8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

2023 жылдың І жартыжылдығына жазылу басталды!

«Жайық үні-Жизнь города» газетіне жазылыңыз!

Бізбен бірге болыңыз!

 

 

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
25 Маусым 2020 1679 0
Қоғам

Гүлмира ТІЛЕУБАЕВА: «Елді дүрліктіруге құмар әріптестер көбейіп кетті»

Журналист мамандығы – қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты білімділікті талап ететін жауапты сала. «Журналистің жегені – жантық, арқалағаны – алтын» дейді жазушы Шерхан Мұртаза. Халықтың тіршілігінен, әлеуметтік әл-ауқатынан, руханияты мен қоғам тынысынан хабар тарататын қалам иелері қашан да мақтауға лайықты. Танымал журналист, «AQJAIYQ» телеарнасының бас редакторы Гүлмира Тілеубаеваның есімінің журналистика саласына сенімді түрде енгеніне де отыз жылдан асыпты. Әр сөздің астарына үңіліп, сары майдан қыл суырғандай сын тезінен өткізетін тәжірибелі тележүргізуші Гүлмира Жұмабайқызы үшін ең басты марапат – көрерменінің оң бағасы, көпшіліктің бір ауыз жылы сөзі. Ал тәубе етерлігі, ол бұл жағынан кенде қалып көрген емес. Қашан көрсеңіз де ұяң қалпынан айнымай, жылы жымиып жүретін әріптесімізбен журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында тілдесудің сәті түскен еді.

– Гүлмира Жұмабайқызы, сіздің даусыңызға елең етпейтін көрермен аз шығар. Әйтсе де, туып-өскен жеріңіз, өмір жолыңыз туралы әңгімелеп берсеңіз.
– Мен Орал облысының Қазталов ауданы, Бостандық ауылында 1970 жылы 20 қаңтарда дүниеге келдім.1977-87 жылдар аралығында Қаракөл елді мекеніндегі Қызыл әскер бастауыш мектебінде бастауыш сыныпта оқып, одан соң Бостандық орта мектебінде білім алдым.1987 жылы Орал облысы, Қазталов аудандық «Коммунизм жолы» газетінің әдеби қызметкері яғни тілші болып қызмет атқардым.1988-1993 Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінде студент атанып, журналистика факультетінде оқып, журналист мамандығын меңгеріп шықтым. 1993-1994 жылдары еліміздің астанасы Алматы қаласындағы «Қазақстан» РТРК АҚ қазақ радиосының ақпарат және сараптамалық бөлімінде редактор, аға редактор болып еңбек жолымды бастадым. 1995-2000 жылдары БҚО, Қазталов ауданы әкімшілігінде ішкі саясат бөлімінде маман, ұйымдастыру бөлімінде бас маман, 2000-2002 жылдары аудандық «Қазталов теледидарында» бас редактор-директор, 2002 жылы облыстық радиода редактор, 2002-2004 жылдары облыстық «Қазақстан- Орал» телеарнасында редактор болып еңбек еттім. 2004-2005 жылдары «Қазақстан» РТРК ақпараттық-сараптама бағдарламасының БҚО-дағы меншікті тілшісі, 2005-2006 жылдары облыстық телеарнада аға редактор, 2013 жылдан осы кезге дейін құрылымы өзгерген «AQJAIYQ» телеарнасында бас редактор болып қызмет жасап келемін. Отбасылық жағдайыма келер болсақ, тұрмыстамын, екі ұлым бар. Жеке жетістіктеріме тоқталсам, «Жымпитылық немістер», «Аяздағы Ақ шуақ» «Ғарыш мінезді адам», «Әнші дауысы» телевизиялық фильмдерім облыстық, республикалық байқауларда жеңімпаз атанды. «Қазақстан» РТРК АҚ басқармасының, облыс әкімінің бірнеше мәрте Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен марапатталдым. 2014 жылы арнаның 50 жылдығына орай ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, 2018 жылы корпорацияның «Күміс жаршы» төсбелгісімен марапатталдым.
– Журналистикаға қалай келдіңіз? Кездейсоқ па, әлде мақсатты түрде ме?
– Кездейсоқ келдім деп айта алмаймын. Бала жасымнан өнер мен әдебиетке құмар болып өстім. Марқұм әкем Жұмабай ауылдастары арасында суырып салмалылығымен ақын атанған, шешендігімен танылған, оқымайтын кітабы жоқ әдебиетқұмар адам болды. Ауылдың кітапханасын тауысып, көрші ауылдардан небір көркем шығармаларды әкеліп жата-жастана оқитын. Шешемнің інісі Қазыбек нағашым да – кітапқұмар, басқасын айтпағанда «Абай жолының» кез-келген жерінің эпизодын жаңылмай айтып беретін, әңгімесіне қарап әулие дейтіндей ерекше адам. Мектепте 4 сыныпта жетекшіміз болған Гүлбану Шынтемірова қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі әрі осыған дейін облыстық телеарнаның алғашқы дикторларының бірі болып қызмет еткен. Өзі әдемі, дауысы бөлек, қиялы жүйрік, мақсаткер, талапшыл жас ұстаздың сабақ беруі мен шәкірттерін баурап алуының өзі ерекше болды. Солардың ықпалы болды ма, әйтеуір қолымнан кітап, мерзімді басылымдар түскен емес. 12 жасымнан «Қазақстан пионері», «Ара» секілді республикалық басылымдарға мақалаларым шығып тұрды. Бірде газет редакциясының әдеби қызметкері Жарылқап Бисен-баев ағамыздың қолы қойылған хат келді. Онда «Болашағынан үлкен үміт күттіретін журналист боларыңа сенемін» деп жазылыпты. Журналистикадағы алғашқы ұшқын осылай басталса керек. Еңбек жолымды аудандық газетте тілші, әдеби қызметкер болып бастадым. Жолыма өңкей жақсы адамдар жолықты. Арманым алдамады. Ару қала – Алматы менің журналист болып қалыптасуыма жол ашты. 1988 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетіне түсіп, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Әл-Фараби атауына ие болған университеттің журналистика факультетін бітірдім. Сондықтан қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты білімділікті талап ететін жауапты салаға мақсатты түрде келдім-ау деп ойлаймын.
– Бұл саланың біз білмейтін қырлары мен қиындықтарына тоқталсаңыз?
– Негізі журналист – қоғамның тамыршысы. Журналист – ол алуан құбылысты зерттеп, саралай алатын тұлға. Халық әділдік іздеп, өткір проблемасын шешу үшін көбіне журналистерге жүгінеді. Жағымды жаңалығы болса, оны да журналистер арқылы жеткізуге асығады. Көптеген әріптестерім қағазы мен қаламы арқылы талай қорғансыздың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ашпаған есікті ашып, баспаған жерді басып пана болып жүр. Талай жетім мен жесірдің, мүгедектер мен тұрмысы нашар отбасылардың мәселесін шешіп, үйлі-күйлі болуына ықпал етуде.
Журналист нысанаға алған тақырыбын зерттеп-зерделеуде ешқашан қателікке ұрынбағаны абзал. Осы күні ғой «журналис-тер тек сенсация іздейді» деп жүргендері. Негізі журналистің жазғаны да, айтқаны да елді елең еткізетіндей болуы тиіс. Телевидение саласында жүргендіктен, оның өзіндік қыры мен сыры бөлек екенін айтқым келеді. Бұл газеттің мақаласы сияқты бір адамның ғана қолтаңбасымен шықпайды. Мұнда шығармашылық топтың жұмысы бар. Сен мың жерден нақты ақпарат алып, шебер жеткізгеніңмен, бейнекөрінісің мен дыбысың сәйкес келмей жатса, еңбегіңнің еш кеткені дей бер.
– Қазіргі қазақ журналистикасы туралы түрлі пікір бар. Сіздің ойыңыз қандай?
– Қазақ журналистикасы кенже қалды дегендермен келіспеймін. Қазақ журналистикасы дамып келеді. Ақиқатты айтатын, жазатын, көрсететіндерді іздеудің қажеті жоқ. Телеарналардың қай-қайсысында да заманның үні болып отырған бағдарламалар жетерлік. Өкінішке орай, қазақ тілді басылымдар мен арналардың обалына қалып, қадамын аштырмауға кедергі болатындар – орыстілділер. Тіптен қазынадан бөлінетін қаржы мен жарнаманы да олар орыстілді БАҚ-қа беруге ынталы. Бірақ соңғы кезде байқағанымыз, мемлекеттік тілді менсінбегендердің өзі ел-жұртқа күлкі болып жүр. Кейде қазақы тәрбиедегі ұяңдықтың алдын ұятсыздық орап жатса, амалың қайсы? Бірақ, менің ойымша, қазақ журналистикасы халықтың саяси ой-пікірін оятып, дүниетанымын кеңейтіп келеді.
– Қандай деңгейде ардақты келін, асыл жар, аяулы ана бола алдыңыз? Үй шаруасына қаншалықты ептісіз? Перзенттеріңіз туралы айтсаңыз, олар немен айналысады?
– Мен біреудің жалғыз ұлына тұрмысқа шықтым. Жасынан жесір қалған енеммен 23 жыл бірге тұрдым. Енем Райса Қалиқызы өзі жоғары санатты ұстаз, білікті басшы болған соң ба, менің іс-әрекеттеріме қарсы болған емес. Енем мені, мен енемді тәрбиеледік. Екі ұлымды еміреніп, бауырына басты. Менің үзіліссіз жұмыс жасауыма көмектесті. Алысқа іссапарға шыққанда алдымен сыйлықтың тәуірін енеме алатынмын. Осыдан төрт жыл бұрын ауыр науқастан қайтыс болды. Өз қолымызбен арулап жер қойнына тапсырдық. Әлі күнге есіктен кіріп келетіндей, елеңдеп күтемін. Енемнен көрген тәрбиемнің бірі – аруақтарға арнап жұма сайын үйді қоңырсытып, құран бағыштауды парыз санаймын. Өзім әже тәрбиесін көргендіктен, ақ жаулықты аналарды көрсем құрмет көрсетуге әзір тұрамын. Бата алған келінмін. Жастай сүйіп қосылған жарыммен отасқаныма отыз жылға жуық уақыт болыпты. Отағасы – Ермек Тельманұлы жоғары санатты ұстаз, қаладағы №21 орта мектепте жиырма жыл мұғалімдік қызметті абыроймен атқарып келеді. Үлкен ұлым Райымбек шетелдік компанияда қызмет етсе, Расулым –мектеп оқушысы. Үлкені спортқа жақын, кішісі ағылшын тілін тереңдетіп оқып жүр. Жанұямда шебер тігінші, жақсы тазалықшы, кәсіби маманнан кем емес дәрігер, ал ортанқол аспазбын. Гүл өсіргенді, өлең оқығанды жаным сүйеді.
– Мыңдаған көрерменнің көз алдында арнайы хабар жүргізесіз. Бұл салаға әбден төселіп алдыңыз. Дегенмен, сын айтылмай тұрмайды. Сынды қалай қабылдайсыз?
– Жас кезімде телеарнадағы алғашқы ток-шоу бағдарламалардың негізін қалаушылардың бірі болдым деп ойлаймын. «Жебе», «Наркескен» пікірталас клубын, «Намыс», «Жақыныңа жәрдемдес» деген атауы бар көкейкесті мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітетін авторлық бағдарламаларды жүргіздім. Қазір жасым екі жиырма бесті еңсерсе де, ең жауапты деген тікелей эфирлердің тізгінін ұстап жүрмін. Бір кездері саяси қуған-сүргін көріп, жер аударылғандар туралы «Жымпитылық немістер», қазақтың тұңғыш атылған қызы Шахзада Шонанова туралы «Аяздағы ақ шуақ», суретші С.Ғұмаров туралы «Ғарыш мінезді адам», әнші Ғ.Құрманғалиевқа арналған «Әнші да-уысы» деген деректі фильмдердің авторымын. Бағдарламаларымның аты айтып тұрғандай, намыстан жаралған қазақтың ұрпағы екенімді еңбектерім, іс-әрекеттерім арқылы дәлелдеуге тырысып бағам. Арнаның бас редакторы болғасын тек өз бағдарламаларыма емес, барлық бағдарламалардың сапасына жауап беремін. Жыл сайын телевизиялық жаңа маусымда көрермендеріміздің жүрегін жылытатындай жаңа бағдарламалармен, тың жобалармен қуантқымыз келеді. Сынды өте жақсы қабылдаймын. Сын үшін ешкімге ренжіп, ешкімді ренжіттім деп ойламаймын.
– Енді бір бес-он жылдан кейінгі «AQJAIYQ» арнасын қалай елестетесіз?
– Телеарналардағы дамуға көз ілеспейді. Әсіресе заманауи технологияның қарыштап дамығанына қарап таң қаласың. Бір ай еңбек демалысынан келгеніңде, біраз жаңа нәрселердің өндіріске енгеніне қарап қуанасың. Бір жағынан қорқасың. Қуанатының, уақыт алып адам жасайтын жұмыстарды енді автоматтардың жасайтыны болса, қорқыныштысы, сол адами құндылықтардың азайып, ұлт пен ұрпақты тәрбиелейтін идеологияның құнсызданып бара жатқаны. Өзімізше жыл сайын көрерменге қажетті деген тарихи-танымдық, тәрбиелік мәні зор бағдарламалар мен әлеуметтік жобаларды ашып, тағылымы мол роликтер мен ешқашан құнын жоймайтын деректі фильмдерді жасау үшін тырмысып келеміз. Қазір әлеуметтік желінің әсері ме көптеген адамдар көлемді жазылған мақала мен хронометражы ұзақ хабарларды көруге, оқуға құмартпайтын болды. Блогерлердің  дәрежесін  журналиспен теңестірушілер көбейіп кетті. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын.
–  Жас журналистер алдыңғы толқын әріптестерінен не үйренуі керек? Ал үлкендердің жастардан үйренері болуы мүмкін бе?
– Жастар аға буыннан ақпарат таратуда нақтылықты, шынайылықты үйренуі керек. Соңғы кезде ақпаратты шала алып, елді дүрліктіруге құмар әріптестер көбейіп кетті. Ал үлкендер жастардан батылдықты, жалтақтамай жұмыс жасауды үйренгендері абзал. Тәуелсіз елде туған, азаттықтың ауасымен еркін тыныстаған ұрпақтың үні жарқын шығуы тиіс.
– Журналист болмағанда кім болар едіңіз?
– Журналист болмағанда тым-тәуір театр актрисасы болар едім. Қоғамның шынайы бет-бейнесін көрсетуге атсалысуым бек мүмкін. Жүрегімнің дертіне байланысты дәрігерлер театрға жиі бармауға, жалпы эмоцияға көп берілмеуге кеңес берді. Бірақ қай салада қызмет жасасам да, өзімнің күшім мен уақытымды аямайтын адаммын.
– Сұқбатыңызға рахмет!

Сұқбаттасқан Кәусар БАЙҒАЛИЕВА

Версия для печати

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Соңғы жаңалықтар
Бәрекелді!
Келіндерге ақшалай сыйақы берілді
22 Қараша 2024
84 0
Қалалықтар қаперіне
Иттерге рейд
21 Қараша 2024
149 0
Мәдениет
Жан дүниесі бір бөлек
20 Қараша 2024
383 0
Жалын
Жігерлі жастар жарысты
13 Қараша 2024
865 0
Қалалықтар қаперіне
Білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды
08 Қараша 2024
1243 0
Қалалықтар қаперіне
ИНФОРМАЦИОННОЕ СООБЩЕНИЕ
04 Қараша 2024
1145 0
Қалалықтар қаперіне
ХАБАРЛАМА
04 Қараша 2024
1602 0
Құттықтаймыз!
Жаңа тұрғын үйдің кілті табысталды
27 Қазан 2024
2218 0
Құттықтаймыз!
Көк Ту көкке көтерілді!
25 Қазан 2024
2383 0
Құттықтаймыз!
Ынтымақты айшықтаған мереке
25 Қазан 2024
2390 0
Қалалықтар қаперіне
Интернет-алаяққа алданбаңыз!
24 Қазан 2024
2441 0
Құттықтаймыз!
Айбарлы азаттықтың айғағы
24 Қазан 2024
2446 0
Қоғам
Ардагерлер жарысты
20 Қазан 2024
2060 0
Қалалықтар қаперіне
Құм Нарыны Нарынбекті еске алды
19 Қазан 2024
2925 0
Қалалықтар қаперіне
Жаңа аудандық сот ғимараты ашылды
18 Қазан 2024
2979 0
Оқиға
Өрттің алдын алды
18 Қазан 2024
2973 0
Құттықтаймыз!
АҚЖАЙЫҒЫН АҢСАЙДЫ АҚЫН ЖҮРЕК
11 Қазан 2024
3586 0
Бәрекелді!
Жағымды жаңалық!
11 Қазан 2024
3554 0
Қалалықтар қаперіне
3.190 әкімшілік құқық бұзушылық фактілері анықталды
11 Қазан 2024
3545 0
Қоғам
Үйірменің берері көп…
11 Қазан 2024
3521 0
Бәрекелді!
Жеңімпаздар анықталды
10 Қазан 2024
3681 0
«Мемлекеттік бағдарламалар»

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»
мемлекеттік бағдарламасы

«Ғаламтор ресурстары»