ОРАЛДАҒЫ СУБҰРҚАҚТАРДЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ
Шаһардың абаттандырылуына қатысты тұрғындар тарапынан сын көбейді. Субұрқақтардың іске қосылмауы, құрғап қалған гүлзарлар әлеуметік желілерге жүктеліп, тұрғындардың сынына қалып отыр. Оған қоса жарықтандыру, ағымдағы жол жөндеу, жол белгілерінің салынуы да қазіргі уақытта қала тіршілігіндегі маңызды жұмыстар. Атқарылуы тиіс жұмыстардың кестеден кешіктірілуі және орын алған олқылықтар 22 маусым, сейсенбі күні қала әкімі Абат Шыныбековтың аталған қызметтерді жүзеге асыруды жауапкершілігіне алған мердігерлермен кездесуінде талқыланды. Қала басшысы әр бағыттағы олқылықтарды жою, жұмысты біріздендіру бойынша мекеме басшыларына уақыт беріп, кемшіліктер түзелмесе келісімшарт бұзылатынын ескертті.
Қаланы абаттандыру жұмыстары бойынша қала әкімдігі мен мердігер мекемелердің арасында мемлекеттік тапсырысты орындау жөнінде келісім жасалды. Оның кейбірі бір жылдық болса, бірқатарымен үш жылға шарт бар. Құжатта тапсырысты орындаушылардың атқаруы тиіс міндеттері көрсетілген. Алайда, бүгінгі күнге сол міндеттердің сапалы іске аспай отырғаны байқалуда.
– Шаһардың абаттандырылуы, көгалдандырылуы қалалықтардың көз алдында. Ең бастысы қала тұрғындар үшін қолайлы, жайлы болуы керек. Өкінішке орай, бұл жұмыстарда кемшіліктер бар, – деді жиынды ашқан Абат Шыныбеков.
Қала әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәйдің мәліметінше, көгалдандыру, субұрқақтардың жұмысы, жол белгілерін реттеу, жарықтандыру және ағымдағы жол жөндеу жұмыстары бойынша конкурстық негізде жеңімпаз деп танылған «Жайық жарығы», «Уланов», «Жасұлан флора», «Казтехникас», «Адал арна» сынды мердігерлермен келісімшарт жасалған. Әкімдік тарапынан олардың қызметті сапалы жүгізулері үшін бар мүмкіндік жасалып отыр. Бүгінгі күнге дейін қаржыландырудың кешіктірілу мәселесі болмаған. Әрқайсысына конкурсқа түсер алдында орындайтын міндеттері түсіндіріліп нақтыланған және олар да талаптарды орындауды жауапкершілікке алып, қол қойған.
Мәселен, жол қозғалысын реттеу және ағымдағы күтіп ұстау бойынша «Жайық жарығы» ЖШС-мен 463 680,0 мың теңгеге келісім жасалды. Сондай-ақ қала аумағындағы 25 субұрқақтың жұмыс жасауын қамтамасыз ету үшін осы компаниямен 63 млн. теңгеге келісім бар. Шарттардың әрқайсысы үш жылға арналды.
Қала аумағында 700 жаяу жүргіншілер өтпесі белгіленуі тиіс. Жол белгілерінің сызылуы бүгінге дейін аяқталып, тамыз айында екінші мәрте жүргізілуі тиіс еді. Алайда, мекеме алғашқы сызу жұмыстарын жуырда ғана бастады. Серіктестік директоры Арман Есекеновтың сөзінше, жиі жаңбырдың жаууы, жолдардың лас болуы жұмысты бастауға кедергі болған. Осылайша, кестеден қалып отыр. Бүгінде мекеменің алты бригадасы екі ауысыммен жұмысты атқаруда. Субұрқақтардың іске қосылмауына да нөсер жаңбыр кесірін тигізген.
– Субұрқақтар бойынша алты адам жұмыс жасайды, техникаларымыз бар. 3 маусым күні қатты жаңбыр болды, Тұңғыш Президент алаңындағы жерасты шахталары суға толып қалып, үш күн бойы суды сору жүргізілді. Салдарынан 13 қозғалтқыштың істен шыққаны анықталды. Жөндеуге бердік, бүгінге тек төртеуі жөнделді. Қазіргі уақытта тоғыз субұрқақтың екеуі іске қосылды, – деген мекеме басшысы қалғаны осы аптада іске қосылатынын жеткізді.
Бірақ, қала басшысы ай басында болған жауыннан кейін арада 20 күн өткенін және бұл жаңбыр жаумай тұрып-ақ та субұрқақтардың жөнді жұмыс жасамағанын халық білетінін айтты. Әрі тұрғындар тарапынан күнбе-күн ескертпелер келіп жатқанын, субұрқақтардың жұмыс жасауы сын көтермейтінін жеткізді.
– Бір-бірімізді алдамайық. Мониторингтік топтың мүшелері де, қала тұрғындары да 3 маусымға дейін субұрқақтардың қалай жұмыс жасағанын біледі. 1 мамырға дейін Тұңғыш Президент алаңындағы 11 субұрқақты қосуды тапсырған едік. Тек тоғызын ғана қостыңыздар. Бұл мәселе қаланың басқа аудандарындағы субұрқақтарға да қатысты. Конкурстық құжаттамаға сәйкес жұмысшылар 10 адамнан кем болмауы керек. Бригада талапқа сай келмейді. Жұмысшыларыңыздың арасында құрылысшылар, монтаждаушылар, механиктер жоқ. Кейбір субұрқақтар өткен жылы да, биыл да жұмыс жасамай тұр. Кейбірі қалдықтарға толы. Әрине, тұрғындардан шағым болады, – деді шаһар басшысы.
Атқарылмаған міндеттер, кемшіліктер көп. Жіберілген ағаттықтар бойынша акт жасалып, нұсқама берілген. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес мердігер 1 шілдеге дейін барлық субұрқақтардың іске қосылуын қамтамасыз етуі тиіс. Сол секілді жол белгілерінің сызылуы мен белгілердің орнатылуын ретке келтіруі керек.
Дәл осындай сын басқа да мердігерлерге айтылды.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz
Версия для печатиСоңғы жаңалықтар
Оралда «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары өз таңдауларын жасады
Оралда Наурыз мерекесіне орай «Ақжайық» әжелер ансамблі өнер көрсетті
Продовольственные ярмарки проходят возле участков для голосования в ЗКО
В Уральске свой гражданский долг исполнил ветеран Великой Отечественной войны Вениамин Скаленко
Қаратөбе ауданындағы референдум учаскелерінде дауыс берушілер арасында садақ атудан сайыс өткізілді
Батыс Қазақстан облысында республикалық референдум күні сайлау учаскелерінде мерекелік көңіл-күй қалыптасуда.
БҚО әкімі Нариман Төреғалиев ҚР Жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі республикалық референдумда дауыс берді
Представители этнокультурных объединений Западно-Казахстанской области призвали голосовать на референдуме
Оралдағы №230 референдум учаскесінде балаларға арналған аквагрим ұйымдастырылды
Отандық фармацевтикалық өндіріс өз позициясын нығайтуда: Қазақстандық дәрі-дәрмектердің үлесі 40%-ға жетті
68% иностранных инвестиций Центральной Азии сосредоточены в Казахстане
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев берекелі әулетке көрісе барды
Digital Nauryz: БҚО-да Амал мерекесіне орай цифрлық құттықтау ұйымдастырылды
Ата заң жобасы – азаматтармен адами қарым-қатынас түзудің жарқын көрінісі
Қонаевтағы дрон-шоу: Қазақстан картасы, референдумға шақыру және Наурыз мерекесімен құттықтау
Бүгін үгіт аяқталады: ОРК референдум алдындағы заң талаптарын еске салды
Орталық референдум комиссиясы комиссиялардың референдумға толық дайын екенін мәлімдеді

Кіру
Пікір үстеу