ЖАН САРАЙЫН АШҚАН КЕШ
Бүгін Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде белгілі ақын Ғайсағали Сейтақ қонақта болды. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, бірнеше жыр жинақтарының авторы Ғайсағали Сейтақты осы оқу ордасының ректоры, қауымдастырылған профессор, биология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Серғалиев қабылдап, мерейлі 60 жасымен құттықтап, құрмет көрсетті.

Алдымен тепсе темір үзердей кіл жігіттер жағы ақын ағаларының патриоттық өлеңдерін тебірене жатқа оқып, көрермен қауымның рухын көтерсе, «Көңілдің архивінде қалсын өлең» деп аталған кеш шымылдығын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Ақ Жайықтың Ақ шағаласы Ақұштап Бақтыгереева құттықтау сөзімен ашты. Қаламгер інісінің сонау студент кезін, өлең өлкесіне құлаш ұрған қарлығаш қанатын көрген Ақұштап апа әуелі зал толы студенттерге: «Осы отырған қайсысың кімнің, қандай ақынның өлеңін жатқа білесіңдер» деген сұрақ қойды. Осы мезетте қаракөз қыз бала орнынан ұшып түргеліп айбынды Мұқағалидың «Ғашықпын, шын ғашықпын сол адамға» деген жыр жолдарын ақ жаңбырдай төгіп қоя берді. Университет залы сілтідей тынды. Өлең аяқталған бойда Ақұштап Бақтыгереева: «Міне, бүгін алдарыңда отырған, өзінің өзгермейтін азаматтық болмысымен, өзінің қайталанбайтын үнімен, сабырлы мінезімен, кісілік келбетімен, қарымды қаламымен елге танылған Ғайсағали ағаларыңда тап осы ғимаратта білім алған. Сіздер секілді өлеңге ғашық студенттің алды болған. Дәл сол сәттерді сіздер арқылы көз алдыма елестетіп тұрмын. Сондықтан сіздерге өлең оқытып тұрмын. Ұлы Абайдан бастап барша ақын-жазушылардың кітаптарын сүйіп оқитындар ғана елі мен жеріне адал қызмет етіп, абыройлы бола алады. Ғайсағали секілді перзенттік парызын ақтап, мықты азамат бола алады» деді. Осылайша көрермендерді қыздырып, кеш қонағына апалық тілегімен жылылық сыйлаған Ақұштап Бақтыгереева «Нарынның нар ұлдары» деп келетін Сейтақтың Ғайсағалиы туралы философиялық ойлар айтып, тыңдаушысын ұйытты. Сол секілді бір кездері А.Пушкин атындағы педагогикалық институтта білім алған Ғайсағали Сейтаққа дәріс берген, қазақтың аяулы қаламгері Рахымжан Отарбаевқа куратор болған ардақты ұстаз-ана Меруерт Жолдықайырова да сахна төріне көтеріліп, шәкіртіне аналық батасын арнады. Журналист әрі ақын баласымен мақтанатынын, өлеңдерін сүйіп оқитынын, ұзақ ғұмыр тілейтінін жеткізді тоқсанның төріндегі Меруерт анамыз.

Осы кеште ақжарма тілектер ақынның үйіндегі асыл жары, ұл-қыздарының аппақ анасы Тамара Нәбиқызына да арналды. Әнші-термеші Фархат Оразов Бөкейорданың тумасына арнап өз заманында халқымыздың қолбасшысы болған Бисен Жәнекешовтің туған жер туралы толғауын төгілтсе, БҚМУ магистранты Гүлжанат Амангелдиева Ғайсағали Сейтақтың өлеңдерін ғылыми тұрғыдан талдап берді. Ал үзеңгілес достары естеліктерден сыр шертті. Өлкемізге белгілі тарихшы, БҚМУ-дың ғылым кандидаты Жаңабек Жақсығалиев ақын поэзиясы арқылы тарихтың қалың беттеріне үңілді. «Егер Бөкей болмаса…», «Аман бол, атамекенім» секілді көптеген өлеңдерінен тарихи деректер келтірді. Сөйтіп, небәрі екі сағаттың ішінде көрерменнің жан сарайын ашып, ұлылық пен парасаттылықтың үлгісін паш еткен кеште жастар жағы сұрақтарын қойып, ақынмен сырласты. Табиғи таланттың қайда да ғұмыры ұзақ жасайтынын дәлелдеп баққан кештен туған ауылынан, алтын ұясынан түлеп ұшқан өрімдей студенттер ғажайып тағылым алды. Ақынның құшағын гүлге толтырған кеш шын мәнісінде «Көңілдің архивінде» қаламгердің қанатты жырларын ғана қалдырды…
Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА
Версия для печатиСоңғы жаңалықтар
«Жаңа талап» мемлекеттік қызмет мектебінің жаңа оқу жылы басталды
КАЗТАЛОВ АУДАНЫНДА 2 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ 26 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ БОЙЫНША МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Конституцияның 6-бабы: саяси әралуандық пен қоғамдық тұрақтылықтың құқықтық негізі
АВТОМОБИЛЬ КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОЖОЛ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
Болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазан күні Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды
Президент шет мемлекеттер басшыларының Ұлттық мерекемізге орай жолдаған құттықтауларына ризашылығын білдірді
ОРАЛДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ТУ КӨТЕРУ РӘСІМІ ӨТТІ
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің Республика күнімен құттықтауы
Жедел медициналық көмек станциясының жаңа әкімшілік ғимараты салынуда
Батыс Қазақстан облысында Республика күні қарсаңында сенбіліктер мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті
Мемлекет басшысы NVIDIA компаниясының негізін қалаушы және президенті Дженсен Хуангты қабылдады
«Подстепное – Федоровка – Ресей Федерациясының шекарасы»: БҚО-да автомобиль жолы пайдалануға берілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйледі
Президент Республика күні қарсаңында бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды

Кіру
Пікір үстеу