ЖАҢА ЖОБА. КОЛЛЕДЖДІҢ БІЛІМ БЕРУ МАЗМҰНЫ ЖАҢАРАДЫ
Бүгін Орал қаласында Педагогикалық колледждерге жаңа стратегия енгізу бойынша республикалық алғашқы жоба басталды. NIS пен Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің бірлескен жобасы облыс әкімдігі мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы арасындағы меморандум аясында жүзеге аспақ. Жобаның ашылуына облыс әкімі Ғали Есқалиев, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова, шетелдік эксперттер қатысып, болашақ мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеру бағытында «Бастауыш білім» мамандығы бойынша эксперименталды бағдарламаны енгізу жоспарын талқылады.
Бастауыш сынып мұғалімдерін дайындайтын оқу орындарының білім беру мазмұнын модернизациялау маңызды қадам. Өңірдің педагогикалық әлеуетін дамытуда Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің орны ерекше. Облыс әкімдігі аталмыш колледждің білім беру мазмұнын модернизациялау жобасын қолға алып отыр. Ал Назарбаев зияткерлік мектептері облыс әкімдігінің бастамасын қолдап, эксперименттік жобаны жүзеге асыруда. Жоба отандық және шетелдік тәжірибе негізінде жасақталған.
– Қазіргі таңда еліміздің білім беру саласы әлемдік кеңістіктен өз орнын айқындады. Жаңартылған білім беруге сай инновациялық процестер жүріп жатыр. Бүгінде үлкен жаңалыққа қадам жасағалы отырмыз. Республикада алғаш рет педагогикалық колледжде «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша эксперименттік жоба басталды. Күні кеше өткен республикалық Тамыз Кеңесінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық және кәсіптік білім беруді еңбек нарығына сәйкес модернизациялау туралы атап айтты. Колледждерді тек материалдық-техникалық дамыту ғана емес, ресурстарды үнемдеу, білім мазмұнын жаңарту, дуалды оқыту қажеттігін тапсырды. Осы орайда, бүгінгі шарамыз бұл бағыттағы жасалған қадам деп санауға болады. Мектептерді сапалы кадрлармен қамтамасыз етуде педагогикалық колледждің орны ерекше. Мұнда бастауыш және негізгі мектептерге ұстаздар дайындайды, өңір мектептеріндегі ұстаздардың төрттен бірі осы оқу орнының түлектері. Білімнің негізі бастауыш сыныпта қаланатынын ескерсек, білім ұялары жаңашыл әдістерді меңгерген заманауи ұстазға зәру. Сондықтан Назарбаев зияткерлік мектебімен жасақталған жаңа білім бағдарламасы жаңа форматтағы ұстаздар әзірлеуге мүмкіндік берері сөзсіз. Аталмыш бағдарлама шетелдік педагогтардың тәжірибесі негізінде құрастырылған. Жаңа бағдарлама арқылы педагогтарды жаңаша әрі заманауи даярлау жүйесін колледжге енгізу – осы саланың дамуына тың серпіліс, оң өзгерістер әкеледі, – деген облыс басшысы Ғали Есқалиев еліміздің білім беру саласын дамытуға зор үлес қосып жүрген «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымына және оның төрайымы Күләш Ноғатайқызына шынайы ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде Күләш Шәмшидинова: – Біз жылдам өзгерістерге толы заманда өмір сүріп жатырмыз. Осыдан 5-10, 20 жылдан кейін не болады? Тез өзгерістер біздің әрқайсымызға жас ерекшелігімізге қарамастан үнемі дамып, жетіліп отыруды қажет етеді. Жұмыс берушілердің де талабы күшейді. Біздің балаларымыздың өмірі ата-аналарының өміріне қарағанда әлдеқайда күрделі болады. Білім беру жүйесінің алдына қойған мақсаты да күрделенді. Мектеп жай сабақ өткізетін орын емес. Ал мұғалім – лидер. Ол уақытты ұтымды пайдаланып, тапсырмаларды шынайы бағалап, олардың шешілу жолдарын тез тауып, қоғамға жауапкершілікпен қызмет етуі тиіс. Мектепке жоғары білікті мамандар қажет. Осы мақсатты ұстанған НЗМ облыс әкімшілігіне қызықты экспериментті бірге жүзеге асыруды ұсынды. Аталмыш жоба аясында кешенді оқыту бағдарламасын жасадық, – дей келіп, бастауыш сыныптарға арналған кітапхананы үнемі толықтырып отыру керегін алға тартты. Ал Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің директоры Светлана Бахышева 20 ғасырдың басында ашылған оқу орнының бастауыш мектеп қадрларын дайындап келе жатқанына 100 жылдан асқанын тілге тиек етті. – Қазір мұғалімдердің алдына келетін балалардың ойлау кеңістігі кең, сұраныстары өзгеше. Енді педагогтарды дайындаудың форматы да, мазмұны да өзгереді. Елімізде педагог кадрларды дайындаудың жаңа стратегиясы біздің колледжден басталуы біз үшін үлкен мәртебе. Бұл біздің ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүктейді, – деді С.Меңдіғалиқызы. Бұдан әрі жиында әлемдік педагогиканың үздік эксперттері Питер Мехисто мен Джона де Брито білім беру саласындағы жаһандық трендтер туралы баяндама жасады. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰбілім беру бағдарламалары орталығының директоры Жанар Әбділдина эксперименталды білім беру бағдарламасы мен мұғалімдерді қолдауға арналған жүйелі әдістемелік кешенді таныстырды. «Kazdidas» Ассоциациясы басқарма төрағасы Валерий Лебедов колледжге сандық сенсорлар, интерактивті панелдер, шағын лабораториялар, робототехника жиынтығы бар оқу кабинетін ұсынды. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған бастауыш сынып мұғалімін даярлауға арналған кітаптарды таныстырды.
Қазіргі таңда әлемдік педагогиканың үздік эксперттері колледж базасында ұстаздарға екікүндік семинар өткізуде.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу