8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

2023 жылдың І жартыжылдығына жазылу басталды!

«Жайық үні-Жизнь города» газетіне жазылыңыз!

Бізбен бірге болыңыз!

 

 

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
28 Маусым 2021 2542 0
Қоғам

Б.ХАЛИОЛЛА: «БІЗ ҚАСЫМЫЗДАҒЫ АДАМНЫҢ ҚАДІР-ҚАСИЕТІНЕ ЖЕТЕ АЛМАЙ ЖҮРМІЗ»

Ғабит Мүсірепов «Әдебиет ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды» деген екен. Шындығында, ұлттың ұлылығы оның рухани қазығының мықтылығында. Ал рухани қазық пен діңгекті орнықтырушы бұл – жазушылар қауымы. Ал олардың әлеуметтік мәселелерін реттеуші  Жазушылар Одағы. Осы орайда біз Қазақстан Жазушылар Одағы өңірлік филиалының тынысы туралы білмекке филиал төрағасы  Бауыржан Халиолламен сұхбаттасқан едік.

 

   –  Бауыржан Ергенұлы, Қазақстан Жазушылар Одағының облыстық филиалы төрағалығына тағайындалғаныңызға тоғыз айдың көлемінде уақыт болған екен. Осы қызметке келгенде сізге  қандай міндеттер жүктелген еді, жоспарыңыз қандай болды. Олар қалай жүзеге асуда?

  – Жазушылар Одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалы, ашығын айту керек, заң жүзінде ресми түрде жұмысын тоқтатқан. Алайда, Ақұштап апай өзінің беделімен өңірдегі Одақ филиалын қоғамдық ұйым ретінде алға сүйреп жүрді. Мен жұмысымды Одақтың филиалын ресми түрде тіркетуден бастадым. Қазақстан Жазушылар Одағы үлкен қоғамдық бірлестік, әр аймақта  филиалдары заңды түрде  жұмыс жасайды. Біздің облыста да заңды түрде жұмыс жасауы керек. Тағайындалғаннан кейін көп ұзамай, қазан айының 30-ы күні ресми түрде тіркетіп, құжаттарын қолыма алып, жұмысты бастадым. Ал бейресми түрде заңдық құжатты талап етпейтін жұмыстар оған дейін жүргізілді. Оның ішінде инстаграм, фейсбук сынды әлеуметтік желілерде парақшалар аштық. Қолына қалам алып жүрген біраз ақын-жазушының басын қосып, алға қойған жоспарымды таныстырдым.  Атап айтсақ, басылымдарға жазылуға қолдау білдіру, филиал жанынан баспа ашу, одан бөлек шығармашылық өкілдерінің шипажайлардағы демалысын ұйымдастыру және басқа да. Жалпы он шақты бөлімнен тұратын жоспарымды таныстырған болсам, оның 99 пайызы жүзеге асты деп айта аламын. Қазіргі уақытта Одақ филиалының жұмысын республика қадағалап, әлеуметтік желіде қызыға оқиды. Өйткені парақшаларымыз арқылы өлкемізде дүниеге келген қаламгерлердің өмірбаяны мен шығармашылығы жарияланып келеді. Жеке мерекелері – туған күндеріне де ерекше тоқталамыз. Күз айында Алпамыс Бектұрғанов бастаған бірқатар қаламгер «Ақжайық» шипажайында демалып келді. Осындай алғашқы жұмыстарымызды бастап кеттік.

Қазан айында тағайындалдым, одан кейін қарашаны өткізіп, желтоқсан айында жылды қорытындылап, қаламгерлердің басын тағы қостым. Сол жиында атқарылған жұмыстарды баяндадым. Мен қолымнан келмейтін іске уақыт бөліп, іске асырамын деп уәде бермейтін адаммын. Оны сол басқосуда да айтқанмын. Жиынға қатысқан Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов жұмысымызға жоғары баға берді.

Одақ қоғамдық ұйым болғандықтан, бюджеттен қаржыландырылмайды. Жоғарыда мен айтқан жұмыстар – бірнеше адам үшін шипажайға жолдама беру, жарты жылға басылымдарға жазылу және қорытынды жиын кезінде  ұсынылған естелік сыйлықтардың шығындары менің  дос-жарандарымның көмегі-демеушілігімен жүзеге асты.

 – Өңірде қанша қаламгер Одаққа мүше, олардың шығармашылықтарын ел ішінде насихаттау жұмыстары қалай жүргізілуде?

– Бұған дейін 10 қаламгер болды. Оның ішінде өмірден өткені, басқа жаққа қоныс аударғаны бар. Былтыр бесеу қосылды. Жалпы 15 ақын-жазушы Одақ мүшесі болып отыр. Бұл – Батыс Қазақстан үшін өте жоғары көрсеткіш. Өйткені кейбір аймақтарда 1-2 адамнан ғана. Бұл 15 мүшемізден бөлек Батырболат Айтболатұлы, Шерхан Талап, Тілеген Аслан, Жадыра Шамұратова сынды сыртта жүрген қаламгерлерімізбен тығыз байланыстамыз.

Бүгінде ақпараттық әлемде мойны озық тұрған – әлеуметтік желі. Келіссеңіз де, келіспесеңіз де әлеуметтік желінің  қоғамдағы рөлі маңызды – қолжетімділігі жағынан да, ақпаратты тез алу жағынан да. Сол себепті ресми парақшамызда жерлес қаламгерлерді насихаттап келеміз.

Өңірде ақсақалымыз Айтқали Нәріков бастаған 30-ға жуық ақын-жазушы бар. Былтырғы жылы Айтқали ағамыздың 80 жасын атап өттік. Ардақты ағамаздың атында облыстық мүшәйра жарияладық, өзіне  сый-сыяпатын табыс еттік. Кейбірі ауылда тұрады – Зәкәрия Сисенғали, Дариға Нұрашева, Мүсірбек Айташев және басқалары. Өкінішке орай, пандемия кезіне тап болдым. Әйтпесе, әр ақын-жазушының өз туған жерінде шығармашылық кешін өткізу жоспарымда болып еді. Мәселен, қалада жүрген қаламгердің өз туған өлкесінде – жерлестерінің алдында кеші өтсе немесе ауылдағы ақын облыс орталығында кешін берсе, керемет емес пе?! Кешегі 45 жасында дүниеден өткен Мұқағали, 30 жасында опат болған Төлегендер кеш жасамақ түгілі халқының ықыласына бөленіп те үлгермеді. Қазіргі уақытта сөз бостандығы бар. Сондықтан кеңінен насихатталуы қажет. Біздер қасымызда жүрген адамды тани бермейміз, қадір-қасиетіне жете алмай жүрміз. Есенқұл ақын «Жүрген соң бауырында күнде көріп, Таулардың биіктігі байқалмайды» дегендей, күнде көріп жүргендіктен, қызығушылық таныта бермейміз. Ал Алматыдан немесе басқа өңірден ақын келсе, елдің  бәрі дүрлігеді. Қазір міне, ауру бәсеңдегендей, осы орайда ауыл-аймақта ақын-жазушылардың кешін ұйымдастыруды қолға алмақпын.

Жуырда ғана «Aqjaiyq» арнасынан «Алдаспан» деген сұхбат түрінде хабардың алғашқы шығарылымы эфирден берілді. Айтқали ағамыз қатысты. Бұл хабар да филиалдың идеясымен жарыққа шығып отыр.

Сұрағыңызға қайта оралсам, осы 15 адаммен қанағат етіп қалуға болмайды. Мәрлен Ғилымхан есімді дарынды жас ақын бар. Атырау өңірінен көшіп келген Асантемір Қаршығаұлы деген тамаша ақын бар. Сондай-ақ Бауыржан Ширмеденұлын көпшілік айтыс арқылы таниды. Әйтсе де оның жақсы жазбалары-өлеңдері жетерлік. Осы жігіттерді Одақ мүшелігіне ұсынбақпын.

Жалпы Одақ филиалының төрағасы болу қолыңа үлкен папка ұстап, мақтан үшін жүретіндей жұмыс емес. Одақ төрағасы Ұлықбек Есдәулет ағамыз осы тізгінді ұстатқанда «Қадыр орталығының  атқарып отырғаны жұмысы Одақтың жұмысымен ұқсас, сондықтан саған оңай болады» деп сенім артты. Расында филиалды қолға алғанға дейін Қадыр орталығы атынан көптеген кеш жасадық. Соның біразы Жазушылар Одағының жасайтын жұмысымен ұқсайды. Десек те, орталықтың жұмысын Одаққа, Одақтың жұмысын орталыққа қосып, былықтырып жіберген ештеңем жоқ. Филиалдың жұмысы концерт ұйымдастырып, шоу болып кетіп жатқан жоқ. Сол секілді орталық бірыңғай Одақтың сойылын соғып, тек солардың мүшелерімен жұмыс жасап кетіп жатқан жоқ. Екеуі екі бөлек.

 – Бірқатар жастарды Одақ мүшелігіне ұсынатыныңызды айтып қалдыңыз.  Бүгінде Одаққа қабылдаудағы талаптар қандай?

–  Біз Одақтың мүшелігіне ертерек өттік. Ол кезде талап қатаң еді. Әрі өтінішті қарау мерзімі де ұзағырақ талқылаудан өтетін. Қазіргі уақытта халықаралық деңгейдегі байқауларда жеңімпаз атанғандарға артықшылықтар беріледі. Жалпы бұдан өзге де кезектен тыс өтуге мүмкіндік беретін жеңілдіктер бар.

   – Жазушылар Одағы облыстық әкімдік және мәдениет басқармасымен тығыз байланыста жұмыс жасайтын ұйым. Бүгінде  аталған уәкілетті органдар тарапынан Одақ филиалының жұмысын жүргізуге, дамытуға қандай қолдау-көмектер көрсетіледі? Жергілікті қаламгерлерді қолдау, көтермелеу шаралары қарастырылған ба?

– Мен жасап отырған жұмыстың барлығы әкімдіктің, басқарманың қолдауымен іске асуда. Дегенмен, белгілі деңгейде шектеу бар. Мен ұсынған ақын-жазушыларға стипендия төлеу туралы мәселені облыс әкімі өте жақсы қабылдады. Тың идея екенін ескеріп, стипендия тағайындауды барынша заңдылыққа салып көрді. Бірақ, не мәдениет басқармасының, не ішкі саясаттың заңдылығына келмеді. Өйткені стипендия бөлуге заңдық құқық жоқ. Сондықтан сәл кейінге шегеріліп отыр.

Ал «Ақжайық» шипажайына ақын-жазушыларды жіберуде әкімдікті де, басқарманы да мазаламадым. «Осы тізгінді қолға алдың, қандай көмек керек?» деген достарым болды. Осы ретте ақын-жазушыларды «Ақжайық» шипажайына жіберуге қолдау сұрап, солардың демеушілігімен жібердім. «Қаламгерлер 4-5 күн болса да шипажайда тынығып, өлеңдерін жазып келсе немесе болашақ шығармасын түсіруге шабыт алып келсе» деген ойым болған еді.

Сонымен қатар Одақтың филиалы болғандықтан, баспалық өнімдерді шығаруға құқығымыз бар. Биыл М.Айташевтің баспасын шығардық. Мүмкіндік болса, техникалық жабдықтар алып, шағын баспахана ашу ойымда бар. Мамандығым – журналист, оның ішінде баспа және баспахана ісі. Сондықтан бұл маған таңсық жұмыс емес. Егер қаржылық қолдау болса, демеушілер табылып жатса, техникаларды алып, осы жерде сапалы шағын кітапшаларды шығаруды қолға алуға болады. Әдеби журнал ашу да ойымда болатын. Бірақ, біздің жұмысымызға көбіне тосқауыл болатын жағдай –  тікелей қаржының бөлінбеуі. Яғни, біз әдеби журнал шығару үшін қаржы сұрасақ, арнайы біз үшін ақша бөле алмайды, оған конкурсқа түсу қажет. Оның нәтижесі қалай болары белгісіз. Өйткені портал арқылы болғандықтан, сан түрлі бәсекелестер бар. Ал журналға жекелей демеуші болу  үшін үлкен қаржы қажет. Қолға алғаннан кейін ғұмыры ұзақ болғаны жөн. Жалт еткізіп, 1-2 ай шыққан соң тоқтап қалса, керегі қанша?! Егер журнал ашсақ, біріншіден, жазушыларымызға рухани қолдау болар еді, екінші жағынан кемі 3-4 адам жұмыспен қамтылып, метариалдық көмек көрсетер ек.

              –  Өзіңіз басшылық етіп отырған Қадыр орталығы – шығармашыл тұлғалардың ордасы ретінде қабылданады. Осы орталықта қаламгерлер бас қосатын, олардың қоғамдық мәселелерді бір алаңда талқылайтын бөлме ашу ойда бар ма?

             – Бар Жазушылар Одағы филиалының бөлмесі. Келетін адам келеді, бас қосып тұрады. Бірақ, «сананы тұрмыс билейді» дегендей, адамның адаммен кездесуі, уақыт табу қиындап кетті. Бұрын адамдардың пейілі кең еді, қалаған ақын-жазушымен сағаттап сұхбат құратынбыз, олар да бізге уақыт бөлетін еді. Жыл өткен сайын адамдардың бір-бірімен кездесуі мұң. Расын айтқанда кездесе қалса, көп болса 1-2 сағат қана отырады, әрі қарай жеке шаруаларына асыға бастайды. Ол жерде әдеби әңгіме, өлеңдерді талқылау мүмкін емес.

Менің екінші қоғамдық жұмысым – айтыс. Салыстырмалы түрде алсақ, жазушыларға қарағанда айтыс ақындарының басын қосу оңай. Әрі әлдеқайда ұйымшыл. Өйткені – жастар. Үлкен адамдардың проблемасы да үлкен болады ғой.

   – Қадыр орталығының директорысыз. Жұмысыңыз көп. Оның үстіне ақындар айтысының басы-қасында жүресіз. Оған қоса қаламгерлер төрағасы болу, жұмысты ұйымдастыру қиындық тудырып жүрген жоқ па?

– Жоқ, қиын емес. Маңайымда үлкен орта қалыптасып қалды. Олар – менің айтыстағы қарындас-інілерім. Әрқайсысына белгілі бір жұмысты сеніп тапсыруға болады. Қуанатыным –   Одақтың, орталықтың немесе айтыстың жұмысы деп санаспай-ақ, ұйымшылдықпен атқарады. Мұндай ұйымшыл орта ешқандай облыста жоқ деп мақтана аламын. Кей жағдайда келген танымал тұлғаларды әкімдікке де, мәдениет басқармасына да салмақ салмай өзіміз қарсы алып, шығарып сала аламыз. Әрине, қолдан келмесе, жоғары органдарға шығамын. Қолымды қақпайды.

Бұл жұмыстар ұпай жинайын, атымды шығарайын деп жасап отырғаным емес. Менің өмірде де, айтыстағы жолымда да қиындықтар өте көп болды. Жылдар бойы ішімде  көптеген ойлар жинақталды. Түрлі айтыстарға қатысып жүргенде «неге осы айтысты кем-кетіксіз, у-шусыз өткізбеске» деп ойлайтынмын. Бүгінде ұйымдастыру жұмысы қолымызға тиді ғой.

   –  Бас болып ұйымдастырып жүрген айтыстарыңыз ойыңыздан шығып жүр ме?

–  Әзірге кемшілік болған тұсы жоқ. Айтыс ақындары Одағының төрағасы Жүрсін Ерман ағамыз келгенде «еш уайымсыз, қонаққа келіп кеткендей боламын» деп үнемі оң бағасын  беріп кетеді.

Одақ филиалын жүргізудегі жұмысыма осы айтысты ұйымдастыруда жинақтаған тәжірибем септігін тигізіп отыр. Қоғамдық жұмыстың жеке басыма пайдасынан зияны көп болуы мүмкін – жүгіре жүріп айтысты жасау, Одақтың жиынын ұйымдастыру денсаулығыма әсерін тигізбей қоймайды, уақытым да кетеді. Оның орнына өзім кітап оқып, жазарымды жазуыма да болады. Бірақ, бұл жұмыстарды біреу жасауы керек. Егер басқа адам жалындап, «мен ұйымдастырамын», «мен жүргіземін» десе, келісімімді беремін.

 

– Биыл Тәуелсіздігіміздің 30  жылдық мерейтойы. Ел болып осы атаулы датаға орайластырылған түрлі жобалар, шаралар қолға алынып, өткізілуде. Сіздерде қандай істер жоспарланды?

– Қаламгерлердің аллеясы ашылмақ. Жуырда қала басшысы Абат Абайұлы қаладағы көрікті, көпшіліктің көзіне түсетін орынды ұйымдастыратынын айтқан болатын.  Әрине жоспар бар. Бірақ, мына шара осы уақытта өтеді деп айтқым келіп отырған жоқ. Өйткені былтыр да, биыл да жоспарлағанымыз аяқ астынан астаң-кестең  болып, пандемияға байланысты бұзылып отыр. Негізінен Тәуелсіздіктің  30 жылдығы аясында аймақтық Жазушылар форумын ұйымдастыруды ойластырдық.Өзіміздің және көрші өңірлердің ақын-жазушыларын сол форумға жинағым келеді. Биыл таныс та бейтаныс ақын Жанғали Нәбиуллиннің 85 жылдығы. Туған күні жылдың соңында. Ақынды еске алу шарасын жоғары деңгейде жасағым келеді, мүмкіндік болса. Өйткені, қазақ Қадырды қаншалықты таныса, Жанғалиды ондай тани бермейді. Бірақ, екеуі де қатарлас шыққан дарындар. Айыбы ауылда қалғаны болмаса…

 –  Сөз соңында Қадыр орталығының жұмысын қысқа қайырсаңыз. Ақынның  шығармашылығын насихаттау, өңірдегі  шығармашыл тұлғаларды, дарындарды ашу мақсатында өзіңіздің басшылығыңызбен біраз жобалар жүргізілген еді. Қазіргі кезеңде Мырзалиевтің мұрасын дәріптеу немесе таланттарды таныту тоқтап қалған жоқ па?

–  Әр аптаны, әр күнді мазмұнды шаралармен айшықтап жүрген Қадыр орталығының жұмысына пандемия тікелей кесірін тигізді. 100 пайыз Қадырдың шығармашылығын насихаттайтын «Дала дидары» деген көшпелі өнер ұжымы болды. Бұл әдеттегі концерт емес, көрген адам таң қалатын ерекше жоба. «Жарқ етіп сөнген бір жұлдыз», «Елеулі есімдер», «Тасада жүрген таланттар» сынды жобаларымыз жүйелі  жүргізіліп, көпшіліктің қызығушылығын тудырған еді. Сондай-ақ «Ауылдан сәлем» деген атпен әр аудан өнерпаздарының концертін амфитеатрда ұйымдастырдық. Сәтті жоба болды. Қадыр орталығы орналасқан аудан аумағында көбіне қазақы ортадан көшіп келгендер тұрады. Сәл музыканың дауысы шықса, әп-сәтте халық жинала қалады.

Дегенмен, кейінгі уақытта халықпен кездесу қиындау болып қалды. Жоспарымыз көп, қолымыз байланып отыр. Жалғасын табуын тілеп отырмыз.

Сұхбаттасқан Эльмира НҰҒМАНОВА

*Сұхбат «Жайық үні-Жизнь города» газетінің 2021 жылдың 24  маусымы күнгі №24 санында жарияланды.   

Версия для печати

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Соңғы жаңалықтар
Бәрекелді!
Келіндерге ақшалай сыйақы берілді
22 Қараша 2024
86 0
Қалалықтар қаперіне
Иттерге рейд
21 Қараша 2024
150 0
Мәдениет
Жан дүниесі бір бөлек
20 Қараша 2024
385 0
Жалын
Жігерлі жастар жарысты
13 Қараша 2024
867 0
Қалалықтар қаперіне
Білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды
08 Қараша 2024
1245 0
Қалалықтар қаперіне
ИНФОРМАЦИОННОЕ СООБЩЕНИЕ
04 Қараша 2024
1146 0
Қалалықтар қаперіне
ХАБАРЛАМА
04 Қараша 2024
1604 0
Құттықтаймыз!
Жаңа тұрғын үйдің кілті табысталды
27 Қазан 2024
2220 0
Құттықтаймыз!
Көк Ту көкке көтерілді!
25 Қазан 2024
2385 0
Құттықтаймыз!
Ынтымақты айшықтаған мереке
25 Қазан 2024
2392 0
Қалалықтар қаперіне
Интернет-алаяққа алданбаңыз!
24 Қазан 2024
2443 0
Құттықтаймыз!
Айбарлы азаттықтың айғағы
24 Қазан 2024
2448 0
Қоғам
Ардагерлер жарысты
20 Қазан 2024
2061 0
Қалалықтар қаперіне
Құм Нарыны Нарынбекті еске алды
19 Қазан 2024
2927 0
Қалалықтар қаперіне
Жаңа аудандық сот ғимараты ашылды
18 Қазан 2024
2981 0
Оқиға
Өрттің алдын алды
18 Қазан 2024
2975 0
Құттықтаймыз!
АҚЖАЙЫҒЫН АҢСАЙДЫ АҚЫН ЖҮРЕК
11 Қазан 2024
3588 0
Бәрекелді!
Жағымды жаңалық!
11 Қазан 2024
3556 0
Қалалықтар қаперіне
3.190 әкімшілік құқық бұзушылық фактілері анықталды
11 Қазан 2024
3547 0
Қоғам
Үйірменің берері көп…
11 Қазан 2024
3523 0
Бәрекелді!
Жеңімпаздар анықталды
10 Қазан 2024
3683 0
«Мемлекеттік бағдарламалар»

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»
мемлекеттік бағдарламасы

«Ғаламтор ресурстары»