ПРОФЕССОР С.ШАРАБАСОВ ТҰРҒАН ҮЙГЕ ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ҚОЙЫЛДЫ
Бүгін, 1 қыркүйек күні «Қазақ ССР Ағарту ісінің үздігі» медалінің иегері, Қазақстан Республикасы ағарту саласының көрнекті қызметкері, БҚМУ профессоры, әдебиетші-ғалым, ұлағатты ұстаз Серікқали Шарабасовқа өзі тұрған Н.Назарбаев даңғылы, 160-үйдің жанына мемориалдық тақта қойылды.
Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде жарты ғасырдан астам уақыт қызмет еткен ұлағатты ұстаз Серікқали Қабдешұлына қойылған мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына Жайықтағы зиялы қауым өкілдері мен шәкірттері қатысып, ұстазды еске алды. М.Өтемісов атындағы БҚУ ректоры Нұрлан Серғалиев пен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің, Мемлекеттің сыйлықтың иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева мемориалдық тақтаны салтанатты түрде ашты.
– Көптеген азаматтың қалтасында мұғалімдік диплом бар. Ал шәкірт жүрегіне жазылу – ол ұстаз. Ондайлар бар, бірақ өте аз. Шәкірт жүрегіне жазылған ұстаз мен көрген Серікқали Шарабасов. Мен сапарға көп шығамын. «Оралдан келдіңіз бе? Мен Шарабасов деген ағайдан сабақ алып едім» дейді. Біз тақта қойсақ та, қоймасақ та шәкірттерінің жүрегінде өмір сүріп жатыр. Бүгін ұлы ұстазды еске алып, қайта тірілткендей болып отырмыз. Азаматтарға мың алғыс. Осылай ұмытылмас есімдерді құрметтей берейік. Бұл біздің ұлттық тарихымыздың ұмытылмас бір беттері, – деп тебіренді ақын Ақұштап Бақтыгереева.
Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев кемеңгер ұстаздан өзі де дәріс алғанын тілге тиек етіп, қарасөздің шебері, өлең сөздің көсемі туралы естелігімен бөлісті және Қазақстанның әр түкпірінде жүрген шәкірттері ұстаздарынан алған өнегелі тәрбиесін әлі де кітап етіп жазарына сенім білдірді.
Университет әрдайым өз түлектерімен, ғалымдарымен, ұстаздарымен мақтанатынын жеткізген М.Өтемісов атындағы БҚУ ректоры, профессор Нұрлан Серғалиев Серікқали Шарабасовтың оқу орнының дамуына қосқан үлесі зор екенін атап өтті. Өлкетанушы Жайсаң Ақбай Серікқали Ғабдешұлының ерекше қырларына тоқталып, оның сөйлеген сөзі, ақылы оқу орнының үні секілді болғанын жеткізді. Шарабасовқа «Құрметті кітапханашы» деген атақ берілсе артық болмайтынын айтты, оның айтуынша, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Шарабасовсыз бірде-бір шара өтпеген. Жазушы, журналист, Шарабасовтың сүйікті шәкірті Мира Шүйіншәлиева топ арасынан суырылып ортаға шығып, дара тұлғаны әлі күнге іздейтінін айтып, ұстазына арнаған жүрекжарды жыр шумақтарын төкті.
Жиын соңында Серікқали Қабдешұлының аяулы жары Әспет Өтеғалиқызы нағыз ұстазды ұлықтаған барша игі жақсыларға басын иіп, алғысын білдірді. Ұстаздың ұлы Еділ Серікқалиұлы әкесінің рухын көтеріп жатқан қарашаңырағы, Нұрлан Хабиболлаұлы бастаған М.Өтемісов атындағы БҚУ ұжымына еекші ықыласын жеткізді.
– Асқар тауым құлағалы бес жылдан астам уақыт өтті. Әкем кішкентай кезімізден біреудің ала жібін аттамауға, оқу, білім, ғылым игеруге талпындырды. Әркез «кітап оқыңдар», «Абайды оқыңдар, оны оқыған адам ешқашан жерде қалмайды» деді. Әкеме мәңгі қарыздармын. Әрі әділ, абыройлы азамат болып өсуімізге мол еңбек сіңірді. Екеумізді ғана емес, қазақтың барша баласын тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатты. Әкемнің рухы мәңгі жасай бермек. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, әкемнің өзі дүниеден өтсе де, оның артына қалдырған мұрасы ешқашан өлмейтінін дәлелдеп, ерекше көңіл бөліп, өзі 35 жыл өмір сүрген үйіне мемориалдық тақта орнатып, келешек ұрпаққа өшпес естелік қалдырып, шәкірттерінің жадында жаңғыртқандарыңыз үшін отбасымыздың атынан үлкен рахмет айтамын, – деді ұлы ұстаздың ұлы.
Толығырақ «Жайық үні-Жизнь города» газетінің 2021 жылғы 2 қыркүйектегі №34 санынан оқи аласыздар.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу