АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫНДА – 8 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ
Қазіргі таңда экспорттық әлеуетімізді толық пайдалана отырып, шикізатты қайта өңдеп, дайын өнімді экспортқа шығару мәселесі аса маңызды. Осы мақсатта заманауи талаптарға сай өнім өндіретін кәсіпорындар құру бойынша жобаларды жүзеге асыру қолға алынуда. Бұл бағытта 2020-2021 жылдары ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 30 млрд. теңгені құрайтын сегіз ірі инвестициялық жоба жүзеге асыру жоспарланған. Олар – жалпы алқабы 15,5 га құрайтын 2 жылыжай кешені, әрқайсысы 600 басқа арналған екі сүтті-тауарлы ферма, мал бордақылау алаңын 20 мың басқа жеткізу, ауысымына 600 дана теріні қайта өңдейтін цех, 3000 басқа арналған мал бордақылау алаңы, сыйымдылығы екі мың тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймасы. Бұл туралы бүгін БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте БҚО әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев мәлімдеді.
– Облыстың жалпы ішкі өнімінің ішінде ауыл шаруашылығы саласының үлесі 3-4 пайыз көлемі аралығында болғанымен, халық санының жартысына жуығы тұратын ауылдық жердегі кәсіптің негізі осы ауыл шаруашылығы саласы. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында аудандардың орналасуына байланысты табиғи климаттық ерекшеліктеріне қарай жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда және тұрғындарға кәсіп ашу үшін несиелер беріліп, бюджеттен демеуқаржы түрінде қолдау көрсетілуде, – деді Мұхтар Наурызбайұлы.
Өткен жылы облыстың ауыл шаруашылығы саласының дамуына мемлекет тарапынан 35,5 млрд. теңге демеу қаржы мен несие ресурстары беріліпті. Үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларының өзінде ғана тартылған инвестиция көлемі 1,2 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда сегіз есе артып отыр.
– Бұл біздің өңірдің агроөнеркәсіп кешені саласының даму әлеуетінің жоғарылығы мен инвесторлардың келуі арқылы өндіріске заманауи технологиялар енгізіліп жатырғанынын тағы бір дәлелі деп санаймыз. Нәтижесінде өңірімізде 2019 жылдың қорытындысымен жалпы құны 170 млрд. теңгеге жуық ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, өсу қарқыны бойынша республика өңірлерінің арасында ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткіздік. Сондай-ақ, өткен жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 1098,7 мың теңгені немесе өсім 24,5 пайызды құрап еліміз бойынша 2-орынға көтерілдік, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Мұхтар Наурызбайұлының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда өңірімізде 600 мыңнан астам ірі қара малы, 190 мыңнан астам жылқы, 1,2 млн. бастан астам қой мен ешкі, 1,5 млн. басқа жуық құс тіркеліп отыр. Қазіргі таңда заманауи инфрақұрылымдармен жабдықталған 32 мың басқа арналған ірі қара малды бордақылау алаңы бар, соның ішінде әрқайсысы 5000 басқа арналған екі мал бордақылау алаңы өткен жылы іске қосылды. Олар – Тасқала ауданында «Taskala-Et BKO» ЖШС және Қазталов ауданында «Мясная индустрия» ЖШС. Алдағы уақытта «Мясная индустрия» ЖШС мал бордақылау алаңының қуаттылығын 20 мың басқа дейін арттыруды көздеп отыр. Былтыр алты мың тоннадан астам ірі қара еті мен қой еті экспортталған. Кез-келген жобаны жүзеге асыру үшін бастапқы кезеңде жер мәселесі шешілуі қажет. Ал ауыл шаруашылығында бұл бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Себебі жерлерді белгілі мерзімге жалға алып, мақсатты пайдаланбай отырған бірқатар шаруашылықтар бар.
Облыс бойынша 2012 жылдан бастап 1 млн. 750 мың га. пайдаланылмайтын жер анықталыпты. Қазіргі таңда пайдаланылмай жатқан жерлердің ішінен мемлекет меншігіне көлемі 1 149 мың га. жер қайтарылған. Сонымен қатар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында геоақпараттық порталда бос жер учаскелері, олардың пайдаланылу мақсаты, жалпы көлемі туралы ақпараттар орналастырылады, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы және кәсіпкерлік мақсатқа берілген жер учаскелерінің сызбалары, орман қоры, су қоры жерлері, автокөлік жолдары және облыс, аудан, ауылдық округтерінің шекаралары орналастырылмақ. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ пилоттық жоба ретінде «АгроСервисБатыс» ЖШС базасында пилоттық жобаны енгізуде. Жобаның мақсаты шаруашылыққа цифрландыру әдістерін, дәлме-дәл енгішілікті енгізу, ғарыштан ауыл шаруашылығы дақылдарының өсу-жетілу кезеңін бақылау, алқаптарының жағдайын мониторингілеуге мүмкіндік береді.
Жерлерді тиімді пайдалану мақсатында ауыл шаруашылығы дақылдары алқаптарын тиімді пайдалану бойынша облыс әкімдігі мен аудан әкімдіктері арасында меморандум жасалып, жүзеге асырылуда. Биыл меморандумға сәйкес барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 514 мың га. құрауы тиіс. Соның ішінде дәнді дақылдардың алқабы – 240,6 мың га, майлы дақылдарды 76,0 мың га, картоп және көкөніс-бақша дақылдарын 9,4 мың га алқапқа егу жоспарлануда. Ал мал азықтық дақылдар егісі өткен жылдардан қалған көпжылдық шөптердің алқабын қоса есептегенде 188 мың га. құрайтын болады.
– Әлемде COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуына байланысты Қазақстан Республикасында жарияланған төтенше жағдай кезінде өңіріміздегі карантиндік режимде тұрғындарды картоп және көкөніс өнімдерімен толық қамти алмағандықтан, картоп және көкөніс өнімдерін еліміздің басқа өңірлерінен және көршілес мемлекеттерден тасымалдап отырмыз. Жылма жыл көкөніс өсіретін шаруашылықтармен, соның ішінде мамандандырылған тамшылатып суару әдісін меңгерген агроқұрылымдармен жылдық тұтыну нормасына сәйкес тұрғындарға қажетті көлемде, яғни 120 мың тоннадан астам картоп және көкөніс өнімдері өндіріледі. Алайда, күзде картоп, көкөніс өнімдерін жинау кезінде бірқатар шаруашылықтар көкөніс қоймаларының жетіспеуінен алынған өнімдерін басқа өңірлерге немесе экспортқа сатып жібереді. Сондықтан аудан әкімдеріне өзен-көлдердің бойында орналасқан елді мекендерде ұжымдық бау-бақша егуді ұйымдастыру тапсырылды, – деді Мұхтар Манкеев.
Қазіргі таңда облысымызда сыйымдылығы 37,3 мың тоннаны құрайтын 55 көкөніс сақтау қоймасы бар. Маусымаралық кезеңде тұрғындарды қолжетімді бағада жаңа піскен көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ететін 100 жылыжай бар. Былтыр 816,4 тонна жаңа піскен көкөніс өнімдері алынған. Жылыжай және көкөніс шаруашылықтарын дамыту мақсатында бүгінгі таңда 15,5 га. алқапта екі жылыжай кешенінің және сыйымдылығы 2 мың тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймасының құрылысы жүруде.
Жыл басында Орал қаласы және аудандық ветеринариялық станцияларды облыстық коммуналдық меншігіне қайта ұйымдастыру және беру жұмыстары жүргізіліп, жергілікті деңгейде ветеринарлық қызметке бағынышты вертикаль құрылған. Бүгінгі таңда облыс бойынша эпизоотияға қарсы іс-шаралар толық көлемде орындалған.
Жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша эпизоотиялық ахуал тұрақты. Барлық санитарлық жануарлар уақытылы тапсырылып отыр. Өткен жылдың тамыз айынан бастап процесті ізгілендіру мақсатында иттер мен мысықтарды аулау және жою ережесіне өзгерістер енгізілген. Қазіргі уақытта ауланған жануарлар өлтірілмейді, стерильдеу және кестіру жұмыстары жүргізіліп, содан кейін кері мекендеу ортасына шығарылады. Бұл шараларды қабылдау облыс аумағында жануарларға ізгілікпен қарау негіздерін енгізуге және бюджеттік қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берген.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу