АЙШЫҚТЫ ІЗ. ЖОҒАЛМАЙТЫН ЖОЛ ҚАЛДЫРДЫ!
«Ақ сұңқар ұшып шөлге кетті. Ол адасып кеткен жоқ. Бәріміз баратын жерге кетті» деп, Сүйінбай Аронұлы айтқандай, мынау жарық дүниеден Қалам Сүйіншәлиев ақсақалымыз да мәңгілік мекеніне аттанды. Ғасырға жуық ғұмыр кешіп, 18 – қаңтар туған күніне жиырма төрт сағат қалғанда жүрегінің соғуы тоқтады. Сұм ажал кіріп келмегенде, 97 жасқа да толар ма еді?! Бәрі Жаратқанның қолында!
Бүгін арда азаматтың оң жамбасы қаңтардың қара суық топырағына тиді. Барша Ақ Жайық жұртшылығы қаралы жиынға қатысып, өңір басшылары Ғ. Есқалиев пен А. Шыныбеков, М.Өтемісов атындағы БҚУ ректоры Н. Серғалиев және өлкедегі игі-жақсылар, педагогтар ел ағасын ардақтап, Ұлттық ұланның мұңды шеруімен соңғы сапарға қимай – қимай шығарып салды.
Жеңіс жалауын желбіретіп, ұрпаққа ашық аспан, бейбіт заман, тыныш өмір сыйлаған Ұлы Отан соғысының ардагері, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының доценті, жетпіс жыл бойы өмірін байырғы оқу ордасында оқытушылық қызмет пен ұрпақ тәрбиесіне арнаған Қалам Сүйіншәлиевтің елімізге сіңірген еңбегі туралы шәкірті Мұрат Сыздықов баяндама жасады. БҚО әкімі Ғали Есқалиев ел-жұрт атынан көңілді толқытар ойларын төгіп, аға-ұрпақтың Қалам Жұмашұлын жадында сақтайтынын, ел есінен ардагердің есімі ұмытылмайтынын айтты. Тарихшы-ғалым Жаңабек Жақсығалиев жүргізген қаралы жиында БҚУ ректоры Нұрлан Серғалиев сөз сөйлеп, байырғы оқу ордасында Қалам Жұмашұлының орны ойсырап тұратынын мәлімдеді. Жиын соңында танымал тұлға Жайсаң Ақбай жан досынан, серігінен айрылып, жалғыз қалып бара жатқанына қиналды. «Жайсаң-ау, менен бұрын кетіп қалмашы. Соңымнан бас-көз болып қала тұршы деуші едің. Мен енді сенсіз қалай жүремін? Бұл қайғыға қалай шыдаймын?» деген сәтте жиналған жұрт жылап қоя берді.
Иә, Жайық елі тағы бір ардагерінен айырылды. Бір дәуірдің белді азаматы да келместің кемесіне мініп, өмір-өзенін тоқтатты. Жақсыны қара жерге қимайтын көңіліміздің төрінде: «Қалам ағадай қайратты ұл бұл заманда көп болса игі! Қиындыққа мойымай, елін-жерін сүйсе игі!» деген арманның тұратыны анық. Қашан көрсеңде ағынан жарылып әңгімесін айтатын, аңқылдап жүретін, үйіне қонақ келсе әуелетіп ән салатын, шахмат пен дойбыны шебер ойнайтын асқан білімді, мәдениетті, парасатты тұлғаның ғасыр жасаған өмірі, қиындықты жеңген батылдығы, сұрапыл соғыс кезінде жауға тойтарыс берген батырлығы Қазақ Елінің барша ұрпағына өнеге. Айшықты із. Жоғалмайтын ашық жол деп айтар едім өз басым. Күні кешегідей есімде. 2015 жылдың басы болатын. Қалам аға мерейлі 90 жасқа толды. Менің қаламымнан «Бұл – мен күтпеген қос қуаныш» деген сыр-сұқбат туды. Бір қызығы, ертеңмен редакцияда отырып, Қалам ағаның үйіне телефон соқтым. Әуелі отанасы Фаруза Ниетқызы қоңырауыма жауап берді. Аман-саулықтан соң Қалам ағаның даусы гүрілдеп қоя берді әр жақтан. Үлкен кісілерден рұқсат сұрап, үйлеріне аяқтай барғалы отыр едім. «Қалауын тапса қар жанар» дегендей, біздің телефон арқылы бұл тілдесуіміз тамаша дүниеге ұласты. Сөйтіп, 15-қаңтарда «Жайық үні» газетіне Қалам Жұмашұлынан алған сұқбатым жарияланды. Ал ертесіне үйім мен жұмысымдағы телефоныма тыным болсашы. Ақ күріштей аппақ Фаруза апам екеуі алма-кезек: «Айналайын-ау, айналайын! Қызыңның қызығын көр» дей береді қуаныштан жүректері жарылып! Көп ұзамай БҚМУ-дың сол кездегі ректоры, академик Асхат Сәлімұлы Иманғалиев те хабарлассын. «Мира-ау, сенің жазған мақалаңды оқып, ағай мен апайдың төбесі көкке жетіп отыр. Өзіңе тіптен риза! Қалам Жұбашұлын мерейлі жасымен құттықтап, шаңырағына кіріп шығып едік. Дастархан басындағы әңгіменің дені өзің мен сұқбатын жайлы болды» деді. Таңқалдым. Ата көршімнен әрі ғалым – ұстазымның батасын алу ғажап қой! Арада айлар жылжып, қыстан аман шықтық. Мамыражай мамырда Сүйіншәлиевтер әулеті ардақты әкенің тоқсан жасын дүркіретіп атады. Жалғыз қызы Саида келді Оңтүстіктен құстай ұшып. Азамат болған ұлдары Жасұлан мен Руслан жанұя мүшелерімен бірге аяулы ата-ананың жүзін жадыратты. Ана тілінде сайраған келіндері мен немерелері, жиендері қаумалап, қос қарияның құшағын гүлге толтырды. Қазір ойлап отырсам, сол жұлдызды сәттерге де тура жеті жыл өтіпті. Қайран уақыт-ай!
Қайда да халқына ақ батасын арнап, өскелең ұрпаққа алғысын айтудан шаршамайтын Қалам ақсақал осыдан екі жыл бұрын тоқсан бес жастың жалауын және желбіретті. Ой, сондағы шаттанғанын көрсеңіз?! Дөңгеленген дүниенің суығына тоңып, жоқшылыққа төзген, қиындыққа қасқайып қарсы тұрған, дұшпанды бір оқпен ойсыратқан, сосын шалтты заманның бақыты мен жанұя қуанышын асыл жары, үш баласының анасы Фаруза Ниетқызымен қолұстасып бірге көрген абыз ақсақалды өңір басшысы Ғали Есқалиев те, Жеңістің 75 жылдығымен қала әкімі Абат Шыныбеков те барша ел атынан құттықтады. Жылы ұясына барып қос алыптың жүрегін жылытты. Содан кейін абызымыздың денсаулығы сыр бере бастады. Темірден жаратылған жан жоқ қой!
Ұлт мақтанышының жалғасы, атақты ғалым, жерлесіміз Ханғали Жұмашұлының туған бауыры Қалам Сүйіншәлиевтің жарқын бейнесі ел жадында ұзақ-ұзақ сақталары хақ. Талай тарихтың ащысын кешкен, бейнетін өткерген Қалам атаның есімі Қазақ елімен мәңгі жасай береді! Тек, бәйтеректей жайқалып, тамырын тереңге шашқан Құдай қосқан қосағы Фаруза анамыздың ұзақ жасап, аман-сау болуын, ұрпақтар қызығын көруін тілейік. Бақытты ғұмыр кешкен ақсақалымыздың үрім-бұтағына, Сүйіншәлиевтер жанұясына көңіл айтайық.
Иә, егер аспандап ұшса қайда қонарын білмейтін тұрлаусыз уақыт еш пенденің пешенесіне мәңгі жасауды жазбаған. Адамзат баласы бәріне де көнеді, төзеді, қуанады, күрсінеді, күледі. Кемпірқосақтай құбылып тұратын бұл өмірдің заңы да, мәні де, бұйрығы мен бұйырысы да маңдайға жазылған! Тек, менің жүрегімді «ат төбеліндей» ардақтылардың, қарияларымыз бен дарияларымыздың өзендей сарқылып, азайып бара жатқаны қинайды, қинай түседі…
Хош болыңыз, аяулы Қалам аға! Табытыңызды Күн сәулесі нұрландырғай… «Ер есімі – ел есінде» дегендей, «Бұл – мен күтпеген қос қуаныш» атты сұқбатыңызды оқырманмен қауыштырып тұрамын. Рухани дүниеңіз арқылы рухыңызға тағзым етемін. Жаныңыз жәннәттә, топырағыңыз жұмсақ болғай!
Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу