ҚОҢЫРАУ ҮНІН КҮЙ АЛМАСТЫРҒАН МЕКТЕП
Бүгінгідей рухани жаңғыру кезеңінде ұлттық ұстанымдарға, қазақстандық патриотизмге, жоғары азаматтық адамгершілік моральға негізделген білім беру жүйесі ғана жас ұрпақты кемелдікке әкеледі. Өйткені сапалы білім мен саналы тәрбие қоғамымыздың келешегін айқындайды. №47 жалпы орта білім беретін мектеп осыдан төрт жыл бұрын білікті де білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында өз қызметін бастаған қаладағы алдыңғы қатардағы білім беру ошақтарының бірі. Күні бүгінде үш ауысымда білім беретін мектепте 2889 оқушы білім алуда, оның ішінде, шағын орталықта – 100, мектепке дейінгі даярлық тобында – 238, ал 1-11 сыныптарда – 2551 оқушы бар. Өскелең ұрпақтың бойына білім нәрін себуде мұнда 202 ұстаз тынымсыз еңбек етіп жүр. Осынау үлкен ұжымның басын біріктіріп, өз жұмысын жоғары деңгейде атқарып отырған мектеп директоры Наташа Ергужиева өз ісін шебер білетін, үнемі ізденісте, шығармашыл бағытта жұмыстанатын ұстаз ретінде көпшілік жақсы таныс. «Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де – ұстаз» – десек, еліміздің ертеңгі кемел келешегі ұстаздың қолында. Ұстаздар күні мерекесі қарсаңында аталмыш білім білім ұясының тыныс-тіршілігімен танысып, ұлағатты ұстаздардың тынымсыз тірлігінің куәсі болып қайтқан едік.
Ұлттық намысты оятар күй ойналды
Бұл мектептің өзге білім ұяларынан басты ерекшелігі, сыңғырлаған қоңырау үнін күмбірлеген күй алмастырғаны. Біз барған сәтте күй атасы Құрманғазы бабамыздың «Адай» атты намысты оятар күйі ойнап, оқушылар ерекше асқақ рухпен үзіліске шығып бара жатты. Кеңес дәуірі қазақ халқын қыспаққа алған тар заманда Мұхтар Әуезов «қазақтың ұяты күйінде ғана қалды» деп мұңайған екен. Расында, елдің ертеңі тәрбиеленіп жатқан білім ошағындағы құлақ құрышыңды қандырған бұл әдемі сәтке еріксіз сүйсінесің. Үзіліс кезінде оқушыларға күйдің шығу тарихы, күй авторының өмірбаяны радиоторабы арқылы баяндалады екен.
– «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыру мақсатында мектебімізде бірнеше жобалар қолға алынып жатыр. Оған дәлел «100 күйдің тарихы» жобасы, «Бір ел, бір кітап», «Мектепке кітап сыйлайық» «Оқу терапиясы», «Туған мектепке тағзым» атты акциялардың жүргізілуі. Мектебімізге 2017-2018 оқу жылынан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «100 күйдің жобасы» енгізіліп, ұзақ қоңырау кезінде 100 күйдің тарихымен таныстыру және қоңыраудың орнына күй дыбысын жіберу дәстүрімізге айналды. Айта кетер болсақ Дәулеткерейдің, Нұрғиса Тілендиевтің, Құрманғазының, Еркін Нұрымбетовтың, Қырымгерей Қажымовтың, Дина Нұрпейісованың және тағы басқа атақты күйшілердің шығармалары орындалады. Күй – көне замандардан күні бүгінге дейін халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ең киелі де қастерлі, сырлы да сұлу өнер. Киелі өнерді дәріптеу мақсатында «Ағалар әуені» ансамблі мен Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, халық аспаптар оркестрлеріне арналған шығармалардың авторы Еркін Нұрымбетов және композитор Қырымгерей Қажымовпен кездесу ұйымдастырылып, дарынды тұлғалар дәстүрлі әндерді, күйлерді ұлттық аспаптарда ойнап, оқушыларға ұлттық өнерді қадірлеу мақсатында келелі кеңестерін айтты. Мектеп қоңырауында күмбірлейтін күй күн сайын ауысып отырады, – дейді Наталья Дүйсенқызы. Мектеп директорының айтуынша, білім қарашаңырағында интерактивті тақтамен жабдықталған 57 кабинет жұмыс жасайды. 69 оқу кабинеті, алты зертханалық, екі компьютерлік кабинет, спорт зал, кітапхана мен 402 орындық асхана қызмет атқарады. Кабинеттер әдістемелік құралдармен жабдықталған. Ағымдағы оқу жылында мұнда 172 – жоғары білімді, 30 – арнаулы орта білімді мұғалім қызмет етеді. Оның ішінде 25 жоғары санатты, зерттеуші – педагог, 44 бірінші санатты, педагог-сарапшы, 63 екінші санатты, педагог-модератор бар. Жаңартылған білім мазмұны бойынша мектеп мұғалімдерінің 97 пайызы білімін жетілдірсе, А1, А2, В1, В2, CLIL деңгейлі курстан тоғыз мұғалім өткен. Сөйтіп, ұстаздар қауымы Абайдың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген философиялық ойларымен үйлессе ғана оқыту сапалы және табысты болатынын басты қағида ретінде ұстанып келеді. Осы уақытқа дейінгі үш деңгейлік курсты аяқтаған мұғалімдердің тәжірибесі мұны дәлелдей түсуде. Көптілді тұлғаны қалыптастыру бағытында мектепте ағылшын тілін меңгеру арқылы – әр оқушы үшін халықаралық байланыстар кеңістігінде кәсіптік даму және өсудің шексіз мүмкіндіктерін ашу бағытында биология, химия, физика , информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту үшін «Билингвалды Пән Мұғалімі» бағдарламасының А1, А2, В1, В2 деңгейінде курстарын жаратылыстану пәнінің мұғалімдері оқыған. Мұғалімнің кәсіби жетілуінің жеке траекториясын құруда биылғы жылдан бастап қаланың сегіз мектебі кіретін желілік қоғамдастыққа кіріп, мектеп басшылары, әкімшілік, әр пән бірлестіктері жоспар бойынша жұмыстануда. Ұстаздар мектепішілік, қалалық, облыстық семинар коучингтерге қатысып, тәжірибе алмасып келеді.
Дарынды балалармен жұмыс жүйелі
Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру деңгейлік оқу бағдарламасы аясында мектепте «Ізденіс» шығармашылық тобы құрылған. Мектеп жұмысына өзгеріс енгізу және даму бағдарламасын іске асыру бағытында құрылған шығармашылық топтың құрамында 35 мұғалім бар. Мектепте жас мамандарға әдістемелік көмегін, іс-тәжірибесін үйрететін озат тәжірибе мектебі жұмыс жасайды. Жас ұстаздарға әдістемелік көмек ретінде озат тәжірибе мектебінде тәжірибелі ұстаздардың жас мамандарға көмек беруі, семинарлар өткізу, шеберлік сыныптарын өткізу, мектепте шығармашылық орта қалыптастыру, жас мамандармен жүргізілетін іс-шаралар, озат педагогикалық тәжірибені жас мамандарға насихаттау және PISA халықаралық зерттеулері аясында оқушылардың ғылыми-жаратылыстану функционалдық сауаттылығын, оқу сауаттылығын дамыту бағыттары бойынша жұмыстар нәтижелі. Ағымдағы жылы пән мұғалімдері олимпиадасында Нина Есжанова бірінші орын алса, Әлия Сапарова екінші орыннан көрініпті. Жас мамандар арасында өткізілген қалалық сайыста Айман Медрес – ІІ орын, Айнамкөз Жапақова – І орын, Гүлсім Нарегеева – ІІ орын иеленсе, «Үздік дене шынықтыру мұғалімі – 2019» байқауында Рауан Абуов– ІІ орын, «Үздік музыка пәні мұғалімі – 2019» байқауында Нұрәлі Нариманұлы бас жүлдені иеленіп, мектеп мерейін асырды. Мектепте 2018-2019 оқу жылынан бастап, «Зерде» дарындылар академиясы стратегиялық жобасы жұмыс жасап келеді. Бұл жоба оқушылардың қабілеттеріне қарай «Эрудит», «Шабыт», «Жас қалам» бағыттарында жұмыс жасап, олимпиада жарыстарына дайындық, танымал тұлғалармен кездесу, зерттеу жұмыстарын жүргізу, ғылыми жоба, оқу терапиясы, байқауларға қатысу, үйірме жұмыстарын ұйымдастыру сынды бағыттар бойынша жұмыстануда. Мектепте дарынды оқушылардың қабілеттерін ашуға мүмкіндік беретін іс-шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналған. Мәселен, мектептің дарынды оқушылары «ҚазИИТУ» ғылым білім кешенінің құрылтайшысы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Ақсерік Әйтімовпен, жазушы-журналист, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Мира Шүйіншәлиевамен, күйші, әрі сазгер, дирижер Еркін Нұрымбетовпен, ардагер ұстаз, тарихшы Бауыржан Раяновпен, «Ағалар әуені» ансамблімен, композитор Қырымгерей Қажымовпен, ақын Мұнайдар Балмолдамен, әнші Жаңылсын Хасановамен, ақын Талап Таймасұлымен, танымал журналист Қазбек Құттымұратұлы, М.Өтемісов атындағы БҚМУ профессоры Абат Қыдыршаевпен, тағы сол сияқты өңіріміздегі басқа да танымал тұлғалардың шығармашылығымен таныстыру жолға қойылған. Сондай-ақ, «Зерде» дарындылар академиясының көрмесі ашылған. Көрмеде әр бағыт бойынша оқушылардың фотолары ілініп, негізгі мақсаттары көрсетіліпті. «Зерде» дарындылар академиясының президенті болып 9а сынып оқушысы Исатай Хайруллиев салтанатты түрде сайланған. Ұлықтау рәсіміне ата-аналар да қатысқан. Сол секілді «Жастар ізденісі – рухани жаңғырудың негізі» үздіктер форумында мектептің жас ақыны Рүстем Сайрановтың өлеңдер жинағының алғашқы тұсауы кесілген.
Бес түлек «Алтын белгіні» қорғады
Биылғы оқу жылында мектеп бітірген 64 түлектің 35-і мемлекеттік грант иегері атануы – білім берге ұстаздары үшін зор жетістік. Мектеп тарихында қалар тұңғыш алтын белгі иегерлері Аида Серікқалиева, Айым Ескулова, Салтанат Матыбаева, Әсем Сағыналиева, Мәдина Мұхамбетжанова сынды оқушыларды мектеп ұжымы ерекше мақтанышпен атайды. Қазір бұл шәкірттер Алматы қаласындағы Әл Фараби атындағы Ұлттық университеттің, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық унитерситетінің студенттері атанған. Ал Ақбота Байғабылова, Шұғыла Шынтемірова, Меруерт Жайсаңбаева мектепті үздік аттестатпен тәмамдаған. Мектеп оқушылары қалалық, облыстық олимпиада, регата мен ғылыми жоба сайыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болып, мектептің рейтингісін көтеріп жүр. Атап айтсақ, білім саласы бойынша 2018-2019 оқу жылында оқушылар 87 байқау, 16 олимпиада, 10 ғылыми жобадан жеңімпаз атанса, ал түрлі спорт, өнер салалары бойынша да жетістіктер жетерлік.
«Оқу терапиясы» бағдарламасы енгізілген
«Адам баласының бүкіл ғұмырындағы ең сенімді және ең сабырлы серігі – кітап» Егер әрбір жас ұрпақ кітапты өзіне серік ете алса, келешекте рухы биік, көзі ашық, көкірегі ояу азамат болары сөзсіз. Осы орайда оқушыларды патриоттыққа және адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында мектеп кітапханасында «Оқу терапиясы» жүйелі түрде жүргізіліп келеді. – Ұлыбритания мектептерінің тәжірибесін негізге ала отырып, бастауыш сынып оқушыларына кітап оқу дағдысын қалыптастыру мақсатында «Кітап оқу терапиясы» бағдарламасы енгізілген болатын. Мәселен, ұлы ағартушы, ұстаз-педагог Ы.Алтынсариннің «Атымтай Жомарт», «Бір уыс мақта» «Бақша ағаштары», «Қарлығаш, өрмекші, құмырсқа» мысалдарын, Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» әңгімесін оқып, оқырмандар конференциясы барысында оқушылар өз әсерлерімен бөлісті, – дейді Наталья Дүйсенқызы. Осы орайда «Мектепке кітап сыйлайық» акциясы аясында ата-аналар да кітапхана қорын молайтуға үлес қосып, бүгінде кітапхана 600-ден аса әдеби шығармалармен толыққан. Ата-аналар атынан мектеп кітапханасына Егемен Қазақстан медиа-холдингінің журналисі Қазбек Құттымұратұлы және ата-аналар комитетінің төрағасы, БҚМУ профессоры Абат Қыдыршаев өз жеке кітапханаларынан кітаптар тарту етіпті.
Отбасылық тәрбиенің үздік үлгілерін насихаттау, ата-аналардың мектеппен тұрақты қарым-қатынасын қалыптастыру, отбасы тарихы және отбасы дәстүріне деген қызығушылықтарын дамыту мақсатында мектепте «Әкелер», «Көркем қыздар», «Жол қауіпсіздігі инспекторлары», «Адал ұрпақ» клубтары, Жас ұландар тобы белсенді жұмыс жасайды. Мектеп жанынан құрылған «Әжелер әуені» ансамблінің әжелері 9-10 сыныптың қыз балаларымен тәрбие сағаттарын өткізуді дәстүрге айналдырған. Отбасы құндылығын арттыру мақсатында тұңғыш рет өткен «Ұқсастар бір-біріне ұқсамайды» атты мектепішілік егіздер мен үшемдер фестивалі көпшіліктің әлі есінде жүр. Қазіргі таңда білім ұясында 12 егіз, 2 үшем білім алып жатыр. Бүгінде айына бір рет мектепшілік газет шығару қолға алынуда. Халқымыз «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриоттық сезім кіндік қаның тамған жеріңе, өңіріңе, яғни туған жеріңе сүйіспеншіліктен басталады. Соңғы кездері тал егу дәстүрі еліміздің түкпір-түкпірінде қолға алынып, тиянақты мән берілуде. Осы орайда «Туған жер» бағдарламасы аясында білім қарашаңырағын көгалдандыру және көркейту мақсатында ата-аналардың қолдауымен мектеп түлектерінің аллеясы салтанатты түрде ашылған. Аллеяға биылғы мектеп түлектері қайың ағаштарын егіп, ескерткіш тақта қойып, ағаштарды күтіп баптауды 4 сынып оқушыларына табыстаған.
«Тәртіп – тәрбие бастауы, тәртіпсіздік – өміріңнің қас жауы»
Күні бүгінде жаңашылдығымен таңдай қаққызатын мектептің жұмысын осыдан екі жыл бұрын білікті басшы Наталья Дүйсенқызының жүйелі жолға қойғанын әріптестері жарыса айтады. Бұл мақсатта ата-аналармен бірлескен көптеген жұмыстар атқарылып, тәртіп мәселесі басты назарға алынғаны көрініп тұр. «Тәртіп – тәрбие бастауы, тәртіпсіздік – өміріңнің қас жауы» демекші, білім ұясына енгеннен-ақ байқалатын қатаң тәртіп, мұндағы жұмыстың жүйелі де нәтижелі екенін аңғартқандай. Сапалы атқарылған жұмыстың нәтижесінде мектеп беделі көтеріліп, қазіргі таңда негізгі сыйымдылығы 1200 оқушы болатын мектепте, оқушы саны 2,5 есе көбейіп отыр. 2017-2018 оқу жылында Наташа Дүйсенқызы желілік мектептер арасындағы «Табысты менеджер» байқауынан жүлделі ІІ орын алса, өткен жылы Орал қаласы білім беру бөлімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі мектеп басшысының педагогикалық қызметі, адами қасиеті – ұстаздарға үлгі-өнеге. «Оқу, білім бар жұрттар, тастан сарай салғызды. Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызды» деп халық ұстазы Ы.Алтынсарин замана көшінен қалмау керегін ұғындырған еді. Ендеше, қазақ елінің атын асқақтататын шәкірттер тәрбиелеудегі білім ошағының еңбегі еселене түссін дейміз.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу