БІЛІМ ОШАҚТАРЫНЫҢ ЕСЕБІ БІР ОРТАЛЫҚТАН ЖҮРГІЗІЛЕДІ
Қалалық мектептердің бухгалтерлік есебі енді бір орталықтан басқарылып, жүргізіледі. Ол үшін «Білім сервис» деп аталатын жаңа коммуналдық мемлекеттік мекеме құрылып отыр. Жаңа жүйе туралы қалалық мектеп директорлары мен бухгалтерлері қатысқан жиында толығырақ айтылды.
Орал қаласында 50 білім ошағы бар. Әр мектептің бухгалтерлік есебі бөлек. Жаңа мекеменің құрылуымен қызметкерлердің жалақыларын төлеу, коммуналдық қызметтердің ақысын төлеу, жөндеу жұмыстары мен мектептегі басқа да шаралар есебін жүргізу бір орталықтан іске асады. Бұл жүйе Мемлекет басшысының білім беру саласындағы білім беру процесін оңтайландыру, материалдық, қаржылық жұмыстарды оңтайландырып, біріктіру тапсырмасын орындау мақсатында енгізіліп отыр. Яғни, педагогтар білім берумен ғана айналысуы тиіс, ал оларды материалдық тұрғыда қамтамасыз ету бөлек болмақ.
Осы орайда Орал қаласы әкімінің қаулысына сай Орал қаласы бойынша білім беру бөлімінің «Білім сервис» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Болжамды түрде штаттық кесте де белгіленген. Жиынға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Аманжол Алпысбаев, қала әкімі Абат Шыныбеков пен жаңа «Білім сервис» мекемесінің басшысы болып тағайындалған Мұрат Байменов өзгерістер туралы түсіндірді.
– Реформа бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында қабылданып отыр. Қазір әр мектептің өз бюджеті бар. Әр мектеп аз ғана бюджетті игеріп отыр. Жаңа мекеменің штатына ақшаға қатысы бар мамандар, мемлекеттік сатып алу мамандары және техникалық қызметкерлер қабылданатын болады. Бұған дейін айтылғандай, директорларды өздеріне тән емес жұмыстардан 100 пайыз босатамыз. Олар тек балаларға тәрбие, білім берумен ғана айналысатын болады, – деді облыс әкімінің орынбасары Аманжол Әлиханұлы.
Аманжол Алпысбаевтың түсіндіруінше, алдын ала жүргізілген есепке сай алғашқы кезеңде 200 млн. теңгедей үнем жасалады екен. Мектеп бұрынғыдай толыққанды жұмыстарын жалғастыра береді. Тек бухгалтерияның орталықтандырылуы, сатып алу мәселесі директордың басқаруында емес, арнаулы мекеменің құзырында болады. Бұл директорлар мен орынбасарлардың жұмыс жүктемесін азайтуға мүмкіндік бермек.
– Жүрзілген зерделеу жұмыстары нәтижесінде әр директордың қандай да бір мәселе бойынша бір көзден сатып алу тәсілімен орындаушы ұйыммен келісім жасайтынын, ал оның қандай сапада орындалуы бақыланбайтынын байқадық. Мектеп директорлары электрлендіру, ағымдағы жөндеу жүргізу бойынша маман емес. Оған қоса осы мәселелер бойынша органдар тарапынан сұрақтар болады. Сол себепті мектеп басшылары уақыттарының негізгі бөлігін осындай шаруашылық жұмыстарға бөлуге мәжбүр. 2017-18 жылдары республика бойынша білім саласында 9 500 тексеру жүргізілген. Оның 80 пайызында бұзушылықтар анықталмаған тексеру болған. Ал мектеп директорларының тексерушілерге тиісті құжаттарды көрсетіп, түсіндіруі үшін қанша уақыттары кетті? Мектеп директорларының осындай шаруашылық бағыттағы жұмыстарды реттеуге уақыттарын жоғалтпауы үшін арнаулы мекеме құрылып отыр. Қаржылық есепті, шаруашылықты ұйымдастыруды орталықтандыру арқылы ашық жүргізу бюджет қаржысын үнемдеуге және «Білім сервис» мекемесі тарапынан жұмыстың орындалу барысын қадағалауға мүмкіндік береді, – дейді Мұрат Байменов.
Барлық сатып алу орталықтандырылады. Демек, ендігі кезекте мектеп үшін кеңсе тауарларын алу, жарықтандыру, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесімен жаңа мекеменің арнайы бөлімі айналысатын болады.
Қазіргі уақытта мектеп директорлары өз қызметкерлеріне «Білім сервис» мекемесінің ашылуына байланысты қысқарту болатыны туралы ескертпе парақтарын таратуда.
Орал қаласы әкімі Абат Шыныбеков мәлім еткендей, жалпы 2144 қызметкер есепке алынып отыр. Оңтайландырудан кейін 200-ден аса адамға азаяды. Олардың ішінде күзетшілер, тазалаушылар, аула тазалаушылар, жүргізушілер қайтадан жаңа мекемеге қабылданып, бұрынғы орындарында жұмыс жасай береді. Электр, санитарлық жабдықтар жөніндегі мамандар бірнеше мектепке ортақ мобильді топ ретінде жұмыс жасайды. Мектептерде бухгалтер, экономист болып қызмет жасағандар да «Білім сервис» штатына алынады. Бірақ, белгілі шекте қысқарту болатыны анық. Қазір мектептерде жалпы 200-дей бухгалтер жұмыс жасауда. Мұрат Байменовтың айтуынша, жаңа ұйымның штатына тек 50-55-тей бухгалтер, 10 шақты экономист қажет болуы мүмкін. Қалалық білім беру бөлімінде есеп мәселесімен айналысатын мамандар да «Білім сервиске» ауысатын болады. Яғни, білім беру бөлімі өздерінің функционалдық міндеттерімен ғана айналыспақ. Қазіргі уақытта мектеп директорларының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүрген қызметкерлер «Білім сервис» штатына сервистік қызмет жөніндегі менеджер ретінде қабылданады. Бірақ, олар сол мектепте қалып, «Білім сервиспен» байланыста жұмыс жасайды.
– Қысқартылған мамандар мен қызметкерлерге ҚР-ның Еңбек Кодексіне сәйкес өтемақы төленеді. Сондай-ақ жұмыссыз қалған өзге мамандардың әрқайсысы үшін жеке карта жасалып, жұмысқа орналасуына немесе қайта оқытуға қала әкімдігі тарапынан барынша көмек көрсетіледі, – деді қала басшысы Абат Абайұлы.
Басшылар жаңа мекемеге жұмысқа қабылдау ашық түрде жүргізілетініне сендірді. Әрине, бірінші кезекте ұзақ жылдар білім саласында қызмет етіп, зейнет жасына таяғандар, жалғызбасты аналарға басымдық беріледі.
Осы жиында басқа да салалар бойынша осындай өзгерістер күтілетіні мәлім болды.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Версия для печати
Пікір үстеу