8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

2023 жылдың І жартыжылдығына жазылу басталды!

«Жайық үні-Жизнь города» газетіне жазылыңыз!

Бізбен бірге болыңыз!

 

 

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
25 Мамыр 2017 2936 0
Қоғам

Бағдат Сәмединова: «Біз, жанды дауысқа дағдыланып қалғанбыз»

«Қазақконцерт» ұжымының Ақ Жайыққа келген өнер сапарында әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединова газетімізге арнайы сұқбат берді. 1977 жылдан өнер сахнасында әуезді әнімен халықтың жүрегіне жол салған әнші өзі және отбасы туралы әңгімелеп, Елбасының бағдарламалық мақаласына орай пікірін білдірді.   

 – Бағдат апай, бұл жаққа 1980 жылдан бері  келмеген екенсіз. Әңгімемізді осы сапарыңыздан бастасақ. 
 – Оның рас, 30-40 жыл болған шығар. Өнерге алғаш келгенімде гастрольдік сапармен Орал қаласында болдым. Содан бері  жолым биыл ғана  түсіп тұр. Оның өзінде  «Қазақконцерттің» арқасында Жайық жұртымен жүздесіп отырмын.
 – Сізді халық «Отырардағы той», «Сарыарқа», «Алатау» әндеріңіз арқылы жақсы біледі. Үлкен сахнаға шыққан жылдарыңызды есіңізге түсіріңізші?
– Кішкентай кезімде сәл биік жер болса, соны сахна жасап,  не шөптің үстіне, не қырға шығып айқайлағанды жақсы көретінмін. Радиодан Жамал апамыздың, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегеновалардың дауысын естісем, жүгіріп барып құлағымды тосатынмын. Сонда құлағыма құйыла берген шығар… Сол кезде «Осы менің қара қызым әнші болады-ау» деп апамның айтқаны бар. Шешем халық әндерін  сызылтып айтатын. Ауылдағы жиын-тойларға мені ертіп баратын. Өзі ән айтып, ортада гүл болып жүретін. Содан мектеп табалдырығын аттаған сәттен көркемөнерпаздар үйірмесіне қатыстым. Анық есімде қалғаны 3 класта оқып жүргенімде аудандық байқауға барып, жүлделі орын алдым.  «Таланты үшін» деп жазылған мадақтама берді. Ол кезде «талант» деген сөздің өзі біз үшін ұлы сөздей еді! Мектеп өміріндегі шаралар менсіз өтпейтін. Бірақ, бір биікті бағындырамын, атақты боламын деген ой болмапты, ән айтқаныма  риза болып жүре бердім.  Алғаш рет үлкен сахнаға мектеп жасында шықтым.  Жарыстарға қатыса жүріп, Алматыдағы спорт сарайында эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Ескендір Хасанғалиевтің, Нұрғиса Тілендиевтің әндерін орындадым.  Одан кейін эстрадалық студияға оқуға  түсіп, профессор, халық әртісі Надия Шәріпованың класын бітірдім. Сол студияның директоры Гүлжихан Қалиева ылғи мені жетелеп жүретін. Студияда оқып жүргеннен радио, телевидениеге жиі шықтым.  Оқуымды аяқтаған соң мені «Қазақконцертке» қалдырды. Содан міне, осы ұжымда еңбек етіп жүргеніме 40 жыл болып қалыпты.
 – Әнді жанды дауыста, тамылжыта саласыз. Жалпы, фонограммамен ән айту қашан басталды?
– Соңғы он шақты жылдың шамасында-ау деймін. Телеарнадағы бағдарламаға түссек, концерттерге қатыссақ, «таза запись болуы керек» деп талап қояды.  Оған да көндіге алмай, әрең дегенде үйрендік. Біз, тірі дауысқа дағдыланып қалғанбыз. Сахнаға алғаш шыққанда фонограмма деген түсінік болмаған еді. Қазір де ара-арасында оркестрмен, фортепенианомен романстар дайындап, таза дауыста орындап жүрмін. Маған ыңғайлысы әнді жанды дауыста еркін орындау.
 – Әншілікпен қатар қазір шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық етіп жүр екенсіз.
– Иә, екі жылдай болып қалды Астанадағы Айман Мұсаходжаеваның өнер университетінде сабақ беремін. Арнайы шақырған соң елордамызға қоныс аудардым. Қызметтік пәтер берді. Алматыда өз үйім бар. Алматының мамыражай ауа-райына үйренісіп қалған соң  Астананың суығына үйрену қиын болып  тұр. Жылы жаққа  кетсем деген ойым  бар. Бірақ шешімім әлі нақты емес. Оралдың талантты қыздары болса, өнер университетіне жіберіңіздер! Биыл қабылдау комиссиясының құрамында болып қалуым әбден мүмкін.
 – Жақсы. Талапкерлерге айта жүреміз. Ал енді өзіңіздің қыздарыңыз туралы айтып берсеңіз. 
– Қыздарым да қазір Астанада тұрады. Екеуінің де әншілік қабілеті бар. Кіші қызым Марал Байғара «24kz» арнасында диктор. Негізі тарих факультетін бітірген. Маған сұхбат алуға келген журналистер қызымның ашық дауысын ұнатып, «Таң» телеарнасына шақырды. Алғашында «Білгенге маржан» деген авторлық бағдарламасы болды. Одан кейін «Хабар», «31 каналда» жұмыс жасады. Үлкен қызым Меруерт те журналист. Шетелдерге хабар тарататын «Қазақ ТВ» арнасының продюсері.
 – Сұхбаттарыңызда «Әжемнің тәрбиесінде болдым» деп көп айтасыз.  Өзіңіздің отбасыңыз туралы білсек.
– Иә, әжемнің тәрбиесінде болдым. Ата-анам өмірден ерте кетті.  Біз, отбасында төрт баламыз.  Әжем әкемнің інісінің қолында болды. Бізді өсіріп, жеткізген әкемнің інісі. Олар негізінен Бішкекте тұрды, лауазымды қызмет жасады.  Ол кезде қырғыз, қазақ  деп бөлінбейтін. Ағамыз Бішкектегі бір ауданның кәсіпкерлік саласын басқарды.  Әкеміз дүниеден озып,  кейін шешеміз де өмірден өткен соң  әжем «балаларды әрі-бері жүгіртпейік»  деп қыңқылдап, ағамызға қызметін тастатқызып, елге келіп, ауылдан үлкен үй салып, бәріміздің басымызды қосты. Сол үлкен шаңырақта әжемнің нағыз қазақы  тәрбиесін көріп өстім. Ол кісі бес уақыт намазын қаза қылмайтын. Артық әңгімені, арзан күлкіні жек көретін. Орынды сөйлеп, нақты  айтатын. «Айналада ел-жұрт бар, ұят болады» деп үнемі тыйым салатын. Бойымдағы бар қасиетім әжемнің тәрбиесі арқылы келген.
 – Іс тігіп, тоқыма тоқитын қабілетіңіз бар екен. Қазір қолөнермен айналысасыз ба?
– Мәссаған, оның бәрін қайдан біліп қойдыңдар?! Қазір іс тоқуға қолым тимей жүр. «Подольск» деген тоқпен жүретін іс мәшинем болған. Жас уақытымда әншілердің көйлектерін теледидардан көріп, дәл сондай етіп сіңлілеріме тігіп беретінмін. Кейін қыздарымның  да киімдерін өзім тіктім.  Ал, гастролдік сапарларда ұзақ жүргендіктен, жол жөнекей кітап оқитынбыз, киім тоқитынбыз. Сол кезде көбіне  ермегім іс тоқу болды. Өзім кейін филология факультетін бітіріп алдым. Кітаптарды көп оқыдым. Үйде жеке кітапханам  бар.
– Соңғы оқыған кітабыңыз қандай?
–  Өтірік айтпай-ақ кояйын, соңғы 7-8 жылда әдеби кітап оқуды қойдым. Бірақ, қолым тигенде Шаляпиннің, Халық әртісі Вишневскаяның өнер әлемі туралы кітабын оқып жүремін.
– Сахналық киімдеріңізді кім дайындайды?
–  Айгерім есімді дизайнер. Қазір ол интерьер дизайнері болып кетті. Әлі де байланыстамын.  Аида Кауменовадан да, «Сымбат» академиясынан да киіндім.  Біреу мына жерде жақсы екен десе, жүгіріп сол жерге баратын әдетіміз ғой. Бірақ, Айгерімге  үйренгенім  соншалық,  20 жылдан бері  әрбір киген киімімді  кеңесіп отырамын. Қазір  аздап толысып кеттім. Бұрынғы костюмдерім сыймайды. Осы гастрольдік сапар біткен бойда  жаңа киімдер тіктіремін.  «ЭКСПО» көрмесіне бірнеше концерт өтеді деп жоспарлануда. Соған орай  жаңа үлгіде көйлектер кигім келеді.
 –   Жетекшілік етіп, сіңлілеріңізге жол көрсетіп келесіз. Кейінгі толқыннан кімдердің өнерін бағалайсыз?
– Қазір әншілер көп. Шетелдіктерге еліктейтіндер де бар. Өзіндік үнімен шығып жатқандар аз. Жастардың арасынан Мөлдір Әуелбекованың әуені бөлек. Әнді айтқанда сөзі нық, дауысы ашық, нотаға да анық, айқын қояды. Өзім әнді жоғары талаппен  орындаған соң, өнердің жауапкершілігін сезіне білгендер ұнайды. Димашымыздың орындау мәнері қандай керемет?! Оны кішкентайында көргенімде «әлі піспеген, жетілмеген» деуші едім. Кейін біздің университетке оқуға түсті. Қазір қазақ халқын шетелге мойындатып, әлемді қазақ өнеріне тәнті етуде.  Мұның барлығы жастардың өнерлі екенін  көрсетеді. Маржан Арапбаеваның, Алтынай Жорабаеваның, ГауҺар Қаспақованың әндерін ұйып тыңдаймын. Алғашқы шәкірттерімнің бірі Индира Расылханның дауысы мүлде айрықша. Оның халық әндеріне сай келетін әдемі үні бар. Шәкірттерімнің  ішінен алғаш осы Индирамен бірге қосылып ән айтып, клип түсіргенбіз. Өкінішке орай, қазір мұндай шәкірттер аз. Бәрі бір дауыспен ыңырсиды. Құр ән айту өнер емес.  Образға сай болу керек. Мәселен, Пугачеваның әр әні бір спектакль ғой. Қазақ әншілері де дәл сондай деңгейде болса екен деймін.
–  Әндеріңіздің ырғағы секілді  көңіл-күйіңіз де көтеріңкі, ақ жарқын болып жүресіз. Осы ақкөңіл мінезіңізден  зиян көрген жоқсыз ба? 
– Дұрыс айтасың, мінезімнен талай таяқ жедім. Бірақ Алланың берген мінезі ғой. Әжем «ешкімге пайдаң тимесе де, зияның тимесін» деп айтып отыратын.
 – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын оқыған шығарсыз.  Бағдарламалық  мақалада «100 жаңа есімді» дайындау көзделген. Егер сізді «100 есімнің» қатарына енгізсе, қалай қарайсыз?  
–  Елбасының мақаласымен таныстық, әрине. Бірақ, мен өзімді кереметпін деп айта алмаймын. Өнер адамы ретінде Бибігүл Төлегенованың есімін енгізгенін жөн санаймын.  Анамыздың әрбір қадамы, айтқан сөзі бәрі-бәрі жастарға үлгі. Алтынбек ағамыздың өнер жолы өнегелі. Талай жылдар өнер ұжымын басқарып келеді. Осындай тұлғалардың тізімде болғаны  дұрыс. Ал мен орындап жүрген патриоттық әндерім арқылы жастарды елін, жерін сүюге насихаттай білсем, әрине  бақыттымын!
 – Газетіміздің оқырмандары атынан шынайы сұқбатыңызға алғыс айтамыз, Бағдат апай. 

Сұқбаттасқан 
Эльмира НҰҒМАНОВА

Версия для печати

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Соңғы жаңалықтар
Еске алу
Батырлар рухына тағзым етті
05 Мамыр 2024
443 0
Қалалықтар қаперіне
Бірді-бірге соғыстырып, күнәға батпайтын!
03 Мамыр 2024
582 0
Қалалықтар қаперіне
«Қазавтожолдың» техникалары өз облысына қайтты
03 Мамыр 2024
618 0
Қалалықтар қаперіне
Жалған ақпарат таратқандар жазаланды
30 Сәуір 2024
892 0
Қоғам
Қаржылық сауаттылық қажет пе?
30 Сәуір 2024
906 0
Оқиға
Тұрғын үй өртенді
29 Сәуір 2024
1029 0
Қалалықтар қаперіне
Өз үйлерін тексере алады
26 Сәуір 2024
1330 0
Қалалықтар қаперіне
Құжаттандыру бойынша көмектесуде
25 Сәуір 2024
1423 0
Қоғам
Мемлекет шығынды түгел өтейді
25 Сәуір 2024
1449 0
Мезгіл мәселесі
Су тасқынына қатысты кейінгі деректер
23 Сәуір 2024
1659 0
Мезгіл мәселесі
Апаттан құтқару жұмыстары жүріп жатыр
21 Сәуір 2024
1931 0
Қалалықтар қаперіне
Су деңгейі көтерілді
19 Сәуір 2024
2152 0
Мезгіл мәселесі
Авторлық құқықты қорғау керек
18 Сәуір 2024
2199 0
Мезгіл мәселесі
Оқушылар қашықтан оқуда
17 Сәуір 2024
2339 0
«Мемлекеттік бағдарламалар»

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»
мемлекеттік бағдарламасы

«Ғаламтор ресурстары»