8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

2023 жылдың І жартыжылдығына жазылу басталды!

«Жайық үні-Жизнь города» газетіне жазылыңыз!

Бізбен бірге болыңыз!

 

 

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
25 Мамыр 2017 1882 0
Қоғам

Қазақтың шаңырағын ұстаған ВАЛЕНТИНА

60 жылға жуық бір шаңырақ астында жұбайлық тірлік кешіп келе жатқан Зашаған кентінің тұрғындары Құспанғали Жүсіпов пен Валентина Калесникованың үйіне жуырда бас сұғып, өнегелі отбасының берік негізін қалаған қос ұлттың өкілінің тамырын тереңге жайып, ұрпақ өрбітіп отырғанына куә болдық.

«Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда дәулет бер» демекші, сексенге таяған Құспанғали ақсақал мен Валентина апай ұзақ жылдар төгілген тер мен еңсерген еңбектерінің жемісін кәрілікте көруде. Төрт ұл, төрт қыздан 31 немере, 12 шөбере сүйіп отырған үбірлі-шүбірлі жандар осыдан бес жыл бұрын Орал қаласына көршілес Атырау өңірінен қоныс аударыпты. Балалары Зашағаннан төрт бөлмелі әп-әсем үй көтеріп, ата-аналарын жаңа қонысқа көшіріпті. Оралдың саф ауасы мен жасыл-желегін сағынып жеткен Валя апай мен Құспанғали қарттың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Рас, кейде көрші-қолаң, ағайын-туыс арқа-жарқа кіріп-шығып жататын ауыл тірлігін аңсайды. Мұнда ең кемі Көрісу күнінде де бас сұғатын көрші-көлем некен-саяқ. – Қазақ деген есігіне құлып салынбаған, жылы-жұмсағын қонағының аузына тосқан халықтың ниет-пейілі тарылып бара жатқаны алаңдатады,  – дейді үй иелері бірауыздан.

«Газеттен тілші балам келеді» деп, Валентина Петровна сап-сары бауырсағы мен бал татыған бағланның етінен қуырдағын да пісіріп қойыпты. Осыдан-ақ ұлттық тағамымызға деген ниетін аңғардық.

«Орыс қызына тағдыр жолықтырды»
Апай дастарқанға жылы-жұмсағын қойып, күйбеңдеп жүргенде отағасы Құспанғали қария әңгіменің тиегін ағытты. Құспанғали Әбиұлы 1938 жылы Жаңақала ауданының №25 ауылдық советінде туып-өскен. Нақтырақ айтсақ, Бестау деген қыстауда дүниеге келіпті. – Ата-анамыз сауат ашпаған надан адамдар болатын. Оқуға кеш бардым. 9 жасымда Асан ауылындағы 4 кластық мектепке барып, одан орта білімді Үштаған ауылындағы жетіжылдық мектепте жалғастырып, 1957 жылы Азғырдағы 10 жылдық мектепті бітіріп шықтым. Куәлік қолыма тигесін оқуға барғым келді. Сөйтсем, балалардың бірқатарында паспорт бар екен. Менде жыртық-жыртық туу туралы тілдей қағаз. Содан аудан орталығына паспорт алуға бардым. Алайда жеке куәлік беретін жерде істейтін әйел адам: «Аудандық әскери комиссариаттың әскер жасындағы бозбалаларға паспорт бермеңдер, күзде әскерге аламыз деген арнайы қаулысы бар» деп, паспорт беруден бас тартты. Содан қала бардым. Қатарластарым Атырауға барып, пединститутқа әр түрлі мамандыққа оқуға түсті. Жоғары оқу орнына түсемін деген арманым сол күйі аяқсыз қалды. Мектепте тым тәуір оқыған едім, – деген кейіпкеріміз ескі құжаттардың арасынан көнерген куәлікті тауып алып, бізге ұсынды. Асылы, тізілген төрттіктері мен бестіктерін көрсеткісі келген сыңайлы. «Ой, ағамыз сабақты жақсы оқыған екен ғой, ылғи төрт пен бес» деген мақтауымызға бір ауық маңғаздана қалып, сөзін әрі қарай сабақтады.

Содан ауылға қайтып келіп, совхозда жұмыс жасадым. «Жігітті жылы сөз ширатпайды қатты сын ширатады» деген бар. Сол кездегі ел басқарған ағалардың жас мамандарды тәрбиелеу үрдісі басқа-тын. Ол кісілердің ұлағатты тәрбиесі біз үшін кез келген институттан артық еді. Ақыры, сол кездегі ауыл басшыларының айтуымен Бөкей ордасындағы біржылдық тракторист-комбайнер дайындайтын курсқа баруға тура келді. Сол жерде мына кісіні кезіктірдім, – деп апайды нұсқады. – Бұл сегізжылдықты бітіріп, Қазталов ауданынан келді. Қасында төрт қазақ қызы бар. Бәріміз 17-ші топта бірге оқыдық. Бір қызығы, апаң бір ауыз орысша білмейді екен. Қазақ ауылында қазақша оқыған ғой. Содан жүрек қалауымен екеуміз тіл табысып, ауылға алып қайттым. Орыс қызына тағдыр жолықтырды, – деп құдай қосқан қосағымен қалай табысқанын еске алады.

Ер кісі түзде шыңдалады
1952 жылы Теңіз ауданы (қазіргі Құрманғазы) Атырау облысына қосылды. Құспанғали Әбиұлы осы ауданға қарайтын Асан ауылында тракторшы болып жұмысқа кіріседі. Зайыбы моторшы қызметіне орналасады. Жас маман төрт жыл тракторшы, үш жыл жүргізуші, 13 жыл тракторшылардың бригадирі боп еңбек етті. Он бір жыл совхоз орталығындағы бар техниканы жауапкершілігіне алып, басқарды. Одан кейінгі 9 жылда Балқұдық  совхозы директорының орынбасары қызметін абыроймен атқарды. 1997 жылы совхоз тарамас бұрын, кадрлар бөліміне басшылық етті. Сөйтіп, зейнетке шықты. Кейіпкеріміздің өзі айтпақшы, ер кісі түзде шыңдалады. Еңбек майданында шынығып, ширыққан, жұмыстың қандайын да дөңгелетіп әкететін Құспанғали Әбиұлының елі алдында да, отбасы алдында да ары таза, абыройы асқақ.

Төрт ұл, төрт қыз тәрбиеледі
Ері түзде жүргенде, отбасының түтінін түтетіп, бала-шағаға бас-көз боп отырған – Валентина Петровна болатын. Сегіз баланы дүниеге әкелді. Бүгінде үлкен қызы Мақтым мен ұлы Қайсағали Атырауда, Жаңылғаным Өскеменде, Гүлбаршыны Алматыда, Гүлшарасы Қызылордада, Дәурені Оралда, Романы Ақтауда, кенжесі Роллан Балқұдық ауылында тұрады. Бәрі де жанұялы. Бірі дәрігер, бірі мұғалім, бірі құрылысшы, бірі тігінші, бірі агроном, бәрі сан-салада еңбек етіп, тәуелсіз еліміздің негізін қалауға үлес қосып жүр.

Түтінін түзу ұшырды
Валя апай бала тәрбиесіне де уақыт тапты, ерінің әкелген қонағын да қабақ шытпай күтті. Атасы мен енесін баптап бақты. Қаймақ-майын, құрт-сүзбесін, ірімшігін, қазы-қарта, жал-жаясын, айран-көжесін дастарқанынан үзбеді.  – Енем Күлипа Ахметова 71 жасында, атамыз Жүсіп Әбиев 92 жасында о дүниелік болды. Сол кісілердің батиқасын алып, көздері жұмылғанша келіндік міндетімді адал атқаруға тырыстым. Қазақтың дәстүрін ұстандым. Өз анам Мәскеудің орысы, әкем осы жерлік. Алайда туған жерім Қазталовтың Әжібайы. Қазақ балаларымен қазақша оқыдым. Әке-шешем бір-бірімен орысша, бізбен қазақша сөйлесуші еді. Жанұяда төрт қыз болдық. Тегім орыс болғанымен, жаным қазақ қой. Орысшам нашар болғасын ба, әлі күнге жедел жәрдем шақыртқанда орыс келмесе екен деп тілеп тұрамын, – деп әзілдеп қойды апай.

Зейнетке шыққанша ауылдың мектеп-интернатында аспазшы, кейін балабақшада еңбек еткен Валентина Петровнаның ісмерлігін, бау-бақшасын жайқалтқан бағбандығын ауыл-аймақ жақсы біледі. Ауласына жеміс ағаштары мен гүлдер отырғызып, жайнатып қоятыны қазір құдды ертегі сияқты. Жас күнінде шілтер, теру алаша тоқып, кесте тігіп, киіз басыпты. Шебер тоқылған теру алашалар үйге кіргеннен-ақ назарымызға іліккен еді. Сөйтсек, апайдың өз қолынан шыққан дүниелер екен. Күні кешеге дейін көрпе-жастығын өзі жасағаны да рас. Қыздары ұзатылғанда Қызылорда, Алматыға дейін көрпе-жастығын арқалап апарған. Ауыл әйелдерінің бейнеті мол тірлігінің талайын басынан өткерген Валя апа соғым етін күтудің, ішек-қарын аршып, жүн жуудың өзіне жақсы таныс қыр-сырын ерінбей-жалықпай әңгімелеуге бар. Бірақ қазіргі келіндердің бәрі бірдей көрпені үйде жасауға ынталы емес. Базарда толып тұрған дайын тауарды сатып алуға құмар. Ал, оның жүн-жұрқасы қаншалықты таза, сапалы екенімен ешкімнің шар-уасы жоқ.

Қысы-жазы түзде жүретін ерінің орынын жоқтатпай балаларына жақсы тәрбие беруге тырысқан отанасы әкенің қадір-қасиетін балаларының санасына сіңіріп өсірген. Сол себепті бұл жанұяда әке беделі қашан да жоғары. «Әкең біледі», «әкең келе жатыр», «әкеңнен сұран», «әкең демалып алсын» деген сөзді аналарының аузынан жиі еститін балалары әлі күнге әкесіне қарсы келмейді. Бұл – көргенді, ибалы, қазақы Валя апайдың бала тәрбиесіндегі өнікті еңбегінің еш кетпегені. «Адамның шашқаны емес – тергені, алғаны емес – бергені қалады» демекші, қос қария ғұмырдарияны қол ұстасып кешіп өтіп, талайды бас-тан өткеріп, жарасымды өмір сүріп келеді. Отбасылық бақыттың кілті  – шаңырақтың түтінін түзу ұшырған әйел-ананың қолында. Ендеше, бір кездегі көгілдір көзді орыс қызының қазақы жанұяның босағасын аттап, бүгінде мәуелі бәйтерекке айналуы – көпұлтты еліміздің тату-тәтті тірлігінің айғағы емес пе?!

            Айнагүл Серікқызы

Версия для печати

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Соңғы жаңалықтар
Қалалықтар қаперіне
Саяжай тұрғындары үйлеріне орала бастады
09 Мамыр 2024
54 0
Бәрекелді!
Жоғары әскери шен берілді
09 Мамыр 2024
62 0
Еске алу
Батырлар рухына тағзым етті
05 Мамыр 2024
470 0
Қалалықтар қаперіне
Бірді-бірге соғыстырып, күнәға батпайтын!
03 Мамыр 2024
610 0
Қалалықтар қаперіне
«Қазавтожолдың» техникалары өз облысына қайтты
03 Мамыр 2024
645 0
Қалалықтар қаперіне
Жалған ақпарат таратқандар жазаланды
30 Сәуір 2024
921 0
Қоғам
Қаржылық сауаттылық қажет пе?
30 Сәуір 2024
933 0
Оқиға
Тұрғын үй өртенді
29 Сәуір 2024
1057 0
Қалалықтар қаперіне
Өз үйлерін тексере алады
26 Сәуір 2024
1358 0
Қалалықтар қаперіне
Құжаттандыру бойынша көмектесуде
25 Сәуір 2024
1452 0
Қоғам
Мемлекет шығынды түгел өтейді
25 Сәуір 2024
1480 0
Мезгіл мәселесі
Су тасқынына қатысты кейінгі деректер
23 Сәуір 2024
1688 0
Мезгіл мәселесі
Апаттан құтқару жұмыстары жүріп жатыр
21 Сәуір 2024
1960 0
Қалалықтар қаперіне
Су деңгейі көтерілді
19 Сәуір 2024
2181 0
Мезгіл мәселесі
Авторлық құқықты қорғау керек
18 Сәуір 2024
2229 0
«Мемлекеттік бағдарламалар»

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»
мемлекеттік бағдарламасы

«Ғаламтор ресурстары»