8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

2023 жылдың І жартыжылдығына жазылу басталды!

«Жайық үні-Жизнь города» газетіне жазылыңыз!

Бізбен бірге болыңыз!

 

 

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
13 Маусым 2024 2495 0
«Жақсыдан – шарапат»

ЕГІННІҢ ЕБІН ТАПҚАН ЕҢБЕКҚОР АГРОНОМ

«Еңбектің наны тәтті» деген сөзді дана халқымыз нағыз еңбектің қазанында қайнап, маңдай термен тапқан нанның дәмді болатынын біліп айтса керек. Көп бейнеттің соңынанзейнетін көрген атақты агроном, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, еңбек ардагері Искакова Галия Мирзагалиевна (құжаты бойынша) сексеннің сеңгіріне таяды. Бүгінгі әңгімеміз ғибратты ғұмырын дәнді-дақыл мен жердің бабына, еккен егінін еліне арнаған ардагердің өмір өрнектері, қарымды қарекеті мен қызметі жайлы болмақ.


Мерейлі
тойының қарсаңында сұқбат алмақшы ниетімізді білдіріп, Оралдағы қызының үйіне табан тіредік. Бізді Галия Мирзагалиевна мен немересі Айжан күтіп алып, бар сауалымызға жауап берді. Галия Искакова 1944 жылы 21 маусымда бұрынғы Федоровка, қазіргі Теректі ауданынан қырық шақырым жердегі Таксай ауылында дүниеге келген. Әкесі Еслямғали Дүйсенбаев, анасының аты-жөні Қанапия Дүйсенбаева. Анасы үш ұл, үш қыз дүниеге әкелген. Әкесі соғыста болған кезде үш жастағы Галияны алып анасы Бөрлі ауданындағы Облавка ауылына көшіп кеткен. Ол жерде атасы мен әжесі тұрды. Сол ауылда жеті сыныптық білім алады. Кейіннен Орал ауыл шаруашылық техникумына агроном мамандығына оқуға түседі. Бұл мамандыққа кейіпкеріміз кездейсоқ келді десе де болады. Жетінші сыныпты бітірген кезінде газеттен ветеринар, агроном, веттехник, экономист секілді мамандар қажет екенін оқиды. Сөйтіп «агроном боламын» деген талабына ешкім қарсы келмейді. Шабаданын алып Орал шаһарына келеді. Төрт жыл агрономия саласы бойынша оқып, оның үстіне сегіз айлық оқуды қосып агрохимик атанады. Оқуда озаттығын көрсетіп, 1965 жылы үздік дипломға бітіреді. Айтуынша, оқуын әрі қарай жалғастырып, тағы да жоғары білім алуға болатын еді, бірақ та орайы келмепті.

– Осылай оқу бітіргендерге ол кезде жолдама беретін. Маған «Айдарлинский» совхозына барасың деді. Мен бармаймын дедім. Біз бір кіндіктен алты баламыз. Бәрі кішкентай, мен ең үлкені болдым. Сондықтан бұлай шет ауданға шығу қиын болды. Техникумдағылар жібермей, он күн бойы дипломымды бермей қойды. Кейіннен Бөрлі ауданына баратынымды айтты. Қуанып кеттім. Әкем де, анам да үш сыныптық білім алған. Бізді «оқыңдар!» деп тәрбиеледі. Алтауымыз да жақсы оқыдық. Бәрі де институт бітірді. Мен тек техникуммен шектелдім. Бауырларыма қарайласуым қажет болды. Анам «өз наныңды таба аласың ғой» деп үлкен үміт артты,  –  деді Галия ханым өз әңгімесінде.

Отыз жеті жыл бойы егін басында

1965 жылы 16 сәуірде Приуральное ауылындағы «Урал» колхозына ауыл шаруашылық жолдамасы бойынша маман болып барады. Көктем уақыты болған соң, жол да жоқ, жер де балшық. Кадр бөліміндегі маман совхоздан инженер келіп, алып кететінін айтады. Жолда инженер: «Девушка, вы надолго к нам?» дегенде Галия апамыз: «Надеюсь» деп жауап беріпті. Сол ауылда туыс апасының үйіне тұрақтайды. Келесі күні басқармаға барып, жұмысқа келгенін жеткізеді. Бас агрономмен кездеседі, жұмыс істейтін жерімен танысады. Сөйтіп 22 жастағы Галия маман ретіндегі қызмет жолын осылайша бастайды. Сол колхозда агроном-тұқым өсіруші болып 37 жыл табан аудармастан қызмет еткен. – Маған тұқым шаруашылығымен айналысасың деп айтты. Әрине, кітаптан оқығаның бір бөлек, көзбен көріп, қолмен істегенің бір бөлек. Қорқыныш болса да, қымсынбай білмегенімді сұрай беретінмін. Ауылда жергілікті отыз шақты қазақ болмаса, қалғанының бәрі орыс болды. Бригадам болды. Тракторларды, комбайндардың жұмысын бақылап жүру де менің міндетім саналды. Тұқым егу, тазалау менің мойнымда. Үш-төрт қазақ тракторшы болды. Қалғаны орыс, беларусьтар. Кіл ер адамдар. Мен барғанда әйел адам болмады. Ер адамдармен жұмыс істеу де жеңіл. Қызметімді адал атқардым. Мен жұмыс істеген бес басқарма да жұмысыма ешқашан шағымданбапты. Бірнәрсеге мұқтаж болғандабетімді қайтарғанын көрмеппін. Екі басқарма әлі күнге дейін іздеп, қоңырау шалып, жағдайымды сұрайды. Біреуі тіпті Ресейде тұрады. Талай жыл бірге жұмыстас болғандардың дені өмірден озды. Жан-тәнімізбен беріліп істеген жұмысымызға ешкім мін тақпайтын. Жаман істесем 37 жеті жыл бойына жүрмес едім. Сол колхозда шамамен елу жылдай тұрдым, – деп кейіпкеріміз еске алды.

Білек сыбана қызмет етіп, еңбектен басқа еш нәрсені елемеген агрономға 1974 жылы 5 қаңтарда КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының бұйрығымен «Еңбек Қызыл Ту» ордені беріледі. Зейнетке шыққан соң 1991 жылы 27 ақпанда «Еңбек ардагері» медалын кеудесіне тағады. Мұның бәрін жыл он екі ай бойы бір тыным таппай, ерлермен иық тіресе еңбек еткен Галия Искакованың ешкімнің қолынан оңайлықпен келмейтін ерлігі деп бағалауымыз қажет.

Бүкіл облыс халқы алма алып тұрған…

Еңбек ардагері өз жұмысын қиын болса да, жақсы көргенін жеткізді. Үлкенді-кішілі әріптестері де құрметтеп, сыйлаған екен. Улап-шулап, бір-біріне дөрекілік танытып жатқанда кенет Галия апай қастарынан өтсе, үндемей қалатын көрнеді. Колхозда екі гектар алма ағашы, 30 гектар плантация болған. Галия Мирзагалиевнаның сөзінше, бригадасына 4500 гектар жер берілген. Онда бидай, арпа еккен. 100 гектар жерге картоп өсірген. Плантацияда қызанақ, қияр, орамжапырақ, асқабақ – бәрі-бәрі өсірілген. 50 гектар жерде бау-бақша болған. Бүкіл облыс халқы келіп алма алып тұрған. 1968 жылы 42 центнер өнім жиналыпты. 1974 жылы да мол өнім беріпті. Астықты салатын барлық элеватор ақ бидайға толыпты. «Егіні біткеннің қырманына Қыдыр қонады» деген осы екен. Тұқымның, дәннің сапасы да жақсы болған. Екі жарақтандырылған қырман жұмыс істеген. Кейіпкеріміз сол қырманға барып, дәндерді сұрыптаған, бақылаған. Кейіннен тазаланған дәндерді қоймаға жинап, сорттары бойынша бөліп, агрохимик қызметін де қоса атқарған. Яғни, егісті зиянкестерден тазартып, улаған. Жазда үш мәрте шегірткелерді улайтын ұшақтар келеді екен. Он-он бес күн солардың қасында жүреді. Удың бәріне ие болып, қай жерге қандай у керегін анықтайды.  Шопырлардың: «Қайтыңыз енді. Қазір алқаптың ішінде құлап қаласыз!» дегеніне қарамай, егістіктің мына шетінен анау шетіне дейін жүріп отырып, дәндердің жай-күйін бақылаған. Қыста да жұмыс табылады. Касемсотқа мініп алып, қар тоқтатқан. Қазір Приуральное ауылына жиі барып тұрады екен. Жерді бәрі бөліп алғанын, сол заманның бәрі өзгергенін, қазір онда агрономның бар-жоғынан хабарсыз екенін қыңжыла айтты. Тіпті картоп та шашпайтынына көңілі түсетінін жеткізді.

 


«Жұлып алып жей беретінбіз»

«Урал» колхозында қызмет етіп жүріп отау құрады. Үш баланы дүниеге әкелген Галия апайдың құдай қосқан қосағы, яғни отағасы Әкімгерей Ысқақов – көлік жүргізушісі болып жұмыс жасапты. Аяулы азаматы қырық жасында өмірден озыпты. Әйел үшін, ана үшін бұл ауыр кезең болғаны сөзсіз. Екі қыз, бір ұлымен алдында тұрған жауапты қызметін қатар алып жүреді. Ұзақ жылдық жұмыстан соң диспетчерлік қызметке ауысады. Айгүл, Айғаным, Нұрлан есімді балаларын оқытып, өсіріп, өндіреді. Қазір барлығы да Ақсай қаласында қызметте.  Бүгінде алты немеренің, екі шөберенің әжесі атанған. Жиырма жылдан астам бір шаңырақта тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан, Галия апай«сүйікті келінім» деп атаған Әлия есімді келіні бар.

– Үйдің үлкені болған соң іні, сіңлілеріме көп көмектестім. Аузымдағыны жырып соларға бердім. Оқу оқимын дегеніне ақшадан тарлық көрсетпедім. Ең кішкентай сіңлім екеуміздің арамыз жиырма жас. Анам оны 46 жасында босанған еді. Бір күні үйге келсем, жылап отыр. Аяғы ауыр екенін айтты. «Неге жылайсың?» деп ренжідім. Қазір ол сіңлім де зейнетте. Кітап оқығанды анам жақсы көрді. Одан көріп мен де кітапқа құмар болдым. Қазір көзім де ауырады. Кезінде кітапты өте көп оқығаннанайналамда не болып жатқанына мән бермеуші едім.  Бір күні кітапқа үңіліп кетіппін. Баланың жылаған даусы құлағыма келді. Анам: «Ана баланы ал» деп бір айтты, екі айтты. Оны мен естімеймін. Жүгіріп келді де менің кітабымды жанып жатқан пешке лақтырып жіберді. Сол мезетте еңіреп қоя бердім. Ол кітапхананың кітабы еді. Ашу қысып кетсе керек.  Жалпы, шешеміз   жырларды керім оқитын. Ал мен кішкентайымда әжеме ертегі-хиссаларды оқитынмын.  Әжем мәз-мейрам болып тыңдайтын. Кейде оқи – оқи жалығып,  бір-екі бетін аттап кетемін. Бәрін байқағыш әжем: «Әй, олай емес қой!» дейтін. Өзі де жырларды жатқа соғатын. Анам «Қазақстан әйелдері» журналын жаздырып алатын. Газеттерден оқығанын шай ішіп отырғанда бізге айтып беретін. Анам 88 жасында, әкем 74 жасында дүниеден озды. Шелпек таратып, Құран бағыштап жиі еске аламыз. Балаларымды кішкентайында тәрбиелеу қиын болды. Себебі, жалғыз өзіммін. Оның үстіне жұмысым бар. Соған қарамастан, ұл-қызымды аяқтан тұрғызуға тырыстым. Балаларымның бәрі жақсы білім алды. Үлкен қызым Ақсайда «Сервис»-те қызмет жасайды. Екінші қызымның жеке кәсібі бар. Ұлым ГПО-да жұмыс істейді. Келінім есепші. Барлығына лайықты тәрбие бердім деп ойлаймын. Кейде көңілім босағанда «егер, әкелері тірі болса, бұдан да күшті өмір сүрер ме еді» еді деген ой мазалайды. Керемет кісі еді. Ғұмыры келте болды. Балажан болды, кешкісін жұмыстан шаршап келсе де балаларын сүймей жатпайтын еді, – деп Галия әжей отбасы туралы ойындағысын ортаға салды.

Немересі Айжан да әжесінің әулеттегі орны беделді, өмірі үлгілі екенін айтып: – Әжемнің көз алдында өстім. Үнемі жанымнан табылды. Ол кісі тектен-тек отырғанды ұнатпайды. Өте белсенді адам. Осы Орал мен Ақсайдың арасында жиі қатынап жүреді. Бүгін таңда Оралда болса, кешке Ақсайда отыруы мүмкін. Үйдегі тәртіпті қадағалап, бәрімізге бағыт беруден жалықпайды. Еңбек етудің рахаты мен қиындығын жиі әңгімелейді. Қазір сөзжұмбақты көп шешеді. Аулаға жеміс-жидек, көкөніс егеді. Үйдегі ит пен мысыққа да жанашыр. Тамақтарын уақытылы дайындап, беріп тұрады. Приуральное ауылындағы үйіне гүл мен көкөністің түр-түрін өсіретін. Ештеңе сатып алмайтынбыз, – дейді.

«Бір түйір нан – тамшы тер»

Жанұядағы бала-шағаға ақша қажет болған соң, жетінші сыныпты бітірген Галияны әке-шешесі қыр жақта мал бағатын үйге сақманға жібереді. Сағат таңғы бесте құрбысы екеуі жаңа туған қозыларға қарайды. Бір күні қойшының бір қозысы өліп қалып, зәресі ұшып тұрғанда шопан ағай мән-жайды сұрап-біледі. Кейіннен ол қозының басқа бір баланың қозысы екені, оны әдейілеп қосып жібергені белгілі болады. Осылай ерте жастан еңбекке араласқан Галия Искакова қазір де тың. Оралдағы үйінің ауласы жасыл желекке оранып, жайқалып тұр. Аулада алма, өрік ағаштары бар. Таңқурай, қара өрік те өседі. Қияр, қызанақ еккен. Бүгінгі таңда нанның қадірін білмейтіндердің көбейіп кеткенін айтып, қапаланған анамыз:  – Қоқыс тастауға барғанда көресің. Жерде қатып-семіп нан мен тоқаш жатады. Кейбіреулер нанды пакетке салып, іліп қояды. Мен ешқашан нанның қоқымын жерге тастаған емеспін. Қалып қойып жатса итке береміз. Обал ғой. Наннан үлкен ас жоқ. Балалардың кейде бір-біріне кесек қылып лақтырып жатқанын да көресің. Олар нанның қалай шығатынын, қалай өсіп-өнетінін, қанша еңбек керегін білмейді. Айтсаң құлақ түрмейді. Қыз-келіншектер нанды дұрыс пісіруді де білмейді. Дүкеннен алып қарасаң, іші дымқыл болады. Бұрын үйден пісіретін едім. Бүгінде ашытқы сапасыз. Бір күні базарда кебекке былғаған құлмақ (хмель) ашытқысын сатып тұр екен. Иіскеп қарап едім, шамалы. Құлмақты үйде өсірген екен. Негізі, тоғайдікі жақсы болады. Мен ашытқыны өзім дайындаймын. Құлмақты қайнатамын. Суығасын оған  ұн қосамын. Кебекке былғаймын. Сол кезде кәдімгі қамыр сияқты болады. Үйге кіргенде иісі аңқып тұрады. Бір уыс алып, оған қант қосасың, былғап ұн саласың. Ашытқың көмпиіп шығады. Литрлік банкаларға салып қоямын. Ол екі-үш пісіруге жетеді. Қазір адамдар жалқауланып барады. Жастар еңбек етсе екен деймін, – деп  нанды қалай пісіру керегін түсіндірді.


Ішер асын осылай қолдан өзі жасап, өсімдік атаулының бабын білген, ас пен дәнді қадірлеген Галия Мирзагалиевна
сұқбат соңында ойын жинақтап:

– Жолдасымнан айырылғаным болмаса, өмірім жақсы өтті. Журналистерге айтар еш уәжім жоқ. Балаларым көз алдымда өсті. Екі шөберемді сағынып қоямын. Тәп-тәтті иістерін иіскеп, сүюге асығамын, – деп өмірінің жақсы өткенін есіне алды.

Біздің ойымызша, бұл – қиындыққа қасқая қарсы тұрған, сынаққа сынбаған нағыз еңбек адамының қайсарлығы! Айтылмаған, ұмыт қалған әлі қанша ірілі-ұсақты бейнеті бар. Бірақ еңбек ардагері мақтаннан ада қарапайым жан екенін көрсетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады. Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал кәсібін толық меңгерген адам қашанда сұранысқа ие болады. Нағыз еңбек адамы дегеніміз кім? Бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы бұл – істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат» деген болатын. Бұл сипаттамалардың бәрі бүгінгі кейіпкеріміздің бойынан табылады. Қысылтаяң шақта қасқая еңбек еткен, облысқа мол өнім даярлап, егін еккен, еңбектің озық үлгісін көрсете білген Галия Мирзагалиевнаны мерейлі жасымен құттықтап, деніне амандық, жанына саулық, ашық аспан, ұзақ ғұмыр тілейміз!

Дәметкен САҒЫНБАЕВА,

«Жайық үні»  

Версия для печати
Соңғы жаңалықтар
Қалалықтар қаперіне
Ауызша ескерту жасады
19 Шілде 2024
118 0
Қалалықтар қаперіне
Қазақстанда газ бағасы кезең-кезеңімен көтеріледі
16 Шілде 2024
263 0
Қалалықтар қаперіне
Өңірдегі энергетика саласы үздіксіз қамтылуы тиіс
11 Шілде 2024
605 0
Қалалықтар қаперіне
Рұқсат етілмеген жерде шомылған
11 Шілде 2024
597 0
Қалалықтар қаперіне
Ойын бизнесі мәселелері туралы заңға қол қойылды
08 Шілде 2024
811 0
Құттықтаймыз!
Оралдың төрінде домбыра музейі ашылды
08 Шілде 2024
864 0
Оқиға
Сейф ұрламақшы болған
05 Шілде 2024
1062 0
Қалалықтар қаперіне
700-ден астам шетелдік журналист хабар таратты
04 Шілде 2024
1108 0
Қалалықтар қаперіне
Салынып жатқан үйлердің құрылысымен танысты
03 Шілде 2024
1241 0
Бәрекелді!
Құралай тағы бір белесті бағындырды
02 Шілде 2024
1294 0
Қалалықтар қаперіне
Еңбек шартына смартфоннан қол қоя алады
02 Шілде 2024
1316 0
Құттықтаймыз!
ҰБТ-дан 140 балл жинады
28 Маусым 2024
1666 0
Оқиға
Полиция қызметкері қайтыс болды
27 Маусым 2024
1747 0
«Жақсыдан – шарапат»
Ғасыр жасаған «ғаламат» АНА
25 Маусым 2024
1902 0
Қалалықтар қаперіне
Төрт мың абонент жарықсыз қалды
25 Маусым 2024
1877 0
Қалалықтар қаперіне
Екі шенеунік жауапкершілікке тартылды
22 Маусым 2024
2142 0
Оқиға
Өртенген үйден мүрде табылды
22 Маусым 2024
2169 0
Қалалықтар қаперіне
Жол бойынан 1,5 тонна қоқыс жиналды
20 Маусым 2024
2248 0
Бәрекелді!
Мемлекеттік награда алды
19 Маусым 2024
2299 0
«Мемлекеттік бағдарламалар»

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»
мемлекеттік бағдарламасы

«Ғаламтор ресурстары»