ӨНЕРДЕ ҚАЛҒАН ӨШПЕС ІЗ – АҚ ЖАЙЫҚ ӨҢІРІ МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ М.ОМАРҒАЛИЕВТЫ ЕСКЕ АЛДЫ
БҚО мәдениет саласының дамуында айшықты ізі қалған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мақсот Омарғалиевтың 75 жылдығына орай «Өнерде қалған өшпес із…» атты еске алу шарасы Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясы ұсынған концерттік бағдарламамен жалғасты.
Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында өткен шарада дарынды әнші, кәсіби музыкант, білікті сценарист әрі режиссер, іскер басшы болған Мақсот Омарғалиев туралы естелік бейнеролик көрсетілді. Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, филармония өнерпаздары өнер көрсетті.
Сахнаға көтерілген «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, еңбек ардагері Жайсаң Ақбай Мақсот Константинұлының азаматтығы туралы естелік айтты.
– Өнер адамы үшін сахнаға шығу таққа отырумен тең. Оның өнерге келген алғашқы қадамы Мақсоттың құтты болды. Ол ән өнері арқылы халық алдына шықты. Кейіннен сатылап басшылық қызметке көтерілді. Халық шығармашылығы орталығын, филармонияны басқарды, облыстық мәдениет басқармасында басшы болды. Осы уақыттарда тек өнер адамы, тек мәдениет қайраткері ғана емес, азамат ретінде танылды… Ашық аспан астында 2000-дай адам қатысқан көрініс қойылды. Мен ол кезде зейнетте едім. Ол көрініс шеберлікпен дайындалған, деңгейі өте жоғары болды. «Кім дайындады?» деп сұрадым. «Барымыз осы ғой» деді қарапайымдылығымен. Біздің заманымызда мұндай үлкен көріністі Мәскеуден, Алматыдан келген шеберлер ғана ұсынатын. Сол кезде ризашылығыммен «үлкен өнерде жарқырап көріне бер!» деп бата бердім. Мақсот жайлы адам болды, кеуде соғуды білмейтін. Соңғы күніне дейін солай қызмет етті. Бүгінгі өтіп жатқан Орал өңіріндегі шаралар Мақсотты қайтадан ортамызға оралтты, – деді Жайсаң Досболатұлы.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сазгер Донеділ Қажымов бірге қызмет еткен жылдарын еске алды.
– «Жақсының аты өлмейді» дегендей, Мақсот Рахметоллаұлының еліне есепсіз жасалған еңбегінің аталуы, ескерілуі заңды. Оның өнерді, мәдениетті көтеруде өлшеусіз еңбек жасағанына баршамыз куәміз. Өкініштісі, бүгін арамызда жоқ. Қас пен көздің арасында кетіп қалғаны болмаса, алғырлығы, денсаулығы, ішкі қуатының арқасында ол жас көрінетін. Жанындағыларға жақсы көңіл күймен қарап, еңбегін бағалайтын. Қонақжай еді. Қарбалас қызметпен қатар әр күні десем де артық айтқаным емес, ағайын-жекжат, оған қоса елге келіп-кеткендер үшін есігі ашық, дастарханы әрдайым дайын еді. Көңіл жықпайтын қазақилығы және бар, – деген Донеділ Ізмағанбетұлы Мақсот Омарғалиевтың жасаған жұмыстарын шашау шығармай жинақтап, кітап ретінде шығаруды ұйымдастырған жары Шолпан Қуанышқалиқызының еңбегін ерекше атап өтті.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Өнертану PҺD докторы, профессор, Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік музыкалық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Асхат Маемиров өзінің мәдениет саласындағы еңбек жолына Мақсот Константинұлы бағыт бергенін айтты.
– Біз Мақсот Константинұлының шәкіртіміз. 1995 жылы «Жас таланттардың» облыстық байқауы өтті. Сол байқау арқылы жас таланттарды іріктеп республикадағы жоғары оқу орындарына жібереді. Соның ішінде «режиссура» бойынша мен де баратын болдым. Жолға шығардың алдында бізді мәдениет басқармасының басшысы қабылдап, Мақсот ағамызбен алғашқы таныстығымыз осылай басталған еді. Кейін елге келіп, еңбек жолына кіріскенде Мәдениет процесінің, өнер әлемінің, Мәдениет майданының қандай болатына жол сілтеген Мақсот ағам болатын. Шығармашылық жолда Мақсот ағадай тәлімгерден тәрбие-өнеге алғаныма қуанамын. Ол өмірден өткенше елден шыққан әр дарынды қадірлеп, алақанға сала білді. Ол басшылыққа келген уақыт – еліміздің тәуелсіздік алған алғашқы кезеңі еді. Тәуелсіздікпен бірге ұлтымыздың өлгені тіріліп, өшкені жанды. Ал осы орайда Мақсот Константинұлы Тәуелсіз мемлекеттің мәдениетін өзгеше өрбітуге ерекше атсалысты. Алдымызда өнер көрсеткен Дәулеткерей оркестрінің құрылуының басы-қасында, театр ашылғанда да Мақсот аға жүрді. Мәдениетке шынайы жанашыр жан болды. Мақсот ағаның азаматтық болмысы, елді құшағына сыйдыратындай кеңдігі бөлек еді. Тамшыдай болса да біздің бойымызда сол қасиет болса, Мақсот ағамыздан «жұқты» деп айта аламын, – деген Асхат Маемиров шара барысында айтылған Мақсот Омарғалиевтай өңірдің дамуына ерекше үлесі аға буынды кейінгі жастардың үлгі тұтуы керектігін айтып, осы ретте өңірдің тұлғалары туралы оқытылатын дәрісхананың ашылуы жөн екенін жеткізді.
Сондай-ақ бұл кеште Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын-журналист Мұнайдар Балмолда Мақсот Омарғалиевке арнауын оқыды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мақсот Омарғалиевтың 75 жылдығына орай көзі тірісінде отбасымен тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылып, «Ақ Жайықтың өнерін өрлеткен ер» атты естелік кітап жарыққа шықты.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу