8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

2023 жылдың І жартыжылдығына жазылу басталды!

«Жайық үні-Жизнь города» газетіне жазылыңыз!

Бізбен бірге болыңыз!

 

 

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
17 Қыркүйек 2020 3277 0
Қоғам

ЖҰЛДЫЗ МӘМЕДОВА: «АКТЕРДІ ТҰЛҒА ЖАСАЙТЫН – ЕҢБЕГІ»

Қазақы ауылдағы қоңыр тірлік, отбасылық құндылықтар көрініс тапқан «Келінжан» телехикаясының алғашқы сериясы отандық телеарнадан ұсынылғаннан-ақ көрерменнің көңілінен шықты. Орынды әзіл, көңіл толқытар жанұялық оқиғалар,  шынайы сезім, көршілер арасындағы қарым-қатынас астасқан киноның актерлік құрамы талғаммен таңдалғанын көпшілік мойындайды. Ал сол құрамда Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актрисасы, «Құрмет белгі» төсбелгісінің иегері Жұлдыз Мәмедова да бар.

1977 жылы Павлодар облысының Лебяжі ауданында дүниеге келген Жұлдыз Қайырбекқызы 2002 жылдан бері өңіріміздегі қазақ драма театрында қызмет етіп келеді. Оған қоса әдемі өнерге ізбасарларын дайындап жүрген ұстаз.

Киносүйер көрермен жылы қабылдаған «Келінжанның» екінші маусымының түсірілімінен оралған актрисамен жуырда арнайы жүздесіп, өміріне айналған өнері  туралы сұқбаттасқан едік. 

 

  – Жұлдыз, алдымен кино саласына басқан қадамыңызбен құттықтап қояйық. Сұхбатымызды осы сіздің кино әлеміндегі алғашқы баспалдағыңыз болған «Келінжан» телехикаясынан бастасақ.

– Иә, «Келінжан» – менің кинодағы тұмарым. Бұл киноның алғашқы маусымы 2018 жылдың күзінде түсірілген еді. Бас продюсер Гүлнұр Мамасарипованың шақыртуымен осы киноға келдім. «Комедиялық жанрдағы телехикая, кейіпкеріңіз – Зияда»  деді.  Кастинг болған жоқ, бірден осы кейіпкерді маған бекіткен екен. Бұл киноға түскендердің барлығы дерлік – алматылықтар. Тек ананың рөлінде ойнаған Лейло Бекназар-Ханинга апамыз – Нұр-Сұлтаннан, мен – Оралдан бардық.

25 сериялы телехикая «Хабар» арнасынан көрсетілді. Көрермен жақсы қабылдады. Сол себепті «Хабар» агенттігінің басшылығы телехикаяны жалғастыру туралы Гүлнұр Мамасариповаға ұсыныс айтқан. Бұйырса, телекөрермендер асыға күткен «Келінжанның» жалғасы жақын күндері эфирден берілетін болады.

   – Телехикаядағы сізге берілген рөлге көңіліңіз толды ма, Зияданың образын жеткілікті деңгейде көрсете алдым деп ойлайсыз ба?

–  Әр ауылда «Зияда» бар. Кейіпкерім де солардың бірі – өсекші, сұрамсақ әйел. Режиссеріміз «кейіпкеріңіз – осы, мінезіңіз – мынадай, жұртты әңгімелеп, хабар жинап, оны ауылға жайып жүресіз» деді. Күліп қабылдадым. Рөл берілген соң барынша ашуға тырыстым. Актриса болғаннан кейін көрерменді сендіруің керек.  Басымызға тартқан орамалға дейін бір-бірімізге ұқсастырмай, өзгешеленуді мақсат еттік. Мәселен, мен әдейі шашақты орамал сұраттым. Өзім тікбақайланып тұрғанда, басымдағы орамалдың шашақтары да ойнап, образды ашуға үстеме болсын деген ойым болатын.

Әр сюжетке байланысты жүріс-тұрыс, көзқарас – барлығын жан-жақты ойластырдық.  Бірақ, осы кино монтаждалып, көрермен назарына ұсынылатын кезде  бәрімізде де толқыныс болды. Әсіресе, менің уайымым басымырақ болғанын жасырмаймын. Өйткені, бірінші рет киноға түсуім. Сахнада ғана ойнап үйреніп қалған театр актерлерінде камера алдына алғаш келген кезде қысым болады. Біріншіден, камера алдыңда тұрады, оған қоса мәтін мен образыңды ойлап отырасың.

Бұған дейін мен «Ана жүрегінде» базардағы сатушы кейіпкерінде екі сериясында эпизодтық рөлді ойнаған едім. Одан соң түскен «Келінжанның» бірінші маусымы арқылы камера алдында жасқаншақтықтан арылудан айтарлықтай тәжірибе жинадым.

  – «Келінжан» сіздің басқа жобаларға да жолыңызды ашты. Аталмыш телехикаяның ізін ала «Қанатсыз құстар» киносына түскеніңізден де хабардармыз.

– Ол рас. Жаратқанға мың шүкір. Киноиндустрияға алып келген Гүлнұр Мамасариповаға алғыс айтамын. «Келінжан» арқылы көптеген режиссерлердің көзіне түстім. Мен сомдаған кейіпкердің атын айтқаннан-ақ «Бұл сіз бе едіңіз?» деп, жақсы көзқарастарын білдіріп жатады.

Қазіргі уақытта елімізде киноиндустрия өте жақсы дамып келеді. Телехикая, қысқа метражды кино, тарихи кино, фестивальдық кинолар бойынша белсенді жұмыстанып жатқан режиссерлеріміз бар.

«Қанатсыз құстар-2»-ге осы жазда Алматыда «Келінжанның» екінші маусымының түсірілімі кезінде шақырылдым. Бұл киноның продюсері – Нұрлан Әлімжанов. Ол да мен білім алған Т.Жүргенов академиясының түлегі. Төртінші курста оқып жүргенімде, ол бірінші курстың студенті еді. Дипломдық қойылымды ойнағанымызда ол көпшілік көрініске қатысқан-тын. Міне, енді сол ініміз өзін-өзі қалыптастырып, еліміздің кино саласының дамуына да үлесін қосуда. Балжан есімді кастинг директоры бұл кинода маған жағымсыз кейіпкердің рөлі ұсынылатынын айтты. Кейіпкеріммен таныстым. Әйелдер колониясындағы өте қатал бақылаушы Лейләның образы екен. Жалпы, маған жағымсыз кейіпкерді сомдау ұнайды. Түсірілімге дайындық кезінде гримерге  бетіме тыртық салуын сұрадым. Сонда гример қыздар «актрисалар әдемі көрінуге тырысатын еді, сіздің тыртық сұрағаныңыз қалай» дегені бар. Мен бұл туындыда  түрмедегі әйелдерді бір уысында ұстайтын қатал кейіпкердің рөліндемін. Өмір қатайтқан, еркекшора кейпіндегі әйелдің образын ашу үшін бұл да керек. Аяушылық танытпай, қаталдығымды көрсететін эпизодтар бар. Яғни, бұл рөлім Зияданың образына мүлде қайшы. Ол кино осы аптадан бастап отандық телеарнадан көрсетіле бастады.

Сондай-ақ тағы бір жобаға шақырту алдым. Бұйырса, жақын күндері кезекті түсірілімге жол жүргелі отырмын.

  – Бұл да жақсы жаңалық екен. Биылғы жыл сіз үшін айыңыз оңынан туған кезең болып тұр. Қазір міне, театрдың да, киноның да әртісі деп сізді айта аламыз. Бұдан соң театрды қойып, кино саласына кетіп қалу туралы ой туындаған жоқ па?

– Жо-жоқ, ондай ой болған жоқ. Театр – мен үшін бірінші орында. Театр арқылы мен ашылдым, шыңдалдым. Театр мені өсірді. Театр да, кино да – өнер. Бала күнімнен үйге қонақтар келгенде концерт қоятынмын. Мектепте де мәдени шараларды ұйымдастырудың басы-қасында жүретінмін. Мен жүрген жер думанға толы болатын.

  – Бала күнгі таңдауыңызбен өнерге келген болдыңыз ғой.

– Ия, бала арманым – өнерге алып келді. Жалпы орта мектепті аяқтаған соң республикалық медициналық колледжге түстім. Бұл – анамның тілегі еді. «Өнерді қоя тұр, медицина маманы боласың» деді. Анам – мұғалім, жалпы әулетіміз мұғалім, қаржы, заңгерлік салада қызмет атқаратындар. Әкемнің де, анамның да жағында өнер адамы жоқ. Бұл салада жүрген мен ғана. Медицина мамандығында оқып, қызыл дипломды қолыма алсам да, өнерге махаббатым 1998 жылы Т.Жүргенов академиясына алып келді. Анама «мені қинамаңыз, менің жүрегімнің қалауы – өнер, таңдауыма ерік беруіңізді сұраймын» дедім. Бірақ, актриса боламын деп ойламағанмын. Т.Жүргенов академиясына эстрада әншісі болу мақсатымен бардым. Сол кезде Лаки Кесоглу топ жинап жатқан. Бала кезден эстрада әншісі болуды мақсат еткен мені актерлік бағытқа бұрған танымал кеңестік және Қазақстанның халық әртісі Кәукен Кенжетаев. Құжаттарымды эстрадалық факультетке тапсырмақ ниетпен келе жатқанымда дәлізде кездейсоқ кездескен Кәукен атамыз «жүр, анау кабинетке» деп қолындағы таяғымен актерлік бойынша құжаттар қабылданып жатқан кабинетті нұсқады. Осылайша, педагог-профессор Кәукен ағамыз бен атақты профессор Есім Сегізбаевтан дәріс алып, музыкалық драма актері мамандығын алып шықтым.

   – Бұрын-соңды ол кісі сізді көрген бе еді, актерлікке жол сілтеуіне не себеп болды екен?

– Кәукен ағамызды білмейтін қазақ кемде-кем. Ол ғасырға жуық ғұмырында өнерге қалтқысыз қызмет етіп, қазақ өнерін биікке көтерген тұлға. Әншілік өнерін, актерлығын, небір туындыларды сахнаға шығарған режиссерлығын, жазушы-аудармашылығын атап өткеніміз жөн. Біз осындай талантты ағамыздың шырқаған әндерін тыңдап, түскен киноларын көріп өскен баламыз.

Қазақтың маңдайына біткен дарын иесін мен танығаныммен,  Кәукен ағамен бұрын-соңды жолымыз түйіспеген, мені танымайтын. Көпті көрген адам ғой, бәлкім, жүріс-тұрысымнан, көзқарасымнан болашақ актрисаны таныған шығар.

  – Өзіңіз бұл жақтың тумасы емессіз, Алматыда өсіп, Алматыда оқыған екенсіз. Ақ Жайықтағы театрға қалай келдіңіз?

–   Дипломдық қойылымды сахналағанымызда жан-жақтан 7-8 театрдың режиссері келді.  Сол кезде бірнеше қаланың театрының режиссерінен ұсыныс түсті. Әрқайсысы қандай жағдай жасалатынын айтты. Оралда менің туысым да жоқ. Бірақ, бірге оқыған группаластар жан-жаққа шашырамай, бір жерге барайық деп өзімізше шешім қабылдап, 2002 жылы Жүргеновтің жеті түлегі – Алмас Шоман, Ақмарал Дайрабаева, Данияр Базарқұлов, Нұржігіт Сейтмағамбетов, Салтанат Мұратбекова, Алмас Жансерік және мен Оралға келдік. Театр директоры Құжырғали Төлеуішов бізді қабылдады, менің алғашқы басшым. Алғашқы режиссеріміз Мұрат Ахманов болатын. Бүгінде сол жетеуден Нұржігіт екеуміз ғана осы театрдамыз. Осы киелі, қасиетті қара шаңырақтың сахнасында талай рөлдерді сомдадым. Театрымды жақсы көремін. Әріптестерімді ерекше құрметтеймін. Қазір міне, театрымызға Салтанат Әбілғазиева есімді жаңа басшы келіп, театрды жандандыруға күш салуда. Театр әр маусымды жаңа премьерамен бастап, жыл бойы көремендерінің сұранысын қанағаттандырып келеді. Ал биылғы маусымды Гауһар Адай есімді бас режиссеріміз Жұбан қойылымымен ашпақ. Ақынның 100 жылдық мерейтойына театрдың тартуы болайын деп тұр. Бұған дейін де театрымыздың түрлі байқауларда жүлделі орындардан көрініп, танылып жүргенінен хабардарсыздар. Әлі де бағындырар белесіміз көп боларына сенемін. Өнер әлемінде айтулы орны бар қара шаңырақ – Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының әртісімін деп әр кез мақтанышпен айтып жүремін.

  – Өзіңіз айтқандай, облыстағы қазақ драма театрының сахнасында 18  жылдан бері өнер көрсетіп келесіз. Сізді жастың да, кәрінің де, жағымды да, жағымсыз кейіпкердің рөлінде көрдік. Қыз Жібек те, Джулетта да болдыңыз. Көптеген басты рөлдерді тамаша алып шықтыңыз. Солардың ішінде өзіңіздің жаныңызға қай рөліңіз жақын?

–  Рөлдерімді бір-бірінен бөле алмайды екем. Әрқайсысын ерекше жақсы көремін. Осы жылдардың ішінде қазақ классикасын, шетелдік классиканы да ойнадым. Мен бірсарынды рөлдерді сомдағым келмейді. Мәселен, бір актерлер тек комедиялық рөлдерді, тағы бірі лирикалық рөлдерді ғана ойнап өтуі мүмкін. Рөл режиссердің таңдауымен беріледі. Бұл жағынан менің жолым болды. Театрда әр бағытты көрдім. Осы ретте менімен жұмыс жасаған режиссерлерге алғысымды білдіремін. Олар маған рөл берген кезде зор сеніммен қарайды. Сол сенімді ақтауға тырысасың.

Еңбек жолымды бастағалы Мұрат Ахманов, Сердеш Қажымұратов, Асхат Маемиров, Мұқанғали Томанов, Самал Әбуов, Болат Ұзақов, Қуандық Қасымов, Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбек, Ғайыпберген Есенқұлов, Арман Сарбасов, Әмір-Темір Оразәлі, Жамбыл Заитов, Марат Абай-Ділдә сынды режиссерлермен жұмыс жасадым.

   – Театрдағы жұмысыңызбен қатар шәкірт тәрбиелеп жүрсіз. Осы ұстаздық қызметіңіз, Назарбаев зияткерлік мектебіндегі шәкірттеріңіздің өнері туралы айтып отырсаңыз.

–  Бұл мектепте бес жылдан бері режиссерлік қызметтемін. Мені қабылдаған сол уақыттағы мектеп директоры Шолпан Қадырова еді. Түйіндемемді тапсырған соң екі-үш күннен кейін тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльвира Айдыналиева жұмысқа қабылданғанымды айтып хабарлады. Бұл қызметке 20 шақты үміткердің ішінен таңдалған екенмін. Қазіргі уақыттағы мектеп басшысы Айдарбек Айтпукешев зияткер ұл-қыздарды өнерге тәрбиелеу жолындағы әр бастамама қолдауын көрсетіп келеді.

«Шабыт» атты үйірмем бар. 7-12 сынып аралығынан 30 шақты шәкіртті актерлік шеберлікке баулып жүрмін. Осы уақыт ішінде Д.Исабековтің «Құстар фестивалі» мюзиклін, М.Әуезовтың «Көксерек» повесінің желісі бойынша жазылған «Қанды азу» пьесасын, одан соң Шәмші Қалдаяқов туралы, Алаш арыстарына арналған қойылымдарды сахналадық.

Әр өнер адамы кітап жазу, киноға түсу немесе өнерін жалғастырар шәкірт тәрбиелеу арқылы соңынан із қалдыруға тырысады. Менің де мақтана алатын шәкірттерім бар. Назарбаев зияткерлік мектебіне түскенде болашақта саясаткер немесе құқық қорғау маманы болуды мақсат етіп келген балалардың ішінде актерлікке қызығушылықтары оянып, таңдаулары 180 градусқа ауысып, Жүргенов академиясына, «Шабытқа» түскендері бар. Қазіргі шәкірттерімнің арасында да  актерлік мамандыққа қызығушылық танытатындар табылады. Мен олардың таңдауына ықпал жасай алмаймын.  Менің бар мақсатым – оларды өнерді сүюге үйрету, өнер арқылы мәдениетке тәрбиелеу, таланттарының ашылуына көмектесу.

Премьералардан кейін білім қуып зияткерлік мектепке келген ұл-қыздарының өнеріне ата-аналары таң қалып, ризашылықтарын білдіріп жатады. Сол кезде төбең көкке екі елі жетпей, қуанасың. Жасап жатқан еңбегіңнің текке кетпегеніне марқаясың.

 –  Әңгімемізді енді отбасыңызға бұрсақ. Өзіңіз қазақ драма театрында болсаңыз, жолдасыңыз – Насим Мамедов орыс драма театрында қызмет етеді, режиссер және актер. Бір-бірлеріңіздің қойылымдарыңызға барасыздар ма, үйде талқылайсыздар ма?

– Жоқ, бара бермейміз, үйде де театр туралы әңгіме болмайды. Дегенмен, менің рөліме байланысты мінездеме жазу кезінде кеңес сұрайтын кездерім болады. Өйткені, ол мектеп жасынан театр табалдырығын басқан адам. Жастайынан үлкен тұлғалармен жұмыс жасаған тәжірибесі мол маман. Самара театр академиясын бітірген режиссер. Жолдасым менменсімейтін, мақтағанды ұнатпайтын жан. Бірақ, ол кісімен мен мақтана аламын. Барлық жағынан маған қолдауын көрсетіп отыр. Киноға түсуге ұсыныс келген кезде де «қазір түспегенде, қашан түспексің?» деп Алматыға өзі жіберді. Түсірілімде жүріп хабарласқан кезде де телефон арқылы жігерлендіріп отырады.

  Жасөспірім ұл-қызыңыздың да сіздер секілді сахнаға шығып жүргенін байқап жүрміз.  Перзенттеріңіздің болашағын осы бастан қалыптастырып жүргенге ұқсайсыздар.

– Ия, қызым Сабрина мен ұлым Исмаил А.Н.Островский атындағы драма театрының жас актерлері ретінде жұмысқа қабылданған. Бірақ, бұл біздің ықпалымыз емес, өздері театрды ұнатады. Қызым да, ұлым да менімен бірге дайындықтарға келіп, кулисаның артында өскен балалар. Д.Нұрпейісова атындағы музыкалық мектепке драмалық үйірмеге барады. Жетекші-ұстаздары – Малуша Оксана Михайловна. Дайындыққа асығып, жұмыс киімдерін киіп, рөлдерін қызығушылықпен ойнап жүреді. Әкесі, ұл-қызы – үшеуі бір қойылымда ойнайтын да кездері болады. Ол кезде мен залда гүлім мен тәттімді ұстап, көрермен болып отырамын.

  – Өзіңізді қандай отанасымын деп есептейсіз?

– Жұмысбасты болып, отбасыны ысырып қоюға болмайды. Бәріне үлгеруге тырысамын. Үйдің тазалығы, ас мәзірін уақытылы қамдау сынды үй шаруасына ұқыпты қараймын.

Сабринамыз 8-сыныпқа көшті. Өтпелі кезеңдегі уақыты. Онымен дос ретінде сырласып, ақыл айтып, бағыт беріп отыруым керек. Ұлымыз Исмаил да есейіп келеді. Биыл 5-сыныптың оқушысы. Сабақтарына қараймын. Қай күні қандай тақырыпты өтті, тапсырманы қалай орындап жатыр, араласатын ортасы қандай – түсірілімде, дайындықта жүрсем де бәрінен хабардар болып, назарымнан қалт жібермеуге тырысамын.

 – Өнердегі және өмірдегі миссияңыз қандай?

– Өзімді толдым, болдым деп санамаймын. 100 пайыз ашылдым деп айта алмаймын. Әлі де жұмыс жасауым керек. Қолым бос болған кезде Мәскеу, Питер театрларының қойылымдарын қарап, театр саласындағы әдебиеттерді оқып, жаңашылдықтардан құлағдар болып отыруға тырысамын. Кәсіби тұрғыда әлі де жетілгім келеді. Өзімді үнемі қамшылап отырамын. Ойға алған авторлық жобам да бар. Бұйырған күні оны да жүзеге асырғым келеді.

Тәртіп және еңбек. Өмірде мен ұстанатын, шәкірттерімнен талап ететін ұстаным – осы. Актерді тұлға жасайтын – еңбегі. Кәсібін жақсы көріп, сүйіспеншілікпен атқаруы керек. Атақ, даңқ қуудың қажеті жоқ, еңбек етсең, бәрі де өз уақытымен келеді.

 –  Уақытыңызды бөлгеніңіз үшін рахмет айтамыз. Алдағы түсіріліміңізге сәттілік тілейміз.  

 

Сұхбаттасқан Эльмира НҰҒМАНОВА

Сұхбат «Жайық үні-Жизнь города» газетінің 2020 жылғы 17 қыркүйек күнгі №36 санында жарық көрді.

Версия для печати

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Соңғы жаңалықтар
Бәрекелді!
Келіндерге ақшалай сыйақы берілді
22 Қараша 2024
82 0
Қалалықтар қаперіне
Иттерге рейд
21 Қараша 2024
148 0
Мәдениет
Жан дүниесі бір бөлек
20 Қараша 2024
382 0
Жалын
Жігерлі жастар жарысты
13 Қараша 2024
864 0
Қалалықтар қаперіне
Білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды
08 Қараша 2024
1242 0
Қалалықтар қаперіне
ИНФОРМАЦИОННОЕ СООБЩЕНИЕ
04 Қараша 2024
1144 0
Қалалықтар қаперіне
ХАБАРЛАМА
04 Қараша 2024
1601 0
Құттықтаймыз!
Жаңа тұрғын үйдің кілті табысталды
27 Қазан 2024
2217 0
Құттықтаймыз!
Көк Ту көкке көтерілді!
25 Қазан 2024
2382 0
Құттықтаймыз!
Ынтымақты айшықтаған мереке
25 Қазан 2024
2389 0
Қалалықтар қаперіне
Интернет-алаяққа алданбаңыз!
24 Қазан 2024
2440 0
Құттықтаймыз!
Айбарлы азаттықтың айғағы
24 Қазан 2024
2445 0
Қоғам
Ардагерлер жарысты
20 Қазан 2024
2059 0
Қалалықтар қаперіне
Құм Нарыны Нарынбекті еске алды
19 Қазан 2024
2924 0
Қалалықтар қаперіне
Жаңа аудандық сот ғимараты ашылды
18 Қазан 2024
2978 0
Оқиға
Өрттің алдын алды
18 Қазан 2024
2972 0
Құттықтаймыз!
АҚЖАЙЫҒЫН АҢСАЙДЫ АҚЫН ЖҮРЕК
11 Қазан 2024
3585 0
Бәрекелді!
Жағымды жаңалық!
11 Қазан 2024
3553 0
Қалалықтар қаперіне
3.190 әкімшілік құқық бұзушылық фактілері анықталды
11 Қазан 2024
3544 0
Қоғам
Үйірменің берері көп…
11 Қазан 2024
3520 0
Бәрекелді!
Жеңімпаздар анықталды
10 Қазан 2024
3680 0
«Мемлекеттік бағдарламалар»

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»
мемлекеттік бағдарламасы

«Ғаламтор ресурстары»