8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

Орал қалалық «Жайық Үні» газеті – жаңалықтың жаршысы!

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
02 Маусым 2026 69 0
Білім

Аттестат тапсыру тәртібі бекітілді

Батыс Қазақстан облысында оқу жылының аяқталуына байланысты өткізілген жиында білім беру саласындағы өзекті мәселелер қаралды. Кеңес барысында оқу жылының қорытындылары сараланып, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар талқыланды.

Облыс әкімдігі баспасөзінің мәліметінше, биыл өңірдегі 382 мектепте білім алған 126 мыңнан астам оқушы оқу жылын аяқтады. Оның ішінде 10 440 оқушы 9-сыныпты, ал 8 179 жас 11-сыныпты тәмамдады. «Алтын белгіге» 437 түлек, «Үздік аттестатқа» 448 түлек үміткер болып отыр. Сондай-ақ халықаралық және республикалық білім бәйгелерінде өңірдің 90 оқушысы жүлделі орындарға ие болған.

Жаз мезгілінде балалардың бос уақытын тиімді өткізуге ерекше көңіл бөлінбек. Осы мақсатта облыста қала сыртындағы, мектеп жанындағы және шатырлы лагерьлер жұмыс істейді. Нәтижесінде 1-10 сынып оқушыларының басым бөлігі жазғы сауықтыру және демалыс бағдарламаларымен қамтылады. Бұдан бөлек, әлеуметтік санаттағы балалар үшін Бурабайдағы лагерьлерге жолдамалар қарастырылып, оқушыларға танымдық экскурсиялар ұйымдастырылады.

Жиында мектеп бітіру шараларын өткізу тәртібі де нақтыланды. Түлектерге аттестат тапсыру рәсімі 18 маусым күні тек білім беру ұйымдарының аумағында өткізіледі. Мейрамханаларда, демалыс орындарында немесе табиғат аясында ұйымдастырылатын шараларға рұқсат берілмейді. Сонымен қатар ата-аналардан немесе оқушылардан қаражат жинау, мұғалімдер мен мектеп әкімшілігіне сыйлық жасау, көлік кортеждерін ұйымдастыру, түрлі мерекелік агенттіктерді тарту секілді әрекеттерге жол берілмейді.

Кеңес қорытындысында облыс әкімі жауапты мекемелерге жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Демалыс орындарының санитарлық жағдайы, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы және балалардың денсаулығын қорғау мәселелері тұрақты бақылауда болуы тиіс екені айтылды. Сонымен қатар жас ұрпақтың тәрбиесі мен танымын дамытуға бағытталған іс-шаралардың мазмұнына басымдық беру қажеттігі атап өтілді.

Версия для печати
Соңғы жаңалықтар
«Орал қаласының көркем жерлері»
«Ғаламтор ресурстары»