УНИВЕРСИТЕТ РЕКТОРЫНА ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ 300-ДЕН АСА СҰРАҚ ҚОЙЫЛДЫ
Бүгін М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Нұрлан Серғалиев студенттердің сұрақтарына тікелей эфирде жауап берді.
Баршамызға белгілі, төтенше жағдай кезінде жалғасын тапқан оқу аптасының аяқталуы жақындап келеді. Барлық жоғары оқу орындары секілді М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті де 9-аптадан бастап, қашықтан оқыту технологиясы негізінде бар мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып, жүзеге асырылған қашықтан оқу аптасы да аяқталуға жақын. Алда 2-рубеждік бақылау мен 2-рейтинг қорытындысынан кейін емтихан апталары басталады. Университет ректоры осы уақытқа дейін орын алған төтенше жағдай кезіндегі қиындықтарға қарамастан, барлық студенттер мен магистранттарға үлкен жауапкершілік танытқандары үшін алғысын білдірді.
Білім алушыларды толғантқан басты сұрақ ол – сессия барысы, емтихан тапсыру түрлері.
Алдымен, сараманнан өту барысына келсек, академиялық күнтізбеге сай оқу үрдісінде 4 мамырдан бастап көптеген білім алушылар үшін оқу, кәсіптік, тілдік сарамандар басталады. Олардың түрлеріне, мерзіміне, өту базаларына байланысты қашықтан жүреді, кей түрлері алдағы уақытқа өзгертіледі. Себебі кәсіпорындар базасында өтетін сарамандарда қиындық тумауы үшін карантиндік кезең аяқталған уақытқа қою жоспарланып отыр. Ал оқу сараманы бірінші курстар үшін қашықтан өте береді. Сараманнан өту мерзімі мен технологиясы бойынша факультет декандары мен кафедра меңгерушілері нақты ақпаратты ұсынатын болады.
Емтихан сессиясына келсек, 1-3 курс студенттері (бакалавр), 1-курс магистранттарының жазғы емтихан сессиясын тапсыру барысы бекітілген уақыты бойынша академиялық күнтізбеге сай өтеді. Қорытынды бақылауды өткізудің түрлері: Платонус жүйесінде тест тапсыру, жазбаша емтихандар, кейстік үлгідеге емтихан, портфолио қорғау, шығармашылық жұмыс, ауызша емтихан арқылы тапсырады.
Осы жерде ең көп қойылған сұрақтың бірі суммативті бағалаудың қабылданбауы жайына тоқталсақ, суммативті бағалау қорытындысы бойынша білім грантындағы студенттер үшін стипендия тағайындау, GPA көрсеткішін шығару, оқу ақысына тағайындалатын жеңілдіктерді анықтай алмау, бұл қойылған бағаны транскриптке енгізе алмау секілді мәселелердің туындап отырғаны. Бұл бағалаудан кейін әріптік жүйедегі рейтингілік балды алу үшін білім алушыларға бәрібір емтихан тапсыру қажеттігі туындайтыны себепті, суммативті бағалауды қабылдамау туралы шешім шығарылып отыр.
Емтихан сессиясы кезінде қиындық туып отырған, интернет қолжетімсіз болып, емтихан тапсыру мүмкіндіктері жоқ студенттер үшін сессия тапсыру мерзімі маусым айына шегеріледі (бірақ, 30 маусымнан кейінге қалмауы керек). Ол үшін білім алушы студент не магистрант алдын-ала кураторына, факультет деканатына ескертуі қажет. Мұндай студенттердің тізімі жасақталып, академиялық мәселелер жөніндегі департаментке тапсырылады. Емтихан кестесі жасалып, кейін тапсыра алады.
Кей пәндерден тест емтиханы Platonus жүйесімен тапсырылады. Емтихан бекітілген уақыт бойынша өтеді. Бұрын 45 минут уақыт берілсе, алдағы тест емтихандарында 60 минут уақыт берілгелі отыр. Әрбір тест тапсырушының тестілеу емтиханын тапсыруға бір мүмкіндігі қарастырылған. 60 минут уақыт өткеннен кейін бағдарлама автоматты түрде жабылады, экранға қорытынды нәтижені шығарады. Емтихан тапсыру кезі бейне жазылымға жазылады. Егер де, жүйеде техникалық себептер орын алған жағдайда (білім алушының тарапынан тыс, дәлелді ұсынған жағдайда), тестілеуді аяқтай алмай жағдай орын алса, емтихан басқа уақытқа ауыстырылады.
Жазбаша емтихандар онлайн жүйеде өтетін болады (ZOOM, WhatsApp, MicrosoftTeams т.б). Бөлімдегі әдіскерлер, кафедра меңгерушілері, факультет декандары жазбаша емтихан тапсырудың нұсқаулығын ұсынып, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Жазбаша жұмыстардың барлығы антиплагиаттан өтеді.
Оқытушылар кейстік үлгідегі тапсырмаларды (moodle) жүйесіне алдын-ала жүктейді. Кейстік тапсырмалардың күрделілігі және құрылым ерекшеліктерімен емтихан алушы оқытушы алдын-ала түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бағалау нәтижесі платонусқа қойылады.
Кей пәндерден емтихан портфолио қорғау формасында өтеді. Пән бойынша алдын-ала тақырыптар ұсынылады (таңдау студенттің өз еркінде). Портфолио қорғау ZOOM платформасында өтеді (презентацияларды демонстрациялау арқылы).
Шығармашылық емтихандар ZOOM платформасында онлайн түрде өтеді. Кей жағдайда ғана WhatsApp желісі арқылы тапсыруға болады. Шығармашылық емтихандардың тапсырмалары студенттерге алдын-ала беріледі. Сонымен қатар жұмыстарының фотоларын электронды поштаға жолдай алады.
Білім алушы ауызша емтихан тапсырмаларын алғаннан кейін, емтиханға дайындалуға белгіленген уақыт беріледі. Ауызша емтихандар ZOOM, Skype платформасы арқылы тапсырылады. Бейне жазылым жазылады. Білім алушы идентификация үшін жеке құжатының түпнұсқасын пайдаланады, сонымен қатар онлайн режимдегі емтиханға бір уақытта 7 студент тапсыруға рұқсат етіледі. Дайындалуға белгіленген уақыт беріледі.
Қорытынды мемлекеттік емтихандар мен диплом жұмыстарын қорғау, кешенді емтихандар мамандық бойынша online режимде (ZOOM, WhatsApp, MicrosoftTeams т.б.) өтеді. Бұл қорытынды емтихандар мен қорғау жұмыстарының мерзімі, ол туралы толық ақпарат алдын-ала беріледі, түсіндірме жұмыстары жүреді, емтихан кестелері алдын-ала университет сайтында жарияланады, нұсқаулықтармен таныстырылатын болады.
Оқу ақысын төлей алмаған жағдайда, білім алушы алдын-ала ескертіп, қолхат жазуына болады, оқу ақысын кешіктірген жағдайда емтихан тапсыруға рұқсат беріледі.
Университет ректоры Нұрлан Хабиболлаұлы инстаграм парақшасында тікелей эфирде осы сынды және өзге сұрақтарға жауап берді. Тікелей эфирді 856 адам тыңдаса, 300-ден астам қатысушыдан сұрақ келіп түскен болатын.
Университет ректоры емтихан сессиясын қашықтан тапсыру алғаш рет жүзеге асырылғалы отырғанын айтып өтіп, барлық білім алушыларымыз үшін де, профессор-оқытушылар үшін де сынақ екенін жеткізді. Төтенше жағдай кезінде сессия барысында орын алып жатқан барлық мәселелерге университет басшылығы қолдау білдіріп, бұл қиындықты да бірге еңсеріп, бірлесе, түсіністікпен өткереміз деген үлкен сенім білдірді.
Рита Сұлтанғалиева, М.Өтемісов атындағы БҚМУ баспасөз қызметі
Версия для печати
Пікір үстеу