АБАЙ – АЛАШТЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың» деп жырлаған Абай сөзі әр қазақтың ағзасына ана сүтімен бірге дариды десе, артық айтылғандық емес. Ана сүті тән қорегі ретінде жас сәбидің буыны бекіп, бұғанасы қатаюына қызмет етсе, ақын сөзі оның санасына адамдық пен азаматтықтың шырағын жағып қызмет етеді.
XIX ғасырдың екінші жартысы XX ғасырдың басындағы қазақ ақындары ішінен рауандаған таң жарығы мәңгілік халық басына сәулесін жая бастаған. Ол сәуле, ол игілікті нұр, шапағат шуағынан туған – Абай ақын еді. Ұлы ақын қазақ поэзиясының өсіп, гүлденіп, жаңа сапаға жетуі жолында орасан еңбек етті. Талант тұлғасы – тұла бойына тұнықтық біткен, тамыры тереңге жайылған, нұры мен әрі мәңгілік кетпейтін ұлы тұлға. Поэзия алыбы терең ойға алуан түрлі өлеңдер үлгісін қалдырды. Абай ақын қазақ халқының неше алуан рухани байлығын, халық мәдениетінің мұрасын бойына мол сіңіріп, сол байлықтың керектісін ақындық өнеріне арқау ете білді. Ол өз халқынан асыл қазынасын пайдалана отырып, оған жаңа түр енгізіп, жаңа бағыт беріп, дамыған ағымға қосты.
Хакім Абайдың айналасына шоғырланған талантты шәкірттері қазақ әдебиетінің жаңа белесін көтеріп, әлемдік әдебиет үлгілерінің қазақ әдебиеті топырағында өсіп-өркендеуіне зор септігін тигізді. Абай адамдар мен халықтар арасындағы татулықты дәріптеді. Тек татулық бар жерде ғана әділет болмақшы. Тек әділет бар жерде ғана адал мен білікті, ынталы мен
іскер өз мүддесіне жетеді. Сондықтан Абай адамзатты әділеттікке шақырады. Абай ақын «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңінде:
«Ақыл, қайрат жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек.
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап қайнап бір жүрек болады әле
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек» деп, адам бойында ақыл да, қайрат та, жүрек те болу керек екенін меңзейді. Керемет сезімдердің шамын жағып, адамның тұла бойын кернеп, баршаға бірдей жан жылуын сыйлап тұрған, ол – жүрек. Жұдырықтай жүрек арқылы қуанамыз, қайғырамыз. Жүректің тазалығымен, қасиеттің сондай ұлылығымен адам ең күшті сезім махаббат сезімінен алады. Махаббат лирикасына қалам тербеген, жүректің қылын шерткен Абай ақын шығармашылығы өз пікірімен құнды.
Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қалың елін, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді.
Абай өзінің кіршіксіз ақ жүрегін тебіренткен сансыз ойлары, тамаша
шығармалары, қарасөздері мен жалынды жырларында маржандай төгілдіреді, оның әрбір сөзінен соншама жақын лебі сезіледі. Ол өткен заманның тынысы болса да, бізге түсінікті, жүрегімізге қонымды. Өйткені Айбай лебі, Абай үні, Абайдың тынысы – бүгінде теңдік алып, дербес ел атанған, басқа елдермен терезесі тең болған, кең байтақ Қазақстанның, қазақ халқының тынысы.
«Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп ақынның өзі айтып кеткендей, Абай бүгін жарқын бейнесімен, жалынды жырымен, нақыл сөздерімен де бізбен жасасып келеді. Қазақтың бас ақыны, ұлтының заңғар перзенті, Алаштың Темірқазығы – Абай мұрасы қазақтай қайсар ел барда мәңгі жасайтыны анық. Ақынның 175 жылдығыны республика, ЮНЕСКО көлемінде атап өту елдік пен ерліктің, заманның көшбасындағы дара Абайды құрметтеу, дәріптеу болса керек. Өйткені Абай – дана, Абай – дара қазақта.
Толқын ҚАРАТАЕВА, Орал қалалық №33 орта мектептің мұғалімі
Версия для печати
Пікір үстеу