СТУДЕНТТЕР МАЛДЫ БРУЦЕЛЛЕЗ ДЕРТІНЕ ТЕКСЕРУДІҢ ЭКСПЕРСС-ӘДІСІН МЕҢГЕРДІ
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Ғылым айлығы» аясында ұйымдастырылған іс-шаралар жалғасуда. Бүгін университет ғалымдары «Шамшырақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жағдайында тәжірибеге бағытталған сабақтар өткізді, деп хабарлады университеттің медиа-орталығы.
«Мал шаруашылығындағы ғылым және практика» тақырыбы бойынша тәжірибеге бағытталған сабақтарды «Ветеринария және биоқауіпсіздік» жоғары мектебінің профессоры, ветеринария ғылымдарының докторы Ғайса Абсатиров пен «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» жоғары мектебінің жетекшісі, PhD Дархан Смағұлов жүргізді. Білім алушылар шаруашылық жағдайында ауыл шаруашылығы малдарын бруцеллез дертіне тексерудің экспресс әдістерінен, қойларды төлдету және төл өсіру барысынан хабардар болды.
Профессор Ғайса Ғарапұлы бруцеллез – елімізде, соның ішінде өз өңірімізде төрт түлікке зиян келтіретін аурулардың бірі екенін айтты.
– Бүгінгі тәжірибелік сабағымызда қожалықтарда немесе осындай кәсіпорындарда сол ауруды зертханаға апармай-ақ қалай тексеруге болатынын көрсеттік. Шет елден немесе басқа аймақтан мал алған жағдайда, асылтұқымды бұқалар әкелінсе, оларды шаруашылық жағдайында тексеруге болатынын көрсеттік, – деді профессор.
«Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» жоғары мектебінің жетекшісі, доцент Дархан Бақытбекұлы студенттерге етті-майлы бағытындағы қылшық жүнді құйрықты еділбай қой тұқымы мен етті-жүнді бағытындағы биязылау жүнді кроссбредті ақжайық қой тұқымы, ірі қара мал және жылқылармен атқарылатын жұмыстарды қалай ұйымдастыру керектігін көрсетті. Қойларды асылдандыру бағытында зоотехникалық есепті жүргізу, малға таңба салу, идентификациялау, олардың сыртқы пішінінің өлшемдерін алу, тірілей салмақтарын өлшеу, жасын анықтау сияқты жұмыстарды түсіндіріп, қолданылатын заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс жасауды көрсетті.
«Ветеринарлық медицина» мамандығының 4-курс студенті Нұрдәулет Ерғазиев: – Шаруашылық орнында үйренген тәжірибелік әдіс-тәсілдеріміз болашақта өз мамандығымыз бойынша кәдеге асары сөзсіз. Нәтижесінде ауру және сау түліктерді бір-бірінен ажырату арқылы таза, сапалы өнім алуға қол жеткізетін боламыз, – дейді.
Екі жыл бұрын құрылған «Шамшырақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде сиыр, жылқы, қой малдары өсіріледі. Кешен аумағында төрт түлік тұратын орыннан бөлек мал сою цехы, мал бордақылау алаңы, мал түсіру-тиеу орыны орналасқан.
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу