8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

Орал қалалық «Жайық Үні» газеті – жаңалықтың жаршысы!

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
16 Наурыз 2026 27 0
Тағылым

Ғұмар мұрасы – мұражай төрінде

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрнекті ақын, ойшыл-философ, ағартушы, ғұлама Ғұмар Қараштың есімін ұлықтауға арналған «Ғұмар Қараш – ұлт руханиятының жетекшісі» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.

Іс-шара «Қазақстан» газетінің алғашқы нөмірі жарық көргеніне 115 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Көрмеге өңірдегі жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері, зиялы қауым өкілдері, тарихшылар мен өлкетанушылар қатысты. Көрмені ұйымдастырудағы басты мақсат – қазақ руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен таныстыру, оның ағартушылық және қоғамдық қызметін жас ұрпаққа насихаттау.

Алдымен «Қазақстан» газеті туралы деректі фильм көрсетілді. ХХ ғасырдың басында жарық көрген бұл басылым қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік өмірінде маңызды рөл атқарып, халықтың білім, мәдениет, қоғамдық мәселелерін көтерген басылымдардың бірі болды. Ол туралы М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева сөз қозғады.

         – 1905-1907 жылдардағы орыс төңкерісінен кейін қазақ қоғамында үлкен серпіліс байқалды. Сол кезеңде бөкейлік Алаш зиялылары халықты отырықшылыққа бейімдеу, елге ғылым-білімді насихаттау қажеттігін айқын түсінді. Осы мақсатта олар бар күш-жігерін «Қазақстан» газетін шығаруға жұмсады. 1911 жылы Ғұмар Қараш та Алаш зиялыларымен бірге алғашқы ұлттық басылымдардың бірі саналатын «Қазақстан» газетінің шығуына белсене атсалысты. Басылым 1911 жылдың 16 наурызынан 1913 жылдың қараша айына дейін жарық көрді. Газет небары екі жыл ғана шыққанына қарамастан, өз миссиясын орындап үлгерді. 1917 жылға дейінгі мерзімді басылымдармен салыстырғанда, «Қазақстан» газеті өзінің демократиялық, реформаторлық әрі прогрессивті бағытымен ерекшеленді. Дегенмен мұндай басылымды шығару оңай болған жоқ. Бір жағынан қаржы мәселесі тұрса, екінші жағынан патша үкіметінің қатаң цензурасы болды. Осындай қиындықтарға қарамастан, қазақ зиялылары газетті жарыққа шығарды. Газет бетінде мақалалар қазақ, орыс және татар тілдерінде жарияланды. Басылым демократиялық бағыт ұстанып, отырықшылыққа көшу, оқу-ағарту ісі, өнер-білім, мәдениет, тұтынушылар кооперациясын құру сияқты маңызды мәселелерді көтерді. Сонымен қатар халықты білім мен мәдениетке шақырып, елдің қоғамдық санасын жаңғыртуға ықпал етті. Газет беттерінде Елеусін Бұйрин, Бақытжан Қаратаев, Ғұмар Қараш, Шәңгерей Бөкейұлы, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Ахмет Мәметов, Ғабдолла Көпжасаров секілді зиялы қауым өкілдерінің мақалалары жарық көрді. Бұл басылым қазақ қоғамының оянуына, елдің саяси қозғалыстарға сергек қарауына ықпал еткен маңызды ақпарат алаңына айналды, – деді ғалым.

Жиында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов сөз алып, Ғұмар Қараштың ұлт руханияты тарихындағы орнына тоқталды. Ол қазақ қоғамын білім мен ғылымға шақырған ағартушының еңбегі бүгінгі күні де маңызын жоймағанын атап өтті. Сондай-ақ облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Сафуллин көрменің мазмұны мен маңыздылығына тоқталып, Ғұмар Қараш есімінің халық арасында кең танылмауының тарихи себептерін атап өтті.

         – Ғұмар Қарашты көпшілік неге толық біле бермейді? Оның басты себебі бар. 1921 жылы Ғұмар Қараш айуандықпен өлтірілгеннен кейін, 1947 жылы оның еңбектері үкіметтің арнайы қаулысымен репрессияға ұшырады. Соның салдарынан ақынның шығармалары кітаптардан алынып тасталып, ғылыми айналымнан шеттетілді. Бұл жағдай зерттеушілерге оның мұрасын жинақтап, тұлғасын толық таныстыруға ұзақ уақыт мүмкіндік бермеді. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Ғұмар бабамыздың еңбектерін қайта зерттеуге жол ашылды. Оның шығармалары ақталып, халқымен қайта қауышты. Дегенмен бүгінге дейін бір олқылық бар. Зерттеушілер еңбектерін кітап етіп шығарғанымен, қарапайым халық «Ғұмар Қараш кім?» деген сұраққа толық әрі жүйелі жауап алатын кеңістік жоқ. Сондықтан біз музей қабырғасында осындай көрме ұйымдастыруды жөн көрдік. Көрмеде Ғұмар Қараштың дүниеге келген кезеңінен бастап, білім алған ортасы, ұстаздары, ағартушылық жолы, қоғамдағы қайраткерлік қызметі, Алашордашылармен байланысы, ақын әрі ойшыл ретіндегі шығармашылығы жан-жақты қамтылды. ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзінің қалыптасу тарихы, «Қазақстан» газетінің шығуына атсалысқан зиялылардың қызметі және басылымның ұлт санасын оятудағы рөлі туралы деректер де ұсынылды. Бұдан бөлек, Ғұмар Қараштың өміріне қатысты архивтік құжаттар, қолжазбалар, фотосуреттер, сирек басылымдар мен жеке заттарының үлгілері қойылған.  Басты мақсатымыз – батыс өңіріне келушілер осы тұлғаның өмірі мен мұрасын тереңірек таныса екен деген ниет. Сонымен қатар көрмеде заманауи мүмкіндіктер де қарастырылған. Келушілер арнайы QR код арқылы ақынның шығармаларын тыңдап, бейнематериалдарын көре алады, – деді Жантас Набиоллаұлы.

Шарада облыстық «Ғұмар Қараш» оқуларының жеңімпаздары ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Жас оқушылар ақын жырларындағы елдік рух пен ағартушылық идеяларды әсерлі жеткізе білді.

Жиын соңында музей қызметкерлері қонақтарға көрме бойынша экскурсия жүргізіп, экспозициядағы тарихи деректер мен жәдігерлерді кеңінен таныстырды. Қатысушылар қазақ руханиятында ерекше орны бар тұлғаның өмірі мен мұрасын жаңа қырынан танып, тағылымды деректерге қанықты.

Ерке МЕРЕКЕ,

Орал қаласы

 

Версия для печати
Соңғы жаңалықтар
Тағылым
Ғұмар мұрасы – мұражай төрінде
16 Наурыз 2026
27 0
Референдум2026
Маржан той иелері референдумға қатысты
15 Наурыз 2026
81 0
Референдум2026
Кітапсүйер отбасы дауыс берді
15 Наурыз 2026
74 0
Референдум2026
Көп балалы отбасылар өз таңдауын жасады
15 Наурыз 2026
75 0
Референдум2026
Ұлттық рухтың дауысы
15 Наурыз 2026
71 0
«Орал қаласының көркем жерлері»
«Ғаламтор ресурстары»