8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

2023 жылдың І жартыжылдығына жазылу басталды!

«Жайық үні-Жизнь города» газетіне жазылыңыз!

Бізбен бірге болыңыз!

 

 

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
21 Сәуір 2021 3104 0
«Жайық үні» — 30 жыл

Қаламғали СҮЙІНШӘЛИЕВ: «БҰЛ – МЕН КҮТПЕГЕН ҚОС ҚУАНЫШ!»

ЕШКІМ ДЕ, ЕШНӘРСЕ ДЕ  ҰМЫТЫЛМАЙДЫ!»

 

Назарбаев даңғылындағы бес қабатты 160-шы үй әуелден «Ұстаздар үйі» деп аталады. Орал пединститутының (БҚУ) ардагер оқытушылары бұл үйді баяғыдан мекен еткен. Өкінішке орай, танымал жандардың талайы о дүниеге аттанып кетті. Қазіргі таңда бұл үйде соғыс және еңбек ардагерлері Қалам Сүйіншәлиев атай мен Фаруза Ниетқызы және ел анасы Меруерт Жолдықайырова сынды саусақпен санарлықтай аға-апалар тұрады.
2015 жылы Қалам аға мерейлі 90 жасқа толып, «Жайық үні» газеті атынан арнайы сұқбаттасқан едім. Сол кезде жерлестеріне ағынан жарылып батасын беріп, өскелең ұрпаққа алғысын айтқан Қалам аға әлі күнге ақ тілегін жолдаумен келеді. Былтыр 95 жасқа толған абыз ақсақалды өңір басшысы Ғали Есқалиев те, Жеңістің  75 жылдығымен қала әкімі Абат Шыныбеков те барша ел атынан құттықтап, мерейін өсірді. Бұйыртса, Жеңістің 76 жылдығын көруге асыққан Қалам аға бүгінде Құдай қосқан қосағы Фаруза апамыздың күрең шәйін баптап ішіп, жанұя бақытына бөленуде. Ылайым, «ат төбеліндей» азайып бара жатқан қарияларымыз-дарияларымыз көктем сайын көңілдері шалқып, Жеңіс күнін аман-есен қарсы ала бергей…

Автор.

              Биылғы жыл  еліміздің тарихында есте қаларлықтай атаулы, маңызды мерекелерге толы. Соның бірі – Ұлы Жеңістің 70 жылдығы. Көп ұлтты елімізге бейбітшілік пен тыныштық сыйлап, ашық аспанның, жарасымды тіршіліктің мән-маңызын ұқтырған осынау мерекені тойлауға Қалам атамыз да асығып отыр. Осы қаңтардың 18-і күні бұйыртса торқалы 90 жасқа толатын соғыс және еңбек ардагері, республикаға танымал педагог-ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, Ақ Жайықтың қадірлі ақсақалы Елбасының арқасында Тәуелсіздіктің арайлы таңдарын көріп, шалтты өмір сүріп, жұрт қызығар жасқа жеткені үшін өзін бақытты санайды.

 

– Қалам аға, төрімізге енген Қой жылында қос қуанышты қатар көргелі отыр екенсіз. Ұзағынан сүйіндірсін. Жайнаған Жайығыңыздың жағасында, ел-жұртыңыздың, бала-шағаңыздың ортасында әлі сол қаз-қалпыңызда аман-сау отырған сізде, сірә, еш арман жоқ шығар. Алдымен бізге ұзақ жасаудың сырын айтыңызшы?

– Жастық шағыңда қиындық көрсең, есейгенде қуанышына кезігесің деп анам жиі айтатын. Сабыр сақтап, шүкіршілік етіңдер дейтін. Өйткені бала кезімізде көрген азабым мен машақатымды  дәл қазір айтып тауыса алмаймын, қарағым. 1925 жылдың 18 қаңтарында дүниеге келіппін. Бірақ, дәл осы күні келдім бе, әлде сәл кейінірек өмірдің есігін аштым ба, оны білмеймін. Бұлай дейтін себебім, мен елуге толғанда үйде дастархан жайылып, дос-жарандар келмей ме. Сонда тойдың үстінен түскен анам келіні Фарузаға: «Мен Қаламжанды қыста емес, әкесі пішен шауып жатқанда тудым» депті. Тек ай-күні белгісіздеу болғанмен, 1925 жылы дүниеге келгенім айдан анық.

– Дегенмен, арғы тегіңіздің текті болғаны көрініп тұр. Есімі Алты алашқа мәлім Ханғали Сүйіншәлиев пен Сізге қарап, «Жапырағын жайған бәйтерек, тереңге тартқан тамырын» деген ән жолдары ойға оралады.

– Рахмет. Өкінішке орай, қолымда әкемнің фото- кәртішкісі де жоқ. Бірақ әкемнің ұзын бойлы, тұлғалы, келбетті кісі болғанын білемін. Мейірімді жан еді. Небәрі 45 жыл өмір сүріп дүниеден озып кетті. Әкем Жұмаштың да тағдыры күрделі болды. Жоқшылық заман не істетпеді? (Қалам аға терең демалды). Ал енді, осы тоқсанға қалай жеттіңіз деген сұрағыңа келсем, өмірге деген құштарлық оп-оңай келген жоқ. Тағдырым қиын кезеңдерге тап қылды. Әкем Жұмаш Құран оқып, кішігірім ауылдың тым-тәуір молдасы атаныпты. Тайпақтың Алаша дейтін төбесінде аталарымыз Мәуліәмберді мешітін салып  тастапты. Он екіата байұлының қалқаман танасы болған. Солардың ішінде әкеміз Жұмаш та молда болыпты. Алайда, бір күні қасиетті Құранын өлген адамдай аятын оқып, қара жерге біржолата көміпті. Сол кездегі кеңестік дәуірдің дінге қарсы салқындығын іштей сезсе керек. Содан белді бекем буып, қара жұмысқа сыбана кірісіпті. Біз Тайпақтың Қызылжар деген жерінде туып-өстік.  Жайықтың жағасына жақын болған соң әкем балық аулаумен айналысты. Жағаға ұзын қоныш етік киіп бармасаң, ауға балық түскенше діңкеңді құртатын. Әлі күнге есімде, мен ол кезде сегіз жаста едім. Әкем үйдегі шиттей бала-шағасының тамағын асырау үшін таң сәріден күн  батқанша титықтайтын. Қорадағы малдан жұрдаймыз. Кедейшілік, жоқшылық қабырғамызға қатты батты. Тар жол тайғақ кешудің талай соқпағын көрдік. Содан мешіт жанындағы медреседе арабша сауатымды ашқалы жүр едім, күтпеген тұстан елу шақты ауыл жұрты үдере көштік. Ел басына күн туған, ер етігімен саз кешкен қиын заманға тап болдық.  Ашаршылық алқымымыздан алды. Сол көшкеннен жалаң аяқ, жалаң бас Астрахань жақтан бір-ақ шықтық. Ол жақта ағайындар тұрады екен. Олардың да тұрмысы нашар. Кішігірім жер үйге сыйысып, паналадық. Айнала дым жоқ. Бер жағында су. Каспийдің жағасына тулаған толқындар балықты таңертең әкеліп тастайды екен.  Күн сайын құр балықты жеп-жеп одан да шығасың. Нансыз суға піскен балық та дәмсіз. Бірде бір топ бала ойнап жүріп ауылдан    жиырма шақырымдай жерге бардық. Өзеннің жағасынан шашылып жатқан жүгері дәнін көріп, таласа тердік. Оны әкеліп балыққа қосып жеп, тамағымызға азық еттік. Кейін тағы барып едік, жүгеріні таба алмадық. Қарасақ, Каспийдің жағасындағы қамыстың ішіндегі атты әскерге әдейі жүгеріні береді екен. Содан аттың тезегінің ішінен  жүгеріні көзіміз шалмай ма. Сізге өтірік, маған шын  қидың арасынан тауып алған жүгеріні бір топ бала таласып жедік. Ашаршылық адамға не істетпейді. Қазір ойлап қарасақ, сыртта тоңып жүрген торғай екеш торғай да жылқының тезегін біз құсап шұқып жемейтін шығар.  (Қария осы сәтте жанары жасаурап, ауыр күрсінді). Содан, не басыңды ауыртайын, жер аударылған ағайынымыз Тінәлілер қалып қойды. Біз кері көштік. Қазіргі Деркөл жақты паналадық. Күркеден үй құрап, қысы-жазы сонда тұрдық. Баяғы күйкі тірлік. Сол заманның қиын-қыстау тіршілігімен жүріп, байғұс әкем титықтап бітсе керек. Өкінішке орай, бар-жоғы азаппен, жоқшылықпен 1934 жылы бақилық болды. Артында шиеттей балаларын құшақтап, аңырап анам қалды. Жылап-сықтап ағам Ханғали, мен, Мағжан, Фатима сынды бауырларымыз қалдық. Адамды тұрмыс билейді деген рас екен. Қазір ойлап отырсам, егер мен де әкем секілді тұрмыстың тауқыметін көп көрсем, бұл жасқа жетемін бе, жетпеймін бе, кім білсін. Жалпы, менің де тағдырым, соғыс жылдарына шарпылған жастық шағым оңай болмады.

– Қан майданға қай жылы аттанып едіңіз, аға.

– 1942 жылдың қоңыр күзі ғой. Алдымен әкеміз көз жұмғанда орнында қалып, бізді қамқорлаған туған інісі Ғаббас көкем кетті соғысқа. Бұл қырық екінші жыл біздің жанұяға қасірет-қайғы әкелді. Біз арқа сүйеген Ғаббас көкем Сталинград түбіндегі шайқаста ерлікпен қаза тапты. Өте қайратты, әкем  секілді алғыр жігіт еді. Ол да қырық бестің о жақ бұ жағынан бері ұзамай, жұлдызы ерте сөнді. Кім-кімде тағдырдың жазғанына көнеді. Ғаббас көкемнен айрылып қалғанымыз, оның соңынан жеткен қара қағаз Сүйіншәлиевтер әулетін есеңгіретіп тастады. Майданға аттанған Ханғали ағам  тап осы жылы екі балдаққа сүйеніп елге оралды. Мәскеу түбіндегі соғыста қатты жараланыпты. Ағам келген бойда мен кеттім майданға. Үй-іші үрейленіп, маған сұраулы жүзбен қарап қалды. Көкейлерінде: «Қарғам, сенімен қауышамыз ба, әлде Ғаббас көкеңнің соңынан кетесің бе?» деген ой тұрды. Амал не? Елімді, Отан-анамды жаудан тайсалмай қорғауым керек!  Содан мені  Закавказье майданына, Грузия мен Түркия шекарасына арнайы стратегиялық маңызы бар тас жолын әуеден қорғайтын әскери бөлімдер құрып, жаңа қару-жарақты меңгертіп, құпия стратегиялық жоспарды іске асыру бағдарламасын жаттықтырып, жан-жақты дайындады. Ауылдан шыққан қара домалақ бозбала –  Қалам Сүйіншәлиевті осылайша ұрыс даласына шыңдады, шынықтырды. Біз қорғайтын Отан біреу! Сондықтан, ұлтқа, ұлысқа бөліну дегенді білмедік. Талай көп ұлтты жігіттермен титтей қара нанды қиқымына дейін бөлісіп жеп, аз-кем басымызды түйістіріп қалғып алатынбыз. Бәріміз де соғыстың тезірек бітуін қалайтынбыз. Туған жерге аман-есен Жеңіс туын желбіретіп жететін күнді аңсаушы едік. Сол арманға бойдағы сеніммен, ертеңге деген үмітпен жеттік. Соғыс тәмәмдалған бойда Закавказье майданындағы әскери күштерді демобилизацияға даярлап, ауылға қайтарды. «Жыртық үйдің де Құдайы бар» демекші,  бағым бар екен, тізімге ілігіп кетіп, аман-сау еліме оралдым. Сонда, бауырларыма қосылып, анамның қуанғанын көрсеңіз ғой?!

– Анаңыз Ақтеңге туралы игі-жақсылардың өз аузынан көп әңгіме естідім. Ақылына көркі сай сұлу әрі әнші болған деседі.

Ол рас. Анам Ақтеңге Сүйінбекова қолы іс тігуге шебер, әнші, өлеңші болыпты жас күнінде. Ауылдастары «Айнамкөз» деп атап кетіпті. Сірә, Мұхиттың әндерін тамылжыта шырқайды білем. Бір қызық естелік айтайын. Бір күні Алматыға Ханғали ағама қыдырып барсам, атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиев сол үйдің төрінде отыр. Ақ Жайықтан түлеп ұшқан жерлестер ретінде мидай араласады екен. Әншілік өнер біздің тұқымда бар. Нағашымыз Оразғали мен анам Ақтеңге тамылжытып ән салғанда бүкіл ауыл ұйқыға кеткендей тып-тыныш бола қалатын. Содан Ғарекеңнің сұрауы бойынша алдымен Ханғали ағам ән салды. Өнер десе ішкен асымды жерге қоятын мен де қарап қалмай, шабыттанып, Ер Тарғынның, Шегенің арияларын шырқай жөнелдім. Одан қарындасым Фатима шырқады тамылжытып. «Ойбай мен әншімін десем, менің әншілігім бекер екен» деп Ғарекең шаттана қол соқты. Дәл осы естелікті Ханғали ағам күнделігіне түртіп алыпты. Онда: «Ғарифолла ағамыз сәті түскенде үйімде болып, үшеумізді де тыңдады. Бізге өкінішпен пікірін айтып, ғылым жолын қумай, әншілік өнерді жалғастыруымыз керектігін, уақытты оздырып алғанымызды айтып қынжылды» делінген жолдар бар. Шынында да мені консерваторияға баруға көбірек үгіттеді достарым. Бірақ, ұстаздық жолды таңдадым. Анам үй шаруасындағы қарапайым әйел ғой, әлгіндей қиыншылық тұста өнерге қайтіп көңіл бөлсін. Ол кісі ұл-қызының ғана қамын күйттеді. Тағамды да өте дәмді пісіретін. Қолы ашық жан еді. 1946 жылы Орал педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түстім. Үйіміз институттың тап қасында болды. Жайсаң Ақбай секілді институтта менімен бірге оқыған қатарластарым жақсы біледі. Сабақтан шыққан бойда группадағы  жігіттерді үйге ертіп баратынмын. Достарымның бәрі анамның кәртобын тәуір көріп, сүйсініп жейтін. Анамның суға піскен кәртобы сары май қосқандай өте дәмді болатын. Талай ағаларың анамның қолынан дәм татты. Соғыс біткенмен елдің экономикасы көтерілген жоқ еді. 1947 жылы желтоқсан айында карточкалық жүйе жойылып, таңсәріден дүкенге тамақ алуға кезекке тұратынбыз. Кімнің күші көптеу, сол тартынып кіріп жұрттан бұрын керегін алып шығатын. Айта берсем, ол кездің әңгімесі көп, қарағым. Бұл өмірдің тек қана күрестен тұратынын жастайымнан көріп өстім. Аллаға тәубә деймін қазір. Өйткені шешем тұмсығымен құс тістеп жүріп өсірген балаларының қызығын көрді. Бас көтерген ағамыз Ханғали Жұмашұлы Сүйіншәлиев жоғары білім алды. Бауырларын да қасына ертіп, жақсылыққа баулып, үлкен азамат болудың үлгісін көрсетті. Өмірін білім  мен ғылымға арнап, Қазақ мемлекеттік университетінде соңғы демі біткенше қажырлы еңбек етті. Көрнекті әдебиет майталмандары Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов сынды қаламгерлермен қарым-қатынаста болды.   Ғылым докторлығын қорғап, бірнеше оқулықтар мен монографиялар жазды. Жастайынан жесір қалып, біраз ауыртпалықтың жүгін екі иығымен тең көтерген анамыздың ғұмыр  жасын жазмыш ұзақ етіп, көрген қиындығының есесіне өмірдің тұщы дәмін де татқызды. Балаларының қызығын, немерелерін көріп, бақытты шақтарды басынан кешірді. Әкеміз жетпеген армандарға шаршап-шалдықса да аяулы анамыз жетті-ау деп қанағат етемін бұл күндері.

– Қалам аға, сонау 1955 жылдан бері байырғы білім ордасы, қазіргі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде еңбек етіп,  саналы  ғұмырыңызды  ұрпақ тәрбиесіне арнадыңыз. Бұл ұлағатты өмір жолыңыздың өзіндік сыры мен қыры бар деп білемін.

– Әлбетте. 1950 жылы институтты бітіріп, облыстық оқу бөлімінің жетім балалар секторының инспекторы болып істедім. Одан облыстық партия комитетінде мектептер бөлімінде нұсқаушы, бірінші хатшының көмекшісі қызметтерін атқардым. Бұл саланың бәрі  маған тағы бір оқу орнын бітіргендей әсер етті. Ермұхан Бекмұқанов деген ел азаматы сол кездері Оралға келіп, ел ішін менімен бірге аралай жүріп, Арқалыққа ректорлық қызметке баруымды өтінді. Жасымнан туған елден жырақ кетудің не екенін  ұқтым ба, осы Жайықтың бойынан қарыс қадам аттағым келмеді. 1955 жылдан бастап өмірден бар көрген-түйгенімді, тәжірибемді, алған білімімді тек ұрпақ тәрбиесіне, ұстаздық салаға арнадым. Көптеген еңбектерім Қазақстан тарихының оқулықтарына енді. Бақытымызға орай тап болған А.Королевский, И.Медведев, Я.Фейгельсон, Ш.Қаржауов, К.Ивакин, С.Ақмурзин, Ғ.Әбуханов, Т.Беисов, Ш.Еркеғұлов секілді көптеген ұстаздар кәсіби біліктілігімен, адамгершілігімен, үйретуден жалықпайтын қасиетімен сапалы білім беріп, біз секілді кешегі аштықты көрген, жоқшылықты өткерген жастарды адамдықтың жолына жетелей білді.  Бізді оқытушы-ғалымдар «Алтын топ» дейтін. Соғыстан соң тарих факультетінің орыс тобына түстік. Құрбылардан кем қалмауға тырысып ұқыпты, жинақы, әдепті болдық. Намысқа тырысып, сабақты беске оқыдық. Майра Мақатова деген апамыз болды соғысқа қатысқан. Өте сауатты еді. Біздің 33 студенттің тоғызы қазақ, алтауы ауылдан келген қыз-жігіттер еді. Осы топты бітіргендердің сегізі ғалым болып, кандидаттық қорғады. Алтауы Орал педагогикалық институтында жұмыс істеді. Соның бірі өзіммін. Республикадағы алдыңғы қатарлы бұл жоғары оқу орнының бізге берген білімі, парасаты, мәдени тәрбиесі өте жоғары. Біріншіден, азамат қатарына қосылып, адам болсам, елімнің бір кәдесіне жаратқан осы университетім деп бағалаймын. Екіншіден, болашақ асыл жарымды да осы оқу орнынан таптым. Көбісі менен кештеу отбасын құрғанымды сұрайды. Шыны керек, отыз жасымда Фаруза Ниетқызы Сұлтановаға үйлендім. Өзімнен бұрын анама шәй құйып беруге лайық, отбасының қадірін білетін, қазақы тәрбиесі жанарынан көрініп тұратын, көркіне ақылы сай бойжеткенге, яғни өзімнің студентіме дәріс оқып жүріп көзім түсті. Алғашында соғыс салған жүрегімдегі жара жазылмай, тұрмыс-тіршілігіміз түзелмей, отау құрып, шаңырақ көтеруге асыға қоймағаным рас. «Үйлену оңай – үй болу қиын» демекші, жастық жігерімді білімге, ғылымға арнап жүріп қалдым. Оның несін жасырайын. «Орнында бар оңалар» демекші, 1957 жылдың дәл 23 ақпаны күні анамыздың ақ батасымен, ағайын-туыстың ақ тілегімен қолұстасып, ендігі  болашаққа бірге аттануға уәде бердік. Шүкір, Жасұлан, Руслан, Саида есімді үш баламыз бүгінде Қазақстанның бір-бір үлкен азаматына айналды.  Бүгінде осы ұрпақтарымнан өрбіген немере-жиендерді иіскеп, Фаруза апаң екеуміз құтты шаңырағымыздың астында бақытты ғұмыр кешудеміз. Адам баласында қуа берсең, қиялдай берсең арман таусылмайды. Ең басты мақсатым – азамат болу еді. Тартынып-тартысып жүріп, өмірдің жақсы-жаманын көріп жүріп, бейбіт заманның арқасында, тыныштық пен шалтты тұрмыстың арқасында биік-биік мақсаттарға қолым жетті-ау деп ойлаймын.

Мен тіпті,  кеше өзім Жеңіс Туын желбіреткен соғыс ардагері ретінде биыл тоқсанға жетемін, Ұлы Жеңістің 70 жылдық тойын еліммен бірге көремін деп ойлаған емеспін. Сондықтан кемеңгер Елбасымыздың іскерлігіне, көрегенділігіне ризамын. Жаңа жылда өңір басшысы Нұрлан Ноғаев пен Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов әрбір ардагердің үйіне аяқтай барып, Елбасының құттықтау телеграммасын табыс етті. Барша ардагерлердің рухын бір көтеріп тастады. Бұл сыйластық – қойдың жасындай жастары қалған әр ардагерге күш-қайрат, жігер берді деп ойлаймын және ризашылығымды айтамын.

– Сонымен, төбесін көрсеткен тоқсанға, тәңірдің сыйлаған ғұмыр жасына еш өкпем жоқ дейсіз ғой, аға. Ылайым да жүрегіңіздің сағаты тоқтамай, Жамбыл атамыздың жасына жетіңіз. Әлбетте, Сіз секілді абыздан жастар бата сұрайды. Қол жайып, Жайықтағы ел-жұртыңызға бата-тілегіңізді берсеңіз.

– Оу, айналайын, сендердің газеттерің арқылы оралдық жерлестеріме, Елбасының ізбасарларына, жастарға арнап батамды берейін. (Қарияның жүзінен жылылық есіп қоя берді. Өмірі бір повестьке татитын ақсақалдың қиындықты жеңе білген бойындағы қайсарлығына, батырлығына таң қалдым. Осы сәтте іркілместен ақ батасын айтып, сайрай жөнелді).

Кемеңгердің  алғыр ойын берсін,

Екі дүниенің абыройын берсін!

Талаптымен тау астырсын,

Талантымен таластырсын,

Жақсылықпен жанастырсын!

Білімдерің молая берсін,

Еңбектерің зорая берсін,

Мақсаттарың айқын болсын!

Елбасымыз аман болып,

Ақ Жайығым жайнай берсін!

Әумин!

 

Сұқбаттасқан

Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА

Орал қалалық «Жайық үні – Жизнь города» газеті.

№2. 15 қаңтар 2015 жыл.

Версия для печати

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Соңғы жаңалықтар
Қалалықтар қаперіне
Үйлердің құрылысын жеделдетуді тапсырды
09 Мамыр 2024
109 0
Құттықтаймыз!
Жеңіс күнімен құттықтады
09 Мамыр 2024
114 0
Қалалықтар қаперіне
Саяжай тұрғындары үйлеріне орала бастады
09 Мамыр 2024
153 0
Бәрекелді!
Жоғары әскери шен берілді
09 Мамыр 2024
167 0
Еске алу
Батырлар рухына тағзым етті
05 Мамыр 2024
551 0
Қалалықтар қаперіне
Бірді-бірге соғыстырып, күнәға батпайтын!
03 Мамыр 2024
691 0
Қалалықтар қаперіне
«Қазавтожолдың» техникалары өз облысына қайтты
03 Мамыр 2024
724 0
Қалалықтар қаперіне
Жалған ақпарат таратқандар жазаланды
30 Сәуір 2024
1000 0
Қоғам
Қаржылық сауаттылық қажет пе?
30 Сәуір 2024
1010 0
Оқиға
Тұрғын үй өртенді
29 Сәуір 2024
1138 0
Қалалықтар қаперіне
Өз үйлерін тексере алады
26 Сәуір 2024
1436 0
Қалалықтар қаперіне
Құжаттандыру бойынша көмектесуде
25 Сәуір 2024
1531 0
Қоғам
Мемлекет шығынды түгел өтейді
25 Сәуір 2024
1560 0
Мезгіл мәселесі
Су тасқынына қатысты кейінгі деректер
23 Сәуір 2024
1767 0
Мезгіл мәселесі
Апаттан құтқару жұмыстары жүріп жатыр
21 Сәуір 2024
2038 0
Қалалықтар қаперіне
Су деңгейі көтерілді
19 Сәуір 2024
2259 0
«Мемлекеттік бағдарламалар»

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»
мемлекеттік бағдарламасы

«Ғаламтор ресурстары»