ТАҢДАЙ ҚАҚҚЫЗАР «ҚАНСОНАР»
Болатбек Баймағанбетов қалалықтарға Достық даңғылындағы кәдімгі ағаштан ойып жасалған «Қазақтың батыры» және ұлттық киіммен өрнектелген «Ару» мүсіндері арқылы жақсы таныс. Қала келбетін айшықтай түскен әдемі мүсіндер шебердің қалаға сыйы болатын. Бұдан өзге Тасқала ауданындағы Тұңғыш Президент саябағындағы «Алтын адам» мүсіні де оның төл туындысы.
Иә, Болатбек «көз майын тауысып», асқан шеберлікпен жасаған қолөнеріне ешкімнен бір тиын да дәметкен емес. Керісінше, тек жасалған дүниелеріне қалалықтар құрметпен қарап, күтіп ұстаса – еңбегімнің ақталғаны деп біледі. Бұл жолы кейіпкеріміз Ықсанов көшесінде жеке кәсіпкердің тапсырысы бойынша үшінші жұмысы – «Қансонар» композициясын жасау үстінде екен. Идеяны тапсырыс берушіге автордың өзі ұсыныпты. Ата-бабамыздың қансонарда аңға шыққан кезін тұтастай суреттеген кешеннің ұқтырары мол. Рухани жаңғыру – деген осы болар. Алыстан «мен мұндалайтын» әдемі кешенді жол бойы өткендер сүйсіне тамашалауда. Тіптен, суретке түсіп жатқандар да болды. Осыдан-ақ автордың еңбегінің құндылығын, халықтың қолөнерді қаншалықты бағалайтынын бағамдауға болады. Бұл композицияны жасауға Бекболат бір ай жарым уақыт жұмсапты. Оның айтуынша, шығармашылық жұмыс болғандықтан, асықпай ою-өрнекпен безендіріп, әр бөлшегіне аса мән береді. Ең бастысы – сапа. Терек кесіндісіне байланысты мүсіннің қимылын да өзгертуге тура келеді.

– Алғашқы үлкен жұмысым Достық даңғылындағы «Юбелейный» аялдамасындағы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған батырдың мүсіні. Одан кейін «Типография» аялдамасындағы сынған ескі ағаштан қазақтың ару қызының бейнесін сомдадым. Мұндай тамыры тереңге тартқан ағаштан жасалған мүсіндердің ерекшелігі – ешқашан солмайды, ылғал тартып тұрады. Сондықтан жарылмайды. Бұл тәжірибе Еуропада дамыған. Қаладағы ескі ағаштарды кесіп тастағанша, осындай мүсіндер жасаса, керемет емес пе? Көптен ойымда жүрген композицияны бұл жолы іске асыруға кәсіпкердің ұсынысы түрткі болды. Іргедегі балабақшаға қатынайтын балғындар жануарлардың мүсінін көріп, күн сайын мәз-мейрам боп өтеді. Көлік жүргізушілері арнайы тоқтап, алғыс айтып жатады. Бір қынжылатыным, осыдан үш жыл бұрын жасаған батырдың мүсінін біреулер бүлдіріпті. Осы жұмысымды аяқтаған соң соны қайта жөндеп, бояу ойымда жүр, – дейді 38 жасар мүсінші. Бізбен әңгімелесу барысында ол жұмысын жан-тәнімен жасап отырды. Ағаштан түйін түйген шебер бала кезінен түрлі жан-жануардың бейнесіндегі ойыншықтарды өз қолымен жасап ойнапты.

Бір таңқалғанымыз, талантты жан сурет салуға жоқ. Бірақ, ешқандай эскиз жасамайды, ойында не бар соны жүзеге асырады. Жануардың тұрысын, аяғын тағы басқа мүшелерін теректің кесіндісіне байланысты өзгертіп отырады екен. Терекке қарап-ақ не жасауға болатынын лезде шешеді.

Болатбектің туған жері – Жалпақтал ауданының Талдықұдық ауылы. Осы ауылда орта мектепті тәмамдаған бозбала М.Өтемісов атындағы БҚМУ жанындағы колледжді қазақ тілі мен араб тілі мамандығы бойынша тәмамдаған. Бірақ мұғалім болуға құлқы болмаған ол осы салаға көңілі ауып тұратынын жасырмайды. – Туған ауылымда терек жоқ болатын. Жазық далада өстім. Кейбіреулер «сіз терегі көп, орманды алқапта өскен боларсыз» деп болжам жасап жатады, – деген ол арғы атасы Жайнақ ағаш шебері болғанын, бұл өнердің қанмен берілгенін айтады. Өйткені, Болатбек белгілі мүсіншілерді танымайды да, не еліктеп көрмепті. Әкесі Төлеген мен анасы Бақытжамал он баланың кенжесінің шеберлігімен елді сүйсінтеріне әу бастан сеніпті. Өйткені, мектеп жасынан-ақ белсенді, ақындығы да бар, түрлі қойылымдарда басты рөлдерді сомдайтын әртіс, шеберлігі өз алдына бір төбе «сегіз қырлы, бір сырлы» баланы ұстаздары да үнемі ата-анасына мақтап жүрген.

Біз барған сәтте әкесінің жанында жүрген 16 жасар ұлы Мейрам да бір тыным таппады. – Көбісі «ағаштан мүсін жасауды үйретесіз бе, бағасы қанша?» деген сұрақтармен келеді. Кейбіреулерге үйреткім келсе де, ынтасы өз алдына, қолының икемі болмайды. Ұлымның қолынан келетінін білем, бірақ жас болғасын асқан шыдамдылықты қажет ететін жұмысқа әзірге көп уақытын жоғалтқысы келмейді. Дегенмен, өзіне берілген тапсырманы мұқият орындайды, – деп кеудесін мақтаныш кернеген әкесі ұлының өзі секілді ағаш шебері болатынына бек сенімді. Жұбайы Лунара да Болатбекті үнемі қолдап, шығармашылығына демеу беріп отырады. Күні бүгінде шеберлер отбасы ерекше үлгідегі баспана салуға бар күш-жігерлерін салуда.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печатиСоңғы жаңалықтар
«Таза Қазақстан»: прокуратура органдарында цифрлық шешімдер енгізіліп, экологиялық бақылау күшейтілуде
«Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам – жарқын болашақ кепілі» атты эссе байқауы қорытындыланды
День животноводов – признание вклада аграриев в продовольственную безопасность страны
«Әділет» партиясының филиалдары Қазақстанның барлық өңірінде құрылады
Бөкей хандығының 225 жылдығы аясында «BOKEI ORDA TRAIL» жүгіру жарысы өтті
10 мыңнан астам жұмыс орны және сенімді энергия: атом электр станциясын салудың негізгі артықшылықтары
БҚО делегациясы Қытай кәсіпорындарында инвестициялық келіссөздер жүргізді
Облыс делегациясы мұнай-химия өндірісінің озық тәжірибелерімен танысты
Қазақстанда 2029 жылға дейінгі халық табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспар қабылданды
В Казахстане принята Общенациональная стратегия «Digital Qazaqstan» до 2029 года
Бөрлі ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған бірқатар іс-шара өтті
Қытай сапары: аймақ басшысы Нариман Төреғалиев Ляонин провинциясы партия комитетінің хатшысымен кездесті
157 стран поддержали кандидатуру Ляззат Калтаевой на выборах в комитет ООН
Заңнамалық өзгерістер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды
Қытай сапары: БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Ляонин провинциясының губернаторы Ван Синьвэймен кездесті
«Таза Қазақстан»: Астанада бір топ жас экологиялық акция өткізді
Қазақы тазы Болоньяда өткен World Dog Show 2026 көрмесінде салтанатты түрде таныстырылды

Кіру
Пікір үстеу