8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

Орал қалалық «Жайық Үні» газеті – жаңалықтың жаршысы!

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
06 Тамыз 2026 25 0
Экономика

БҚО шаруалары заманауи суару жүйелеріне көшуде

Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығында су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде өңір шаруашылықтары су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізіп, заманауи суару жүйелеріне көбірек көшуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2030 жылға қарай республика бойынша су үнемдеу технологиялары енгізілген суармалы жер көлемін 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарланған. Осы мақсатта ұңғыма бұрғылау, инженерлік инфрақұрылым тарту және қажетті жабдықтарды сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеу көлемі 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылды.

Қазіргі таңда облыстағы суармалы алқаптың жалпы көлемі 13,2 мың гектарды құрайды. Оның 94 пайызы су үнемдеу технологияларымен қамтылған. Мемлекеттік қолдау бағдарламаларының арқасында өңір диқандары жаңа суару жүйелерін орнатып, өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік алып отыр.

Су үнемдеу технологиясын табысты қолданып отырған шаруашылықтардың бірі – Теректі ауданының Юбилейный ауылындағы «Балакирев» шаруа қожалығы. Кәсіпорын картоп өсірумен қатар, өткен жылдан бастап соя да егуде. Шаруашылық аумағында сыйымдылығы 2 мың тоннадан асатын қойма пайдалануға берілген. Мұнда су үнемдеу жүйесі 15 жылдан бері қолданылып келеді. Алқапқа жалпы ұзындығы 7 шақырым құбыр тартылып, 8 жаңбырлатқыш фрегат жұмыс істейді. Соның нәтижесінде су тұтыну көлемі төрт есеге дейін қысқарған.

Өткен жылы облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қолдауымен бұл бағытқа 3 млрд теңге бөлінді. Қаржы есебінен 11 жоба мақұлданып, 2900 гектардан астам егістікке су үнемдеу технологиясы енгізілді. Бұдан бөлек, заманауи суару қондырғыларын сатып алған шаруалардың инвестициялық шығындарының 80 пайызы жергілікті бюджеттен өтеледі. Соңғы 3 жылда осы мақсатқа фермерлерге 5 млрд теңге көлемінде субсидия берілген.

Қазіргі уақытта облыс егістіктерінде 160-тан астам заманауи суару машинасы пайдаланылуда. Соның жартысына жуығы кейінгі 5 жыл ішінде сатып алынған. Бұл көрсеткіш өңірде су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарының кезең-кезеңімен қарқын алып келе жатқанын көрсетеді.

Версия для печати
Соңғы жаңалықтар
Ғылым
«АЭС: Инвестиция энергиясы»
05 Тамыз 2026
71 0
«Орал қаласының көркем жерлері»
«Ғаламтор ресурстары»