Н.НАЗАРБАЕВ ДАҢҒЫЛЫНЫҢ ДИЗАЙН-КОДЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Бүгін, 10 наурыз күні Орал қаласы әкімдігі қоғам белсенділерімен, даңғыл бойындағы бизнес нысандарының иелерімен кездесіп, «Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының функционалдық аймақтарын салу регламенті» жобасын таныстырды. Бірыңғай дизайн-кодты енгізу көшенің ақпараттық көрнекі тартымдылығын қамтамасыз ету, жарнамалық құрылымдарды оңтайландыру, толыққанды архитектуралық-көркемдік ортаны қалыптастыру мақсатында қолға алынып отыр.
Қаламызда дизайн-кодты енгізуді Н.Назарбаев даңғылынан бастау тегін емес. Өйткені даңғыл тарихи орталық мәртебесіне ие. Даңғыл бойында 161 мәдени-тұрмыстық қызмет нысаны бар. Олардың 38-і – архитектуралық мұра саналады. Жаңартылған жаяу жүргіншілер жолындағы инфрақұрылымдар даңғылдың келбетіне оң әсерін бермек. Екіншіден, бұл даңғылда мәдени-тұрмыстық қызмет нысандары көп болғандықтан, қасбеттердің өзгеруі шағын және орта бизнестің дамуына да ықпал етері анық. Сондай-ақ көшенің көркем көрінісі туристердің қызғушылығын арттырады деген сенім бар.
– Қазіргі Н.Назарбаев даңғылының келбеті қала тұрғындарының көңілінен шықпайды деп ойлаймын. Әсіресе, бұл өткен ғасырлардан жеткен тарихи ғимараттарға жарнамалық өнімдердің қаптап ілінуіне қатысты. Бірыңғай дизайн-кодпен жаңартудың мақсаты – осындай келеңсіздікті қалыпқа келтіру болып табылады, – деді кездесу барысында қала әкімінің орынбасары Асхат Құлбаев.
Жобаны мемлекеттік сатып алу нәтижесінде жеңімпаз ретінде танылған «ARCHIBUILD GROUP» ЖШС дайындаған. Жобаның жалпы құны – 26 млн. 432 мың теңге.
Қалалық сәулет бөлімі басшысының орынбасары Ботагөз Түстікбай таныстырып өткендей, жобада даңғылды шартты түрде үш аймаққа бөлу ұсынылған. Олар – тұрғын үй, әкімшілік және тарихи-мәдени аймақ. Тұрғын үй аумағы – Ә.Молдағұлова көшесі мен Ықсанов көшесінің аралығын қамтиды. Ықсанов көшесінен Қ.Жұмағалиев көшесінің қиылысына дейін – әкімшілік аумақ, Қ.Жұмағалиев көшесінен Пугачев көшесіне дейін – тарихи аумақ ретінде бөлініп, әрқайсысы түспен кодталады. Мәселен, тұрғын үй аумағы – жасыл, әкімшілік – көк, тарихи аумақ – қызыл түс.
– Түспен кодтау – интуитивті навигация үшін қосымша құрал болмақ. Бағыттама, жол белгілері, маршруттардың сызбасы – барлығында орналасу аймағына қарай түс коды сақталуы тиіс. Сондай-ақ ақпараттық құрылымдарды орналастырудың үш негізгі принципі бар. Біріншіден, егер бір ғимаратта бір ғана кіру есігі орналасып, дегенмен онда бірнеше жалға алушы болатын болса, онда бөлек тұратын ақпараттық құрылым орнату ұсынылады. Екіншіден, ғимаратта бірнеше есік және бірнеше меншік иесі болса, регламентке сәйкес қасбеттеріне тақтайшалар ілуге болады. Үшіншісі, бір ғимаратта бір ғана меншік иесі орналасқан болса, онда қасбетке орналастырады. Тарихи нысандарға ерекше талап қойылады. Олар ақпараттық конструкцияны уәкілетті органның рұқсатынсыз орналастыра алмайды. Шатырға, тіректерге тақтайшаларды орналастыруға болмайды. Қабырғаға орналастыру кезінде белгіленген өлшемнен асуға рұқсат берілмейді. Бірінші және екінші қабаттың сызығынан жоғары қоюға және терезелер мен есіктер секілді сәулеттік бөлшектерін жабуға болмайды, – деп түсіндірді сәулет бөлімі басшысының орынбасары Ботагөз Түстікбай.
Қала әкімдігінің мәліметінше, алдағы уақытта Әбілқайыр хан, Абай даңғылдары және Шолохов пен С.Датов көшелері де бірыңғай үлгіде болады.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу