8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

Орал қалалық «Жайық Үні» газеті – жаңалықтың жаршысы!

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
14 Тамыз 2026 333 0
Білім

Жаңа оқу жылы: сапа мен жаңа мүмкіндіктер

Орал қаласында «Сапалы білім, берік құндылық, табысты тұлға: жаңа оқу жылындағы міндеттер» тақырыбында облыстық педагогтердің тамыз конференциясы өтті. Жиынға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің өкілі Ғалымжан Алматов, облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин, сондай-ақ республикалық «UstazAI» педагогикалық хакатонының жеңімпаздары, Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Ұлан Бақытжан қатысты.

Биылғы тамыз конференциясы қарсаңында облыстың 9 ауданы мен Орал қаласында секциялық отырыстар ұйымдастырылып, оған екі мыңға жуық педагог қатысты. Кәсіби алаңдарда білім сапасын арттыру, заманауи оқыту әдістерін қолдану, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу, ауыл мектептерін дамыту және педагогтердің кәсіби біліктілігін жетілдіру мәселелері талқыланды.

Тамыз конференциясының пленарлық отырысында облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев алдағы оқу жылында білім беру жүйесі алдында тұрған негізгі міндеттерге тоқталды.

– Мемлекет басшысының ауылдық жерлердегі балаларға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмасы аясында облыста жаңа мектептер бой көтеруде. Жаңа оқу жылына дейін өңірде 8 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Жаңа білім нысандарының ашылуы оқушыларға заманауи әрі қауіпсіз ортада білім алуға мүмкіндік беріп, мектептердегі орын тапшылығын азайтуға және оқу сапасын арттыруға ықпал етеді, – деді Қайыржан Ермекұлы.

Аймақ басшысының орынбасары білім беру саласындағы маңызды міндеттердің бірі – қала мен ауыл оқушыларына тең мүмкіндік қалыптастыру екенін атап өтті. Осы ретте балалардың жан-жақты дамуына бағытталған қосымша жобаларды да атап айтты.

Батыс Қазақстан облысында бастауыш сынып оқушыларына шахмат үйрету тәжірибесі де жаңа деңгейге көтерілмек. Жаңа оқу жылынан бастап шахмат сабақтары өңірдегі барлық мектептің бастауыш сыныптарында қолжетімді болады. Қазіргі таңда бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы үш жылда 183 мектептің бастауыш сынып оқушылары вариативтік курс аясында шахматпен айналысып келеді.

Жобаның нәтижесі халықаралық деңгейде де көрініс тапты. Өткен оқу жылында Бөкей ордасы ауданының Жәңгір хан атындағы мектеп оқушылары «FIDE EDU» халықаралық фотобайқауында І орын иеленген болатын.

– Шахмат балалардың логикалық ойлау қабілетін дамытып, ақпаратты қабылдау және талдау дағдыларын жетілдіреді. Біз барлық балаларымызға қосымша бәсекелестік артықшылық бергіміз келеді, – деді Қайыржан Меңдіғалиев.

Сонымен қатар конференция аясында республикалық және өңірлік IT-компаниялардың көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде білім беру саласына арналған заманауи цифрлық шешімдер, жасанды интеллект құралдары мен инновациялық жобалар таныстырылды.

Пленарлық отырыс барысында білім беру саласына еселі еңбек сіңірген ардагер ұстаздар мен педагогтерге құрмет көрсетілді. Оларға Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық наградалары – «Еңбек ардагері» медалі, «Ыбырай Алтынсарин» медалі, «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі, «Құрмет грамотасы» және «Орта білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломы табысталды.

Сондай-ақ облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің «Алғыс хатымен» 43 педагог марапатталып, олардың кәсіби еңбегі мен білім беру саласының дамуына қосқан үлесі жоғары бағаланды.

Тамыз конференциясы жаңа оқу жылындағы міндеттерді айқындап қана қоймай, педагогтердің тәжірибе алмасып, жаңа идеялар мен заманауи шешімдерді ортаға салуына мүмкіндік берген маңызды кәсіби алаң болды.

Алдағы оқу жылында білім саласының барлық өкілдеріне толағай табыс, шығармашылық ізденіс пен жаңа жетістіктер тілейміз! Жаңа оқу жылы сәтті басталып, әр шәкірттің биік белестерді бағындыруына жол ашсын!

Версия для печати
Соңғы жаңалықтар
Қалалықтар қаперіне
Көлік қозғалысы уақытша шектеледі
16 Қыркүйек 2026
74 0
Өңір жаңалықтары
Жастарға – ерлік өнегесі
14 Қыркүйек 2026
131 0
Өңір жаңалықтары
Оралда 140 отбасы баспаналы болды
12 Қыркүйек 2026
319 0
Национальный ядерный центр Республики Казахстан
Строительство АЭС создаст новые возможности для специалистов и бизнеса в Казахстане – эксперт
11 Қыркүйек 2026
308 0
«Орал қаласының көркем жерлері»
«Ғаламтор ресурстары»