СЫРЫМНЫҢ ТОПЫРАҒЫНДА ТУҒАН ТҰЛҒА
Бүгін ертеңмен Рафхат Халелов телефоныма тыным берсеші. «Марат Оңғарбеков ағамызды жазу керек еді. Туған күні ғой. Қадыр Мырзалиевтің жақсы көрген інісі ғой. Мектебіне де қолғабысын тигізді» деп қоймайды. Содан уатсапымды жиырма шақты суретпен және тықылдатсын. Сөйтсем, Марат Кенжетайұлы Пайғамбар жасына келген екен! «Алпыс-тал түс» демекші, таудан-тауға шығып бара жатыр екен. Құтты болсын деп мерейін өсіріп қоялық!
Иә, Рафхаттың суреттеріне қарап ойлана бастадым. Көз алдыма аңқылдаған, жарқылдаған Марат ағамыздың келбетті бейнесі келе берді. Иманжүзді, қарапайым азаматтың Ақ Жайығына, Күнбатыста Алаштың туын тіккен Жымпитысына, жалпы еліне сіңірген еңбегі, кісілігі, қарапайымдылығы қолыма қалам алдыртты сол мезетте. «Жақсының жақсылығын айт-нұры тасысын» демекші, іштей фотограф досыма да риза болдым арда азаматты есіме салғаны үшін! «Көзден кетсе де көңілімнен өшірмегені» үшін! «Ер есімі-ел есінде» деген осы ғой.
Иә, Сырым шыққан төбенің төңірегінен шіркін-ай, кімдер шықпаған?! Кімдер кең дүниенің қақпасын ашпаған?! Көп қой! Шүкірміз ғой! Алашымның ар-намысы болған Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер бастаған, ұлт зиялылары шоғырланған атақты Жымпиты жерінің тарихы тереңге тамыры жайылған бәйтерек қой! Осынау мәуелі бәйтеректің әр тамырын суалтпай, самал желін, туған жерін өлеңмен кестелеген қайран Қадыр Мырза Әлісін, жазушы Мұхадес Есләмғалиін, басқа да аяулы тұлғаларын кім ұмытсын?! Ұрпақтар сабақтастығының бір жалғасы, жүрегі жылы Жымпитының бір баласы, ана тілін, өз өлкесін сүйе білген бір перзенті Марат Оңғарбеков емес пе. Сырым топырағында туған тұлға емес пе.
1959 жылдың осындай Ұлыстың Ұлы мерекесінде, яғни 16 наурыз күні Бұлдырты деген шағын елді-мекенде іңгәләп өмірге келген Марат сәбиді асыл анасы Рахима мен мейірімді әкесі Кенжетай құшақтарына басыпты. Емірене иіскепті. Титтей бөпелерінің аман – есен көзге көрінгеніне қуанып, Жаратқанға алғыстарын жаудырыпты. Сөйтіп, ұлдарын балапандай баптап, пәле-жәледен сақтап, қилы-қилы соқпағы көп, шытырманы мен шаттығы көп өмірдің сапарына шығарып салыпты. Тағдыр пешенесіне бұйыртқан «өз жолында» перзенттері адаспапты. Қалың қасты, бұйра шашты, кең жауырынды, ұзын бойлы, қол-аяғы балғадай көрікті жігіттің дөңгеленген қой көздері алдағы болашаққа сәулесін шашыпты… Тек, ата-анасының ғана емес, алтын ұя мектебіндегі мұғалімдерінің де үмітін үкілеген Марат та «Тектіден текті туады, тектінің жолын қуады» деген халқымыздың қасиетті сөзін санасына түйіп өсіпті. «Ата-бабамыз аттың құлағында ойнаған киелі Жымпиты жерінің төсіне жайқалтып егін ексем, дән сепсем, Күннің шуағымен нәрлендіріп, ақ жауынмен жайқалтсам» деген бала күнгі арманы оны қолынан жетектеп, Оралдағы ауылшаруашылық институтына алып келіпті. Осы оқу ордасының агрономия факультетіне бүйрегі бұрып, арманына жеткізіпті. Сапалы біліммен студенттерді сусындатқан аты дардай институтты ойдағыдай тәмәмдаған Оңғарбековтің еңбектегі бірінші қадамы 1981 жылы туған топырағы «Бұлдырты» кеңшарындағы №2 бөлімшесінде агроном болудан басталыпты. Кенжетайдың Мараты Бұлдырты мен Жосалының жерін құнартып, жасыл алқапқа айналдырыпты. Меңгеруші де, бас агроном да болып, жақсылар салған жолмен қырмандағы егістей өсіп-өніп, 1997-2000 жылдары Сырым ауданы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. 2000-2006 жылдары Сырым ауданының әкімі лауазымын абыроймен атқарды. Елгезек, тынымсыз, шаруаға мығым және ел-жұртына қамқор азамат БҚО ауыл шаруашылығы департаментінің директоры, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, Зеленов ауданының әкімі, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметтерін мол тәжірибесімен, білімімен еңсере білді.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, Мәкеңнің асқар таудай әкесі Кенжетай Оңғарбеков те Бұлдырты кеңшарында тапжылмастан 20 жыл бойы жұмыс істеген екен. Асыл анасы Рахима Есенғалиева ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосқан мұғалім. Ғалым – агроном атанған Марат Кенжетайұлының кеудесіне «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» , «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медальдары тағылды. Мемлекеттік қызметтегі көп жылғы еңбегі еленді. Халқының ілтипатына бөленді. Кәсіпкер азамат бүгінде Құдай қосқан қосағы, сұлу әрі сымбатты жан-жары Ысқақова Марта Шахабайқызымен бірге Оңғарбековтер әулетін бақытқа, ынтымаққа кенелтіп отыр. Тағдыр табыстырып, бір-бірін қалап қосылған көрікті жандардың жанұясында Рамина деген қарлығаштары бойжетіп, Ерболат, Ерназар атты ұлдары ержетті. Елге сыйлы ағамыз бен апамыз бүгінде ұрпақтарына нұрларын шашып, жастарға, ағайын-туысқа үлгі болуда.
Иә, данышпан Абай атамыз «Әкеңнің баласы болмай, адамның баласы бол» деген ғой. Әңгіме туған күнде емес. Мәселе қанша жасағаныңда емес. Ең бастысы – Алла тағала бұйыртқан биіктерге қалай шыққаныңда!
Көктеммен бірге көңілі тасып, алпыстың асуынан асып бара жатқан Марат ағамызға амандықтың ауылын, үрім-бұтағының бүтіндігін, Мартасымен жетпіске де қолұстасып, желпініп жетуін тілейміз. Наурыз мейрамында басыңызға бақ қонып, еліңізбен бірге шаттанып, атқа қона беріңіз, өмірдің бәйгесінде оза беріңіз, Сырым топырағында туған тұлға!
Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА,
суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ
Версия для печати
Пікір үстеу