компьютердің алдына үш жастан бастап отырғызуға болады, бірақ күніне жарты сағат қана. 6 жастан бастан 12 жасқа дейін – бір сағат. Ал 12 жастан бастап күніне екі сағат рұқсат етуге болады. Балалар арасында 15 минуттан үзіліс жасап, бой сергітіп алғаны дұрыс. Көзге, дене бұлшық еттеріне, қол саусақтарына үнемі арнайы жаттығулар жасау қажет.
Толқын Серғалиева, №47 мектептің бастауыш сынып мұғалімі:
– Компьютер өмірімізге енгеннен бері балалар бойында қатыгездік, ашушаңдық, кінәмшілдік мінездер пайда бола бастады. Оқушылар өз беттерінше есеп шығара алмайды. Мазмұндама, шығарма жаза алмайды, өйткені кітап оқымайды. Мәселен, техникасы қатты дамыған Жапония елінде осындай мәселенің алдын алу мақсатында компьютерлерде балалардың жас ерекшеліктеріне орай ұлттық ойын түрлері молынан тоғыстырылған. Неге осыдан үлгі алмасқа? Бала ұстаз алдында күнделікті 6 сағатын өткізеді, ал қалған уақытта үйінде немесе басқа қоғамдық орындарда болады. Баланың дүниетанымын жетілдірудің басты кілті – кітап екенін, компьютердің адам жады мен есте сақтау қабілетін алмас-тыра алмайтынын әрбір ата-ана баласына түсіндірсе, бәлкім бұл келеңсіздіктер азаяр ма еді?
Версия для печати
Пікір үстеу