БИЫЛ БҚО-ДА 24 АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАТИВІ ҚҰРЫЛАДЫ
Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 210 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген. Десек те олардың 130-ы ғана жүйелі жұмыс жасайды. Қалған 80 кооперативтің жұмысы тұралап тұр. Осы ұжымдардың ісін жандандыру, жаңа кооперативтердің ашылуы – сала мамандарының биылғы жоспары. Өйткені шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруаларды біріктіру арқылы кооператив құру еңбек өнімділігін арттырудың кепілі. Бұл мәселе бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды.
Облыста жалпы 4082 мүшесі бар 210 ауылшаруашылық кооперативі тіркелген. Бұл кооперативтерде 75875 ауыл шаруашылығы жануарлары бар. Кооперативтер арқылы өткен жылы 6302 тонна сүт, 843,6 тонна ет және 21 тонна жүн өндірілген. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің сөзінше, тіркелген кооперативтердің 130-ы жұмыстарын жүйелі жасауда, 80 кооператив жұмыстарын жүргізбей отыр. Биылғы жылы жаңа 24 кооператив құрылады. Сондай-ақ тұралап тұрған кооперативтердің жұмыстары жандандырылады. Осы ретте оларға мемлекеттік қолдау бағдарламаларының тетіктері түсіндірілуде. Биыл 103 ауыл шаруашылығы кооперативі ірі қара малдың аналығы бойынша 24 972 басты, ұсақ малдың 36831 аналығын селекциялық асылдандыру жұмыстарына қатыстыруды жоспарлап отыр.
– Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда жоғары. Ірі қара малдың аналығын қатыстыру 9,6 пайызға, ұсақ мал бойынша 52,7 пайызға өсіп отыр. Мұндай ілгерілеу кооперативтер арқылы өндірілетін өнімнің сапасын көтеруге, өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін арттыруға септігін тигізеді. Тұқымдық төл өндіруге қатысатын кооперативтердің бәрінің бірдей айналым қаражаттары жоқ. Бордақылау алаңдарынан бұқаларды жалға алып, нәтижесінде алынған төлді келер жылы бордақылау алаңына тапсыруға мүмкіндік алады. Сонымен қатар қайта өңдеуші кәсіпорындарға марқа және бұқашықтарды тапсырған кезде алынған төлді мемлекеттік қолдау бағдарламалары бар, – деді Жасұлан Халиуллин.
Аудандарда тіркелген ауыл шаруашылық кооперативтерінің географиялық орналасуы, өткен жылы өндірілген өнім көлемін саралай келе, өнім өндірісінің көлемі де ұлғаяды деген сенім бар. Жоспар бойынша 923 тонна ет, 8646 тонна сүт өндіру көзделіп отыр.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу