БҚО-ДА БІЛІМ БЕРУ НЫСАНДАРЫ КӨБЕЮДЕ
2018 жылы Батыс Қазақстан обылысында мектепке дейінгі ұйымдар 26 бірлікке көбейіп, 4 мектеп ашылды. Бірнеше білім беру нысаны қолданысқа берілді. Халыққа есеп беру кездесуі кезінде БҚО әкімі Алтай Көлгінов білім беру саласы бойынша облыста атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Облыста 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету 69,5 пайызды құрайды. 3 жастан 6 жасқа дейінгілер 100 қамтылып отыр. Есепті мерзімде мектепке дейінгі ұйымдар желісі 26 бірлікке көбейіп, олардың саны 507-ге жеткен. Оның ішінде 52-сі жеке балабақшалар.
– Мемлекет басшысы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістері мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы тиіс екенін атап өтті. Осы бағытта «Bilim Land» білім беру порталының жоғары сапалы мазмұнын қамтамасыз ету, қалалық және ауылдық мектептердің білім беру ресурстарына тең қолжетімділігін арттыру мақсатында барлық 223 шағын жинақты мектепке жалпы құны 312 млн. теңгені құрайтын 567 бірлік «Білім кітапшасы» компьютер-трансформерлер сатып алынды. 15 IT-сынып ашылып, IT-лицей жұмыс істей бастады. Ескірген жабдықты ауыстыру үшін 1400 бірлік компьютер сатып алынды, – деді Алтай Сейдірұлы.
Педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, үздік қазақстандық және халықаралық тәжірибені тарату үшін «Батыс Білім Tallks» білім беру лекторийі және «Өсу векторы» көшбасшылар мектебі» жаңа жобалары іске қосылды. 2018 жылдың басынан бастап ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны 3 пайызға төмендеді. Республика бойынша алғаш рет отбасына орналастыру, әлеуметтік жетімдерді әлеуметтік бейімдеу және оңалтумен айналысатын, өмірде қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы ашылды. Жоғары оқу орындарында мамандарды даярлау үшін облыста сұранысқа ие мамандықтар бойынша жергілікті бюджеттен 100 грант бөлінді.
2017-2018 оқу жылында Орал қаласындағы №4 мектептің құрылысы аяқталып, жаңа мектеп пайдалануға берілген болатын. Былтыр Орал қаласының Деркөл кентіндегі 600 орындық мектеп, Ақжайық ауданының Шардаржап ауылындағы 198 орындық мектеп, Ақсай қаласындағы 240 орындық балабақша, Зеленов ауданының Дариян ауылында 100 орындық интернаты бар 300 орындық мектеп, Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылындағы мектептің 70 орындық интернаты, Орал қаласының «Сарытау» шағын ауданындағы 900 орындық мектебі пайдалануға берілді. Қазталов ауданы Қазталов ауылындағы саз мектебінің құрылысы аяқталды. Теректі ауданы Сарыөмір ауылындағы 48 орындық сауықтыру лагерінің құрылысы жалғасуда.
Алтай Сейдірұлының баяндауынша алдағы уақытта білім беру нысандары көбейе түспек. Қазір облыста апаттық жағдайдағы 5 мектептің орнына құрылыс салу үшін тиісті жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда.
– Қазталов ауылында А.Оразбаева атындағы мектеп – 600 орындық мектеп, Ақжайық ауданы Чапаев ауылында мектеп-гимназиясы – 100 орындық интернатымен 300 орындық мектеп салынады. Орал қаласының аумағында орналасқан 4 мектеп (№18, 20, 47, эстетикалық бағыттағы гимназиясы) үш ауысымда жұмыс жасауда. Үш ауысымдылықты жою мақсатында 7 жаңа мектеп құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталуда – деді Алтай Сейдірұлы.
Мұғалімнің әлеуметтік мәртебесін көтеруге аса көңіл бөлінуде. Президент тапсырмасы бойынша 16 мың педагог жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білім беріп, негізгі жалақысына 30-50 пайыз үстемақы алып отыр.
«Жайық үні» газеті
Рафхат ХАЛЕЛОВтың суреті
Версия для печати
Пікір үстеу