АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕККЕ ЕНГІЗІЛЕТІН ӨЗГЕРІСТЕР ТҮСІНДІРІЛДІ
Бүгін өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында Атаулы әлеуметтік көмектің төленуі және 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілетін АӘК тағайындаудағы өзгерістерді түсіндірді. Брифингке БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаев, орынбасары Ділдәш Ысқақова қатысты.
Атаулы әлеуметтік көмек – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке адамдарға (отбасыларға) мемлекет ақшалай нысанда беретін төлем. Қолданыстағы ереже бойынша атаулы әлеуметтік көмек әр жан басына шаққандағы орташа табысы кедейшілік шегінен төмен азаматтарға тағайындалады. (2019 жылы кедейлік шегі – 14 849 теңгені құрайды немесе күнкөріс деңгейінің 50%. Ең төмен күнкөріс деңгейі – 29 698 теңге).
Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері жан басына шаққандағы орташа табысымен аймақтарда белгіленген кедейлік шегінің айырмасы арқылы белгіленеді.
Кедейлік шегі – атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін айқындау үшін өлшемшарт ретінде белгiленетiн, бір адамға шаққандағы ақшалай кірістің шекті ең төмен шамасы.
Ең төмен күнкөріс деңгейі – құрамына адамның тіршілік әрекетін қамтамасыз ету үшін қажетті азық-түліктің, тауарлар мен қызметтердің минималды жиынтығы кіретін, мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің заттай және бағалық құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс. (2019 жылдың 1 қаңтарынан ең төмен күнкөріс деңгейі – 29 698 теңге)
Жан басына шаққандағы орташа табыс – атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде ескерілетін табыс түрлерінің сомасы,отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі.
Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде тұрғын үй көмегі мен атаулы әлеуметтік көмек және мемлекеттік қолдау шаралары аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларынан басқа барлық табыс көздері кіреді.
Отбасының немесе жеке адамның әлеуметтік жағдайына байланысты атаулы әлеуметтік көмек шартты және шартсыз болып екі түрге бөлінеді.
Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға немесе еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын аз қамтылған отбасыларға беріледі.
Мұндай аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек қандай да бір шартсыз тоқсан сайын тағайындалып, ай сайын төленеді.
Шартты атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар аз қамтылған отбасыларға немесе еңбекке жарамды аз қамтылған азаматтарға ұсынылады, бұл орайда қойылатын шарт – жұмыспен қамтудың белсенді шараларына олардың міндетті түрде қатысуы (әлеуметтік келісімшарт 6 айға жасалады, қосымша тағы 6 айға созу мүмкіншілігімен).
Атаулы әлеуметтік көмекке өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша Халықты жұмыспен қамту орталығына немесе селолық, ауылдық округ әкімдеріне жолығады.
2019 жылдың 1 шілдесінен АӘК тағайындауға өзгерістер енгізіледі
«Нұр Отан» партиясының XVIII кезекті съезінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев – халықтың аз қамтылған осал топтарының табыстарын арттыру мен әл-ауқатын жақсарту партияның басты міндеті деп атап өткен болатын. Сондықтан бірінші кезекте табысы төмен көп балалы отбасыларға айырықша көңіл бөлінетін болады.
– Елбасы тапсырмасына орай атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа тәртібі өзегереді. Біріншіден, аз қамтылған отбасыларды, әсіресе көп балалы отбасыларды қамту аясын кеңейту мақсатында атаулы әлеуметтік көмек көрсету өлшемдері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-нан 70%-ға дейін көтеріледі. (14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 29 698 теңге). Екіншіден, аз қамтылған отбасылардың балаларына (18 жасқа дейін, оқыған жағдайда 23 жасқа дейін) ай сайын 20 789 теңге кепілдендірілген көмек төленетін болады. Ал ата-анасына кедейлік шегімен отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы орташа табысының айырмасы төленеді. Үшіншіден, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған кезде отбасының жиынтық табысынан көп балалы отбасыларға және «Күміс алқа», «Алтын алқа» төс белгілерімен марапатталған көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ балалардың мүгедектігіне берілетін жәрдемақылар және стипендиялар алынып тасталады. Төртіншіден, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау рәсімі жеңілдетіліп, сұратылатын құжаттар «е-Халық» ақпараттандырылған жүйесі арқылы жүзеге асырылатын болады. Кейбір мәліметтер жоқ болса, ата-ананың келуінің керегі жоқ. Жергілікті жердегі жұмыспен тамту орталықтары, әкімшіліктер тиісті мемлекеттік органдарға сұрау жасап, өздеріне тиісті мәліметтерді алады. Өтініш беруші жеке басын куәландыру үшін тек жеке куәлігін ғана көрсететін болады. Мысалы, 60 000 мың теңге кірісі бар 4 балалы толық отбасы 1 шілдеге дейін ай сайын 29 094 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алып келсе, 1 шілдеден бастап ол 75 640 теңгеге көбейіп, 104 734 теңгені құрайды. Ал қосымша төлемдерді есептегенде бұл отбасының жалпы табысы айына 164 734 теңге болады. Тағы бір мысал, 2 баласы бар толық отбасын алайық. Отбасының кірісі – 40 000 тенге болған жағдайда, 1 шілдеге дейін бұл отбасы ай сайын 19 396 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алып келсе, 1 шілдеден бастап бұл отбасы бір айға 63 156 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алатын болады. Бұл отбасының бір айлық жалпы табысы 103 156 теңгені құрайды, – деп түсіндірді Ділдәш Ысқақова.
Басқарма басшысының мәліметінше, 2018 жылы облыс бойынша 3 556 отбасы Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алған. Бұл 544 көп балалы отбасыларын қамтып, барлығы 16 796 адамға, соныңғ ішінде 9 432 балаға, 728,2 млн. теңге төленген. 3 979 отбасына 107,8 млн.теңгеге тұрғын үй көмегі көрсетілсе, 456 отбасындағы үйде оқитын мүгедек балаларға 39,5 млн. теңге жәрдемақы берілген. Жергілікті өкілетті органдардың шешімімен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына 837,8 млн. теңге әлеуметтік көмек көрсетілген. Бұл санат бойынша 29 956 адам көмек алған.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Атаулы әлеуметтік көмек мөлшері | |
Қәзіргі АӘК төлеу тәсілі | 2019 жылдың 1 шілдесінен |
егерде | Төлемдер |
Отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы кедейшілік шегінен төмен болса АӘК тағайындалады | Балаларға (18 жасқа дейін, оқыған жағдайда 23 жасқа дейін) ай сайын 20 789 теңге төленетін болады. |
Кедейшілік шегі – жан басына шаққандағы орташа табыс | 20 789 тенге х4=83 156 тенге |
Жан басына шаққандағы орташа табыс = 10 000 теңге, КШ = 14 849 теңге
Айырмасы = 4 849 теңге отбасының әрбір мүшесіне |
Ата-аналарына: кедейшілік шегі – жан басына шаққандағы орташа табыс
20 789 – 10 000 =10 789 х 2 = 21 578 теңге |
АӘК = 4 849 х 6 = 29 094 теңге бір айға | АӘК = балаларының төлемі + ата-аналарының төлемі (104 734 теңге) |
Отбасының бір айлық жалпы табысы 89 094 теңге. | Отбасының бір айлық жалпы табысы 164 734 теңге.
|
Отбасында 2 баласы бар толық отбасы. Отбасының табысы 40 000 теңге.
Атаулы әлеуметтік көмек мөлшері | |
Қәзіргі АӘК төлеу тәсілі | 2019 жылдың 1 шілдесінен |
Жан басына шаққандағы орташа табысы:
40 000 теңге /4=10 000 теңге отбасының әрбір мүшесіне |
|
Отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы кедейшілік шегінен төмен, АӘК тағайындалады. | Балаларға (18 жасқа дейін, оқыған жағдайда 23 жасқа дейін) ай сайын 20 789 теңге төленетін болады. |
Кедейшілік шегі – жан басына шаққандағы орташа табыс | 20 789 теңге х 2 = 41 578 теңге |
Жан басына шаққандағы орташа табыс = 10 000 теңге, КШ = 14 849 теңге
Айырмасы=4 849 теңге отбасының әрбір мүшесіне |
Ата-аналарына: кедейшілік шегі – жан басына шаққандағы орташа табыс
20 789 – 10 000 = 10 789 х 2=21 578 теңге |
АӘК = 4 849 х 4 = 19 396 теңге бір айға | АӘК = балаларының төлемі + ата-аналарының төлемі (63 156 теңге) |
Отбасының бір айлық жалпы табысы 59 396 теңге. | Отбасының бір айлық жалпы табысы 103 156 теңге.
|
Пікір үстеу