БҚО ӘКІМІ ҒАЛИ ЕСҚАЛИЕВ ҰСТАЗДАРДЫ КӘСІБИ МЕРЕКЕЛЕРІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Қазан айының алғашқы жексенбісі ұстаздардың кәсіби мерекесі. Атаулы мейрамға орай бүгін Салтанат сарайында «Ұстаз – ұлы есім» тақырыбымен мерекелік шара ұйымдастырылып, алғаш рет белгіленген «Батыс Қазақстан облысының білім саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі берілді. Сондай-ақ өңірдегі бірқатар ұстаздар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгiсi, «Бiлiм беру iсiнiң құрметтi қызметкерi» төсбелгiсiмен, Батыс Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Өңір педагогтарын облыс әкімі Ғали Есқалиев құттықтады.
– Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерге білім мен тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілікке баулуда ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек, – деп мерекеге орай ұстаздарға құттықтау лебізін арнаған Ғали Есқалиев нағыз мұғалім оқушысына мектеп бағдарламасына енгізілгеннен де артық білім нәрін құятынын, әр адамның өмірде өз жолын табуына бағыт беретінін атады. Осындай құрметті мамандық иелерінің мәртебелерін нығайту мақсатында кейінгі жылдары аз жұмыс жасалған жоқ. «Педагог мәртебесі» туралы заңның қабылдануы соның бір айғағы екені айқын. Өз сөзінде өңір басшысы білім саласын дамытуда облыста жасалып жатқан жұмыстар мен шәкірттердің жетістіктеріне тоқталды. – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мәртебелі мамандық иелеріне ықыласы ерекше. Бір сөзінде «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қала тәрбиелесе Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» дегенін баршамыз білеміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында білім беру саласын одан әрі дамытып және қолжетімді сапалы білім алу үшін жағдай жасауды тапсырды. Бүгінгі күні облыста 21 мыңнан астам ұстаз 155 мыңға жуық колледж студенттеріне және мектеп оқушылары мен мектепке дейінгі ұйым балаларына білім мен тәрбие беруде. Өскелең ұрпағымыз табыстарымен қуантып келеді. Облыстың 35 оқушысы республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми сайыстардың жеңімпаздары болды. 29 оқушы ауылдық дарынды балалардың IQANAT байқауының жеңімпазы атанып, Тұңғыш Президент қорының грантына ие болды және Бурабайдағы IQANAT мектебінде оқуларын жалғастыруда. Бұл көрсеткіш бойынша біз республикада бірінші орындамыз. Білім сапасы мен қатар білім саласының инфрақұрылымына аса мән берілуде. Осы жылы 8 млрд. теңге қаражатқа алты мектептің құрылысы жүргізілді. Соның ішінде екі мектеп жеке инвесторлардың қаражатына салынды. Сонымен қатар 4,5 млрд. теңгеге Орал қаласы мен барлық аудандар бойынша 27 білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өтуде. Нәтижесінде биыл 5 мектепте үшауысымдылық мәселесі шешіледі. Келер жылы қалған екі мектептің мәселесін шешуге мақсат қойдық. Апатты мектептердің екеуі биыл жаңадан салынуда. Апатты деп танылған басқа білім ғимараттарының мәселесі 2021-2022 жылдары шешіледі деп көзделуде. Осы жылы О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика бағытындағы мектеп біздің облыста мұғалімдердің біліктілігін арттыру және қосымша білім беру орталығын ашуды жоспарлады. 2021 жылдың жаңа оқу жылына 1-6 сыныптар үшін физика-математика бағытындағы мектептің ашылуы күтілуде, – деген Ғали Нәжімеденұлы білім беруді дамытуға арналған өңіріміздегі бұл шаралардың мұғалім үшін маңызды екенін, жаңа жағдайда өзінің шығармашылығы мен кәсіби шеберлігін жаңаша жүргізуге септігін тигізетінін атап өтті.
Мерекелік жиында алдымен «Үздік педагог – 2020» республикалық конкурсының жеңімпаздары атанған Сырым ауданы К.Мырзалиев атындағы жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Гүлдана Нұғманова мен облыстық техникалық шығармашылық орталығының қосымша білім беру педагогы Мирболат Құспановқа құрмет көрсетілді.
Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңына сәйкес биыл білім саласындағы жетістіктері үшін облыс әкімінің қаулысымен «Батыс Қазақстан облысының білім саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі және 300 еселенген төменгі айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі сыйақы белгіленген. Алғашқы төсбелгі мен сыйақы дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының бастауыш сынып мұғалімі Гүлшат Сухановаға табысталды.
Орал қаласы №35 мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі Салима Әлиева, Бәйтерек ауданы «Еркемай» бөбекжайының меңгерушісі Татьяна Савченко, Орал «Сервис» технологиялық колледжінің өндірістік оқыту шебері Галина Белова Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгiсiмен марапатталса, Қазталов ауданы Ғ.Молдашев атындағы орта мектептің мұғалімі Лейла Баделова, облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының ана-тәрбиешісі Фарида Ахмурзина, Қаратөбе колледжінің оқытушысы Зәуреш Жұмағалиева, Ж.Досмұхамбетов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің оқытушысы Қырымжан Жақыпова, Бөрлі колледжінің директоры Мұрат Өтемұратов, Теректі колледжінің өндірістік оқыту шебері Дариға Орманова «Бiлiм беру iсiнiң құрметтi қызметкерi» төсбелгiсiниеленді. Сондай-ақ білім саласындағы еңбектері мен жетістіктері үшін 13 педагогқа Батыс Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хаты ұсынылды.
Бұдан бөлек дәстүрлі түрде білім басқармасы мен облыстық кәсіподақ ұйымы тағайындаған арнайы номинациялардың иегерлері анықталып, жеңімпаздарға Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының қаражатынан «Сарыағаш» шипажайына жолдама берілді.
Сондай-ақ мерекелік шарада БҚО білім басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған «Түлектер тілегі» жобасы шеңберінде түсірілген видеоролик көрсетіліп, бүгінде әр салада табысты еңбек етіп жүрген мамандар ұстаздарына алғыстарын жеткізді.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу