ЖУРНАЛИСТ БОЛУДЫ КҮНДЕЛІГІНЕ ЖАЗЫПТЫ…
Мейрам мен жексенбілік демалыстарға қарамастан қай жерде жақсы жаңалық бар деп жұртшылыққа жеткізуге асығып, ел үшін еңбек еткендерді көпшілікке танытуда жақсылықтың, ізгіліктің жаршысы болып жүретін журналистер – жанкешті мамандық иелері. Уақытпен санасқан мынау кезеңде жұмыстың да тұрмыстың да бабын үйлестіріп жүретін әріптесіміз Кәусар Байғалиева туралы бүгін сөз қозғамаққа бекіндік.
Кәусар – киелі Қаратөбенің Егіндікөл ауылына қарасты Жігерлен топырағында Байғалиевтердің жанұясында дүниеге келген,10 ұл-қызды тәрбиелеп өсірген Дүйсекеш пен Жаңылайдың сегізінші перзенті. Аузынан «айналайыны» түспейтін қарапайым еңбек адамы, яғни тракторшы әкесінің елге сыйлы болып, «Ауданның Құрметті азаматы» атанғанын ол үнемі мақтанышпен айтады. Бүгінде Алтын алқалы анамыз ұл-қыздарынан тараған немере-жиен, шөберелердің қызығына бөленіп, шалтты ғұмыр кешуде.
Кәусар 1997 жылы Жігерлен орта мектебін бітірген соң, сол кезде Батыс Қазақстан гуманитарлық университеті аталған қазіргі М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті және араб тілі мамандығына оқуға түседі. 2001 жылы дипломын алған соң Қаратөбенің Қалдығайты ауылында өз мамандығы бойынша еңбек жолын бастаған, кейін Үшана ауылында Б.Аманшин атындағы орта мектепте қызметін жалғастырды. Жаңа ортаға келгеннен-ақ жастық жігерін жұмысқа арнап, біліміне сай біліктілігін көрсете білді. Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарына қоса, шәкірттеріне араб тілін үйретті. Мұғалімдер арасындағы мектепішілік іс-шараларды, аудандық деңгейдегі байқауларды ұйымдастырудың бел ортасынан табылды. Еңбек жолын бастаған жылы-ақ жас мамандар арасындағы «Жүзден жүйрік» байқауында бірінші орынға ие болды. Осы сынды жетістіктері негізінде бір жыл ішінде автоматты түрде санаты көтерілді.
Ал 2009 жылдан бері Кәусар Байғалиева «Жайық үні» ЖШС редакциясында қызмет етуде. Жұмысқа қабылданған сәттен редактордың шешімімен оған газеттің «Мәслихат жаршысы» атты қосымшасын жүргізу міндеті жүктелді. Тұрғындардың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп жүрген халық қалаулыларымен тығыз жұмыс жасап, өзіне тапсырылған істі жүйелі атқарып, сенімнен шыға білді. Бұл орайда «Тұрғындар әділдікті талап етеді», «Халықтың қалауы қолжетімді баспана мен жайлы жұмыс», «Тұрғындар депутатқа үміт артады», «Уәдесін орындауға асыққан жан», «Күрмеулі мәселелер шешімін күтеді» сынды мақалалары жарық көрді. Бұдан бөлек оның қаламынан туған оралдық ағаш шебері Б.Баймағамбетовтың еңбегі баяндалған «Таңдай қаққызар «Қансонар», қаламыздағы ғимараттарды салуда үлесі мол «Отделстрой» құрылыс компаниясының басшысы В.Михно туралы «Ширек ғасырға жуық қолтаңба», құқық қорғау саласының білгір маманы Б. Сәрсентаева туралы «Қызметіне адал капитан», мүмкіндігі шектеулі бола тұра өз кәсібін ашқан А.Шәкірованың жігері жазылған «Тағдырымен күрескен» мақалалары мен әр салада табысты қызмет жасап жүрген жандармен жасалған сұқбаттар еңбек адамдарының қоғамға танылуына ықпал етті деп айта аламыз. Сондай-ақ әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы тарқатылған «Нәзік жандар қашанғы зәбір көрмек?!», сол секілді ащы суға құмартқандар жайлы «Өрімталдардың өкінішті өмірі», қаламыздағы отбасы үлігісіндегі балалар үйінің тәрбиеленушілері туралы «Алақанның ыстығын аңсағандар…» сынды мақалалары қоғамға ой салғаны анық.
Мемлекеттік бағдарламалардың өңірде жүзеге асуы, жұртшылықты алаңдатқан түйткілді мәселелер де назарынан тыс қалған жоқ. Әріптесіміз әрдайым халықтың көзі, құлағы, сөзі, кейде өзі де бола білетін мамандардың қатарында. Журналистикадағы он жылдан аса еңбегінде еңбекқорлығы, табандылығы, ізденімпаздығы ескеріліп, облыс және қала әкімдігінің, мәслихат хатшылығының, басқарма басшыларының алғыс хаттарын алды.
– Жалпы кішкентайымнан журналист болуды армандаппын. Оны бала кезімде, кейін студент шағымда жазған күнделігімнен оқып, өзім де таң қалдым. Өйткені таңдауым мұғалімдік мамандыққа түскен соң осы салада еңбек етем деп ойладым. Бірақ, тағдырдың жазуымен 2009 жылы «Жайық үні» газетінің редакциясына жұмысқа орналастым. Директор әрі редактор Мира Шүйіншәлиева да алғашқы күннен мені жылы қабақпен қабылдап, қолыма бір бума хатты ұстатып, қорытып келуімді тапсырды. «Газеттегі мақалаңды әріп таныған баладан еңкейген кәріге дейін түсінуі керек» деп талап қойды. «Сауатты мақала жазуға машықтану арқылы журналист боласың» деп жігрлендірді. Алғашқы жазған жазбаларымның қып-қызыл сияға малынып шыққанын көріп, жанымдағы бұл салаға әбден төселген әріптестерімнен ұялып, тығылып түзейтін едім. Осы ортадан көп нәрсені үйреніп, журналистиканың «қазанында қайнап», шыңдалып шықтым. Басшымыз Мира Хамзақызының талап қойғыштығы нәтижесінде тек мақала жазумен ғана шектелмей, бүгінде редакцияның ішкі, сыртқы жұмыстарын да меңгердік. Әріптестерімнің әрқайсысы өз ісінің шеберлері. Тіптен, тәуліктің көп бөлігін отбасымыздан гөрі жұмыста өткізген соң, олар жаныма өте ыстық болып кетті. Қазіргі таңда «Жайық үні» өмірімнің бір бөлшегі іспетті, – деп әріптесіміз журналистік салаға келген кездегі әсерімен бөлісті.
Кәусар 2002 жылы Жақсылық есімді азаматпен бас қосып, Төлеутаевтар әулетіне келін болды. Ата-енесі – Науша мен Рахима жаны таза, ерекше мейірімді жандар болған екен. Кәусардың жолдасының туыстарына деген ерекше құрметі, үлкен-кішісінің әлі күнге алдынан өтпейтіні, сөздерін жерге қалдырмайтыны – өзге келіндерге үлгі боларлық. Тағамның түрін әзірлейтін, қонағына дастарханын лезде жайып, түрлі асқа толтыратын оның көңілі де сондай кең, қолы ашық, өзгелердің өтінішін жерге тастамай, шаруаларының оң жақты шешілуіне септігін тигізіп жүретін жан.
2004 жылы облыс орталығына қоныс аударған Жақсылық пен Кәусар бүгінде оқуда озат, қоғамдық шараларға белсенді ұл-қыз тәрбиелеп отырған ата-ана. Ата-әжесінің бауырына салған тұңғыштары – Әділбек Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» мектеп-лицейінің оқушысы. Білім қуған ұлан шетел тілінде сөйлеу дағдысына машықтанып жүр. Арманы – асқақ. Қазақ қызына лайықты қылығымен, ибалылығымен бойжетіп келе жатқан қыздары Гүлназым – А.Байтұрсынов атындағы №10 орта мектептің 9-сыныбын «Үздік аттестатқа» аяқтап, 10-сыныпқа көшті. Ол да ағылшын тіліндегі курстарға қатысып, білімін жетілдіріп келеді. Әрі «Болашақ» аула клубының белсенді мүшесі. Шаһардағы түрлі байқаулардың жүргізушісі. Болашағынан зор үміт күттірер перзент. Ал кенжелері Алмаз қазір 8-сыныпта оқиды. Мектеп табалдырығын аттамас бұрын бокс үйірмесіне жазылған бала Алмаз бұл спортта қазір біраз белестерді бағындырып, облыстық, республикалық, халықаралық былғары қолғап додаларына қатысып, жүлделі орындарды иемденіп келеді. Алмаз өнерден де құр алақан емес – ән айтатын, мәнерлеп өлең оқиды. Білімнің басты қару екенін ұғына білген, өнерді де өздеріне серік қылған балалары ата-аналарының болашағынан зор үміт күттірер көз қуаныштары.
Шаңырақта – ибалы келін, барды баптаған отанасы, қызметте – әріптестері арасында беделді, кәсіби маман атанып, қазаны мен қаламын қатар ұстаған Кәусар Дүйсекешқызын алтын күзбен қатар келген мерейлі жасымен құттықтап, отбасына шаттық, ырыс пен берекенің ортаймауын тілейміз.
Қаламыңнан қасиет кетпей, шығармашылығың шыңдала бергей.
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу