ОРАЛДАҒЫ М.МӘМЕТОВА АЛАҢЫ «БАТЫР ҚЫЗДАР АЛАҢЫ» АТАУЫНА ӨЗГЕРЕДІ
Бұдан бөлек шаһардағы 11 көшенің атын өзгерту мен бір көшенің атауының транскрипциясы бойынша бүгін, 10 сәуір күні көпшілік тыңдау өтті. Орал қалалық мәслихатының тұрақты комиссиясының көпшілік тыңдауы Достық үйінде ұйымдастырылды. Сондай-ақ карантиндік талаптарды сақтау мақсатында тыңдауға қатысушы қала тұрғындары үшін бірнеше мекемеде арнайы жабдықталған орындар ұйымдастырылып, олар онлайн түрде пікірлерін білдірді.
Орал қаласы әкімі жанындағы ономастикалық нысандардың тарихи және дәстүрлі атауларын қалпына келтіру бойынша ұсыныстарды зерделеу және пысықтау жөніндегі жұмыс тобына түсіп, қаралған ұсыныстар бойынша «М.Мәметова алаңын» алаңда қазақтың батыр қыздары – М.Мәметова, Ә.Молдағұлова, Х.Доспанованың ескерткіші орнатылуына орай «Батыр қыздар алаңы» атауына ауыстыру ұсынылды.
Қаладағы әлеуметтік нысандармен толығып, дамуы қарқын алған Московская көшесін Тәуелсіздік көшесі атауына өзгерту, Мирзоян көшесін – Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай «Желтоқсан» деп атау ұсынылды. Согласия көшесіне – белгілі қоғам қайраткері, өлкенің дамуына елеулі үлес қосқан еңбек ардагері, 14 жыл облысты басқарып, 3 мәрте Ленин орденін иеленген Шәпет Қоспановтың, Тәуелсіздік көшесіне – БҚО-ның құрметті азаматы, белгілі қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагері, әскери журналист Бисен Жұмағалиевтың, Светлая көшесіне – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, көрнекті композитор, Қазақстанның халық әртісі, прфессор Базарбай Жұманиязовтың, Надежда көшесіне – ҚР Халық әртісі, дәулескер күйші, композитор Тұяқберді Шамеловтың, Лиственная көшесіне – ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Орал қаласының құрметті азаматы Жанғали Набиуллиннің, Букетная көшесіне – Орал қаласының құрметті азаматы, ҰОС ардагері, өлкетанушы Николай Чесноковтың, Вольная көшесіне – Орал қаласының құрметті азаматы, мұнай-газ саласының талантты геологы, ғалым Сухан Қамаловтың, Лазурная көшесіне – Орал қаласының құрметті азаматы, ҰОС ардагері, тарихшы ғалым, өлкетанушы Павел Букаткиннің, Ореховая көшесіне – өңірдің құрылыс саласын дамытуға саналы ғұмырын арнаған «Еңбек сіңірген құрылысшы» төсбелгісінің иегері, қазақ драма театры, мектеп, балабақша, аурухана сынды әлеуметтік нысандардың құрылысында қолтаңбасы қалған Алдияр Рахметовтың есімдерін беру және «Евразийская» көшесінің жазылуын «Еуразия көшесі» транскрипциясына өзгерту көпшілік тыңдалымда талқыланды.
Қала тұрғыны, мәдениет саласының қызметкері Лариса Костантиновна ҰОС ардагерлерінің, мәдениеттің танымал тұлғаларын, сәулетті ғимараттарды тұрғызған құрылысшылардың есімдерін мәңгі есте қалу үшін көшелерге есімдерін беруді қолдайтынын жеткізді.
– Біз қала тұрғындары ретінде елге еңбегі сіңген тұлғаның атындағы көшеде тұратынымызды мақтан етуіміз керек. Мәселен, Павел Букаткиннің есімі ұрпақ жадында ұмытылмауы үшін көшеге атын беруді қолдаймын. ҰОС ардагері ретінде ол кісіге құрметіміз бөлек, сондай-ақ ол тарихты түгендеуге үлес қосқан ғалым, өлкетанушы. Мен М.Мәметова атындағы алаңның маңында тұрамын. Алаңды «Батыр қыздар алаңына» ауыстыру – жақсы ұсыныс. Мен қолдаймын, – деді Лариса Константинова.
Ал Лазурный көшесінің тұрғыны жаңа атауларды жаңадан салынған көше, шағынаудандарға беруді дұрыс деп есептейтінін айтты. Айтуынша, «Лазурный» атауы – бейтарап, сондықтан өзгерту аса қажет емес. Қала тұрғыны, зейнеткер Сатыбалды Қойбеков көше атауларының өзгерістеріне қарсылық білдірмейтінін айтты. Сондай-ақ астанамыз болған Отырар қаласының атауын Московская көшесіне беруді ұсынды. Лиственная көшесінің тұрғыны Нұртас Нұрқожин есімді азамат өзгертулерді құптайтынын айтты.
– Лиственная көшесінің тұрғынымын, жұмыс орным – Московская көшесіндегі теннис орталығы. Лиственная көшесінде 60-70 үй бар – шағын көше. Көшемізге Жанғали Нәбиуллиннің есімі берілсе құба-құп, тұрғындарымыз қарсы болмайды деп ойлаймын. Ал Московский көшесі көз алдымызда өсіп-өркендеп келеді. Бұл көшені Тәуелсіздік атауына өзгерту – дұрыс. 30 жыл бойына кешіктіргеніміздің өзі көңілге кірбің түсіреді, – деді ол.
Облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Алтынбек Әбділманов Орал қаласында атаулар қайталанатын көшелер бар екенін еске салып өтті. Сонымен қатар ұсынылған атауларға байланысты өз пікірімен бөлісті.
– Жыл өткен сайын қаланың кеңеюімен Московская көшесі де мәдени-спорт, нысандары бой көтерген, жаңа кейіпке енген ауданға айналды, жанданды. Сондықтан ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тарту ретінде Тәуелсіздік атауын беру орынды деп санаймын. Бұл көшенің әлеуеті зор, болашақта даңғылға да айналады. Екіншіден, Павел Букаткин – есімі алтын әріппен жазылатын тұлғаларымыздың бірі. Бағалай білуіміз керек. Көше – субъективтік атау емес, көше – мемлекеттік атрибут. Идеологиялық жағынан мазмұны, тәрбиелік мәні болуы керек. Жас азамат Павел Букатикиннің кім екенін біліп, өзін сол кісінің ізімен бағыттай алса – ұтары көп, – деді Алтынбек Әбділманов.
Сондай-ақ талқылау барысында Московская көшесінде орналасқан қалалық көпбейінді аурухананың ұжымы мен оқушылар мен жастар сарайына, Мирзоян көшесіндегі №23 орта мектеп ғимаратына, облыстық тарихи-өлкетану музейі және басқа да нысандарға жиналған қала тұрғындары пікірлерін білдірді.
Көпшілік тыңдауда айтылған ұсыныс-пікірлер, заң талаптарына сәйкес хаттамамен рәсімделіп,облыстық ономастикалық комиссия арқылы республикалық ономастикалық комиссияға жолданады.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу