ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫҢ ЕНГІЗІЛУІНЕ ОРАЙ БЕЛГІЛЕНГЕН ТАЛАПТЫ ОРЫНДАМАҒАНДАРҒА АЙЫППҰЛ САЛЫНАДЫ
Коронавирус пандемиясына байланыста Қазақстан Республикасы аумағында төтенше жағдай енгізілуіне орай бүгін БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте жергілікті атқарушы органдар тарапынан қабылданған іс-шаралар мәлімделді.
БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Аурушаңдық жағдайлары тіркелген жоқ. Коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында шет елден келгендерге тәулік бойы мониторинг жүргізілуде. Қазіргі уақытта 89 адам бақылауда. Оның ішінде 1 «А» санатында – алты, 1 «Б» санатында – 50, 2 санатта – 30, 3 санат бойынша – 2 адам қадағалауға алынған. Коронавирустық инфекцияға лабораториялық зерттеу жүргізу үшін Ұлттық сараптама орталығының БҚО филиалында қажетті барлық жабдықтар бар. 13 наурыздан бастап шекарадағы автоөткелдерде эпидемиологтар кезекшілікте жұмыс жасауда.
Төтенше жағдайдың енгізілуіне орай облыс аумағында және Орал қаласында төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі штаб құрылып, жұмысын бастады. Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков атап өткендей, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен төтенше жағдай режиміндегі жұмыс кестесіне сәйкес барлық мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар күшейтілген режимге көшкен. Халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін салалардың тұрақты жұмыс жасауын қамтамасыз ету мемлекеттік органдарға жүктеліп отыр. Бүгінде облыс орталығында 1 446 кәсіпкерлік субъектісі бар. Олар – үлкен сауда және ойын-сауық орталықтары, кафе-мейрамханалар. Қазіргі таңда Орал қаласы бойынша құрылған жедел штабтың өкілдері қала аумағын 20 секторға бөліп, барлық секторда орналасқан кәсіпкерлік субъектілері мен мекеме-кәсіпорындарды төтенше жағдай режимдерімен таныстыруда.
– Қала бойынша 80 сауда үйі, 22 базар, 117 мейрамхана, 213 кафе және 26 филиалы бар 11 әмбебап-дүкен бар. Сонымен қатар 653 азық-түлік дүкені, 25 шаруашылық дүкені, 15 фитнес клубы, 5 түнгі клуб бар. Осы шағын және орта бизнес нысандарының иелеріне ескерту хаттары жолданды. Ұсыныс негізінде олар халық көпшілік жиналатын орындардың жұмысын тоқтату туралы шешім қабылдады. Бүгінгі күні төрт кинотеатр, тоғыз балалар ойын-сауық орталығы жұмысын тоқтатты. Сауда орындары жұмыстарын тоқтатқанымен, ол ғимараттардағы азық-түлік сататын супермаркеттер жұмыс жасай береді. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің талабына сәйкес әр екі сағат сайын санитарлық-дезинфекциялау шараларын жүргізуде. Қала аумағында 21 базардағы санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиісті құрылымдық бөлімшелер және жергілікті атқарушы органдар өкілдер арнаулы жұмыстар жүргізуде, – деді қала басшысы Абат Абайұлы.
Бүгінде қала тұрғындарының тасымалын жергілікті алты тасымалдаушы кәсіпорын қамтамасыз етіп отыр. Күніге 28 бағыт бойынша желіге 400-дей қоғамдық көлік шығады. Абат Абайұлының айтуынша, осы автобустардың соңғы аялдамаларында әр айналым сайын дезинфекциялау жүргізілуде.
Қауіпті індет базардағы бағаға да әсер ете бастағандай. Мәселен, күні кеше 100 теңгеге саудаланған картоптың бағасы бүгін 150-170 теңгеге жетіпті. Ал қант сауда сөрелерінде мүлде жоқ. Осы мәселеге байланысты БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернар Бекетов түсінік беріп, бұл жайт қазіргі уақытта тексеріліп жатқанын жеткізді.
– Облыс аумағындағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде апта сайын тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Енді күнделікті мониторинг жасауды қолға алдық. Сауданы жүзеге асыратын барлық мекемелерге арнайы ескерту хат жіберілді. Егер бағаның негізсіз өсуі анықталатын болса, нақты шаралар қабылданатын болады. Бағаны межеден арттырғандарға 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қазір облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлар өндірісінің балансы жасақталды. Негізгі әлеуметтік маңызы бар тауарларға тапшылық жоқ. Республиканың басқа да өңірлерімен тығыз байланыс ұстап отырмыз. Оларда артығымен өндірілетін өнімдерді біздің өңірге жеткізу мәселесі пысықталуда, – деді Ернар Бекетұлы.
Ернар Бекетұлы ҚР Президентінің 15 наурыздағы төтенше жағдайды енгізуі туралы Жарлығына байланысты қабылдануы тиіс іс-шараларды таныстырды. Нақтырақ айтқанда, ірі сауда нысандары 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс жасауы керек. Сондай-ақ санитарлық шаралар күшейтілуі тиіс. Азық-түлік дүкендері, супермаркеттері, базарлары және автокөліктерге жанармай құю бекеттері мен медициналық тауарларды тарататын нысандар әдеттегі режимде жұмыс жасайды. Дегенмен, санитарлық және дезинфекциялық шаралар күшейтілуі керек. Нан және кондитерлік өнімдер қапталған күйде ғана сатылады. Бұдан бөлек жайма базарлардың жұмысы 11.00-ден 17.00-ге дейін, кафе-мейрамхана және қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы 22.00-ге дейін шектеледі. Әрі кафе-мейрамханаларға келетіндердің саны 50-ден аспауы керек. Осы орайда кафе-мейрамханалар үлкен шаралар өткізбеуі тиіс. Сауда орындарындағы ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер, фитнес-орталықтар мен жаттығу залдары, түнгі клубтар жұмысын тоқтатуы керек. Спорттық шараларды және отбасылық, салт-дәстүр шараларын ұйымдастыруға да шектеу қойылып отыр. Сондай-ақ меншік түріне қарамастан мекеме-кәсіпорындарға мүмкіндікке қарай қызметкерлерді қашықтан жұмыс жасау режиміне көшіру ұсынылады. Төтенше жағдайдың енгізілуіне орай бекітілген талапты орындамағандар 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке қамаққа алынбақ.
Версия для печати
Пікір үстеу