ҚАЗАҚ САХНАСЫНДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ЖҰБАН БЕЙНЕСІН ХАДИША ТЕАТРЫ ҰСЫНБАҚ
Бүгін, 21 қыркүйек күні өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының директоры Салтанат Абулғазиева мен театрдың бас режиссері Гауһар Адай қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдық мерейтойы құрметіне арналған театрлық қойылымның премьерасы туралы хабарлады.
– Биыл рухты ақынның туғанына 100 жыл. Саналы ғұмырын қазақ халқының жоғын жоқтап, ұлтының ұлылығын ұлықтауға арнаған ақынның мерейтойын пандемияға байланысты жоспарлағандай атап өтудің мүмкіндігі болмады. Карантин талаптары сәл бәсеңдегелі театрдың шығармашылық ұжымы барлық шектеу талаптарын сақтай отырып, қойлымның дайындығын жүргізді. Бұл Жұбан Молдағалиев жайлы республикамыздағы алғашқы қойылым болмақ. Ақын туралы бұрын-соңды қойылым қойылмады, бейнесін бірд-бір актер сомдамады. Ақынның есімі тәуелсіздікпен егіз ұғым десек болады. Сахна арқылы оның адамдық болмысымен қатар ақындық бейнесін көрсетуді мақсат еттік, – деді театрдың директоры Салтанат Абулғазиева.
Театр басшысының сөзінше, ақынның 100 жылдық мерейтойына орай спектакльден ескерткіш қоюды облыс әкімдігі ұсынған. Осы орайда дайындық алдында театр ұжымы ақынның туған жері Ақжайық ауданы Сайқұдық, Құрайлысай ауылдарына сапармен барып, Ақжайық ауданы басшысы Қалияр Айтмұхамбетов көмегімен, ақын Сайғантай Бисенғалиевтің жол бастауымен Жұбан жүрген жолдармен жүріп, бейнесін, өмір жолын ашуға септігін тигізер деректер жинаған. Бұрын мәдениет үйінің меңгерушісі болған Туғанай Елубаева, Жұбан ақын елге келген сайын көлік жүргізушісі болып, ақынмен сапарлас болу бақыты бұйырған, бүгінде жасы 90-дағы Мақсот Шакимов және біраз жыл депутат болып, жауапты қызмет атқарған, бүгінде жасы жетпістен асқан Наурызғали Әбілхайыровтың Жұбан ақын туралы айтқан естеліктері тыңдалған.
Бұл сапардан бөлек, театр ұжымы Жұбанның өмірі мен шығармашылығы жайлы зерттеп жүрген, көзін көрген жандармен жүздесті. Мәселен, еңбек ардагері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Ғазиз Хаймулдин Жұбан ақынның лауазымды қызметтер жүгін арқалап жүрген сәтіндегі бейнесімен таныстырса, Жұбанның отағасы, әке ретіндегі бейнесін ашуға ақынның немере қарындасы, Алматыдағы бес жыл студенттік шағын Жұбанның үйінде өткізген Сәуле апайдың естеліктері көмектесті. Ақын, жұбантанушы Үзілдік Елубайқызы Ж.Молдағалиевтің ақындық бейнесі, шығармашылығының өзегі жайлы жайттарға қанықтырды. Сондай-ақ театр ақынның өмірлік жары София апаймен телефон арқылы үнемі байланыста болды.
– Театр ұсынатын туындыда ақын мен драматургтың шығармашылығы үндескен. Қойылым «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының иегері, жерлесіміз, Ақ Жайықтың ақ шағаласы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереева және драматург Мадина Омарованың туындысы негізінде «Жұбан» бір актілі поэтикалық драмасы жанрында ұсынылады. Спектакльді сахналайтын – Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының бас режиссері, Ә. Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуына орай республикалық театрлар фестиваліне Е. Аманшаевтың «Дауыс немесе Дау іс» абсурдтық спектаклімен қатысып, «Шығармашылық жетістіктері үшін» номинациясының лауреаты атанған Гауһар Адай. Қоюшы және костюм жөніндегі суретшісі халықаралық деңгейдегі суретші, Еуразия Дизайнерлер одағының мүшесі, Еуразия шығармашылық Гильдиясының мүшесі (Лондон), Қазақстан Республикасы суретшілер одағының мүшесі, EXPO&Women халықаралық ұйымының мүшесі, Кипр заманауи өнер музейінің «Күміс кілт» иегері, Нұр-Сұлтан қаласындағы Жастар театрының суретші-декораторы Гүлдана Жұрқабаева, – деп таныстырды Салтанат Абулғазиева.
Жаңа қойылымда бәрі де жаңаша болмақ. Спектакльге қажетті костюмдердің дені жаңадан тігілген. Театрдың бас режиссері Гауһар Адайдың айтуынша, сахнада көрсетілетін түстердің өзіндік мағынасы бар. Соғыс кезіндегі сахналарда қанның, көтеріліс пен қарсылықтың атмосферасын беретін қанық қызыл түс, ашаршылық кезінде көңілге үрей мен қорқыныш, үмітсіздік ұялататын салқын көк түс қолданылмақ.
– Ақын боп туу – табиғаттан, ал батыр қылған оның өмір сүрген кезеңі. Қойылымға дайындық барысында суретшімен талдау, талқылау жұмыстары да айтарлықтай рөл атқарады. Бұл жұмыстар декорациядан, киім үлгісінен көрінуі тиіс. Ақынның өмірін сахналауда әр өлеңіне етене үңілуге тырыстық. Поэзиясының үні бір бөлек, поэмасының үні бөлек, осы екі үнді ұштастырып, драманың үніне жалғастыру біздің алдымызға қойған міндетіміз еді. Көп жағдайда тарихи тұлғалардың бейнесін реалистік тұрғыда сахналайды, ал біз жаңа – перфомостық бағытта ұсынбақпыз. Оны Жұбан өмір сүрген кезеңдердегі ашаршылық, соғыс кезеңдері суреттелетін картиналардан көресіздер. Сондай-ақ қойылымдағы басты декорацияның бірі – ұзындығы 3 метр, биіктігі 4 метр болатын ер тоқым. Бұл Жұбанның рухын аша түсуде суретші екеуміз ойлап тапқан қиялнама. Әкесіз өскен, анасы ғана тәрбиелеп өсірген Жұбан қалайша рухты болып, өз ұлтына қызмет ету деңгейіне жетті – осы бағытта ер тоқым декорациясы пайдаланылады, – деді Гауһар Адай.
Қойылымның премьерасы 26 қыркүйекке жоспарланып отыр. Премьера барлық карантиндік шараларды қатаң сақтаумен өткізілмек. Театрдағы көрермен залы 310 орындық, алайда зал толы көрермен жиналмайды. Яғни, елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты бұл қойылымның премьерасы аздаған адам жиналатын жабық көрсетілім форматында өтеді. Залда карантиндік талапқа сай арақашықтық сақталады. Медициналық қорғаныш құралдары, антисептиктермен қамтамасыз ету қарастырылды. Ал облыс тұрғындары «Жұбан» қойылымын «Aqjaiyq» телеарнасы арқылы тікелей эфирде көре алады.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу