Ғ.ЕСҚАЛИЕВ: «ҰСТАЗДАР ҰЛЫ МАМАНДЫҚТЫҢ МӘРТЕБЕСІН ТҮСІРІП АЛМАУЫ ТИІС»
БҚО әкімі Ғали Есқалиев бүгін, 20 ақпан күні онлайн өткен халықпен есептік кездесуі барысында білім саласындағы өзекті мәселелерді атап өтіп, педагогтарды жауапкершілікке үндеді.
БҚО-дағы білім беру ұйымдарында 191 мыңнан астам бала білім алуда. Өткен жылдың басында өңірде 7 үш ауысымды мектеп болатын. Қазіргі таңда Орал қаласындағы 450 орындық және Зачаган кентінде 900 орындық мектептің пайдалануға берілуі есебінен 4 мектептің мәселесі шешілді. Сонымен бірге биыл Орал қаласының №18 мектебінің құрылысы басталады. 2020 жылы апатты жағдайдағы мектептерді жою мақсатында Ақжайық ауданында 100 орындық интернатымен 300 орындық мектеп-гимназиясы пайдалануға берілді. Сонымен қатар Қазталов ауданында 600 орындық, Сарықұдық ауылында 60 орындық және Орал қаласындағы 300 орындық №33 орта мектептің құрылысы жүргізілуде.
Үш ауысымдылық және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешу үшін жеке инвесторларды тарту жұмыстары жүргізуде. Қазіргі таңда жеке инвесторлар Орал қаласындағы №31 және Зачаган кентінде №52 орта мектептерінің құрылысын жүргізуде. Сондай-ақ басқа да инвесторлар биылғы жылы мектеп салуға ниет білдіріп отыр. Өткен жылы 28 мектеп пен 2 балабақшаға күрделі жөндеу жүргізілді. Осы жұмыстардың 85 пайызы ауылдық жерлерде атқарылды.
2020 жылы жеке инвесторлар есебінен 1 университет және 3 колледж студенттеріне арналған 1 мыңға жуық орны бар жатақханалардың құрылысы басталып, біреуі пайдалануға берілді. Бұл жергілікті бюджеттің 6,5 млрд. теңге қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді.
Өскелең ұрпақтың терең білім алуына жағдай жасау үшін республикалық физика-математика мектебінің филиалы 1-2 сынып оқушыларын биылдан бастап қабылдайтын болады.
– Облыстың білім саласындағы әлеуеті зор. Өткен жылы I-Qanat олимпиадасында математика пәнінен оқушыларымыз үздік команда атанды. Кейбір білім беру ұйымдары басшыларының рөліне тоқталғым келеді. Кейбір мектеп директорлары өздеріне артылған жауапкершілікті сезінбейді. Білім ордаларында жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешу керек. Мысалы, облыс орталығындағы зерде бұзылыстары бар балаларға арналған №15 мектеп түлектерінің жұмысқа орналасуы бүгінгі күні өзекті болып отыр. Бүгінде мектеп-интернат түлектері сертификат емес, диплом алуы үшін оны колледж етіп өзгерту жұмыстары жүргізілуде. Олардың қоғамда өз орындарын тауып, маман иесі атануына мектеп басшылығы бар күшін салуы тиіс. Қоғамды алаңдатқан тағы бір мәселе – оқушылардың білім деңгейі. Қазіргі уақытта ата-аналар балаларын қосымша оқыту үшін мұғалімдерді жалдауға мәжбүр. Бұрын үлгерімі төмен балаларды ұстаздар мектептен тыс оқытып, қажетті білімді беретін еді. Мемлекет басшысы ұстаздар мәртебесін көтеру және педагогтарға барлық жағдайды жасау кеерктігін айтқан болатын. Бүгінде мүғалім жалақысы айтарлықтай өсті, мектептер барлық қажеттіліктермен жабдықталды. Ендігі кезекте ұстаздар ұстаз деген ұлы мамандықтың мәртебесін түсіріп алмауы тиіс. Білімді ұрпақты тәрбиелеу жолында ардагер-ұстаздардан үлгі алуымыз керек, – деді облыс басшысы Ғали Есқалиев.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу