АДАЛ ҰРПАҚТЫ ТӘРБИЕЛЕУ – МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ КЕПІЛІ
8 сәуір күні Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуын сыртқы талдау мен бағалаудың республикалық арнайы мониторингтік тобының төрағасы Айгүл Соловьева және оның орынбасары Рафаэль Гасанов келіп, Орал қаласының №21 және №7 орта жалпы білім беретін мектептерінде болып, білім ұяларындағы «Адал ұрпақ» клубтарының жұмысымен және оушыларды адалдық, парасаттылық қағидаттарына тәрбиелеу мақсатындағы шаралармен танысты.
«Адал ұрпақ» клубтары 2017 жылдан бастап жұмыс жасай бастады. Бүгінде қала мектептерінде 51 клуб құрылған, 979 оқушы мүше. Клуб мақсаты – адамгершілігі жоғары, бастамашыл, әлеуметтік құзыретті, патриот тұлға тәрбиелеу. Бұл ретте рухани-игіліктілік пен азаматтық-патриоттықты тәрбиелеуге бағытталған шараларды іске асыру – басты міндет. Сондай-ақ мемлекеттік үкімет институттарына сенімін артуына ықпал ету және жемқорлыққа қарсы сипатты игілікті-әдептік құндылықтарын қалыптастыру мен оқушылардың саяси-құқықтық білімін қалыптастыру – назарда. Клубтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпарат және шығармашылық, мәдени-көпшілік іс-шаралар секциялары бойынша жұмыстанады.
Мәселен, №21 мектептегі клуб жоба аясында ұлы ойшыл Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай мектепішілік ғылыми-тәжірибелік конференция, республикалық «Адалдық сағаты» аясында парасаттылықты, адалдықты ту еткен ұлы тұлғалардың өміріне байланыстырылған сабақтарды жүйелі жүргізуде. Сонымен қатар жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы сынып сағаттары ұйымдастырылады. «Әлем – жемқорлықсыз» ұранымен шығармашылық байқау өткізіліп келеді. Бүгінде клуб еріктілері Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «30 кітап» акциясын бастады. Акция мақсаты – оқушылардың адалдық, парасаттылық сынды жоғары адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру және оқу мәдениетін көтеру.
Республикалық арнайы мониторингтік тобының жетекшісі Айгүл Соловьева клуб негізінде жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесін бақылау мәселесін көтерді. Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханованың айтуынша, бұл ретте оқушылар арасында әлеуметтік тәжірибе жүргізілген.
– Мәселен, оқушылар келе жатқанда әмиянын түсіріп алып, оны қанша оқушы алып, иесіне бергенін, қанша оқушы алмағанына жасырын бейнекамера арқылы бақылау жасалды. Осы сынды видеороликтер байқауы ұйымдастырылды. бейнероликтер әлеуметтік желілерде жарияланды, – деді Ақжарқын Мүтиғоллақызы.
Сондай-ақ оқушылардың тест, емтихан кезінде көшірмеуі үшін, таза білімімен тапсыруы мақсатында қолға алынған жұмыстар баян етілді. Осындай іс-шаралар білім алушылардың бойында өзінің біліміне ғана сенім артып, әділ болуына ықпал етері хақ. Мәселен, өңірдегі арнайы мониторинг тобының өкілі Б.Лаврентьевтің айтуынша, биыл бірде-бір оқушы тест тапсыруда қулық жасауға бармаған.
– Өткен жылдары мұндай жағдайлар орын алды. Ал биыл телефонмен ұсталғандар тіркелмеді. Оқушылар әлеуметтік жауапкершілікті түсіне бастады. Яғни, олар қосымша құралдарды пайдаланып, ұсталған жағдайда, екінші рет тапсырудың мүмкіндігі жоқ екенін біледі, – деді Борис Лаврентьев.
Сондай-ақ арнайы мониторинг топ сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру мәселелері бойынша онлайн-режимде білім саласы қызметкерлерімен кездесті. Оған білім басқармасының, қалалық және аудандық білім бөлімдерінің басшылығы, колледждер мен мектептердің директорлары қатысты.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу