Сабаздың рухын жаңғыртты!
Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні қарсаңында қазақ драматургиясына тағы бір спектакль қосылды. Ұлы Отан соғысының ардагері Сабаз Арыстановтың рухы жаңғырды. 7 мамыр күні Хадиша Бөкеева атындағы драма театрында Мира Шүйіншәлиеваның қаламынан туған «Сабаз» пьсасынының премьерасы өтті.
Жанры деректі драма деп белгіленген қойылымның режиссері – өнертану магистрі, театрдың бас режиссері Алмат Шарипов. Қоюшы суретшісі – «Өнер саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Мұрат Мәмбетов. Премьераға Астана қаласынан театртанушы, Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, «Өнертану» ғылымдарының магистрі Айзат Қадырғалиева және Алматыдан Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің вице президенті, өнертану кандидаты Мұқан Амангелді арнайы қатысты. Алдымен, «Сабаз» пьесасының баспасөз мәслихаты өтті. Аталмыш театр директоры Нұржан Тасболатов: – Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» және ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, Теректі ауданының азаматы Сабаз Арыстанов жайында жаңа пьеса дүниеге келді. Бұл пьеса Жеңіс күні қарсаңында ардагерлерімізді ұрпаққа ұлықтау мақсатында Батыс Қазақстан облысының әкімідігі мен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен қойылып отыр,– деді.
Бұдан соң Сабаз Арыстанов туралы Алматы қаласындағы «Қазақ кітап» баспасынан жарыққа шыққан «Сабаз» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Алғашқы сөз тізгіні қалам арқылы батырмен бірге қан майданға түсіп, батырмен бірге соғысқан кітаптың авторы Мира Шүйіншәлиеваға берілді.
– Жалпы, Мұхтар Әжіғұлов, Қалам Шүйіншәлиев, Хамза Сафин және тағы да көптеген ардагерлеріміз жайлы жазып жүрдім. Алғаш рет 2000 жылы «Жайық үні» газетіне «Әкесінің суретіне қарап тәлім алған» деген тақырыпта шағын мақала жаздым. Сол мақала менің жүрегімді дір еткізді. Соғысқа аттанып кеткен Сабаз ата 1946 жылы аман-сау өзінің еліне оралады. Содан 70-ші жылы жүрек ауруынан қайтыс болады. Ол кісі өмірден өткенде жан жары, яғни екінші әйелі Үнзиланың құрсағында он бірінші ұрпақ, алты айлық шарана жатады. Үш айдан соң батыр қыздың атымен сәби Әлия өмірге келеді. Ол әкесіз өсіп, есейеді. Күндердің бір күнінде оған бір ағайыны: «Сендер білесіңдер ме, Сабаздың балалары? Әкелерің соғыста 43-ші жылы қайтыс болған. Ол кісінің соңынан баяғыда қара қағаз келген. Бірақ ол өзінің «өлгені» жайлы ештеңе білмей кеткен сияқты. Егер маған сенбесеңдер, Оралдағы «Стеллаға» барып қараңдар. «Мәңгілік алау» маңында оның аты-жөні Чапаев ауданынан шыққан боздақтардың қатарында тұр» дейді. Содан қызы іздеп, «Подвиг народа» сайты арқылы, біздің облыстық Қорғаныс департаментінің басшысы Болат Шөкеев арқылы 2015 жылы ақпан айында бар шындыққа көз жеткізеді. Міне, сол Әлия қазір ортамызда отыр. Атырау қаласында тұрады, мұғалім. Мына отырған ағайынның бәрі Сабаз атаның ұрпақтары. Осы ағайындарды қуантайын, ардагерлердің алдында тағзым етейін, Сабаз Арыстановтың ерлігін ұрпаққа жеткізейін деп жазған пьессамды кітап етіп баспадан шығардым. Бұл кітап әр үйдің төрінде тұрса, балаларыңыздың бойында батырлық, қайсарлық, жігер сезімі қалыптасады деп сенемін. Мүмкін кітаптың ішіндегі кейбір сөздер сахнаға жетпей қалған шығар. Менен кетті, театрға жетті. Мен театрға аманаттадым. Оқырман қауым керегін табады деп ойлаймын, – деді Мира Хамзақызы өз сөзінде. Кітаптың тұсауын Теректі ауданының Құрметті азаматы, «Еңбек» астық совхозының еңбек ардагері Гайсин Хамидулла ағамыз бен Әлия Қалиева кесіп, жиналған қауым кітап бетін парақтады.
Шындық деп шарқ ұрған
«Сабаз» деректі драмасының басты кейіпкері – Сабаздың рөлін ҚР еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сердеш Қажымұрат сомдады. Жас кезін Аманжол Сатқанбаев ойнады. Үнзила апа рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлжиян Шынтемір, Әлия Сабазқызы болып Жадыра Бектембаева, подполковник Бутаев тб рөлде жас артистер жақсы өнер көрсетті. Үнзиланың қызын құшағына қысып Сабаздың мінезі, соғыстан кейінгі өмірі жайында айтқан монологы да жан дүниеңді тебірентпей қоймайды. Батырдың 1942-43 жылдар аралығында Смоленск түбіндегі шайқаста алты ай ас-су жоқ орманда қалғаны, Островский ауданы, Лоба деревнясында неміс фашистерін минометімен оққа ұшырған, бірінші болып қарсыластарына оқ атқан ерлігі шынайы сахналанды.
Сахна төрінде өнер көрсеткен театр әртістеріне көрермендер тік тұрып, қошемет көрсетті. БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан ықылас гүлі табысталды. Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысының міндетін атқарушы Қуанышбек Мұқанғалиев сөз сөйлеп: – Қаншама аталарымыз соғыста іздеусіз, сұраусыз қалды! Қолда бар құжатты пайдаланып Сабаз ағамыздың өмір жолындағы осынау бір қара дақты ақтау барысындағы жұмыс сәтті болды. Өйткені сол кездегі адами факторлардың қателігі болды ма, мүмкін бір саясаттың салдарынан болды ма – бұл жайында тарих өз бағасын бере жатар. Бүгінгі ұрпақ, сіз бен біз, осы аталарымыздың даңқты жолын насихаттап, келешек ұрпаққа жеткізуіміз керек. Нариман Төреғалиұлы осы жобаны қолдап, қойылымның дүниеге келуіне қолғабыс жасады. Қойылым баршаңыздың көңіліңізден шықты деп ойлаймын, – деп пьесаның алдағы уақытта бірнеше рет қойылатынын айтты. Бұдан кейін облыс мәслихатының депутаты Ербол Салықов та жүрекжарды тілегін арнады. – Ұлы Отан соғысының тақырыбы қай уақытта да біздің тарихымызда алтын әріптермен жазылуы тиіс деп есептейміз. Міне, бүгін бәріміз куә болып отырмыз. Өзіміздің сүйікті жазушымыз Мира Хамзақызының еңбегі, шығармасы сахналанды. Облыстық мәслихат депутаттары атынан құттықтаймын. Аз ғана уақыттың ішінде ой салатын, тарихқа бастайтын қойылымды тамашаладық. Бәрі сәтімен болды. Өнерлеріңіз үстем болсын! – деді Ербол Ғұмарұлы. Пьесаның авторы Мира Шүйіншәлиева барша ақжарма тілектерге, құшақ-құшақ гүл мен көңілге, көрермен мен қонақтарға алғысын айтып, өлең жолдарын арнады.
Иә, «батыр – елдің ажары» деген аталы сөзге ұйыған халқымыз қаһарманын құрметтеуден тайынған емес. Сабаз Арыстанов та сол құрметтілердің бірегейі. Оның кітаптағы сұрапыл тағдыры, сахнадағы сом бейнесі көзі қарақты оқырман мен көрерменге қатты әсер етті.
Дәметкен САҒЫНБАЕВА
Хамидулла ГАЙСИН, Теректі ауданының Құрметті азаматы, «Еңбек» астық совхозының еңбек ардагері: – Сабаз Арыстановпен 1961 жылдан бері жұмыстас болдым. Ол кісі нефтебаз бастығы болды. Талпында жұмыста болды. Алғыр адам еді. Қайда болса да алда жүретін. Шаруаға жақсы, қажырлы еді. Сабаз атаны «ағай» деп есептеп, сыйлайтынбыз. Әскерден келгенде түрлі марапаттармен келді. Бірақ ол кезде осылай жоқтайтын, іздейтін ешкім болған жоқ. Жағдай сондай болды. Қазір балалары іздеп, тауып бәрін, ел алдында құрметтеп жатыр. Ерін құрметтеген деген жақсы нәрсе ғой. Істеген қызметін бағалаған жөн. Біз ол кісінің тек жақсылығын көрдік. Балаларын өсірді, өндірді. Бәрін де қатарға қосты. Жетпісінші жылы дүниеден озды. Артынан жоқтаған адамның еңбегі де далада қалмайды. Мына балаларына көптен-көп алғысымды айтамын. Кітап шығарып, пьеса жазған Мира қарындасыма да ризашылығымды білдіремін.
Версия для печатиСоңғы жаңалықтар
«Таза Қазақстан»: прокуратура органдарында цифрлық шешімдер енгізіліп, экологиялық бақылау күшейтілуде
«Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам – жарқын болашақ кепілі» атты эссе байқауы қорытындыланды
День животноводов – признание вклада аграриев в продовольственную безопасность страны
«Әділет» партиясының филиалдары Қазақстанның барлық өңірінде құрылады
Бөкей хандығының 225 жылдығы аясында «BOKEI ORDA TRAIL» жүгіру жарысы өтті
10 мыңнан астам жұмыс орны және сенімді энергия: атом электр станциясын салудың негізгі артықшылықтары
БҚО делегациясы Қытай кәсіпорындарында инвестициялық келіссөздер жүргізді
Облыс делегациясы мұнай-химия өндірісінің озық тәжірибелерімен танысты
Қазақстанда 2029 жылға дейінгі халық табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспар қабылданды
В Казахстане принята Общенациональная стратегия «Digital Qazaqstan» до 2029 года
Бөрлі ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған бірқатар іс-шара өтті
Қытай сапары: аймақ басшысы Нариман Төреғалиев Ляонин провинциясы партия комитетінің хатшысымен кездесті
157 стран поддержали кандидатуру Ляззат Калтаевой на выборах в комитет ООН
Заңнамалық өзгерістер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды
Қытай сапары: БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Ляонин провинциясының губернаторы Ван Синьвэймен кездесті
«Таза Қазақстан»: Астанада бір топ жас экологиялық акция өткізді
Қазақы тазы Болоньяда өткен World Dog Show 2026 көрмесінде салтанатты түрде таныстырылды

Кіру



