БҚО АУМАҒЫНДА ӨРТ ҚАУІПТІЛІГІ ЖОҒАРЫ
Өрт қауіпті кезеңі басталғаннан бері облыс аумағында үш орман өрті және жалпы ауданы 3700 гектардан асатын 129 жану орын алған. Соңғы үш күнде облыс аумағында 2000 гектардан астам аумақта құрғақ шөптің бес жану фактісі тіркелді. Бұл туралы БҚО Төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифингте айтылды.
«Казгидромет» РМК БҚФ-ның дауылды ескертуіне сәйкес 13 маусымнан бастап БҚО аумағында өрт қауіптілігінің IV және V сыныбы қойылды, яғни өрт қауіптілігі жоғары және өрт қауіптілігі өте жоғары. Ыстық ауа райынан адамдар ғана емес, табиғат та зардап шегеді. Жасыл шөп қураған соң, тез жанатын материал секілді отты абайсыз пайдаланудан немесе ең аз ұшқыннан да тұтанып кетуі ықтимал. БҚО ТЖД бастығы, генерал-майор Ж.Жұмашевтың айтуынша, табиғи өрттердің негізгі себебі – адам факторы. Көп жағдайларда далада тұтанған от іргелес орманға немесе желді ауа-райының себебінен бағытын өзгертіп, елдімекендерге де қауіп төндіреді. Құрғақ шөптің жануы өте қатты түтін тудырады әрі орман өрттері сияқты адамдардың денсаулығына қауіпті. Құрғақ шөпті жағу кезінде бөлінетін улы газ, формальдегид, күйе, циклдік көмірсутектер денсаулыққа зиян. Жуырда, нақтырақ айтқанда 2 маусым күні Шығыс Қазақстан облысында 60 гектар алқапта дала өртін сөндіру кезінде жазатайым оқиға орын алып, екі тұрғынды күйік шалып, ауруханаға жатқызылған. Екеуінің де жағдайы ауыр. Мұндай жағдайлар азаматтардың өрт қауіпсіздігінің барлық ережелерін сақтау қажеттілігін ескертеді.
– Карантиндік шектеулердің біртіндеп жеңілдетілуіне байланысты азаматтар табиғат аясына демалыс ұйымдастыруда. Қауіпсіздікті сақтамау себебінен дала өрттері орын алып отыр. Сондықтан табиғи өрттер мен жанулардың алдын алу мәселесіне басымдық берілуі керек. Өрттің себепшісі, ал кейде құрбандары балалар болатын жағдайлар ерекше алаңдаушылық тудырады. Күннің жылынуымен және карантиннің жеңілдетілуімен бірге балалар уақыттарының көп бөлігін көшеде өткізеді. Олар ата-аналары тарапынан тиісті көңіл бөлінбейтінін пайдаланып, достарымен от жағуы сирек жағдай емес және осының барлығы үлкен өртке әкелуі мүмкін. Қалыптасқан жағдайды айтарлықтай өзгерту қажет. Себебі жазатайым оқиғалар көбінесе өзіміздің, дәлірек айтқанда, қамсыздығымыз бен мәдениетсіздігіміздің салдарынан болып жатады, – дейді Жасұлан Қыдырғожаұлы.
Брифинг барысында мәлім болғандай, 13 маусымда Қаратөбе ауданында 765 гектар алқапта құрғақ шөп өртенді. Табиғи өртті сөндіруге ерікті өртке қарсы құралымдарының және БҚО ТЖД күштері мен құралдары қатысты. Сол күні Сырым ауданы Аралтөбе ауылдық округінде бірнеше учаскеде құрғақ шөп өртенді. Өрт ерікті өртке қарсы құралымдарының және БҚО ТЖД күшімен жойылды. Ал 14 маусым күні Қазталов ауданы Болашақ ауылдық округінде құрғақ шөп жанып, 1000 гектардан астам аумақ отқа оранған. Өрт 15 маусымда сағат 15.55-те ерікті өртке қарсы құралымдарының күшімен жойылған.
Департамент бастығы өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес аумақты жанатын қалдықтардан, қоқыстан, ыдыстан, жапырақтардан және құрғақ шөптен уақытылы тазартуды қамтамасыз етуді ескертті. Қалдықтар мен ыдыстарды ғимараттар мен құрылыстардан 50 метрден кем қашықтықта орналасқан жерлерде жағуға болмайды. Жеке үйлерде пайдаға аспайтын қоқыстарды контейнерге жинап, арнайы жабдықталған қоқыс алаңына тастау керек, ал үй жанына көктем және жаз кезеңіне арнап су құйылған ыдыс (бөшкелер) немесе өрт сөндіргіш қойған жөн.
Елмұра АСХАТҚЫЗЫ,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу