Ғасыр жасаған «ғаламат» АНА
Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Сары Әйтімовтың асыл жары, шаңырағының шаттығы, елге аты мәшһүр ұл-қыздарының анасы, ұзақ жылдар білім ұясында сүбелі еңбек етіп, бала тәрбиесіне үлес қосқан Әйтімова Тұмарша Ибрагимқызының туғанына биыл 100 жыл. «Көзден кетсе де – көңілден кетпеген» ел анасына арнап Әйтімовтер әулеті 29 маусым күні Бәйтерек ауданы, Белес ауылының Мәдениет үйінде еске алу шарасын өткізбек.
Иә, ақ маңдайы Күн нұрындай жарқыраған Тұмарша әжемен алғаш рет Орал қаласында 2009 жылы жүзбе-жүз тілдестім. Осы отбасының өтінішімен алып анадан «Жайық үні» газетіне сұқбат алдым.
«Адамның мәңгі досы бар. Ол – ана. Халқымыз «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» деген сөзді текке айтпаған. Әлемге шұғыласын таратып, өмірге ұлағатты ұрпақ сыйлаған, айналасын мейірім мен бақытқа бөлеп, егеменді елдің абыройын аспандатып жүрген ақ жаулықты әзиз ана, қоғам және мемлекет қайраткері Бірғаным Әйтімованың абзал анасы Тұмарша Ибрагимқызы таяуда сәтін салып, Оралға келді. Ұзын бойлы, жылы жүзді, келбеті келісті, аққұбаша келген Тұмарша әжеміз сексеннің алтауына жетсе де, кәрілікке бой бермеген екен. Әдемі қауырсын таяғына сүйеніп қойып, амандық-саулықтан соң сайрай жөнелді. Көпті көрген ананың тұщымды әңгімесі бүгін оқырман жүрегіне жол тапқалы тұр» деп бастаппын «Бірғанымға араб болысының есімін бердік»атты көлемді мақаламды. Содан бері арада он бір жыл өтті. Айтпағым, қашан көрсең де сабырлы, бірқалыпты мінезінен айнымайтын, тұлғалы, екі беті шарайнадай аппақ Тұмарша анамыз мынау жарық фәниден о дүниеге аттанғанша бақытты, шырайлы кейпін, әдемі жүзін еш өзгертпеді. Тоқсаның төріне шығып, жүзге қадам басқан асыл ананың жады мықты, ойы түзу, аузы дуалы еді. «Батамен ел көгерер» дегендей, Ақ Жайыққа ат басын бұрған талай арда азаматтар, танымал тұлғалар, игі-жақсылар әуелі Тұмарша Әйтімованы іздеп барып, сәлемдесіп, ақ батасын алатын. Ол кісіні жерлестері құламайтын бәйтеректей көретін. Тоқсан жеті жыл өмір сүрген аяулы жан 2020 жылдың 30 қарашасы күні бұл жалғанмен мәңгілікке қоштасты. Ғазиз ананың жүрегі тоқтап, соңғы демі үзілді. Елге төнген індетке қарамастан,Астана мен Алматыдан Оралға ағылған ел-жұрт Тұмарша ананы соңғы сапарға қимас көңілмен шығарып салды. Енді міне, ғасырға жуық өмір сүріп, еліне шұғыласын шашқан, шалтты шаңырағына ізгіліктің нұрын төккен Тұмарша Ибрагимқызының туғанына биыл жыл толғалы отыр. Сондықтан, асыл ананың көзі тірісінде айтқан тамаша ойларын қайта жаңғыртып, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім. Себебі, өмір көші алға жылжыған сайын, жас толқын өсіп, жетілген сайын Тұмарша Ибрагимқызының өз заманында көрген бейнеті, қиындыққа төтеп берген қайсарлығы, күрескерлігі, жігерін жасытпаған оттай жалыны кім-кімге де үлгі-өнеге деп ойлаймын.
«Бақытқа жету үшін көп нәрсенің керегі жоқ» демекші, 1923 жылдың 25 маусымында Тайпақ ауылындағы кедей шаруа отбасында дүниеге келіп, балалық шағынан ыстық-суықты кешіп, талай соқпаққа төтеп берген Тұмарша арудың 97 жыл сүрген өмірі бірнеше киноға, том-том кітапқа татырлық. Кітап демекші, 2018 жылы бас көтерген ұлы Ақсерік Әйтімов «Туған елге тағзым» атты кітап жазып, шығарды. Онда өз отбасы, ұшқан ұясы, ата-анасынан алған тәлім-тәрбиесі, мектебі, бүгінде азайып қалған көршілері, ағайын-тумалары туралы сыр шерткен еді. Жалпы, Әйтімовтер әулеті әу бастан елге сыйлы, абыройлы, қарапайым әрі мейірімді жандар. Тамыры тереңге жайылып, бәйтеректей құлпырған бұл жанұя туралы сөз қозғағанда, алдымен осы әулеттің асқар тауы – Сары Әйтімов атаның аруағын аттап өту мүмкін емес.
Екі рет соғысқа барған батыр!
Бейбіт заман, өсер ұрпақ үшін қандыкөйлек жауынгерлермен бірге жауды жеңіп, 1946 жылы ғана елге оралған атпал азамат, аяулы аға, қамқор әке Сары Әйтімовтің ерлікке толы өнегелі өмірі – ұлысқа мақтан, ұрпаққа ұран.
1916 жылдың 5 мамыр күні Жәнібек ауданында дүниеге келген Сары құйттай кезінен шешесінен жетім қалып, немере ағасы Құрманбай Түршекеновтің қолында өсіп, тәрбиеленеді. О бастан тағдырдан таяқ жеп, балалық шағы анасын аңсаумен өткен Сары еті пысық, алғыр жігіт болып ержетеді. Орал аймақтық медициналық техникумын тәмамдайды. Сырттағы жаудан тайсалмай өз еркімен әскерге сұранады. Бес жыл сол кездегі жұмысшы-шаруа қызыл әскер қатарында болып, азаматтық борышын абыроймен өтейді. 1938 жылы Ресейдің Курск қаласындағы полктік мектепте білім алып, оқуын ойдағыдай бітіріп, Кирки қаласында орналасқан 106-әскери құрамдағы атқыштар полкіне өз жүрек қалауымен барады. Осы ретте өткен тарихқа сәл шегініс жасайық. 1939 жылы бұрынғы Польша немістердің соққысына төтеп бере алмай күл-талқан болғанда, Кеңес Үкіметі Батыс Украина мен Батыс Белоруссиядағы славян бауырларын фашистік езгіден қорғау үшін Германиямен келісе отырып, жоғарыдағы аймақтарға өз әскерін енгізгені мәлім. Сол сәтте осы азат етушілер арасында бірге болған Сары Әйтімов Перемышль қаласын жаудан қорғап, өз үлесін қосады. Сөйтіп, 1941 жылы аман-есен елге оралады. Алайда, көк аспанды жаудың қара бұлты қаптап, Ұлы Отан соғысы басталады. Тұтқиылдан шабуыл жасаған неміс-фашистерге тойтарыс беруге асыққан Сары Әйтімов тағы да мылтығын асынып, қызыл қан төгілген майданға аттанады. Жау оғынан аянбаған ержүрек жерлесіміз жорық жолдарымен жүре отырып, 1945-1946 жылдары гвардиялық қатардағы механикаландырылған полктің старшинасы болып, Эрфурт және Берлин қалаларында майдандастарымен бірге Жеңіс туын желбіретеді.
Балалардың есімін Сары қойды
– Әуелі тұңғышымыз Зәуия 1948 жылы, содан екі жыл жарымнан кейін Ақсерік дүниеге келді. Бірғаным – баланың үшіншісі. Одан соң, сүт кенжем Гүлғанымды құшағыма бастым. Балалардың есімін Сары қойды. Ертеде араб елінде ел билеген Бірғаным деген болыс қыз болыпты. Ардақты қызымыз Бірғаным көрінгенде әкесі Сары жұртты жинап, осы сөзді айтып, ырымын жасап, азан шақырды. Бірғаным жасынан пысық болды. 1957 жыл әлі есімде. Сәуір айында біз тұрып жатқан Кордон ауылында су тасқыны болып, ауылдың тең жартысын вертолетпен қалаға алып кетті. Балаларды тіркестіріп, қалталарына ақша салып, көрші кемпірге аманаттап, ілестіріп жібердім. Сөйтсем, Бірғаным бір үйге баса-көктеп кіріп барыпты да, «қарным ашып тұр, нан мен май беріңізші» деп орысшалай жөнеліпті. Әлгі кісілер төрт жасар қызды жатырқамай, шәй беріп, тамақтандырыпты. Өзі жегенімен қоймай, қасындағыларға да нан сұрап алыпты. Содан көршім келіп: «Әй, Тұмарша, сенің осы қызың өскенде үлкен жерде жүреді. Түбі осы қызыңнан көресің рахатты» деді. Сол айтқаны болды. Оралдағы педагогикалық институтты бітірді. Зәуия мұғалім, Гүлғаным заңгер мамандығын игерді. Ал Ақсерік бала күнінен есеп-қисапқа тәуір болды. Қазақ тілі мен орыс тілін жетік білді. Жалпы, төрт баламда жоғары білім алды. Осы ұл-қыздарымның арқасында ел мен жерді шарлап, тұрмыстың жақсылығын көріп келемін. Сары екеуміз ұл-қызды орнымен еркелетіп, орнымен жұмсай білдік. Қартым екеуміз жұмыстамыз. Балабақша деген жоқ. Гүлғаным кішкентай. Зәуияға, Ақсерік пен Бірғанымға жиырма-жиырмадан тең бөліп, картоп тастап кетемін. Мен жұмыстан келгенше қабығын ашып қояды. Баланы жастай жұмсап, еңбекке үйрету керек. Қазір не көп, ұрлық-сұмдық көп. Теледидарды ашып қалсаң, еститінің жамандық. Ертеректе біреудің қорасына түсіп, қой-ешкісін жымқырып кететіндер болған. Ал қазір жұмыс істемей, күндіз ұйықтап, түнде біреудің адал ақшасына қол сұғатындар көбейді. Өйткені, тәрбие кемшін. Баланы киіндіріп-ішіндіріп қоймау керек. Қолына қармақты ұстатып, өзенге жіберсең, ол күн ұзағына отырып, бір балық болса да ұстап әкеледі.
Ел басына күн туғанда белді бекем буып, Гурьев және Астрахан теміржолын салуға қатысқан Тұмарша Ибрагимқызы ол уақытта қос бұрымы кеудесіне төгілген көрікті ару-тұғын.
Соғыстан кейінгі жоқшылық уақытта сырма, күрте тіктім. Ол кезде бізге көмек ретінде он метр мата беретін. Сол он метр матадан қыруар іс тігетінмін.
«Жан анам – жасыл бағым»
Иә, өмір өтеді. Әр жан мәңгілік мекеніне кетеді. Тірісінде көңіл шерін бүкпесіз шертеді… Тұла–бойы парасаттылыққа, даналыққа толы Тұмарша әжей көпшілік ортада қарапайым халықпен тілдескенді және тілшілерге сұқбат бергенді ұнататын. Өз басым Тұмарша Ибрагимқызын ең соңғы рет Белес ауылында өткен отбасылық жақсылықта көрдім. Сол кезде кейуанаға құлақ түрдім. Бірақ та ең соңғы жүздесу екенін сезбедім.
Айтқандай-ақ, бұдан соң елге індет келді. Ел-жұрт бір-бірімен бұрынғыдай араласуды сап тыйды. 2020 жылдың ең соңғы қара күзі Тұмарша ананы да жер қойнына алып кетті. Ал қазір барша ауылдастары, сыйластары, ағайын-туыс, құда-құдағайлары, өз отбасы Тұмарша ананың ғибратқа толы әңгімесін, теңіздей терең ақыл ойын жылдар алға жылжыған сайын сағынышпен еске алады. Еске ала береді…
«Жайнаған балғын гүлмен,
Жан анам – жасыл бағым.
Өзіңмен жаным бірге,
Мәңгілік қасыңдамын,» деп ақын Сағын Жиенбаев жырлағандай, ел анасы – Тұмарша Әйтімова халқының жүрегінде, ұл-қызының, ұрпағының жанында, жерлестерінің жадында! Ендеше, мейірімді жүзі айналаға шуақ шашып тұратын қадірлі әжеміздің жаны жұмақта болып, ел-жұртын рухымен желеп-жебегей…
Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА