Сенатта сауал жолдап, «ең нашар жол» екенін жеткізді
Бүгін, 7-сәуір күні Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, сенаторлар бірнеше мәселені талқылаған. ҚР Сенатының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, осы айтулы мәжілісте Парламент депутаты, жерлесіміз, ел азаматы Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысындағы жолдардың сапасы сын көтермейті жайлы ҚР Премьер – Министріне депутаттық сауал жолдаған. «Бүгінгі күні еліміз бойынша ең нашар жол Батыс Қазақстан облысында екені Сізге жақсы белгілі» делінген ҚР Сенат депутаттары қол қойған хатта.
Ақ Жайық өңірінен сайланған халық қалаулылары ғана емес, елге белгілі тұлғалар Н. Жүсіп пен Д. Нөкетаева да қол қойған өтініш хат көп жылдан көтерілген түйткілді мәселеге сеп болар деген үміттеміз.
Депутаттық сауалымыз Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне жолданады:
«2019 жылғы 13 мамырда Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев БҚО жұртшылығымен кездесу барысында Казталов, Жәнібек және Бөкейордасы аудандарының орталықтарын облыс орталықтарымен байланыстыратын жобаларды тез арада шешуді тапсырған болатын.
Алайда аталған тапсырма бүгінге дейін шешімін таппады. Күні кеше облыс тұрғындарымен кездескенімізде осы мәселеге қатты алаңдаушылықтарын білдірді. Оған себеп те жоқ емес, жолдың қазіргі жағдайы халықты әбден әбігерге салды. Стратегиялық маңызы бар Бөкейорда мен Жәнібек аудандары облыс орталығынан 500-600 шақырым шалғай жатқан Ресей Федерациясы мен көршілес аудандар. Аудан халқы облыс орталығына қатынау үшін әсіресе жауын-шашынды күндері 12-14 сағат жүруге мәжбүр болып отыр. «Жол азабын – тартқан білер» деп бекер айтпаған шығар, жол азабынан БҚО халқы әбден мезі болды. Егемендік алғаннан бері айтылып келе жатқан осы мәселе әлі де шешімін табар емес. Облыс жолының ұзындығы 6176 км, соның ішінде республикалық маңызы бар жолдың 69 %, облыстық маңызы бар жолдың 39 % қанағаттарлық жағдайда. Бүгінгі күні еліміз бойынша ең нашар жол Батыс Қазақстан облысында екені сізге жақсы белгілі. 2019 жылы «Казталов-Жәнібек-Ресей Федерациясы» шекарасына дейін 145 км және «Бисен-Өнеге-Сайхын» жолы – 103 км барлығы 248 км жол учаскелерінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс жұмысын жүргізетін 4 мердігер компаниялары анықталған болатын. Жобалардын құны 57 млрд. теңге. Жобаларды іске асыру мерзімі қыс айларын қоспағанда 21 айдан – 23 айға дейін белгіленді. Өкінішке орай, жоспарлағандай болмай шықты, үш жылда не бәрі 248 км жолдың 55 км ғана жасалды, бұлай жалғаса беретін болса аталған жол учаскелерін бітіру үшін кемінде 4-5 жыл керек. Жолдың уақытында жасалмауына келесі факторлар өз әсерін тигізді, әр жылдар бойынша толық қаржыландырудың болмауы. Құрылыс материалдарының қымбаттауы, инертті материалдарды жеткізудегі қиындықтар, атап айтсақ вагондардың өткір тапшылығы. Облысқа жеткізілетін қиыршық тас (щебень) Ақтөбе облысынан темір жол арқылы Атырау одан әрі Ресей Федерациясының Астрахань қаласына келіп, содан соң Батыс Қазақстан облысының Бөкейорда ауданы мен Жәнібек ауданы орталығына 1316 шақырым жол жүріп жеткізілуде. Жол ұзақтығы өз алдына, Ресей Федерациясы арқылы тасымалдау темір жол шығындарының өсуіне алып келуде. Сонымен қатар жыл сайын құрылыс маусымы кезінде орын алатын жағдай қиыршық тасты Ақтөбе облысынан жеткізу үшін вагондардың уақтылы берілмеуімен қатар оның жетіспеушілігі. Мысалы 2021 жылы облысқа қажетті қиыршық тас көлемін тасымалдауға айына 600 вагон қажет болса, соның тек 12% қамтамасыз етілді. Әрине бұл өз кезегінде құрылыс жұмыстарының созылуына және сапасына кері әсерін тигізуде. Бұған қоса құрылыс материалдарына бағаның күрт өсуі мердігер компанияларды тығырыққа тіреуде. Биылғы жылы облыста республикалық және жергілікті маңызы бар 473 шақырым автомобиль жолдарын салу жоспарда бар, соған байланысты өңірге қажетті инертті материалдардың көлемі 500 мың тоннаны құрайтын қиыршық тасты жеткізу үшін айына 2000 вагон қажет болады. Сондықтан шұғыл шара қабылдамаса, биылғы жылы да өткен жылдағыдай жағдай қайталануы мүмкін. Баяндалғандардың негізінде Батыс Қазақстан облысының Кешенді даму жоспарына төмендегідей өзгерістерді еңгізуді сұраймыз:
- Аталған жоспарға Қазақстан Темір жолы акционерлік қоғамы мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне құрылыс материалдарын Ақтөбе облысынан жеткізу үшін вагондармен қамтамасыз етуді тапсыру, егерде бұл мәселе шешімін таппайтын болса көрші Ресей Федерациясысынан өңірге қажетті инертті материалдарды тасымалдауға арнайы рұқсат беруіңізді сұраймыз.
- Жуық арада нақтыланатын бюджет есебінен 2022 жылға «Казталовка-Жәнібек-Ресей Федерациясы» шекарасы және «Бисен-Өнеге-Сайхын» жол учаскелеріне қосымша 15 млрд. теңге, «Барбастау-Ақжайық-Индер» жолына қосымша – 1 972 млн. тенге, «Чапаев-Жаңғала-Сайхын» жолына қосымша – 1500 млн. тенге, «Бурлин-Ақсай-Жымпиты» жол учаскесіне қосымша 1500 млн. тенге, барлығы – 19 млрд. 972 млн. теңге қаражаттың бөлінуіне ықпал етуіңізді сұраймыз.»
Құрметпен Парламент депутаттары,
Н. ТӨРЕҒАЛИЕВ
Ғ. ДҮЙСЕМБАЕВ
Н. ЖҮСІП
Д. НӨКЕТАЕВА
Л. РЫСБЕКОВА
А. АМИРХАНЯН
М. ҚҰЛШАР
С. ИМАШЕВА
Өз тілшіміз
«Жайық үні»
Пікір үстеу