САРБАЗДАР САУЛЫҒЫН САҚТАЙДЫ
Қазақстанның Қарулы күштер қатарын айбынды, дені сау жастармен толықтыру маңызды. Талапқа сай «сайдың тасындай» жігіттерді іріктеу бірінші кезекте – медициналық комиссияға жүктеледі. Сүзгіден сүрінбей өткендері ғана Отан алдындағы борыштарын өтеуге жіберіледі. Ақ халатты жандардың мерекесі қарсаңында біз Орал қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасында болып, осы саладағы медицина қызметкерлерінің жұмысымен таныстық.
Отан қорғау – әр ер азаматтың борышы. Оның астарында елге, жерге деген сүйіспеншілік пен жауапкершіліктің жүгі жатыр. Осы орайда, әскерге баруға ниетті азаматтардың ішкі түйсігі мен денсаулығының бір арнадан шығуы – басты мәселе. Орал қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының жанынан құрылған медициналық комиссия 17 жасқа толғандарды тіркеуге алу, 17-27 жас аралығындағы азаматтарды мерзімді әскерге шақыру, келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдау, әскери оқу орындарына талапкерлерді іріктеу және әскери міндетті есепте тұрғандар арасында жиын өткізу маусымдары бойынша жылдың тоғыз айы бойы жұмыстанады.
Медициналық комиссиядан өтуге келген жас 10 дәрігердің тексеруінен өтуі тиіс. Комиссия төрағасы Жангелді Дәулетқалиевтің айтуынша, мұндағы дәрігерлер мен мейрігерлердің барлығы дерлік еңбек өтілдері мол, тәжрибелі мамандар. Олардың алыднан күніге 45-50 жас тексерістен өтеді екен. Әйткенмен, барлығы бірдей әскер қатарына жарамды болмайтын көрінеді.
– Мамандар шақырылушы азаматтарды ҚР Қорғаныс министрлігінің бұйрығына сай тексереді. Алдымен амбулаторлық картасымен танысамыз. Сонымен қатар әр маман өздерінің тексерулерін жүргізеді. Аурулардың түрлері көбейгенімен, осыдан 18 жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда жасөспірімдердің денсаулығы жақсарғанын байқауға болады. Шақырылушы азаматтар көбіне омыртқа жотасының қисаюы, салмақ-жетіспеушілік, майтабандылық және көзден сүрінеді, – дейді комиссия төрағасы. запастағы капитан.
2000 жылдан бастап Орал қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасында медициналық комиссия төрағасы ретінде қызмет жасап жүрген Жангелді Хамзаұлы еңбек жолын осы әскери салада бастаған. Ел егемендігін алып, Қарулы күштеріміз құрылып бастаған уақытта Әскери теңіз күштерінің ең алғашқы дәрігері болған. 1994 жылы Ворашилов зауытынан Форт-Шевченкодағы әскери теңіз күштеріне шақырылып, екі жыл дәрігер ретінде қызмет етсе, одан соң туған жерге келіп, өз мамандығы – невропотолог ретінде №1 қалалық емханада жұмысын жалғастырды. Екі жылдан кейін негізгі жұымысна қосымша ретінде әскери салаға бет бұрып, 2000 жылдан бастап комиссия төрағалығына сайланды.
Ал лор-дәрігер Есбол Сарбасов әскери салаға 25 жылын арнаған маман. Подполковник. Томск институтын әскери дәрігер мамандығы бойынша тәмамдап, Ресейдің қалаларында, кейін еліміздегі бірнеше әскери бөлімдерде еңбек етті. Зейнеткерлікке шыққан соң, яғни 2008 жылдан бастап Орал қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасы жанындағы медициналық комиссия құрамына енген. Жолдасы Алтынай Сарбасова да әскери дәрігер, подполковник.
Айта кету керек, Есбол Аронұлы зейнеткерлікке шыққанған дейін Алматыдағы әуе қорғаныс күштері медицинасының лаборатория бастығы болды. Сол уақытта Қазақстанның үшінші ғарышкері Айдын Айымбетовтың ғарышқа ұшу алдындағы және одан кейінгі денсаулығының жай-күйі толығымен Е.Сарбасовтың бақылауында болған.
Бұл салада дәрігерлермен қатар мейіргерлердің де еңбегі зор. Көз дәрігері Раиса Герасимова мен мейіргері Надежда Акунишникова ұзақ жылдардан бері комиссия құрамында. Бірі 25 жыл, енді бірі 20 жылдан бері шақырылушылардың көз мүкістігін анықтау, сәйкесінше кеңес беру жұмыстарын жүргізіп келеді.
– Бұған дейін емханада қызмет еттім. Қазір тек осы комиссия құрамындамын. Жұмысым өзіме ұнайды. Біздің жұмысымыз – тексеру және көзілдірік таңдап, рецепт жазып беру. Жасөспірімдер өздіктерінен дәрігерге қаралмайды. Әскерге шақыру немесе тіркеуге алу кезінде ғана аурулары анықталып жатады. Қазір балалардың көпшілігінде көзден ауытқушылық бар. Бұл – олардың смартфондарды, компьютерді көбірек қолданатындықтарынан болуы мүмкін, – дейді Надежда Владимировна.
Сондай-ақ мейіргер бірнеше жылдық тәжірибесінде №5 және №9 мектептерден келген жасөспірімдердің көздерінің нашар көруі байқалғанын айтады. Бұл мәселеге байланысты аталмыш білім ұяларына сынып бөлмелерін жарықтандыру жөнінде ұсыныстар берілген.
Басқарма бастығы, полковник Руслан Ниеталиев атап көрсеткендей, бес қабатты ғимараттың екінші қабаты толықтай медициналық комиссияға берілген. Шақырылған азаматтарды толық тексеруден өткізу үшін барлық жағдай жасалған. Арнаулы медициналық құралдармен қамтамасыз етіліп отыр. Барлық жабдықтар уақытылы жаңартылады.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Версия для печати
Пікір үстеу