МЕДИЦИНА САЛАСЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін БҚО әкімі Алтай Көлгінов өңірдегі медицина мамандарымен кездесті. Басқосуда саладағы қызмет көрсету сапасын жақсарту, жоғары білімді мамандарды тарту, біліктілік арттыру мәселесі талқыланды. Денсаулық сақтау саласы бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар сараланып, биылғы жылдың жоспары айтылды. Медициналық ұйымдардың негізгі мәселелері тыңдалды.
Облыста соңғы үш жылдағы халықтың денсаулық жағдайы бойынша негізгі көрсеткіштерден оң динамика байқалады. Жалпы өлім жағдайы 3,8 пайызға, балалар өлімі – 20, аналар өлімі – 66 пайызға азайып отыр. Қатерлі аурулардан көз жұму жағдайы да төмендеген. Алтай Көлгінов атап өткендей, бұл – мемлекеттің қолдау шараларының және қамқорлығының нәтижесіндегі қызмет көрсету деңгейінің өсуін көрсетеді. Былтыр өңіріміз медицина саласын қағазсыз құжат айналымына көшіру мақсатында пилотты аймақ ретінде таңдалып, тиісті жұмыстар атқарылған болатын. Бүгінде барлық 121 есептік үлгі электронды нұсқаға көшірілді. Өткен жылы 20 шақты медициналық нысан жөнделді. Жеке инвестициялар есебінен дәрігерлік амбулаториялар салынуда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында Шыңғырлау ауданының Лубен ауылында дәрігерлік амбулатория бой көтерді. Медицина – жеке инвестиция құюға қолайлы сала. Жеке кәсіпкердің облыс орталығында офтольмология және стомотология бойынша қызмет көрсету медициналық орталығын ашуы – соның бір дәлелі. Дегенмен, тегін көрсетілетін медициналық көмектің мемлекеттік көлемі де халыққа сапалы көрсетілуі маңызды. Бұл мамандардың білімі мен біліктілігіне байланысты. Облыста білікті, тәжірибелі мамандар бар. Соның өзінде медицина мамандарының жетіспеуі байқалады. Орта медицина саласының мамандары жеткілікті болғанымен, 213 дәрігер қажет. Бұл жөнінен біздің өңір республикалық деңгейден әлдеқайда төмен.
– Үш жыл ішінде 247 маман келді. Олар облыс орталығымен қатар аудандарда еңбек етуде. Облыс орталығында білікті мамандар бар. Соларды аудан-ауылдарға жолдап, кәсіби көтермелеуді, ал облыс орталығына ЖОО-дарын аяқтаған жас мамандарды немесе Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан тәжірибесі бар мамандарды шақырту мүмкіндігін қарастыру керек. Бұл жұмыс жүйелі жүргізілетін болады. Сондай-ақ екінші жыл қатарынан медицина мамандарын оқыту үшін жергілікті бюджеттен гранттар бөлінуде. Оқуларын аяқтаған соң олар өңірге келіп келісімшартпен жұмыс жасайды. Егер кадрларымыз біліктілік деңгейлерін арттырғысы келсе, біз барынша көмек көрсетеміз, кәсіби өсуге ұмтылғандарды қолдайтын боламыз, – деді Алтай Сейдірұлы.
Облыс басшысы медицина саласындаға тәртіп жайына да ерекше тоқталды. Әсіресе, емханаларға тіркелген тұрғындар көп болғандықтан, дәрігерлерге жүктеме артылып отыр. Шағымдар көп болған емханалардың бірі – №6 емхана. Зашаған кентіндегі жаңа емхана 250 келушіге есептелген. Бірнеше шағынауданға ортақ емханаға 66 мыңдай тұрғын бекітулі. Яғни, күніге 800-дей адам келеді. Салдарынан кезек күтіп қалу жағдайы бар. Электронды кезек жүйесінің енгізілуімен бұл мәселе реттелуде. Бірақ, кент тұрғындары өз аудандарынан отбасылық амбулаториялардың ашылуын сұрап отыр. Осы орайда округ депутаты ретінде сөз алған Ерлан Тоқсанов кентке кемінде 5-6 аумбулаторияның қажеттігін көтерді. Онсыз халқы тығыз орналасқан кенттегі емхананың мәселесін шешу мүмкін емес.
– Болашақта жаңа салынған ғимараттардың бірінші қабатынан медициналық мекеме ашу жоспарда. Бұл ұсыныс қарастырылады. Бірінші кезекте баға беруші – халық. Әркім өз қателіктерімен жұмыстануы керек, – деген облыс басшысы медициналық қызметтің сапалы көрсетілуін, келушілермен жылы қарым-қатынас болуы керектігін ескертті.
– Өңірде «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы жұмыс жасауда. Президент жуырда сыбайлас жемқорлықпен күрес тоқтамайтынын, белсенді жүргізілетінін айтты. Бақылау жоғары деңгейде және ол күшейе түседі. Емханаларға халық көп келетінін ескеріп, тәртіп мәселесін қатаң ұстану керек. Қандай да бір олқылыққа жол бергендерді заңнан ешкім құтқара алмайды. «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы аясында денсаулық сақтау саласы басымды бағыттардың бірі ретінде бақылауда. Әсіресе, тегін дәрі-дәрмектердің бөлінуі, тегін медициналық көмектің уақытылы көрсетілу мәселесі назарда болады, – деді Алтай Сейдірұлы.
Жиын барысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрданат Беркінғали маман тапшылығын жою, медицина мамандарының біліктілігін арттырудағы атқарылған және жоспарлы жұмыстар туралы баяндап, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының облысымыздағы көрсеткіштеріне тоқталды. 14 индикатордың 11-і толық орындалған. Үшеуінен ғана кемшін тұстар бар. Сондай-ақ басқарма басшысы денсаулық сақтау саласындағы биылғы жылға жоспарланған басқа да жұмыстарды таныстырды. Мәселен, былтыр медициналық ұйымдарға 92 жабдық, 15 автокөлік алынған болса, биыл тағы 35 медициналық құрылғы, 58 санитарлық автокөлік алу жоспарда. Ақжайық ауданында инсульт орталығы ашылып, облыс орталығында жоспарланған 160 орындық кардиологиялық емдеу корпусының құрылысы басталмақ. 18 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіледі. Басым бөлігі аудан-ауылдарға жоспарланған. Ақсай қалалық ауруханасы жаңғырту да биылдың еншісінде.
№7 емхананы ашу мәселесі соңғы екі жыл бойы айтылып келген болатын. Жиын барысында Алтай Көлгінов емхана ғимаратын жөндеу жұмысы биыл аяқталатынын айтты. Жаңа емхананың ашылуымен қазіргі №1, 3 емханаларға бекітілгендердің 42 мыңы ауыстырылмақ.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Версия для печати
Пікір үстеу