ЖЕЛАЕВ АСТЫҚ ӨНІМДЕРІ КОМБИНАТЫ ӨНІМ КӨЛЕМІН АРТТЫРМАҚ
«Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ – өңірдегі ұн және макарон өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі. Комбинат жоғары сападағы өнімдерімен облыс тұрғындарын, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда өңірлерін қамтып отыр. Бүгінде кәсіпорын аумағында үш макарон фабрикасы жұмыс жасап тұр. Ал мамыр айында жаңа бөлшектеп өлшеу цехының құрылысы басталған. Осылайша, өнім көлемі бұрынғыдан да арттырылмақ.
«Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ директоры Эдуард Федорченконың айтуынша, қазіргі уақытта комбинатта 600-дей азамат еңбек етуде. Комбинат дайындау және өнеркәсіптік элеваторы, ұн зауыты, қарабидайды тарту диірмені, үш макарон зауыты цехтарынан тұрады. Қырманнан қамбаға түскен бидай осы жердегі диірменде тартылып, дайын өнімге айналады. Дайындау және өнеркәсіптік элеваторларының сыйымдылығы 150 мың тонналық. Мұнда бидайды қабылдау, сақтау, және ұн зауытына дайындау процесі жүргізіледі. Тиеутүсіру жұмыстары толықтай механикаландырылған. Бұл тәулігіне 5000 тонна бидайды қабылдауға мүмкіндік береді.
2007 жылы макарон өндірісі үшін цех қолданысқа берілген. Қысқа кесілген макарон өнімдерін өндіру үшін италиялық «Pavan» фирмасымен келісім жасалып, құрылғылар орнатылыпты. Цехта 18 түрлі макарон өнімдері даярланып, сағатына 2000 келіге дейін өнім өндіріледі. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен құрылғы алу үшін несие алып, мемлекеттік субсидияға ие болған компания 2012 жылы екінші макарон фабрикасын іске қосты. Бұл фабрикада сағатына 500 келіге дейін спагетти, фетуччини сынды ұзынша кесілген өнімдер мен сағатына 150 келі кеспе, жайма сынды арнайы пішімдегі өнімдер шығарылады. Ал 2018 жылы іске қосылған үшінші макарон фабрикасында сағатына 2000 келіге дейін қысқа кесілген макарон өнімдері шығарылуда. Макарондар барлық сапа стандарттарына сай қатаң тексеруден өтеді. Комбинат өндірген өнімдер елімізде ғана емес, шетелде де жақсы танылған, кең сұраныста.
– Комбинаттың негізгі қызмет бағыты – «Мартин» брендімен ұн және макарон өнімдерін шығару. Ресейлік жеткізушілермен және тұтынушылармен жұмыс жасап келеміз. Сондай-ақ біздің өнімдеріміз Ауғанстанға, Түркіменстанға, Өзбекстанға да экспортталады. Комбинат аумағында жылына 35 мың тоннадай өнім өндіруге қуатты үш макарон фабрикасы жұмыс жасап тұр. Екі жыл бұрын италиялық «Pavan» фирмасының макарон фабрикасы іске қосылды. Онда да біздің өнімдеріміз өндірілуде. Ал қазір жаңа цехтың құрылысын бастадық. Түркиялық және италиялық өндірушілердің жаңа құрылғылары орнатылады. Мұнда ұн 10 келіге дейінгі шағын қаптарға буып-түйіледі. Өндіріс көлемі айына 5000 тоннаға дейін жетеді деп күтілуде, – деді Эдуард Павлович.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, макарон өндіру үшін бидай жергілікті өндірушілерден алынып отыр. Дегенмен, астық көлемі жеткіліксіз болса, «Азықтүлік келісімшарт»ҰК» АҚ-нан немесе ресейлік жеткізушілерден қосымша алынады. Бүгінде үкіметтік бағдарламада көрсетілгендей, жоғары және бірінші сұрыпты ұнды дәрумендендіру жүргізілуде. Яғни ұн дәруменді және минералды заттар кешені қоспаларымен
байытылуда.
Эльмира НҰҒМАНОВА
«ЖАЙЫҚ ҮНІ»
Пікір үстеу