8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

2023 жылдың І жартыжылдығына жазылу басталды!

«Жайық үні-Жизнь города» газетіне жазылыңыз!

Бізбен бірге болыңыз!

 

 

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
15 Ақпан 2018 3084 0
Қоғам

Қадырболат МҰСАҒАЛИЕВ: «Өнерлінің ырысы жарқырап жатар жолында…»

Киелі Ақ Жайық өңірі тарихы тереңге тамыр тартқан, күй мен жырдан шашу шашқан, Алты алашқа әйгілі өнер мен мәдениеттің дарабоздары топ жарып шыққан шоқтығы биік шырайлы өлке. Сондықтан Батыс Қазақстан облысының мәдениеті жыл озған сайын гүлденіп, ат тұяғындай даусы дүбірлеп, қыран құстай қанаты биікке самғап, қалықтап барады. Талай бәйгелерден талант- тарымен топ жарып, хас өнердің туын желбіретіп жүрген де өзіміздің өнерпаз ұл-қыздарымыз, аға-апаларымыз. Оның үстіне Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында біраз тың істер аталмыш басқарманың арқасында атқарылғаны мәлім. Осы ретте мәдениеттің өңірде тізгінін ұстап, керуендей көшін алға жетелеп келе жатырған БҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Қабдырұлы Мұсағалиевпен сұқбаттасып, өткен істі саралап, келешектің жоспарын білген едік.

Қадырболат Қабдырұлы, Жайық жұрты үшін Жаңа жыл жақсы жетістіктермен, ел елең етерліктей жаңалықтармен басталды. Театр тарланы Хадиша Бөкееваның атын облыстық қазақ драма театры еншілесе, кеше ғана Алатау бөктеріндегі Алматы қаласында, яғни даңқты актрисаның құтты қонысына, үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатып қайттыңыз. Сөз басын осындай жан жадыратар жақсы жаңалықпен бастасаңыз.

– «Өнерді қастерлейтін ел ақылды…» деп қазақтың Қадыры айтқандай, тұла бойы тұнған өнер, әр сағатын театр сахнасына, қазақ өнерінің гүлденуіне, өркендеуіне арнаған Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналған шаралар былтыр Қазталов ауданынан басталған болатын. Бұған қоса, жыл соңында ұлы тұлғаларымыздың есімін мекемелерге беру туралы жақсы жаңалықтар Елорда жақтан да келіп жетті. Бұл мәселе біраз жылдан бері көтеріліп жүргенімен, осы жолы Үкіметте арнайы бекітілді. Сырымнан шыққан жазушы ағамыз Мұқадес Еслямғалиевтың есімі орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне берілді. Баршаға мәлім, Қадыр Мырза Әлі атындағы орталық салынды. Атын осылай атағанымызбен заңды күшіне енбеген еді. Осы орталыққа Қадыр Мырзалиев есімі берілді. Содан кейінгі жақсы жаңалығымыз – Хадиша Бөкееваның есімін облыстық қазақ драма театрына беру жөнінде ұсыныс Үкіметке жолданған-тұғын. Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов осы үш ұлы тұлғаның есімін қорғап, аталмыш есімдер өткен жылдың желтоқсан айында заңды түрде күшіне енді. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтың азаматтарды қабылдауында болған қазақ драма театрының актрисасы Гүлжан Шынтемірова Хадиша апамыздың Алматыдағы тұрған үйіне елдің атынан ескерткіш тақта орнату туралы ұсынысын жеткізген еді. Өңір басшысы бұл ұсынысты қабыл алып, тиісті салаларға тапсырмалар берді. Жақында ғана Алматы қаласында аяулы актрисаның өмірінің соңғы күніне дейін тұрған Зинкова, 96-үйге ескерткіш тақта орнатып қайттық. Бұл сапарымызда Алтай Сейдірұлы өңірімізден арнайы делегация жолдап, Ақұштап Бақтыгереева бастаған топ барып келдік. Айтулы шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Тағылымды кешке абыз Асанәлі Әшімов қатысып, Хадиша апамыз туралы жақсы пікірлер айтты. Ақұштап апамыз елдің сәлемін жеткізіп, қолдау білдірген Алматы халқына рахметін жеткізді. Салтанатты шараның ашылу салтанатында актрисаның көзін көрген шәкірттері де болды. Театрдың әртістері де сол ортадан табылды. Арамыздан мәңгілікке кетсе де, көзі ұйқыға жұмылса да Хадиша апамыздың елі үшін атқарған ерен істері әлі күнге ел аузында жүр. Әсіресе Әуезов театры әртістерінің айтары көп. Апамыздың кәсіби әртістік шеберлігінен бөлек, жастарды бауырына басып, қамқорлық танытуы, мейіріміне бөлеуі, яғни адами қасиеттерін майын тамыза әңгімелейді.

Иә, сонымен Тәуелсіздігіміздің арқасында жарқын бейнесі көңілден өшпейтін актрисаның абыройы одан сайын асқақтады. Демек, бұл да еліміздің өнері мен мәдениетінің өміршеңдігін білдіреді. Хадиша апамыздың аруағы ел-жұртын желеп-жебей берсін дейміз. Енді өткен жылы ойға алынып, жүзеге асқан ауыз толтырарлықтай ауқымды істерді де айта отырсаңыз?

– Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы «Аймақтың тарихи-мәдени мұраларын сақтау, отандық мәдениет пен өнерді кеңінен насихаттау» бағытында алға қойған мақсаттарға толық және уақытында қол жеткізу, «Мәдениет саласында тұрғындарға қызмет көрсету сапасының қанағаттандырылу деңгейі» мақсатты индикаторын орындау үшін 2017 жылы нақты жұмыстар жүргізгенін жақсы білесіздер. Осы жолы оқырманға түсінікті әрі нақты және дәлелі көп болу үшін дөңгеленген сандарды сөйлеткенім жөн болар. Біздің облыста мәдениет және өнер ұйымдарының желісінде 738 мемлекеттік мәдениет ұйымы жұмыс жасайды.

2017 жылы облыстық мәдениет саласын қаржыландыруға облыстық бюджеттен 7 142,6 млн. теңге қаражат бөлінді, соның 7 113,3 млн теңгесі, яғни 99,97 % игерілді.

Батыс Қазақстан облысы бойынша 388 кітапхана қызмет көрсетеді. Ауыл тұрғындарының жаппай қалаға көшуі себепті мемлекеттік жүйеге қарасты өкінішке орай, былтыр үш кітапхана жабылды. Аққозы ауылдық округіндегі Қосбаз ауылдық кітапханасы, сол секілді Теректі ауданы әкімдігінің №389 қаулысына сәйкес Аңқаты селолық округінің Тасаншеген ауылдық кітапханасы және Ақжайық селолық округінің Сүттігенді ауылдық кітапханасы. 2017 жылдың есебіне сәйкес облыс кітапханалары негізгі көрсеткіштерінің өсімі анықталып, оқырмандар саны – 329,8 мың (2016 ж. – 318,6 мың), кітап берілімі – 6617,4 мың (2016 ж. – 6429,5 мың), келім саны – 2878,2 мыңға артты. Оқырман саны өткен жылмен салыстырғанда 11,1 мыңға, кітап берілімі – 187,8 мыңға, келім саны – 84,8 мыңға жетті. Мемлекеттік жүйедегі 388 кітапхананың кітап қоры 2018 жылдың 1 қаңтарында – 5697,0 мың (2016 ж. – 5658,1 мың) болса, оның 2275,6 мың (2016 ж. – 2205,8 мың) данасы қазақ тілінде жарық көрген басылымдар. Кітап қоры 2016 жылмен салыстырғанда 38,9 мың данаға, қазақ тіліндегі әдебиеттер 69,8 мың данаға өсіп отыр. Жалпы алғанда есепті мерзімде облыс кітапханаларында кітап қорының өсімі байқалды.

Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында 2016 жылы 390 сирек кездесетін кітаптар цифрлық форматқа көшірілді, барлығы 3086 кітап цифрлық форматқа енді. Облыс бойынша жергілікті бюджеттен бөлінген 13310,0 мың теңге қаржыға 3969 дана кітап алынды.

Облыста тарихи-мәдени мұраны насихаттау мақсатында 19 тарихи-өлкетану, мемориалдық музейлері халыққа қызмет көрсетеді. Олардың оны ауылдық жерде болса, былтыр облыстық тарихи-өлкетану музейінің жанынан желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Орал қаласында «Рухани жаңғыру» музейі ашылды. Жаңақала ауданында Жаңақала ауданының тарихи-өлкетану музейі ашылды. 2017 жылы облыс музейлері 7824 экскурсия өткізді. Бұл да 2016 жылдың көрсеткішімен (7476 экскурсия) салыстырғанда 348 бірлікке немесе 4,6%-ға артық. Өткен жылы музейлерге келушілер саны 117,8 мың адам құрады, бұл 2016 жылмен салыстырғанда (106,1 мың адам) 11,0%-ға артық.

Музейлерде былтыр 334 көрме жасақталып, 2016 жылдың (300) көрсеткішімен салыстырғанда 34-ке, немесе 11,3% өсті.

Музей қызметкерлері 2017 жылы 264 дәріс берді. 2016 жылмен (210) салыстырғанда 54 дәріске, немесе 25,7 % өсті, яғни бұл көрсеткіштер өңіріміздің әлеуметтік жағдайының жақсарып, мәдениет саласының дамып келе жатқанын көрсетеді. Облыстық музейлердің қорына 16747,5 мың теңгені құрайтын 312 жәдігер сатып алынды.

– Соңғы жылдары өңірдегі басқа да театрлардың жұмысы дамып, өз жемісін беруде. Ауылдық жерлердегі театрлардың болашақ жоспарларын айта отырсаңыз.

– Есепті жылы облыстық қазақ драма театры мен А.Н.Островский атындағы драма театры 17 жаңа қойылым сахналады. Олардың қатарында А.П. Чеховтың «Дядя Ваня», Г.Остердің «38 попугаев», Р.Кунидің «№13», М.Әлібектің «Алдар көсенің сиқырлы дүрбісі», Сәбит Досановтың «Тозақ шеңбері», Рахымжан Отарбаевтың «Сырым батыр» және тағы басқа да қойылымдары бар. Жалпы, облыстық театрлар 517 спектакль қойып, 86117 көрерменді мәдениетіміз бен өнеріміздің қара шаңырағына айналған театрларға тартты. Көзайым көрерменнің жан дүниесін рухани құндылықтармен байытты.

Мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық жағдайларын жақсарту мақсатында LED-экрандар мен жарық және дыбыс күшейткіш аппаратуралар сатып алынды. Материалдық техникалық базаны нығайту үшін 2377,0 млн. теңге бөлініп, осы саланың игілігіне жаратылды. Мәселен, облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхана мен қазақ драма театрына автокөлік, лед-экран, концерттік мекемелерге жарық және дыбыс аппаратуралары, кондиционерлер және басқа да құрал-жабдықтар, облыстық халық шығармашылығы орталығына, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияға жарық және дыбыс күшейткіш аппаратуралар, облыстық жастар шығармашылығы орталығына музыкалық инструменттер сатып алынды.

Өткен жылы Мәдениет үйлері мен клуб мекемелері 38801 мәдени-көпшілік шараларды көптеп өткізді. Оның ішінде фестиваль, байқау, форум, акция, айтыс, концерт, шығармашылық есеп тағы басқасы бар. Осындай мәдени-көпшілік шараларға келушілердің саны 1665,7 мың адам құрап отыр. Сондай-ақ 2017 жылы алты мәдениет нысанына атап айтқанда Бөкейорда ауданы Қарасу және Көктерек, Жәнібек ауданы Борсы ауылының, Бөрлі ауданы Бөрлі ауылының, Зеленов ауданы Дарьинск ауылдық Мәдениет үйлеріне және А.Островский атындағы драма театры шатырының жөндеу күрделі жұмыстарына 300,1 млн. теңге қаражат бөлініп, жөндеу жүргізілді.

2017 жылы Батыс Қазақстан облысының концерттік мекемелерімен (Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясы, Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі, Жастар шығармашылығы орталығы) 405 кәсіби концерт беріліп, көрермендер саны – 82080 адамды құрады, ақылы қызметтен түскен табыс 20537,6 мың теңге болды. 2016 жылмен салыстырғанда концерттер саны 9,2 пайызға, көрермендер саны 6,4 пайызға, ақылы қызметтен түскен қаржы 25,2 пайызға көбейді.

Мемлекеттік қорғауда тұрған ескерткіштердің қазіргі жағдайы қалай? Мұражайларға да тоқтала кетсеңіз.

– Бүгінгі күні облыста 2153 ескерткіш мемлекеттік қорғауда тұр. Олардың 187-сітарих, монументалды ескерткіштер болса, 1966-сы археологиялық ескерткіштерге жатады. Қазақтың қос шынары, батыр апаларымыз Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова және Хиуаз Доспановаға арналған «Қазақтың батыр арулары» скульптуралық композициясы ашылғанын білесіздер. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ел іші – өнер кеніші» жобасының бастау алғаны мәлім. «ЕХРО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесі аясында Астана қаласында «Жайықтың жауһар мұралары» атты үлкен көрме өтті. Облысымыздың барлық аудандарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлы дала құндылықтары» жобасы жүзеге асырылып, Орал қаласында «Рухани жаңғыру» музейі ашылды.

Былтыр 31 шілде мен 4 тамыз аралығында Астана қаласында халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО – 2017» көрмесі аясында Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндері болды. Бұған да 700-ден астам өнер қызметкерлерінен құрылған шығармашылық делегация концерттермен, спектакльдермен барды. Музей және қолөнер шеберлерінің көрмелерін ұйымдастырып, ЭКСПО алаңындағы амфитеатрда гала-концерт қойды.

Облыстық камералық оркестрмен америкалық дирижер Уинстон Дан Фогельмен бірлескен «Неоклассицизм и современность», итальяндық флейташы Луиза Селломен «Музыка флейты» атты концерттік бағдарламалары, скрипкашы Марат Бисенғалиев пен Алматы симфониялық оркестрінің «55 және 5» атты концерті елордалық көрермендерді тәнті етті.

Облыстық «Балдәурен» балалар шығармашылығы фестивалі, қолбасшы батыр, би, шешен, көсем Сырым Датұлының 275-жылдығына арналған республикалық конференция мен «Айбынды жігіттер – 2017» аймақтық байқауы, «Мен қазақпын» халықаралық мега жоба аясындағы байқау, Қазақстан Республикасының Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтың әндерін орындаушылардың ІХ Халықаралық ән фестивалі, Ардагерлер қозғалысының 30 жылдығына арналған «Қайран, біздің әжелер арды ойлаған» атты облыстық әжелер ансамбльдерінің байқауы, Қазақстанның Халық әртісі Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналған халықтық театрлардың облыстық фестивалі де өз мәресіне жеткен болатын.

Сонымен қатар, Алашорда қозғалысының 100 жылдығы және Алашорда қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтің құрметіне арналған «Ұлықтауға лайық ұлт зиялысы» атты облыстық жыр мүшәйрасы, «Алаштың бағы – азаттық!» атты республикалық ақындар айтысы мен халықаралық конференция ел көңілінен шықты. Көрермен есінде әлі де жүрген шығар былтыр қазан айында қазақ драма театры Македонияның Велес қаласындағы «Стоби-2017» халықаралық театрлар фестиваліне Х.Мюллердің «Филоктет-Медея» қойылымымен қатысып «Бас жүлдені», сондай-ақ Салауат Түменов «Ең үздік ер адам бейнесі», Нұрлыгүл Жұбатова «Ең үздік әйел адам бейнесі» номинацияларын жеңіп алды. Осының өзі де өңір мәдениетінің халықтан алған бағасы деп білеміз. Сондықтан өнер мен мәдениеттің жалауы желбіреп тұрғанын көрсетеді.

– Қадырболат Қабдырұлы, осы 2018 жылы жоспарланған шаралармен оқырмандарымызды құлағдар етсеңіз.

– «Өнерліге өріс кең» демекші, жалпы айтулы мерекелер Ұлыстың ұлы күні Наурыз, басқа да төл мейрамдарымыз бен ауқымды шараларымыз бір төбе. Жоспарда тұрған бағдарламалардың бәрі өз алдына, бұдан бөлек киелі топырақтан шыққан танымал тұлғаларымызға арналған додаларды да өткіземіз. Солардың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші, термеші Қаламқас Орашеваға арналған «Көмейінде күміс жыр» атты жыршы, термеші қыз-келіншектер арасындағы ІV республикалық байқау. Жайық өңірінің дарабоз күйшілері Мәмен Ерғалиұлы мен Қали Жантілеуовке арналған «Қали Мәмен – күмбір күй» атты облыстық домбырашылар байқауы. Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 195 жылдығына арналған республикалық домбырашылар байқауы. Елорданың 20 жылдығына орай Батыс Қазақстан облысының шығармашылық ұжымдарының Астана қаласындағы гала-концертін де жоспарлап қойдық. Сондай-ақ облыстық мәдениет қызметкерлерінің форумын ұйымдастыру ойымызда. Осындай мән-маңызы бөлек, жалпы көрермен қауымға рухани байлық, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын кештеріміз, сайыстарымыз таусылмасын. Көңілдің ажарын ашар әніміз бен тәтті күйіміз көп болсын деп Батыс Қазақстан облысының мәдениеті мен өнерін дамытуға бойымыздағы білімімізбен, бар күш-жігерімізді, қайрат-қуатымызды жұмсауға барша әріптестерімді де шақырамын. Ақ Жайық жұртшылығына, көзайым көрерменге жыл бойы жасаған жұмыстарымызға ортақтасып, алтын уақыттарын бөліп кештерімізге, сайыстарымызға, тамаша концерттерімізге келгені үшін, бұған қоса кітапханаларымыздан табылып, оқырмандар санын өсіргендері үшін де зор ілтипатымды сіздердің «Жайық үні» газеттеріңіз арқылы жеткізгім келеді.

Барша өңір халқын, өнер сүйер қауымды келіп жеткен Жаңа жылдарымен құттықтап, әр отбасына жылылық, амандық, жақсылық пен молшылық тілеймін. Жеті қазынаның бірі атанған осы Ит жылында да Жайықтың игі-жақсылары мәдениет саласының тарапынан болатын барлық шараларды қолдайды, насихаттайды, жалпақ жұртқа паш етеді, шапалақтарының қызуымен, алақандарының жылуымен өнерпаздарымызға шалқар шабыт сыйлайды деп сенемін.

– Әлбетте. Айтқаныңыз келсін. «Өнерлінің өзегі талмас» демекші, көрерменге сыйлар қуаныштарыңыз көп болсын.

Сұқбаттасқан

Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА

 

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері:

– Хадиша Бөкеева Ұлы даланың ұлы қыздарының бірі. «Ардақтасаң ару да көп, ер де көп» деп Жұбан ағам айтқандай, қазақ халқы таланттарға кенде емес. Бірақ солардың ішінде «театр Падишасы» атанған, сырлы сахнаға бар өмірін сарп еткен, ғажайып классикалық рөлдерді драматургия жанрында жандырып ойнаған Хадиша апамыздың салған ізі, орны ерекше. Сондықтан Санкт-Петербургтағы театр өнер институтында оқып, әлем сахнасына шыққан қазақ қызының өнердегі ерлігін ұмыту мүмкін емес. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деп, біз жақында Алматы қаласындағы Хадиша Бөкейқызы мен өмірлік серігі болған Байғали Досымжанов тұрған үйге ескерткіш тақта орнаттық. Осы игі шараның басы қасында Алматы қаласы мен Батыс Қазақстан облысының әкімшілігі бірге болды. Падишадай аналарын ардақтаған ел азаматтарына алғысым шексіз.

Версия для печати

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Соңғы жаңалықтар
Еске алу
Батырлар рухына тағзым етті
05 Мамыр 2024
361 0
Қалалықтар қаперіне
Бірді-бірге соғыстырып, күнәға батпайтын!
03 Мамыр 2024
499 0
Қалалықтар қаперіне
«Қазавтожолдың» техникалары өз облысына қайтты
03 Мамыр 2024
536 0
Қалалықтар қаперіне
Жалған ақпарат таратқандар жазаланды
30 Сәуір 2024
807 0
Қоғам
Қаржылық сауаттылық қажет пе?
30 Сәуір 2024
822 0
Оқиға
Тұрғын үй өртенді
29 Сәуір 2024
945 0
Қалалықтар қаперіне
Өз үйлерін тексере алады
26 Сәуір 2024
1248 0
Қалалықтар қаперіне
Құжаттандыру бойынша көмектесуде
25 Сәуір 2024
1340 0
Қоғам
Мемлекет шығынды түгел өтейді
25 Сәуір 2024
1366 0
Мезгіл мәселесі
Су тасқынына қатысты кейінгі деректер
23 Сәуір 2024
1576 0
Мезгіл мәселесі
Апаттан құтқару жұмыстары жүріп жатыр
21 Сәуір 2024
1849 0
Қалалықтар қаперіне
Су деңгейі көтерілді
19 Сәуір 2024
2069 0
Мезгіл мәселесі
Авторлық құқықты қорғау керек
18 Сәуір 2024
2114 0
Мезгіл мәселесі
Оқушылар қашықтан оқуда
17 Сәуір 2024
2256 0
«Мемлекеттік бағдарламалар»

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»
мемлекеттік бағдарламасы

«Ғаламтор ресурстары»