ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТАЛАНТТЫ ПЕРЗЕНТІ
Бүгін облыстық тарихи-өлкетану музейінде ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Мансұр Сағатовтың туғанына 80 жыл толуына орай дәл осындай тақырыптағы көрменің салтанатты ашылуы өтті. Шараға ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қырымгерей Қажымов, белгілі өлкетанушы Сара Танабаева, М.Өтемісов атындағы БҚМУ студенттері қатысып, композитордың музыка әлеміне шегініс жасады.
Көрменің ашылу салтанатында сөз алған облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының ғылыми ісі жөніндегі орынбасары Ажар Берікқалиева жерлесіміз Мансұр Сағатовтың өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа үлгі екенін айтып, батыс өңірінде дүниеге келген тарихи тұлғалардың атаулы күндеріне арналған іс-шаралар алдағы күннің жоспарында тұрғанын атап өтті. Одан әрі музей қызметкері Гүлшарат Рамазанқызы қонақтарға көрмені таныстырды.
Көрмеге өнер қайраткерінің өмір жолына қатысты жеке құжаттары, фотосуреттері, марапат, наградалары қойылған. Мансұр Сағатов 1939 жылы 2 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданының Ұзынкөл ауылында дүниеге келген. Оның әкесі Сағат – ауылда есепші болып қызмет атқарып жүріп, Ұлы Отан соғысына аттанса, анасы Дархан жастайынан жесір қалып, колхозда еңбек етіпті. Анасының өнерге деген ықыласы ерекше болыпты. Көркемөнерпаздар үйірмесіне мүше болып, кейін Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш Баян сұлу» рөлін сомдаған. Мағаз атты інісі болған. Мансұр Сағатұлы К.Бәйсейітова атындағы республикалық музыка мектебінің флейта класында оқыған. 1963 жылы Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясын тәмамдаған 1963-1974 жылдары Қазақ радиосы музыкалық редакциясының редакторы, бас редакторы, директоры қызметтерін атқарды. 1974-1986 жылдары Қазақстан Мәдениет министрлігі жанындағы репертуарлық-редакциялық бөлімнің музыка жөніндегі аға редакторы болды. Мансұр Сағатовтың шығармашылық жолы студенттік кезден басталады. Сол жылдары ол шекті аспаптар квартеті үшін сюита, виолончель мен фортепианоға арналған экспромт, қазақтың халық әні «Ләйлімнің» негізінде вариациялар жазыпты. Симфониялық оркестрге арналған «Мерекелік увертюрасын», «Мерген» симфониялық күйін, «Мемориал» атты симфониялық сюитасын, «Диалогтар» поэмасын, «Ақын толғауы», «Мерекелік кантата», «Достық елі» кантаталарын, «Әлия» атты екі актілі балетін тағы басқа көркемдік деңгейі жоғары шығармалар жазды. Композитордың «Туған ел», «Алматым менің», «Бақыт құсы», «Той кеші», «Мені ізде», «Кел, биле!», «Кешегі арман – он жеті» сияқты көптеген әндері мен романстары – халық арасына кең тарап, жұртшылықтың көңілінен шыққан туындылар.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу