8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

Орал қалалық «Жайық Үні» газеті – жаңалықтың жаршысы!

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
22 Қазан 2025 1037 0
Руханият

Ғазиз ҚАДЫРҰЛЫ: «Жымпитыда ата- әжемнің сүйегі жатыр…»

Қадыр ағаның ұрпақтарын көрсек, жан-жары Салтанат апаны көрсек, тап өзін көргендей, Қазақтың аяулы Қадыры о дүниеден тіріліп келгендей төбеміз көкке тиеді. Осы күзде Ақ Жайық өңірінде өткен Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ардақты ақын Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығында кенже баласы Ғазизбен тілдесудің сәті түсті. Қадыр ақынның кез келген өлеңін жатқа оқитын танымал журналист Қайнар Олжай да бізбен бірге болып, Ғазиздің осы әңгімесін бірге тыңдады. Енді ұрпақтар сабақтастығын жалғаған ақынның тұяғы Ғазиздің сұқбатына зер салайық.

– Ғазиз аға, Оралға осымен нешінші рет келіп тұрсыз? Қадыр Мырза Әлімен бұған дейін де бірге келген шығарсыз.
– Иә, әкемнің туған жері, менің де ата-бабаларымның топырағы жатқан бұл жерге осымен төртінші рет табаным тиіп тұр. Ең алғаш рет 2010 жылы күз айында келдім. Онда папам бар еді. Ақ Жайығы 75 жылдық тойын өзімен бірге тойлап еді.
– Иә, иә, Қадыр ағаның мұнда ең соңғы рет келуі ғой.
– Жымпитыдағы клубта Мүтәләп деген сары ағайдың ат жетектеп сахнаға шыққанын, папамның ол жануардың тұмсығынан ұстап тұрғанын, кенет ақбоз аттың кісінегенін мен де өз құлағыммен естідім. Сол оқиғаның дәл ортасында әкеммен бірге болдым. Аңызға айналған сол сәтті есіме алсам, көңілім бұзылады.
– Жымпитыға келген сайын әжеңізге соғып тұрасыз ба? Қорымы осында жатыр деп естідім.
– Бала кезімде тап осы Жымпиты ауылы біз үшін тым алыс болып көрінетін. Әкем де бізді бұл жаққа көп әкелмейтін. Осы ауылда тұрған әжеміз Мағираштың өзі жазда Алматыға қыдырып келетін. Өте қырағы кісі еді. Мінезі ауырлау еді. Жадырап күлмейтін. Үнемі қабағын түйіп жүретін. Жалғыз баласының немересі болсақ та бізді құшағына тартып, көп еркелетпейтін. Папамның өзінің айтуынша, мінезі, жүріс-тұрысы, сабырлы қалпы әкесіне, яғни атамыз Ғинаятқа тартқан. Біз ең болмаса атамыздың суретін де көрмедік. Ұлы Отан соғысына барыпты. Ауылға келген соң өкпесі сыр беріпті. Ұзақ өмір сүрмепті. Медицина дұрыс дамымаған, адамдардың иммунитеті әлсіреген кез ғой.
– Қадыр ағаның кітаптарын оқыған боларсыз. Өлеңдерін жатқа білесіз бе?
– Әрине, оқимын. Оқып тұрамын. Өтірік айтпайын, жатқа білмеймін. Есейген сайын адамның миға сақтау қабілеті төмендейді екен. Қазір көптеген тақпақтарын ұмытып та қалдым. Жалпы, папамның өлеңдерінің мағынасы өте ауыр. Қайталап оқымасаң, бірден түсіну қиын.
– Сіз үшін Қадыр Мырза Әлі деген кім?!
– (Ойланып қалды) Өте қиын сұрақ! Қадыр Мырза Әлі – менің туған әкем, яғни, папам! Бала кезден тіліміз папа деп шықты. Қазір папа деп те, әке деп те айтамын. Жұрттар ол кісіге басқа тұрғыда қараса да, мен Қадыр Мырза Әліге әкем деп қарадым. Баласы болған соң еркеледім. Арқа сүйедім. Мақтан еттім. Жақсы көрдім. Әлі күнге дейін «Жазмыш» пен «Иірімді» қызыға оқимын. Өмірден өтер шағында жазған осы екі кітабы маған көп ой салды. Әсіресе, «Иірім» үшін әкеме көп адам мін тақты. Айтуға болмайтын нәрселерді жазды деді. Біраз қаламгердің артында қалған жесірлері ренжіді. Газет бетінде әкеме арызданып, хат жазды. Сын тақты. Бір сөзбен айтқанда, көбі шындықты қабылдай алмады. Әкемнің түпкі ойын түсінбеді. Не айтқысы келгенін ұқпады. Менде о баста түсінбедім. Сөйтсем, ақынның ойы тереңде екен! Біз бәріміз де пендеміз. Тым асыра мақтамаңыздар! Ұлы Абайдың айтқаны бар ғой: «Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы» деп. Тап осындай мағынада «Иірім» кітабын жазды деп ойлаймын. Біздің үйде кітап деген кірпіш тас сияқты қаланып тұратын. Жазу бөлмесіндегі төрт қабырға, тіпті төбеге дейін текшеленген кітап. Әкемнің талантында шек жоқ. Классик жазушы, ақын, аудармашы болуына өмір бойы жинаған кітаптарының септігі тиді.
Қазір папамның кітапханасы Орал қаласында тұр. Оны жұрт жақсы біледі. Кеше Қадыр Мырза Әлі атындағы орталыққа бас сұқтым. Папамның өз қолымен ұстаған, дүкеннен сатып әкелген әрбір кітабы көзіме ыстық көрінді. Бар ақшасына кітап ала беріпті. Тек өзім қалаған бір кітабын алып қала алмадым. Соған қынжыламын.
– Ол қандай кітап еді?
– «Қазақ қасіреті».
– «Қазақ қасіреті»?!
– Иә. Мұқабасы жұқа. Жұпыны кітап. Газеттің қағазына басылған. Автордың кезінде ақшаға зәру болғаны, сол кітапты өз күшімен шығарғаны көрініп тұр. Бірақ та ішінде жазғандары – тұнған тарих! Қазақтың талан-таражға салынған жерлері, қилы тағдыры, бәрі-бәрі сол кітаптың ішінде бар. Жазушының фамилиясын білмеймін. Әкеме өз қолымен автограф жазып беріпті. Осы жолы кітапханаға барып, сұрап алғым келген. Тағы да мүмкіндік болмады.
– Ғазиз аға, сіз қандай мектепте оқыдыңыз? Байқаймын, ана тілге жетіксіз. Турасын айтасыз. Қара жаяу емессіз. Сөзіңізден байқалып тұр. Алматыдағы №12 қазақ мектебінде оқыдым. Біздің оқушы кезімізде жалғыз қазақ мектебі осы болатын. Ертеректе жабылмақ болып, содан Қазақстан Жазушылар Одағының басқармасы, бір топ қаламгерлер жиналып, жоғары жаққа хат жолдапты. Бірнеше ақын-жазушының ұсынысымен Қадыр Мырза Әлі мен Мағзом Сүндетов Қазақстан Компартиясының ғимаратында отырған басшыларға барып, уәжді жеткізіпті. Сөйтіп, зиялы қауым болып №12 мектептің өмірін сақтап қалыпты. «Біз жазушылар кім үшін жазамыз? Егер, бізді қазақ мектебіндегі балалар оқымаса?» депті.
– Неткен мықтылық?! Ол кезде биліктің бір ұтымды тұсы – қаламгерлерді тыңдап, ой-пікірімен санасып отырған ғой.
– Ол рас. Содан еліміз Тәуелсіздік алғалы «жабылу» мәселесі саф тиылыпты. Біздің көшеде қатар тұрған екі көпқабатты үй болды. Бірінде 16, екіншісінде 40 пәтерлік. Онда ақын-жазушылар мен осы салаға жақын мамандар ғана тұрды. Айтайын дегенім, осы екі үйде өсіп жатқан барлық бала жаңағы №12 мектепте оқыды. Марқұм Мұхтар Мағауиннің алты баласымен, Қабдеш Жұмаділовтің бес баласымен бір мектепте оқыдым. Сол секілді Оспанхан Әубәкіров, Шәміл Мұхамеджанов, Есенжол Домбаев, Бекен Әбдразақов, Тәкен Әлімқұлов, Ғаббас Қабышұлы тағы басқа да атақты кісілердің балалары осы №12 мектепте оқыды.
– Бұл да бір тарих десеңізші? Көз ашқаннан Алматыда тұрасыз. Қазір қандай тірлікпен айналысып жүрсіз? Мамандығыңыз қандай?
– Мен қарапайым құрлысшымын. Үнемі адамдармен тығыз қарым-қатынастамын. Үйлердің ішін әрлеймін, сылап, жөндеймін. Бұл мен үшін өте жауапты жұмыс. Бұрын бала кезімде үлкендердің арасында абырой деген сөзді көп еститінмін. «Ой, қойшы, бізге тек абырой керек» деп жиі айтатын. Мен бұл сөздің не екенін, мағынасын ұқпайтынмын. Есейгенде түсіндім. Абырой деген адамның аты екен! Абырой деген бізден бұрын жүреді екен. Адамдар көшеде кім келе жатқанын, қандай кісінің келе жатқанын абыройына қарап өлшейді екен. Демек, ол адамның аты жақсы болса, оған жақсы көзімен қарайды. Аты жаман болса, ынтыққа жібереді.
– Дұрыс айтасыз. Жалпы, осы сұқбат барысында бойыңыздан ақыл-ойдың тереңдігін, философиялық тұжырымды байқап отырмын. «Тектіден текті туады. Тектінің жолын қуады» деген мақал Сізге қарап айтылған секілді.
– Жалпы, біздің қазақ халқы өте текті халық! Жиырмасыншы ғасырда екі-үш рет қасіретке ұшырадық. Еліміз аштыққа ұрынды. Сосын соғысқа аттандық. Кешегі қаршадай қыз Мәншүк Мәметова соғысты жақсы көргеннен емес, репрессияға ұшыраған әкесін ақтау үшін майданға барды. Осындай қапасты жылдар біздің халықты бүлдірді. Аздырып, тоздырды. Мағауиннің «Біз аталарымыздың бір жұрнағы ғанамыз» деген сөзі есіме түсіп тұр. Мына біз қазір Тәуелсіздік үшін күрескен аталарымыздың тырнағына да татымаймыз. Кенесары, Сырым, Махамбеттей жамандықпен күресе алмай келеміз. Олар секілді қайсар емеспіз. Көп нәрсе әлі шешілген жоқ. Құрғақ сөзді ұмытып, ісіңмен дәлелдеген жөн. «Өнер алды қызыл тіл» деп аталарымыз ана тілге мән берді. Ал, біз Тәуелсіздік алсақ та әлі шүлдірлеп, орысша сөйлеп жүрміз.
Әрине, жақсылықтарды жоққа шығармаймын. Бойымызда ата-бабадан қалған сипаттарымыз бар. Алайда кең байтақ жерге, әсем табиғатқа салғырт қараймыз. Ауыл іші құлдырап қалды. Жұрттар қаладан-қалаға көшуін тоқтатар емес. Қала бұзылып тұр! Ал қалада тәртіппен күресетін полициядан басқа ешкім жоқ. Ауылдағы ұл мен қызға ата-анасы ұят болады, обал болады деп қақпайлап, тиым салатын. Сол үшін ауылға жағдай жасап, өркендету керек. Қала бізге керек. Бірақ та ауыл біздің жеміс беретін ағашымыз. Ағашты суарып, баптамаса, түбінен шіріп қурай береді. Ақыр соңында түк қалмайды. Қазір технология заманы. Соңғы бес-он жылда қатты дамып кетті. Білімді жастар шетелге кетіп, бұзақы жастар қалаға келіп, жаппай төбелесіп, қатыгез болып бара жатыр. Мен осы мәселеге қатты алаңдаймын. Үй мен мектепте тәрбиені күшейту керек. Біз де оқушы болдық. Апай ұрса, арызданбай, тентектікті шектей білдік. Мұғалімге бағындық. Қазір әке-шешенің бәрі жұмыста. Баламен сөйлесуге уақыттары жоқ. Оларды сонда кім тәрбиелейді? Осы жайтты бәріміз іштей біліп отырмыз. Ойлануға телефондағы ақпараттар мұрша бермейді. Жаманнан алыстап, жақсыға жақындасақ, бала тәрбиесіне, жастарға бей-жай қарамасақ өркениетті, мәдениеті жоғары ел болар едік.
– Әке арманы, әке аманаты деген болады. Осы тұрғыда асқар тауыңыз көзі тірісінде өз мақсатына жетті, бәрі ойдағыдай орындалды деп ойлайсыз ба?
– Білмеймін. Кейде түсіме енеді. Жазу бөлмесіне кіріп қағазы мен қаламсабын іздейді. Бірақ та таба алмай, кері шығып кетеді. Үндемейді. Ұйқымнан оянған сәтте қатты қамығамын. (Күрсінді). Жетпіс үштен асқан шағында «Тағдырды Құдай пешенемізге жазып береді» деген сөзді жиі айтты. Сосын: «Денсаулығым нашар. Кез келген уақытта жүріп кетуім мүмкін. Мен олай-бұлай болып кетсем, сен не істейсің?» деп баяғы мені уайымдады. Ол кезде қырықтың қырқасында едім. Алдымда Қуаныш пен Қазбек бар еді. Қазір Қуаныш ағам да бақилық болды.
Әкем бертін келе өлім туралы көп ойлап, көп жазды. Адам баласының арманы бітпейді. Ұлым Мүсілімді көріп кетті. Соған да қуанамын. Фамилиясын Мырза Әлі деп ауыстырып, қазақ мектебіне оқыттым. Бала кезінде атасының өлеңдерін жатқа айтатын. 80 жылдығында осы Оралға келіп, атасының өлеңдерін театрда оқыды. Қазір бала Мүсілім дырау жігіт болды. Институтқа түсті. Студент. Бұл жолы сабағынан сұранып, 90 жылдыққа келе алмады. Бүгінде әйелім Бақытгүл екеуміз жасы сексеннен асқан Салтанат мамамызды бағып-қағып, ұл-қызымыз Мүсілім мен Айнамкөзді тәрбиелеп, қара шаңырақтың шамын жағып отырмыз. Әрине, өкінішсіз өмір болмайды. «Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып. Және жылап өледі, өзгені де жылатып» деп әкемнің өзі жазғандай, 76 жасқа толған бойда дүниеден озды. Жылдар өткен сайын папамды сағынып, ең болмаса 10-15 жыл тағы өмір сүргенде ғой деп ойлаймын. Сексен, сексен бес, тоқсанға келсе, қасымызда осы тойды көріп, туған елімен қауышып жүрсе деген ой көкірегімде тұрады да қояды.
Әкем тиянақты, жинақы адам ғой. Аудармаларын да реттеп үлгерді. Баспаханалармен келісіп, көп томдығын шығарды. Осы өлкенің азаматы, атақты кәсіпкер Құндыз Шамахұлы Нупов әкемді көп қамқорлады. Жанұямызға көмектесті. Әкемді өзі іздеп тауып, он жылдай мидай араласты. Үй-ішімізбен Нупов ағамызға ризамыз. Жалпы, әкеміздің бұл өмірде жолы болды деп ойлаймын. Әсіресе, табиғат сыйлаған ақындық өнерде алдына жан салмады. Жоғары мінберлерден сөз сөйлеп, төрде отырды. Талантын елі мойындады. Бәйгеден оза шауып, Мемлекеттік атақтарды да алды. Сый-құрметке бөленді. «Қадыр көзі тірісінде өзіне ескерткіш орнатты» деген сөзді ел аузынан жиі естимін. Өте еңбекқор еді. Жазуға келгенде жанын аямайтын. Таңсәріден кеш батқанға дейін жазатын. Ертеңін жоспарлап, кітапханасын Оралға көшіргісі келді. Оның үстіне Ақ Жайыққа сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев шақырып, зәулім үй бергенде Қадыр Мырза Әлінің кітапханасы бірге келеді деп жоспарлапты. Шындықты айтуым керек, Алматыда туып, Алматыда өсіп, сіңіп қалған біздің отбасына бірден Оралға бет бұру өте қиынға соқты. Сол себепті бала-келіндері, немерелері, анамыз ұзақ ойландық. Әкем туған өлкеге қатынап тұрғанмен, тұрақтай алмады. Папам әр күн сайын «егер маған бірдеңе бола қалса, кітаптарымды туған еліме жібер» деп анама айтып кетіпті. Кейін кітапханасы көшіп бара жатқанда қатты күйзелдім. Қимадым. Үйге сыймадым. Сол кезде анамыз бөлме түгілі, үй толы кітапты әкеміз секілді сақтап, ұстай алмайтынымызды ескертті. Қазір Орал қаласында орталығы бар, көрмесі мен кітапханасы бар. Осының бәріне қанағат қыламын.
Ұмытылып қалмай, тоқсан жылдығының туған елі Орал мен кіндік қаны тамған жері Жымпитыда өткеніне қуанамын. Мұның бәрі әкеме берілген баға деп білемін. Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлына, Ақ Жайықтың халқына, Сырым ауданының басшыларына, мектеп ұжымына, кітапханаға алғыс айтамын. Өзім осы жерде тумасам да, Жымпитыда ата-әжемнің сүйегі жатыр. Туған қарындасы Күләш апам, басқа да тумалар бар. Бұл жерде памамды көрген ауылдастар мен ағайындар бар. Сондықтан әкемнің елін құрметтеймін. «Ауылдан адам көшкенмен, көңілден ауыл көшпейді», демекші әкемнің туған жеріне амандық пен жақсылық тілеймін.

Сұқбаттасқан Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА

Версия для печати
Соңғы жаңалықтар
Бәрекелді!
Алаяқтардан құтқарып қалды!
22 Қараша 2025
352 0
Бәрекелді!
«Бірлік» алтын медалі табысталды
19 Қараша 2025
440 0
Оқиға
Жол-көлік оқиғасы орын алды
17 Қараша 2025
495 0
Қалалықтар қаперіне
Азық-түлік бағаларын бағамдады
15 Қараша 2025
507 0
Өзек
Меморандумға қол қойды
12 Қараша 2025
556 0
Өзек
Министрмен кездесті
08 Қараша 2025
301 0
Қалалықтар қаперіне
Тұрғындар уәж айтты
04 Қараша 2025
775 0
Қалалықтар қаперіне
Отбасын қолдау орталығы өз жұмысын бастады
04 Қараша 2025
808 0
Қалалықтар қаперіне
«Халық қатысатын бюджет»
04 Қараша 2025
759 0
Қалалықтар қаперіне
«Судың да сұрауы бар…»
04 Қараша 2025
711 0
Мезгіл мәселесі
Оралдықтармен кездесті
02 Қараша 2025
754 0
Өзек
Зашағанда мәселе көп…
29 Қазан 2025
936 0
«Орал қаласының көркем жерлері»
«Ғаламтор ресурстары»