ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІҢ ЗАРДАП ШЕККЕН САЛАЛАРЫНА МЕМЛЕКЕТ ЖАҢА ҚҰРАЛДАР АРҚЫЛЫ ҚОЛДАУ КӨРСЕТЕДІ
Қазақстан Үкіметі «Жеке кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан қолдаудың кейбір шаралары туралы» қаулыға өзгерістер бекітті. Ол бойынша дағдарыстан зардап шеккен экономика секторларындағы шағын және орта бизнеске көмек көрсетілетін болады. Бұл туралы www.damu.kz хабарлады.
Дәстүрлі Жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «шағын және орта бизнес өте қиын кезеңдерді бастан кешіп отыр. Пандемияның соқысы алдымен соларға тиді» – деген еді. Президент Үкіметке шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қосымша қолдау көрсетуді, атап айтқанда: несиелерін жеңілдікпен қайта қаржыландыруды тапсырған болатын. Жаңа бекітілген өзгерістер бойынша, COVID-19 пандемиясынан туындаған дағдарыс кезінде зардап шеккен кәсіпкерлер 2020 жылдың 31 тамызына дейін алынған лизинг мәмілелері мен несиелерін «Даму» Қоры арқылы ішінара субсидиялай алады.
Қолдау алатын компаниялар мен кәсіпорындар қатарына жеке сауда саласындағы, қонақ үй, туристік қызмет, кинотеатр, фитнес-орталықтар, көлік жөндеу мен техсервис қызметі, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру секілді қызмет көрсететін 29 түрлі сала енген.
«Өзгеріс шартттарына сәйкес, кәсіпкер номнал мөлшерлеменің тек 6%-ын ғана төлейді. Ал айырмасын мемлекет өтеп береді», – деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өкілдері.
Бағдарламаға қатысудағы басты шартардың бірі – кәсіпкерде 2020 жылдың 16 наурызы күнін есепке алғандағы мерзімде 180 күннен асқан несие мөлшерлемесі және/немесе негізгі қарызы бойынша кешіктіру, қарызы болмауы керек.
Қолдаудың жаңа шарасы 2020 жылғы 16 наурыз бен 2021 жылғы 15 наурыз аралығындағы кезеңге (субсидиялау кезеңі) көзделген, бұл ретте несие бойынша сыйақының номинал мөлшерлемесі 16 наурыз бен 31 тамыз аралығындағы кезеңге шектелмеген, 2021 жылғы 1 қыркүйек пен 15 наурыз аралығындағы кезеңге 18% – дан аспауға тиіс.
Мемлекеттен қолдау алу үшін кәсіпкерлер биыл 30 қазанға дейін банкке өтінім беруі қажет, бұдан әрі «Даму» Қоры банктер берген тізілімдер мен сауалнама-өтініштер негізінде 5 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде субсидиялау мүмкіндігі туралы шешім қабылдайды.
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу