«ЖОЛДЫ ЖАМАУМЕН МӘСЕЛЕ ШЕШІЛМЕЙДІ»
Қыс кетіп, көктем келе жолдар қар құрсауынан арылады. Осы сәтте бірнеше ай бойы ақ қар астында жатқан жолдың жағдайы сыналады. Дәл қазіргі сәтте қалаішілік жолдардың сапасы тұрғындар тарапынан наразылық тудырып отыр. Бюджеттен қаражат бөлініп, жыл сайын жөндеу жасалғанмен, аталған мәселе толықтай шешімін таппай отыр. Шұңқыры жамалған жолдың да, күрделі жөндеуден өткенінің де сапасы сын көтермейді. Сапасыз жолдың салдарынан жол-көлік оқиғасының саны артып отырғаны да жиі айтылып жүр. Осы орайда қала әкімдігінің өкілдері арнайы брифинг ұйымдастырып, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Өткен жылы жол жөндеу жұмыстарына 350 млн теңге қаражат бөлінді. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу туралы келісімшартқа қосымша келісім аясында 320 млн теңге қарастырылды. Аталған қаражатқа қала ішіндегі 78 көшенің шұңқыры бітелді. 11 көшеде фрезерленген материал төсеу жұмыстары жүргізілді. Десе де жағдай оңалмай тұр. Қар құрсауынан босаған жолдардың жағдайы тұрғындарды шошытып отыр. Әсіресе, көлік ағыны көп Шолохов көшесі мен Әбілхайыр хан даңғылының жай-күйі тым нашар. Шұрқ тесік жолдың бойында абайлап жүрмесе, апатқа ұрыну әп-сәтте. Шолохов көшесінің бойымен күні-түні толассыз ағылған ауыр жүк көліктері мәселені одан сайын ушықтырып отыр. Тәулігіне бұл тұстан 15 мыңға жуық жүк көлігі өтеді екен. Ал Әбілхайыр хан даңғылының күрделі жөндеу көрмегеніне 15 жыл болыпты. Қала басшылығы жуырда бұл олқылықтың орны толатындығын айтты. Алдағы 2 айда мердігер компания анықталып, маусым айының екінші жартысында жөндеу жұмыстары басталады деп жоспарланған.
– Бұл мәселе техникалық тұрғыда толықтай шешілді. Қаржыландыру мәселесі ішінара реттелді. Жуырда жұмысқа кірісуді жоспарлап отырмыз. Бұл жолдың бойын кварталға бөлмей, тұтас жөндеу туралы шешім қабылданды. Өйткені бұл көше облыс орталығындағы маңызды көшелердің бірі саналады. Оның бойымен 11 қоғамдық көлік жүреді. Сәйкесінше, қозғалыс сызбасына енгізілген кез келген өзгеріс өте үлкен қолайсыздық тудыруы мүмкін, – дейді қала әкімінің орынбасары Асхат Көлбаев.
Шолохов көшесіне де жөндеу жоспарланған.
Бұл үшін жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа шұңқырларды бітеу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ күрделі жөндеуге қажетті құжаттамалар толықтай дайын. Жоба аясында көшенің ені 18 метрден 24 метрге дейін ұлғайтылмақ. Бұрынғы төрт жолақты жол жөндеу жұмыстарынан кейін алты жолақтыға айналады деп күтілуде. Қалалық ТҮКШ ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Жандос Дүйсенғалиевтің мәлімдеуінше, жобаның жалпы құны 4,2 млрд теңгені құрап отыр. Жергілікті бюджеттің мұндай қаржы бөлуге шамасы жетпейді. Сол себепті аталған жоба әлеуметтік жоба ретінде «ҚПО б.в.» компаниясына ұсынылуда. «Компания бұл жобаны қабыл алып, жұмыстарды атқаруға ниет білдірсе, конкурстық рәсімдер басталады. Конкурс жариялау, мердігерді анықтау мерзімі ҚПО б.в. компаниясының өзіндік ережесіне сәйкес жүргізіледі. Яғни мердігер тамызда немесе қыркүйек айларында анықталуы мүмкін», – деп атап өтті Ж. Дүйсенғалиев.
Шұңқырлар реттеледі
Қала басшылығы мамыр айының соңына қарай шаһар ішіндегі қозғалыс қазіргіге қарағанда жақсарады деп сендіріп отыр. «Дегенмен жолды жамаумен мәселе шешілмейді. Бұл жағдайды уақытша ғана реттейді және көп ретте тегістелген жолдар бірнеше айдан кейін қайта жарамсыз кейіпке еніп жатады. Бұл ретте жұмыс форматын өзгерту қажет. Яғни жобалық құжаттама дайындауды талап етпейтін кейбір жолдарды ағымдық жөндеуден өткізу қажет деп санаймын. Бұл ретте жол бөлікке бөлінбей, тұтас бірінші қабаты сүріліп, жаңадан төселеді» – дейді шаһар басшысының орынбасары А. Көлбаев.
Жалпы, биыл қалаішілік жолдарды жөндеуге 316 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған. 39 көшенің шұңқыры бітеліп, 7 көшеде фрезерленген асфальт-бетонды жабын төселмек.
Ерке НАЗЫМБЕК,
Орал қаласы
Соңғы жаңалықтар
Жаңа Қазақстан Конституциясы – Әділетті қоғамның құқықтық негізі
«Жаңа талап» мемлекеттік қызмет мектебінің жаңа оқу жылы басталды
КАЗТАЛОВ АУДАНЫНДА 2 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ 26 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ БОЙЫНША МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Конституцияның 6-бабы: саяси әралуандық пен қоғамдық тұрақтылықтың құқықтық негізі
АВТОМОБИЛЬ КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОЖОЛ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
Болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазан күні Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды
Президент шет мемлекеттер басшыларының Ұлттық мерекемізге орай жолдаған құттықтауларына ризашылығын білдірді
ОРАЛДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ТУ КӨТЕРУ РӘСІМІ ӨТТІ
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің Республика күнімен құттықтауы
Жедел медициналық көмек станциясының жаңа әкімшілік ғимараты салынуда
Батыс Қазақстан облысында Республика күні қарсаңында сенбіліктер мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті
Мемлекет басшысы NVIDIA компаниясының негізін қалаушы және президенті Дженсен Хуангты қабылдады
«Подстепное – Федоровка – Ресей Федерациясының шекарасы»: БҚО-да автомобиль жолы пайдалануға берілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйледі

Кіру

Пікір үстеу